- Advertisement -

Жарқын жазға мың алғыс

188

- Advertisement -

Жадыраған жазға жеткен ұл мен қыздың қай-қайсысы болмасын, лагерьде достарымен қатар жүріп демалуды ойлайтыны рас. Оның үстіне, перзентінің бір мезгіл табиғат аясындағы сауықтыру орталығына бір барсам деген балаң арманына қанат бітіргісі келетін ата-аналар да жеткілікті. Бұл тұста өндірісті өлке саналатын Сарысу ауданындағы «Жұлдыз» сауықтыру лагері таптырмас мекен. Жыл сайын жүздеген жеткіншек демалатын бұл кешеннің іргетасы 1984 жылы қаланған. Содан бергі уақыт ішінде бұл аймақ балдырғандар бас қосатын құт мекен десе болады.

Өткен аптада бір топ журналистер лагерьдің жабылу салтанатына барған едік. Бұзаушоқы шатқалында орналасқан демалыс аймағының жұмысы көңілден шықты. Тамаша табиғаты, мөлдір суы – бәрі де бір-бірімен жарасым тапқан. Уақытында тек «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейтін қызметкерлердің балалары демалатын лагерьдің қызығын бұл күнде толқын-толқын ұрпақ көріп, өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген балдырғандар қол ұстаса жүріп, арман-тілектерін қарлығаш балапанындай алысқа қанаттандыруда.

Айта кетейік, лагерьдің есігіне екі жыл бұрын коронавирус дертінің өршуіне байланысты құлып салынған еді. Осы уақыт ішінде мұндағы балаларға арналған 72 шағын үй жөнделіп, айналасына көріктендіру жұмыстары жүргізіліпті. Сән-салтанаты жарасқан лагерьде балалар биылдан бастап түрлі үйірмелерге қатысып, өздерінің қабілеттерін арттыруға мүмкіндік алып отыр. Табиғат аясына шыққан жас жеткіншектердің демалысы жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған серіктестік басшылығы бұл жұмыстарға 130 миллион теңге көлемінде қаражат бөлген. Серіктестіктің шаруашылық басқармасы филиалының директоры Бексұлтан Жалиевтің айтуынша, алдағы жылдары лагерьдің аясын кеңейту жұмыстары қолға алынбақ.

– Биыл балаларға арналған төсек-орын жабдықтары жаңартылды. Ал келесі жылдың сәуір айынан бастап мұнда жөндеу жұмыстары басталады. Жас жеткіншектердің жазғы демалысы есте қаларлық өтуі үшін жаңа демалыс орындарын салуды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек, спорт зал және ойын алаңдары жаңартылады. Сондай-ақ әр ауысымға келер балалардың санын көбейту де ойда бар. Мәселен, биыл бір ауысымда 250 бала демалса, келер жылы бұл көрсеткішті 350-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Бексұлтан Жалиев.

Жалпы, мұндағы балаларға жиырма бес мамандық иелері қызмет көрсетеді. Бес мезгіл қуаты мол түрлі тағамдармен қамтамасыз ету де шешімін тапқан. Оқушылар демала жүріп, түрлі шаралардың ортасынан табылады. Әнұранның үнімен оянып, құлақтан кіріп, бойды алар бал әуенінен нәр алып, лагерьден рухтанып қайту жас ұрпақ үшін ұмытылмас сәт екені даусыз.

– Бізде балалардың алаңсыз демалуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Әр топтағы оқушыны көзден таса етпей, талапқа сай қызмет жасау басты борышымыз. «Қазфосфаттың» қолдауымен биылғы жылдан бастап хореография, шахмат және спорт секциялары ашылды. Онда жеткіншектерге сапалы қызмет көрсетіледі. Қазір лагерьге өңірімізден ғана емес, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан балалар келіп демалуда. Біз үш ауысым бойы мыңға жуық баланы қабылдадық. Әр ауысымдағы оқушылардың жазғы демалысы жоғары деңгейде өтуіне жағдай жасалды. Мұнда балалардың ой-өрісін дамытумен қатар, тәрбие жайы жан-жақты ойластырылған. Басты мақсат – талапты, талантты, дарынды балаларды қалыптастыруға ұмтылу», – дейді «Жұлдыз» сауықтыру лагерінің директоры Қарлыға Жамбылқызы.

Бала көңілге қуаныш сыйлаған «Жұлдыздың» жұмысына жас жеткіншектер де дән риза. Оқушылармен сөйлесіп, лагерь туралы ой-пікірін білгенде біз осыған көз жеткіздік. Балалар бір әке, бір шешенің баласындай болып табысқандарын, қарым-қатынастарының жалғаса беретінін және лагерь демалыс алаңы ғана емес әрі дос табатын қолайлы орта екенін алға тартты. Ендеше, барлық өңірден келген ұл мен қызды бауырластырып отырған лагерьдің тиянақты жұмысы болашақта да жалғаса беретініне сенгіміз келеді.

 

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support