- Advertisement -

«Бір көрінер көзіңе…»

87

- Advertisement -

Есте жоқ ескі заманда бір елді кезген диуана болыпты. Сол диуананың: «Жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң өзіңе, бір көрінер көзіңе» деген үнемі жалықпай айтар сөзі бар екен.

Бірде әлгі диуана алыс ауылды кезіп келе жатып, бір үйге кезігеді. Ол үйге де жоғарыдағы сөзін айтады. Сонда әлгі үйдің кесірлі әйелі: «Мынау диуана не деп зарлап тұр. Осының сөзінен маған не жамандық бар» деп бір күлше улы нанды дорбасына салып жібереді. Әлгі әйелдің күйеуі мен баласы жолаушылап кеткен екен. Диуана әйелге рақметін айтып, кете барады. Екі- үш дөңді асқан соң алдынан бір топ жолаушы шығады.Жолаушылардың арасынан үлкені бұған қаратып: «Ұзақ сапардан шаршап, шөлдеп, қарнымыз ашып келеді. Дорбаңда бір ас-ауқатың бар ма? Сауапқа кенелер едің» дейді. Сонда диуана «Осы қазір ғана жақын ауылдардан шығып едім. Осы күлшені берді», деп әлгі кесірлі әйел берген күлшені жасы үлкен жолаушыға ұстата берді. Күлшеден бір үзімін жеген әлгі жолаушы іші бұралып түйнеп, бүк түсті. Сол жерде ажал құшты. Өйткені әйел берген күлше улы болатын.

Осылай бүкіл жолаушы азан-қазан болып қалады. Әлгі уланып бақилық болған кісінің баласы да көз жасына ерік берді. Марқұмның үйіне хабар жібереді. Ал марқұм болған кісі – әлгі кесірлі әйелдің алыстан жолаушылап, арып-ашып келе жатқан күйеуі еді. Оның ажалы өзінің кесірлі әйелі беріп жіберген улы күлшеден болды.

Бұл тәмсілден алатын тағылымды түсінген боларсыздар. Диуананың «Жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң өзіңе. Бір көрінер көзіңе» деген нақылы расқа шығып тұрған жоқ па?

Мұнан шығар түйін, кімге жақсылық немесе жамандық жасасаң, ол өзіңді айналмай кетпейді. Сондықтан әр жақсы сөзге мән беріп, елге жақсылық жасап, жақсылыққа ұмтылып жүргеннен ұтарымыз көп. Осыны естен шығармасақ екен.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support