- Advertisement -

Анама хат

74

- Advertisement -

Қызғалдақ терген көктемде, көбелек қуған көк белде, ақ бантигім басымда, қуыршақ қыздың қасында, шаттанып-ақ жүруші едім. Не жазғанымды қайдам, ілеспей қалып қойды, қайран балалық… Балалығым біржола тастап кеткен соң әр сәті көктемнің көкөзегіне бергісіз мөлдіреген таңғы шықтай жастық шағыма жол ашылды. Бәйшешектей бұралып, жауқазын гүлдің өскініндей сырлы сазға толы сиқырлы күндермен қауыштым. Бірақ, тай-құлындай тебісіп өскен бауыр, асқар таудай әке, бәрінен де аяулы анадан алыстап, туған жердің топырағынан бір қадам ұзап көрмеген қара қызға білім баспалдағымен биіктеу үшін қалаға бет алуға тура келді.

Ауылымды артқа тастап, қала өміріне аяқ басқалы бір- ақ сағаттық шақырымнан бес күн сайын қатынайтын маған анам хат жазатын. Туған жердің жұпары мен анамның мейірімі мөлдіреп тұнып тұрған сағынышқа толы сырлы хаттарды қолыма алғаннан- ақ алақандай елді мекеннің жаңалығын жайып салады қағаз шіркін, қарапайым ауыл мінезінің аңғалдығы мен қалам құдіретіне сүйеніп.

«Жарық қызым!», – деп бастайды хатын көбіне: «Қал- жағдайың қалай? Жердің түбіне кетіп, саған жете алмай қалдым ғой… (Сондағы қашықтық 80 шақырым!) Қайда жүрсең де аман бол, саулығыңды тілеймін. Мына құрып қалғырдың қаламы нашар жазып мазаны алды. Әйтпесе жаңалық көп-ақ. Қаражаттан қысылып жүрген боларсың, үйде бәріміз жұмыссыз қалдық қой, інің: «Жалғыз бауырымды қайтсем де оқытамын», – деп түстенбейді де, мына аязда ақша тауып жүр, шүкір. Соны мына азық-түлікке қосып, салып отырмын. Аз да болса көптей көр. Енді қара, мына екі келі құртты көрші Бибішай апаң, мынау сары майды ауылдас Орынбала апаң саған бер деп тапсырды. Олардың жағдайлары жақсы. Немерелері аман-есен. Мына сары пакеттегі бір келі шоколад пен бір келі пішіни, ет шамалы ғана төс қой, майлы жері деп тастай салма, жемесең құрбыларыңа бер! Қалғаны күріш, рожки, горох. Сүт-айран ашып кетер деп салмадым. Жарық қызым, кір-қоңың болса ала кел, екі орта жақын ғой, апта сайын келіп тұрасың, өзім-ақ жуып берейін. Қалам тағы жазбай жатыр. Сау бол, көріскенше жарығым!».

Хаттың басын жердің түбіне кетуден бастап, соңында екі ортаның жап-жақын екенін өзі-ақ мойындай салады аңқау анам.

… Кейін мен тұрмыс құрып, Астана қаласында тұрып жаттым. Үйден алыстап көрмеген анам мен тұңғышымды босанғанда қалжамды құшақтап, Талас топырағынан солтүстікке жол тартып, үйімде үш ай жатты. Бірде түн ішінде ыңылдаған бірдеңеден оянып кеттім. Қарасам анам теледидарға менің тойымды қосып, көріп отыр. Жай ғана көріп отырған жоқ, еңкілдеп жылап отыр. Тыңдасам: «Жанареееем-м-м, мен кеткенде сегіз қызыңның соңынан ұл бола ма деп көтеріп ең, босанатын уақытың да болып қалдеее», – деп ауылдағы қарсы үйде тұратын көрші келіншек Жанардың бетін экраннан барып сипалайды. Соңынан: «Венерааааммм», – деп жанымыздағы көршіні көріп, тіпті теледидарды құшақтай алғаны. Шыдай алмай: «Мама, не істеп отырсыз?» деп атып тұрдым. «Мыналарды сағындеееем! Қайран менің кең жайлауым Майтөбемм-м-м! Қорап үйіңе қалай сиямын, қалай?!», – деп ботадай боздап қоя бергені, бар көрші-қолаңын түгелдеп.

…Сол күннен бері қаншама көктем өтіп, қаншама бәйшешек бүрін жарды. Уақыт жылжып, өмір өзгергенімен анам ғана өзгерген жоқ. Жанарынан мейірім шуағы төгіліп, күн тектес жылылығы, гүл тектес нәзіктігі, баладай пәк, дархан даладай кең пейілділігі сол қалпында. Тек, қолда барда алтынның қадірін білмей қалмайын, сағыныштың самалы жүрегімді тербетіп тұрғанда, құшағын жаяр анам барда, ыстық ықыласымды осылай білдірейін деп, мен де алғаш рет анама хат жолдап отырмын…

 

Құралай СЕЙСЕНБЕК,

журналист.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support