- Advertisement -

Жүрегі дархан, тұлғасы таудай

43

- Advertisement -

Адамның өмірде абыройлы болмағы алдымен Алладан, одан кейін өзінен шығар. Жаратушы біреуді еңіске, біреуді тегіске салып сынайды. Сол сында сынып кетпегеннің маңдайы жарық, мерейі үстем болмақ. Ол ол ма, асыл туған, асып туған кей тұлғалар өзгелердің алдына түсіп, өз кеудесінен жұлып алған жүрегінің жарығымен жол бастайды. Келер күннің келбетін осы жол шешеді.

Жамбыл облысы мен Талас ауданының Құрметті ардагері, Талас ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Қасым Шымырұлының маңдайына жол бастау мен ел бастау бұйырыпты. «Өткен күнде белгі бар» деген, патша – уақыт адам жадындағы небір оқиғаларды естен шығаруға тырысқанымен, текті жандардың жақсы істері естен шықпайды екен.

Біз сөз еткелі отырған Қасым Шымырұлы ерекше туған, жүрегі таңғы шықтай мөлдір, көңілі қазақ даладай дархан, ойы ұлы дала суларындай тұнық, пейілі таулардай биік, қаталдығы да бар, бірақ қарапайымдылығы басым, өсиетнамасын өрімтал ұрпақтың санасына құйып өткен асыл жан еді. Мұндай кісілерге жақындап, қоян-қолтық араласудың өзі бір ғанибет.

Кәсіби құрылысшы, құрылысшы болғанда да саналы ғұмырын сол сала жұмысын басқаруға арнаған еңбек адамы болатын. Еліне деген сүйіспеншілік ол кісіні алға жетеледі, адамшылықтың шуағын серік етіп берді, жүрегіне мейірімнің дәнін септі. Ой тұңғиығы терең, жан сарайы жазира даладай, ақылдың маржанын терген жан ретінде жалғанға жалтақтамай, бұл өмірден текті болып өтті.

1959 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс факультетіне оқуға түсіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Білімге, кемел келешекке деген ұмтылыс пен айнымас сенімі оны алға жетеледі. Сенім – кісіні ізгілікке ұмтылдырушы, алға сүйреуші, болашаққа бастаушы ұлы күш екенін ол жақсы түсінді. Сенімсіздік – адамзаттың қас жауы, оның түбіне жетіп тынатын үлкен кесел де осы екенін білді.

Оқуын бітіріп, 1965 жылы көктемде қойнауы қазынаға толы қасиетті Қаратау топырағына табаны тиген Қасым аға енді бой көтеріп келе жатқан Қаратау қаласының өркендеп қанат жаюына құлшына кірісті. Оның үстіне туған жердің әр тасы мен ауасы бойына күш-жігер мен құлшыныс құйғаны да рас еді.

Осындайда КСРО және Қазақстанның Халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Асанәлі Әшімовтің: «Адам қай өлкеде, қай шалғайда жүрсе де, мәңгі-бақи өзіне тартып тұратын құдіретті күш бар, ол – туған жерге деген махаббат… Азаматтың тұлғасы туған жері мен елінің мерейі-мәртебесімен биік те асқақ», деген сөзі еске түседі.

Қасекең мұндағы алғашқы еңбек жолын «Қаратаухимстрой» тресінің 1-ші құрылыс басқармасында аға инженер болып бастағанда, оның білімі мен еңбекке деген ынтасына, жауапкершілікті түсіне білер қасиетіне, бір сөзбен айтқанда, іскерлігіне тәнті болған қалалық партия комитетіндегілер және трест басшылары бір жылдан соң оны бас инженер, одан кейін өндіріс бөлімінің бастығы қызметіне көтерді. «Жігіт адамға басты кесір – еріншектік. Одан кейінгі кесір – ұйқышылдық. Соңғы кесір – кежірлік, тілазарлық. Осы үш кесір, әдет бір адамда болса, ол адам өмірбойы оңбайды», деген екен Төле би. Бұл – әкесі Шымырдың жиі айтатын әңгімесі еді. Осы әңгіменің түп-төркінінде балаларым өз несібесін адалдықпен тауып жесе екен деген түпкілікті ой жатқанын Қасекең өрімтал кезінен-ақ түйсігіне түйіп үлгерген.

Үш жарым жылдан соң 1968 жылы ол «Қаратаухимстрой» тресінің біріккен құрылыс комитеті кәсіподағының босатылған төрағасы болып сайланды. Бұл қызметке келген соң Қасым ағаның жүгірісі көбейді. Әр құрылысшының өтініш-тілегіне құлақ аса жүріп, басшылармен бетпе-бет келген кездері аз болмады. Көмек сұрағандардың үміті – Қасекеңде. Кәсіподақ төрағасы осы түйткілдерді шешу үшін отыр деп түсінеді. Қанша қиын болса да ол бәрінің үдесінен шығуға тырысты. Сол үшін де, трест басшылары да, құрылысшылар да оны ардақ тұтты, жақсы адам деген баға берді. Сыйдың үлкені – алғыс қой!

Үш жыл осы қызметін Жаңатас қаласында отырып атқарды. Ол кезде Қаратау мен Жаңатас қаласы бір қалалық партия комитетіне бағынатын. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Петр Иванович Качесов Қаратау қаласында отырды.

1971жылы П.И.Качесов Қасым Шымырұлын шақырып алып:

– «Сенің орның мұнда емес. Сен білімді де іскер құрылысшысың. «Қаратаухимстрой» тресінен «Заводстрой» құрылыс басқармасын ашамыз. Сен сол басқарманы басқаратын боласың. Ең бірінші, Көктал ауылындағы жаңа мектепті наурыз айында бастап, жаңа оқу жылына дейін аяқтауларың керек. Одан кейін фосфор зауытын (Қаратаудағы Еурохим – тыңайтқыш зауыты), комбинатта ұсақтау-ұнтақтау фабрикасын соғасыңдар.

Бұл – үлкен жауапкершілік. «Дұрыс әрекет – мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталады» деген ғұлама әл-Фарабидің сөзін көкейіне түйген ол бригада жасақтап, міндетін өз уақытында орындап шықты. Артынша «Қаратаухимстрой» тресі «Қаратауфосфорстрой» тресі болып өзгергенімен, «Заводстрой» құрылыс басқармасы орнында қалып, Қасекең оның бастығы болып қайта сайланды.

Негізінен Қаратау қаласының өркендеу, қанат жаю жоспары өте үлкен болды. Қала бойынша 12 ықшамаудан, 5 шахта, мәдениет үйінің қатарынан үлкен спорт кешені, коттедждер мен тұрмыстық қызмет үйлері соғылып, қала қанатын Таразға қарай көтерілетін тау бөктеріне дейін жаюы керек болатын. Қала тұрғындарының санын 60 мыңға жеткізу межеленді.

«Заводстрой» құрылыс басқармасы құрылысшылары негізінен түрмеде жазасын жартылай өтеген 1000 адамнан тұрды. Осылармен тіл табыса жүріп, саналы басшылықпен бұл трест тері өңдейтін «Прогресс» фабрикасының цехтарын тұрғызып, Жаңатас қаласын көтеру жұмысына да араласып жатты. Тамды ауылында 800 бас мүйізді ірі-қараға арнап сүт фермасы кешені соғылғанда Қасым Шымырұлының тек облыс қана емес, республикаға танымалдығы арта түскен еді. Қаратау, Жаңатас қалаларындағы тұрғын үйлер мен өндірістік нысандарда Қасым Шымырұлының қолтаңбасы қалды.

Құрылысшылар – қоғамға ықпал етер іргелі күш десек, Қасекең осы құрылыс басшыларының ішіндегі шоқтығы биік өкілі болды. Ол өз өмірінде Еңбек дейтін киелі ұғым мен Талант дейтін қасиетті дүниені айрықша бағалады. Ол өзіндік бай тарихы бар құрылыс дамуына ерекше ықпал еткен, осы жолда сандаған шәкірт тәрбиелеген үлкен жүректі ұстаз болып қала бермек.

Өткен жылы бақилық болған асыл жан жерлестерінің есінде мәңгі қалары сөзсіз.

 

Қамысбай САУҚЫМОВ,

журналист.

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support