- Advertisement -

Біз де құрылысшы болғанбыз

48

- Advertisement -

Әкем жарықтық бізді жастайымыздан еңбекке баулыды. Мектеп бітірген соң қалтамызға жеткілікті етіп ақша салады да «Қалаған оқуыңа барып оқы» дейді. Ол заманда жоғары оқу орнында «блат» деген болатын. Қайран әке, оны білмейді емес, біледі. «Таныспен, ақшамен түскен оқуда білім бола ма, өз күштеріңмен түсіңдер» дейтін. Қайдан, алдымдағы әпкем болмаса, ағаларымның ешқайсының да жоғары оқу орнына бірден жолы болған емес.

Мен де мектептен кейін Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінен сүріндім. Ауылға келіп, ағалар салған жолменен «Коммунар» кеңшарының құрылыс бөлімшесіне орналастым. Ол кезде шаруашылық құрылысшыларының негізгі міндеті–малшылардың қыстауы мен көктеулердегі үйлерін салу, малдың қора-қопсысын салып, жөндеу және құрылысқа қажетті төменгі Шу бойынан қамыс дайындау.

Бірде Анатолий Кубалов басқаратын біздің бригадаға Кентай жылқышы ағамыздың қыстаудағы қорасын күрделі жөндеу тапсырылып, артылып-тартылып Жал өңіріне жүріп кеттік. Кентекең аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл кісі еді. Құдасы келгендей құшақ жая қарсы алып, бір тайды жайратты да тастады. Күздің қара суығы болатын. Күнде ет пен қуырдақ. Күн батса болды, картаға кірісеміз. Ашаршылық жылдары аталарымыз бен әкелеріміздің Арқадан үйреніп келген төрт адам ойнайтын «белкасын» басамыз түніменен. Жаңаарқада бұл ойынды «күзір айт» немесе «мүйіз» деп те атайды. Сонымен оншақты күнде бітіретін жұмысты бір ай атқарып, ауылға аман-есен оралдық. Осылайша құрылысшы болып еңбек жолымның жарқын беті ашылды.

Бір жыл өтіп, қайтадан Алматыға жол тарттым. Журфактан тағы «мұрттай» ұшып түстім. Мектепте оқып жүргенімде «автодело» дегенді оқып, жүргізуші куәлігін алғаным бар. Содан желік қуып шопыр болмақшы болып, аудандық «Транссельхозтехника» мекемесінен бір ескілеу «Газ-52» автокөлігін тізгіндеп шықпаймын ба. «Байқадам» кеңшарынан Жаңатасқа помидор тасисың» деп «путевка» толтырды диспетчер. Портты «қызылдомалаққа» толтырып, кеншілер қаласына зулап бара жатқанымда мотор жақтан көк түтін бұрқ ете қалсын. Мотордағы толған сым темірдің бірі жанып жатыр. Жалма-жан өшірдім-ау, әйтеуір. Ары-бері ағылған көрінген көлікке қол көтеремін. Құдай жарылқап, өзіміздің ауылда жүргізуші болып еңбек етіп жүрген Ерубай ағам тоқтай қалды. Капотты ашып, моторды ары-бері қарады да бірдеңесі күйіп кеткен, бірнеше «проводы» өртеніпті, ауылға сүйреп кетейін дейді. Содан үйге дейін сүйреп алып келді. Көршілердің қызанаққа қарық болғаны есте қалыпты. Көрші жеңгелерім «чертополох мол болған жыл» деп беріге дейін айтып жүрді. Кеңшар деген ағыл-тегіл еді ғой. Отызшақты жәшік қызанақ түгілі машинасымен жеп қойсаң да түк етпейтін…

Әскерге, «Камчатка» түбегіне барғанда да «стройбаттан» бір-ақ шықтым. Қақаған аязына үсіп қалмай, ақ түтек боранында қатып қалмай екі жылды аман өткізіп, оралдық қой елге. Кеңшарда спорт методисінің орны бос екен. Жарты жылдай ма, соны істедім. Құрысын, іш пысатын жұмыс. Оның үстіне парторг пен комсоргтың қолбаласысың. Одан да «стройкам» жақсы деп құрылыс бөліміне келдім. Баяғы бригадир Толик ағай құшағын жая қарсы алды. Жұмыс сол баяғы, малшылар үйі мен қора-қопсысын салу, жөндеу, одан қалса қамыс дайындау. Айтпақшы, озат бригада саналатын бізге жеке үйдің құрылысын салу туралы да тапсырыс түсіп жататын. Жұмыс арасында, демалыс күндері сондай жұмысты қатырып тастаймыз. Университетке түсетін жылы жазда кеңшардың бас зоотехнигі, кейіннен «Шығанақ» кеңшарының директоры болған Алмабай Жүсіпәлиев ағамыздың үйін салып беріп, мыс-мыс ақшамен Алматыға аттанғанмын.

Осылайша шыңдалу мектебінен өтіп, үлкен өмірге жолдама алып шыққан туған мекен–Сарысу ауданының «Коммунар» кеңшарының құрылыс бөлімшесі есімнен шыққан емес. Бригадиріміз, кабардин ұлтының өкілі Анатолий Кубалов та, бригадада еңбек еткен Қамбар, Совет, Ақыш, Темірлан ағалар бақилық болған. Алла имандарын жолдас етсін! Бүгінде бір бригадада еңбек еткен Сейдахмет сыныптасым екеуміз-ақ қалдық. Мынаны қараңыздар, Темірлан ағамыздың ұлы Тұрсынбекпен жиырма жылдай бірге журналистикада еңбек етіп келеміз.

Бүгінде облыстың қай өңірі болмасын құрылыс алаңына айналған. Қыстың қақаған аязында, көктемнің жауын-шашынында, жаздың аптап ыстығында және күздің қара суығында да бір толастамайтын құрылыстың әр саласында еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек адамдарына қандай құрмет, марапат көрсетсе де жарасады. Өйткені олар нағыз бейнеттің адамдары.

 

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support