- Advertisement -

Қорғау керек пе, қорғану керек пе?

191

- Advertisement -

Қаңғыбас иттер мәселесі қаламызда ғана емес, еліміз үшін де өзекті мәселеге айналғалы қашан. Әлемде де жануарлар шабуылынан алған жарақаттан құтырмаға тап болып, көз жұмған жандардың саны жыл сайын артуда.

Бүгінде Тараз қаласы бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе, иесіз жүрген иттердің тигізер зияны көп. Жыл басынан бері ит тістеп алу оқиғаларының түрлі фактісі тіркелген. Бұл мәселе аймақтағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау тақырыбында өткізілген арнайы жиында сөз болды.

Басқосуға Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас маманы Талғат Ердешев, облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев, аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары мен ветеринария саласының мамандары, қоғам белсенділері қатысты. Жиында алдымен Талғат Ошантайұлы сөз алып, өткен жылы қолданысқа енгізілген жаңа Заңды түсіндіру жұмыстары бүгінгі таңда өңір-өңірлерде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Заңға сәйкес, иесіз жануарларды аулау жұмыстары барынша гуманды әдіспен жүзеге асырылады. Яғни ит-мысықтар бұрынғыдай атылмайды, алдымен ауланып, сосын уақытша оқшаулауға арналған орынға жеткізіледі. Жаңа Заң талаптарына сай жануарларға қажетті қамқорлық көрсетілуі тиіс, – деді Талғат Ердешев.

Десе де, жиналғандардың пікірі комитет өкілінің айтқанымен сай келмеді. Бұл тұрғыда жабайы жан-жануарлардан зардап шеккендерге жәрдемдесетін ветеринарлар мен ит аулаушылардың да өз айтары бар. Олардың сөзінше, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның кейбір тармақтары көңілге қонымсыз, тіпті бір-біріне кереғар. Жұмысты жоғары деңгейде атқаруға кедергі көп. Айтуларынша, қатыгездік танытып, қаңғыбас ит-мысықтардың көзін жояйын десе, қолданыстағы Заң рұқсат бермейді. Ал қоғам наразылығын тудырмай әрбір иесіз үй жануарларын аулап, олардың сау немесе ауру екенін анықтап, қауіпсіз деп табуы үшін көп күш қажет. Облыс әкімінің кеңесшісі Нұр-Мұхамед Ниязбеков осылай деді.

– Өкініштісі, Заң шығарушы органдар жергілікті билікпен санаспайды. Жаңа Заң қоғам қажеттілігін өтей ме, әлде оған қауқарсыз ба, бұл жағы ешкімді толғандырмайды. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы да дәл осындай. Мұндағы кейбір тармақтар бір-біріне қарама-қайшы. Мәселен, иесі үй жануарына қажетті уақытта вакцина салуға міндетті. Бұл енді түсінікті. Ал енді ветеринарлар мен ит аулаушыларға қаңғыбас ит-мысықтарды малдәрігерлік клиникаға апарып, екпе салдыртып, қайта босатуды жүктегенін қалай түсінуге болады? Бұл мүлде ақылға қонымсыз. Сонда ветеринария саласы мамандарының басқа жұмыстары жоқ па? Мұндай жұмыстар қанша уақыт пен қаражатты талап ететінін білесіздер ме? Сол себепті, жаңа Заңның кейбір тармақтарына түзетулер мен өзгертулер енгізу қажет, – деді Нұр-Мұхамед Мәделіұлы.

Әрине, қазір бұрынғыдай қолға мылтық алып, қала көшелерінде «аңшылық жасау» жоқ, бәрі қағидаларға сай жүргізіледі. Әйтсе де, көшеде қараусыз қалған жаратылыс иелеріне қамқорлық жасаудың өзге жолын қарастыратын ереже бекіткен жөн секілді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support