- Advertisement -

Қарияның қоғамдағы қадірі қандай?

95

- Advertisement -

Қандай қария болған абзал? Қадірі артқан қария болғанға не жетсін. Ауыл- аймақтың шырғалаңынан шыға алатын, ел-жұртқа сөзі өтетін, сарабдал, салиқалы, аузы дуалы дана қарт болудың жолы қиын әрине. Бірақ соған жетудің қам- қаракетін жасау керектігін жан жүрегімізбен түсіне білеміз бе? «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген нақылдың айтылуы да тегін емес. Асқар тауға балайтын алдыңғы толқын өкілдері қандай қазынасымен бөлісіп, ұрпағын тәрбиелеп, жол көрсетіп, ақыл-парасатымен көрініп жүр? Қарттықтың ауылына жақындағанда осындай сауалдардың мазалайтыны рас.

Зейнет жасына жетіп, ардагер деген ардақты атты иеленіп жүргенімізге шүкірлік етеміз. Осы жасқа келсек те, тіршіліктің қайнаған ортасынан табылып, еліңнің бір кәдесіне жарап, ұрпақ тәрбиесіне араласып, көрген- білгеніңді, ойға түйгеніңді кейінгілермен бөлісіп жүргеніңе, мына дүниеге сергек оймен, сезімтал жүрекпен қарағаныңа жететін ештеңе жоқ шығар бәлкім?!

Ардагер қатарына енгеннен кейін сол көнекөз қариялардың ортасында болып, әңгіме-дүкен құрасың. Арнайы барып сәлем беретін, хал-жағдайларын біліп тұратын, мереке сайын құттықтап, ыстық лебізімді арнайтын ел ағалары мен абыз ақсақалдарым да жоқ емес.

Қазақтың үш ақыны Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков бірде кездесіп қалып, кітап дүкеніне бас сұғады. Ішке кірген үшеуі кітап қарап тұрған Қадыр Мырзалиевті көреді. Амандық-саулықтан кейін кітап туралы сөз болады. «Бұл дүкенде біз іздеген кітаптар жоқ, оның бәрі Қадырдың үйінде. Біз сұрағанмен ол бермейді» дейді жасы үлкен ағаларының бірі. «Інісінің ағаларына беретін бір-ақ нәрсесі бар» деп жауап береді ол. «Айта ғой, ол не нәрсе?» деп ағалары қайта сұрағанда «Ол – сәлемі» деген екен Қадыр інісі.

Сол айтқандай, көшеде ағылған халықтың ортасынан сақалы желбіреген қарт кісіні немесе жасы үлкен ағаны көрсем бұрылып тоқтап, сол кісімен қос-қолдап амандасамын. Танысам да, танымасам да. «Қай баласың, кімсің? Танымадым сені» деп таңырқай қарағанға «Қазақтың баласымын, сәлем беру мұсылманның парызы» деймін. «Рақмет, өркенің өссін, балам!» деген батасын естимін.

Бірде мынадай оқиғаға тап болдым. Басшылық қызметтерді абыройлы атқарып, зейнетке шыққан досым сырқатпен арпалысып жүріп, өмірден озды. Оның қазасы қатар жүрген біздерге ауыр соқты. Досымды соңғы сапарға шығарып салуға ертерек келіп, қаралы жиынның ортасында болдым. Орындықта қаз-қатар тізіліп отырған ардагер ағалар мен аталардың алдынан өтіп, сәлем беріп шыққанды жөн санадым. Танитыны бар, танымайтыны бар, бәрінің қолын алып, інілік ілтипатымды білдірдім. «Журналист те сәлем береді екен ғой» деді көптің ортасында отырған қариялардың бірі. «Інім» деп айтуға да жарамады. Өзіме емес, мамандығыма ерекше екпін бере сөйледі. Қапелімде не айтарымды білмедім. Ойымды жинақтап үлгердім.

– Баршамыз бүгін қазаның үстінде отырмыз. Арыстай азаматымыздан айырылып, қабырғамыз қайысып отыр. Ол менің де бауырым, сіздің де бауырыңыз. Бауырымыздың қазасы қайырлы болсын, жаны жәннатта болсын, деп неге айтпаймыз? Бүгін жоқтау айтып, қайғырған жұртты неге жұбатпаймыз? Ақылман қария болып, неге жөн-жоба көрсетіп отырмайсыз? Ақсақал болып, елге неге уағыз, өсиет сөз арнамайсыз? Қаралы үйде өлім туралы неге ойламаймыз? Алдағы ажал туралы ақиқатты неге айтпаймыз? Жоқ әлде сіз бен біз өлмейтін адамдармыз ба? – деп бір тоқтадым. Енді қайтейін, сөйлемесіме болмады.

Ол күтпеген болу керек, сөз таба алмай қипақтай берді. Ары-бері қозғалақтап, шарасыздық танытты. Сексеннен асқан әлгі шал «Сенікі дұрыс, сенікі теріс» демеді. Тілден айрылып, үнсіз қалды.

Осы кезде тыныштықты қасымда тұрған бір кісі бұзды. «Жақында моншаға бардым. Ішке кірсем, төрт-бес адам маған тесіле қарады. Тесілген көздерге қарап, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем бердім. Моншада амандаспайды, соны да білмейсің бе, деп бетімді қайтарып тастады. Не дерімді білмедім. Айтыңыздаршы, кімдікі дұрыс?» деп сауал тастады. Көбісі жер шұқып, төмен қарады. Үнсіздікті өзім бұздым. Сауат ашу яғни ағарту жұмысын жүргізуге тура келді.

– Рас, моншада сәлемдесіп, қол алыспайды. Сәлемдесу былай тұрсын, сөйлесуге болмайды. Бір-бірінің денесіне қарау әбестік саналады. Белге дейін ақ матамен оранып жүрген абзал. Моншадан шыққан соң сәлемдесу керек, оған дейін болмайды. Дәретханаға кіргенде де осы тәртіп сақталады, яғни сәлемдеспейді. Шариғат заңында осылай айтылады, – деп білгенімді жеткіздім.

«Апыр-ай, білмейді екенбіз» деп күбірлегендер болды. Моншаға қатысты ойларымды тағы жалғадым, сөзімді түйіндеуді қажет деп таптым. «Моншаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу керек. Лас жерге барған адам жуынып тазарады, тазарған адам сыртқа шыққанда оң аяғыңмен жерді басқаның жөн. Дәретханаға кіргенде де осылай істеуіміз керек» деп ойымды сабақтадым.

Жұрт «тағы не дер екен?» деп қарап қояды. Қалың топтың ішінде қазыналы дейтін қариялардан бөлек, жаназа шығаруға келген молдамыз да отырды. Ол кісі де ештеңе демеді. Ойын ортаға салып, пікірін де білдірмеді.

Тағы да үнсіздік, жұрт жым-жырт. Жаназаға дейін әлі жарты сағат уақыт бар. «Қай жерге оң аяқпен кіру керек?» деп бір жігіт сұрағын қойып, бетіме қарады. Молдамыз үн қатпады, естімегендей сыңай танытты.Тағы сөйледім.

– Мешітке, медресеге, оқу орындары мен білім ошақтарына, кітапханаға, театрға оң аяқпен кіргеніміз жөн болады. Өз үйіңізге де оң аяқпен аттағаныңыз абзал. «Келіннің аяғынан» демекші, жаңа түскен үйінің табалдырығын келіннің оң аяқпен аттау керектігін бәріміз білетін шығармыз. Аяқ киіміңіз бен шалбарды да оң аяғыңызбен киіп, сол аяғыңызбен шешесіз. Түрегеп тұрып емес, отырып кигеніңіз дұрыс болады.

– Бұл сөзіңіз жөн екен, білмейтініміз көп қой, – десті қасымда тұрған кейбір кісілер.

– Білгіш болсаң айта қойшы, «Ассалаумағалейкум» деген сөздің мағынасы не? – деді жігіт ағасы менің білім-білігімді тексермек болып.

– Сізге Алланың сәлемі болсын, дегенді білдіреді. Кім бірінші сәлем берсе, соған көбірек сауап жазылады, сол адам Алланың рахымы мен берекесіне бөленеді. Сәлем берген адамға Алланың нұры жауады, жүзі жарық, көрер шапағаты мол болады. «Уағалейкумассалам» деген сөздің де мағынасы осы іспеттес, яғни сізге де Алланың сәлемі болсын, сау- саламатта болыңыз, дегенге сай келеді. Сәлем берген және сәлем алған адам да «уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ» деп жауап бергені абзал, – деп хадистерден, діни кітаптардан оқығанымды айттым.

Бір кезде жаназаның да уақыты келіп жетті. Жиналған халық сапқа тұрып, жаназаға қатыстық. Бұл рәсім біткен соң жұрт зират басына қарай ағылды. Маған тиісіп сөйлеген әлгі шал қабір басына бармады, бір уыс топырақ салмады.

Осыған ұқсас тағы бір оқиғаны бастан өткердім. Сыныптас досымның анасы тоқсаннан асқан шағында дүниеден қайтты. Әжемізді мәңгілік мекеніне шығарып салу рәсімдерінің бел ортасында болдым. Жаназаға халық көп жиналды. Жиналған көпшілікті алаламай, жасы үлкендері мен кішілерге дейін сәлем беріп, амандық-саулық сұрастым. Отырғандардың ортасына келгенде бір шал қолымды жібермей руымды сұрады. «Қазақпын», – дедім. «Қандай қазақсың?» – деген екінші сұрағына «Ұлы қазақпын», – дедім еш саспастан. Кезінде «ұлы орыс халқы» деген сөзді де айтқызды ғой.

«Өмірден өткендер бізден алыстап бара жатқан жоқ. Керісінше біз оларға жақындап келеміз», – деп жазды Нарша Қашағанұлы. Ақын досым айтқандай, жасы келген адам жаназада өзінің де жайын ойлап отырғаны абзал.

Көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаев «Көрген-баққан» деген еңбегін баспасөзде жариялап тұрды. Сол жазбасында қаламгер Әлібек Асқаровтың бүгінгі заманға, қоғамдағы ахуалға ой тастап, «Енді қалай өмір сүруді ойлайық» деген сөзіне «Екеуміз енді абыройлы өлуді ойлайық» деп жауап бергенін айтады. Алпыстың ар жақ бер жағында жүрген Рахымжан бауырымыз басқаның бәрін кейін ысырып қойып, алдағы ақ ажалдың бар екендігін, соған осы бастан дайындалу керектігін еске салып тұр.

Дүниеден өткен ең жақын туысымның қырық күндігіне қатысып, көпшілікпен бірге құранға қол жайдым. Арнайы шақырылған имам уағыз айтып, елді ұйытып, өмір мен өлім туралы тағылымды ой қозғады. Марқұмға бағышталып құран оқылды. Жиынның ортасында өзін молда санайтын бір шал рұқсатсыз құран оқып, шала сауатты бірдеңе айтқансыды. Оны көпшілік жақтырмады. Үзіліске сыртқа шыққанда әлгі шал маған жақындап, «Құранды қалай оқыдым?» деп сауал қойды. «Қайдан білейін, діндар адам емеспін ғой» дедім. Бірақ ұзай қоймады. Ары-бері теңселіп жүрді де, тағы жақындап, «Оқыған Құраным қалай шықты, дауысым, мақамым ұнады ма? Ата-бабаларыңды қалдырмай түгел атап шықтым, ризасың ба?» деп тұрып алды.

Белгілі қаламгер Смағұл Елубай ағамыздың мына сөзіне иланбасқа тағы болмайды. «Бүгінде жас келгенде өлім туралы сарсылып ойлайтын болдық. Бірақ бізді соған қарап, зәре-құты қалмай өлімнен қорқады екен деп ойламаңыз. Рас, ажалдан қорықпайтын адам жоқ. Біз де қорқамыз. Бірақ ажалдың ағынан емес, қарасынан қорқамыз. Ендеше, ақ өлім деген не? Ол – асарыңды асап, жасарыңды жасап, бала-шағаңның алдында өмірден өту, абыройлы өту. Масыл болмай, мұсалдат болмай. Бұл жасы келген ата- ананың арманы. Қанша қусада естен шықпайтын ой. Өкінішке қарай, кісіге кеш келетін ой. Ақиқатында адамды адам ететін ой. Адам адам болу үшін өмірге тек қана өмір сүру үшін емес, өлу үшін де келетінін мойындағаны абзал», деп ой толғайды өзінің еңбегінде./ «Ана тілі» газеті №27, 07.07. 2022 ж./

Алдымызда жүрген ағалардың айдай жарқырап, күндей сәулесін түсіріп, жүрек жылуымен жылытып, жақсы сөздерімен демеп, аппақ пейілдерін білдіріп, ашық қабық танытып, артынан ерген інілерін ақ батасымен, ақыл- кеңесімен қанаттандырып жүргенін қалайсың. Соны сезінген кейінгі ұрпақ қалай марқаймасын, желкілдеп өскен жеткіншек қалай жадырамасын. Ұлағатты ғұмыр кешкен, рухани дүниесі бай, тұла бойы ақыл-парасатқа тұнып тұрған, жүзінен иман нұры төгілген, еңселі де естияр аға ұрпақтың көлдей көңілін іздейтін шақтарымыз аз емес. Адамның адамға жасайтын ең үлкен жақсылығы – жақсы көруі екен, ақ тілеуімен өмір сүруі екен. Біз бір-бірімізді жақсы көруден алыстап бара жатқан жоқпыз ба? Жақсы сөйлеп, жылы лебіз білдіруден де алшақтап кеткен жоқпыз ба?

«Өмір кез келген адамға беріледі, ал қарттық тек таңдаулылардың ғана үлесіне тиеді» деген нақыл бар. Өмірде қарттыққа жетіп, жақсы қартая білгенге не жетсін! Қазыналы қария болсаң, ел-жұртыңның ортасында абыройлы болсаң, одан асқан бақыт бар ма?!

Ал, сіз қандай қариясыз?

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support