- Advertisement -

Алтын сандықтың кілті кімде?

61

- Advertisement -

Отанын сүйетін арда азаматтар қашанда халықтың сөзін сөйлеп топқа түсетіні белгілі. 1996 жылы Халық жазушысы Шерхан Мұртаза мен белгілі қаламгер Камал Смайылов республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде елдік мәселелер жөнінде бір- біріне хат жазды. Сол хаттар кейінірек Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан жеке кітап болып басылып шықты. Біз Шерағаның мерей тойына орай сол хаттардан үзінділер жариялап тұруды жөн санадық.

 (Камалға хат)

Камал дос! «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Қазақстан.ХХІ ғасыр» атты көлемді мақалаңды оқып, (25-маусым, 1996 ж) көңілім әр саққа жүгірді. Бір себептен сүйсіндім. Бір себептен… күмәндімін.

Сүйсінгенде алғырлығыңа, журналистік тапқырлығыңа сүйсінемін. Біз болсақ «Қазақстан ұлан-байтақ, Қазақстан – бай» деген жалпы ұғыммен сөйлейміз. Сен болсаң, сол байлықты нақты цифрлармен сөйлетесің. Цифрлар сенің құлдыраңдап жүгіріп жүрген жиендерің сияқты. Тіпті жердің жеті қат астында жатқан байлықтың бәрін грамдап өлшеп, есеп-шотты сарт- сұрт еткізіп, тиынына дейін шығарып қоясың. Сөйтесің де «Қазақстан қазба байлықтары – 10 триллион доллар!» деп бір-ақ тоқ еткізесің. Ал енді дәл 10 триллион екеніне күмәнім бар. Бәлкім, 100 триллион шығар?..

Камал! «Сарыарқа мен Атырау, Алтай мен Қаратау қойнаулары нағыз алтын сандық екен. Соның кілті енді қолымызға еркін тиді» деп жазыпсың. Соны енді біліп жүргендей «екен» дегенің неткенің? Ал сол сандықтың «кілті енді қолымызға еркін тиді» деп алақайлағаныңа жол болсын! Онда біз сол алтын сандықтың үстінде неге жалаңбұт отырмыз? Ашпаймыз ба сандықты? Малмаймыз ба қолымызды алтын-күміске?

Оптимист, ақкөңіл, аңқылдақсың, Камал. Адам ой-азаптан азып- тозбас үшін осындай қасиет те керек шығар. Камал! Сен де, мен де жас кезімізде Қарағандыда жұмыс істедік. Шахталарға түстік. Журналистік азап істің қазанында пістік. Қазір сол Қарағандының шахталарын ағылшындар жалға алып жатыр. Сол өлкеде біздің алдымызда қызмет етіп, «Менің құрдастарым» атты тамаша кітап жазған Саттар Ерубаев, жаның жәннатта болғыр, бір кезде Қарағанды шахталарын билеген Хопкинс атты ағылшынның жергілікті халықты қалай қанап, қалай тонап, қалай қорлағанын жазбақшы ма еді. Қалай ойлайсың, Камал, сол сойқан тағы соқпай ма? Мысалы, Ресейге жалға кеткен Байқоңырдан қазір оқтын-оқтын, еміс-еміс бір ызалы, өкінішті үндер естілгендей болады. Ата-бабасынан бері қарай мәңгі-бақи сол жерде өмір сүріп келе жатқан қазақтарға Ресейдің азаматтығын алмаса, жұмыс бермейтін көрінеді. Өз еліңде, өз жеріңде отырып, Ресейдің азаматтығын ал, әйтпесе, қайқайып тұр. Екінің бірі. Мүмкін, сенде басқа деректер бар шығар. Лайым, менің естігенім қате болғай. Бұған қалай қарайсың?

Өзің айтқан «майлы жілікті жақсы көретіндер» көбейіп кетті. Бұл ненің нышаны? Шетелге жалға, несиеге бергенсіп, қандай бір өзіміздің алпауыттар нелер ірі кәсіпорындарды өздері солқылдатып сорып жатыр деген сөз бар. Одан не білесің, Камал? Баяғы Хрущевтың заманында, өзің айтқандай, 25 миллион (бір деректерде 30 миллион) гектар тың жер көтерілді. Сен оның 10 миллионын астықтан босатып, жайылым жасаса дейсің. Сонда мал басы көбейер еді дейсің. Ниетіңнен айналайын. Жүрегіңнен айналайын. Жүрегің таза, ақ қой. Әйтпесе, сол сен астықтан босататын 10 миллион жер енді қайтып жайылымға жарау үшін ең кемі 100 жыл керек екенін сен білер едің ғой. Ол ұшып кеткен. Ол жердің аналық құнары, асыл топырағы әлдеқашан аспанға ұшып кеткен. Қайтып қалпына келуі үшін сен айтып отырған ХХІ ғасырдың көлемі жете ме, жетпей ме – Құдай білсін. Ол жерге шүйгін шөп шығу үшін құйқа керек. Сол құйқа жоқ қой!

«Жер-Ана» деген ұлы ұғым орыстарда да бар. Бірақ, сөйте тұра: сол Ананы бағындырамыз! деді. Есіңде ме сол ұран? Біздің газеттердің аншлагы, маңдайшасы болатын. Бақандай-бақандай әріптермен терілетін. О заманда бұ заман өз Анасын бағындыратын адам бола ма екен?! Сөйтіп, ұлы Анамыздың көйлегі жыртылды, омырауы айғыз- айғыз болды. Жүз жылдық жара түсті. Дүниежүзілік ұятқа қалдық. Ал сен болсаң Қазақстанның жерінде бір миллиард адамды асырай алатын өнім алуға болады дейсің. Аузыңа май! Сен айтасың: аздаған су болса, химикат болса… деп. Баяғыда бір кедей: шіркін, қос уыс ұн табылса, қол басындай май табылса… бауырсақ пісіріп жер едім деген екен. Кешір, Камал, сен соған ұқсайсың.

«Қазақстанның жері бір миллиард адамды асырайды» дегеніңді оқып алып, әлдекімдер соншама жерде небары он алты-ақ миллион жан тұрады екен. Қалғанын біз барып толтырсақ қайтеді, деп жүрмес пе екен? Қазақстан жеріне қашаннан көз алартушылар аз емес еді ғой. Қазақтың дүркін-дүркін қырылып, өспей қалғанының бір қырсығы – осыншама жерге өзгелердің өзеурей қарағандығынан емес пе еді. Әлі де бар ғой. Горбачев, Солженицын, Жириновский дегендер Қазақстанның жерін қашан аламыз деп құзғын тазқарадай құлқын қағып отырған жоқ па? Жалпы мақалаң тұтастай алғанда дерекке бай. Қазіргі кезде оқулықтар жетпей жатқан мектептерге сабақ болатындай. Оқулық дегеннен еске түседі. Өзің Журналистер одағын басқарасың. Қолыңда нақты деректерің бар шығар, осы біздің қазақ тілінде шығатын басылымдардың бәрі жиналып бір «Караванның» тиражына жетер ме екен? Сонда қалай болады, мектепте оқулық жетпесе, қалың жұрт газет-журналдан мақұрым қалса, кітаптың тиражы 5 мың. Бір кезде тиражы 250 мыңға таянған «Жұлдыздың» тиражы қазір төрт мыңнан сәл-ақ асса – халық, әсіресе, жас буын білімді қайдан алады?

Радио, теледидар бар ғой дерсің. Теледидарда, Құдайға шүкір каналдар көбейді. КТК-ны қаламасаң, ТАҢ бар, ТОТЕМ бар, тағысын тағылар. Бірақ оның бәрі орысша ғой. Мәскеудің қос каналын ашып қал – ол да орысша. Қазақшаның там-тұмы, басқалардың тамтығы – Қазақ ТV, ХАБАР дегенде ғана бар.

Жас сәбидің бойына ұлттық қасиет анасының сүтімен, тілімен кіреді. Ал оның күндіз-түні көргені батыстың баяғыда жеріген тастандысы…

Мұның бәрі айтылмай жазылмай жүрген жоқ. Екеуміз бір жылдың төлі едік қой. Анда-санда сырымды, пікірімді саған айтпағанда кімге айтамын…

Айтпақшы, Малаховтан не хабар?

 

Шерхан Мұртаза,

12 шілде, 1996 жыл.

 

 Көңілде жүрген ойлар көп!

(Шерханға хат)

Дос Шерхан! Сенің «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Қазақстан. ХХІ ғасыр» атты мақалама байланысты хатыңды мұқият оқып шықтым. Осындай бір күдік сұрақтың сенің тарапыңнан болатынын сезіп жүр едім. Сен бұған бұрынырақта бір жерде «Қазақстанның жері миллиард адамды асырай алады» деп айтқанымда «О, не дегенің, оны білсе, андыздап отырған көршілер лап беріп, бас салатын болады!» деп қорқыныш айтқансың. Шынында бұл – Біріккен Ұлттар ұйымы мамандарының ғалымдар берген деректер негізінде жасаған қорытындысы. Осыған орай тағы да бір дерек бар. Біздің қазіргі Жер-Анамыз (сен өте аянышты жазғансың оның жайін) кемінде 20-30 миллиард адамды асырай алады және де тамағын тоқ, көйлегін көк етіп, жарасымды тірлік жасауға мүмкіндік береді екен. Адамдардың ақылы жетсе, саясаткерлердің рахымы болса, жердің жомарттығында шек жоқ. Бұл аңқылдаған ақкөңіл оптимизм емес, кәдімгі нақты есеп, дерек. Иә, бұл – мүмкіндік. Ал оны жүзеге асыру басқа мәселе.

Адам 70 жыл өмірінде миының бар мүмкіндігінің 4-ақ пайызын пайдаланады екен. Адамның тарихы – жер тағдыры сол мүмкіндік пен болмыс- шындық арасындағы айырмашылықты азайту жолындағы күрес, ұмтылыс қой. Екіншіден, Қазақстан жеріне осы заманда ешкім көз аларта алмас. Ресейдің, Қытайдың, АҚШ-тың бізге қамқор-қорған боламыз деген ресми (біз 104 ракетаны жойғаннан кейін) уәделері бар ғой. Оларға сенбесек, кімге сенеміз?

Сенің ойыңда жатқан бір қыжылды байқадым. Бір миллиард адамға қорегі жететін 16 миллион адам неге тойып тағам іше алмай отыр дейсің ғой? Ол рас, ол – сұрақ. Тамақ-тағам жөніне келсек, жағдай мынадай: бес жыл бұрынғы мөлшермен салыстырғанда, бүгін бір адамға 57 килограмм ет (бұрын 75 килограмм болатын), 260 литр сүт (бұрын 320 литр болатын) мөлшерінде келеді. Үкімет халықты ашықтырмаймыз, қажет тағамды шетелден алып келеміз: әрі сапалы, әрі арзанға (өзіміздегімен салыстырғанда) түседі дейді. Жұрт малын көбейте алмай жатса (Моңғолияда қой 2 миллионға көбейген), біз сонша қой керек пе деп азайтып жатырмыз. Біз қазір өз шаруаларымызға жұмыс тауып (жұмыс істейтін жағдай жасап) бере алмай отырып, Голландияның, Францияның, Американың шаруаларын асырап жатырмыз. Оларда өнімді шығару емес, өткізу-сату проблема ғой. Өткен жылы шет елдерден ет, сүт, жұмыртқа сатып алуға жұмсалған миллиондаған долларды неге өз шаруаларымызға – фермерлерімізге бермейміз? Осы бір өте түсініксіз жай!

Жер туралы әңгімеде сан жылдар бойы жыртылып шаңы шыққан тыңды қайтадан қалпына келтіруге жүз жыл кетеді дейсің. Рас, біраз уақыт сол жерді тыныш қалдырса, соқа салмаса, екі-үш жылда тусырап егін салуға емес, табиғи шөптің өсуіне жарап қалады. Ал аздап су берсе деген алыс болашақтың қиялы ғой. Фосфор тыңайтқышын біраз мөлшерде беруге болар еді. Мұны сен жақсы білесің. Өзіңнің «Қара маржан» романыңда Қаратау қазынасын жазғансың. Біз фосфор қоры жағынан дүниежүзінде 2-3 орын аламыз. Қор мол, бірақ соны дұрыстап ала алмай жатырмыз ғой. Соңғы үш жылда ие-қожа төрт рет өзгерді. Осыған орай сенің де дертіңді білемін. Сол сен туған өңір – Қаратау қазынасын да, мен туған жер – Жезқазғанның қыруар байлығын да, өзің хатта жазып отырған Қарағандының көмірін де қазір шетелдіктерге беріп, иелендіріп жатырмыз. Сен Қарағандыны айтып талантты Саттардың тамаша романын дұрыс еске салдың. Ал бұл жағдай Ғабеңнің «Оянған өлке», әсіресе «Жат қолында» романдарында ғажап жазылған еді ғой.

Жақында «Хабар» бағдарламасы сол сен айтқан Қарағанды шахтерлерінің қазіргі халін көрсетті. Жаның удай ашиды. Анау Теміртаудың алып зауытын сатып алған Испат-Кармет шойын балқыту үшін кокс керек деп Қарағандының бір топ шахталарын да қосып алды. Олардағылар енді күн көреміз деп қуанып жатыр дейді. Ал шетелдіктер алмаған төрт шахтаның 6 мың кеншісі қайда барады, қалай күн көреді?

Ал қазба байлықтың жалпы құны 10 триллион доллар деген деректі мен еліміздің геология және кен қорғау министрі, өте білімді жігіт Серікбек Дәукеевтің жазғанынан, айтқанынан алдым. Бұл – жалпы долбарлы – болжамды меже. Ал нақты анықталғаны 3,7 триллион доллар болады деп айтқан да сол. Анау жердің астыңғы қабаттарында жатқан қазына болса, мынау осы жердің үстіне шығып, қолымызға тигелі, түскелі тұрған қазына деді. Жалпы, Қазақстан қазынасы мен үшін жатқан бір жыр. Ол жөніндегі деректерді жинап, тарамдап жүремін. Сол байлықтан алғанымыздан алмағанымыз сан есе көп! Жақында ғана бір-екі қызық дерек көрдім. Болашақтың отыны – уран. Ол адамға ажал-қасірет емес, күш қуат беретін болады. Оның бағасы да қымбаттап барады. Сол уранның жер бетіндегі қорының төрттен бірі Қазақстанның жерінде жатыр. Бұл – ғажап қазына.

Біз алмас жоқ деп жүргенбіз. Сөйтсек, Көкше өңірінде техникалық алмас алатын шикізат бар болып шықты. Сол кенді дұрыс пайдалану керек еді де. Бір кезде бар өнеркәсіптің 93 пайызы орталыққа бағынады деп шағынатын едік. Енді бәріне өзіміз ие болдық қой. Ал өндіріс әзір жүрмей жатыр. Осының бір өкініштісі, егер сол шетелдерге беріп жатқан кәсіпорындардың шығаратын өнімдері ешкімге қажет болмай, өтпей жатса екен-ау. Соның көбін көрші Ресей кәсіпорындары алады екен. Менің бір таңғалғаным, Шерхан, сол Павлодардың глиноземін, Дөң хромитін, немесе Соколов-Сарыбайдың рудасын неге шетелдіктер сатады, соларды неге өзіміз бірден сатпаймыз? Сол ертең сатылар өнімнің есебінен қарыз алып, осы өндірістерді өзіміз басқарып әкетуге болмай ма? Осыны түсінбеймін.

Талай жыл өндірісті басқарған әйгілі А.Күленов: «Шетелдіктер тек өндірісті ғана алады, әлеуметтік салаға бармайды, балабақшасын ұстамайды, ал онсыз өндіріс алға баспайды деп айтты ғой. Осының бәрі жетіскендіктен істеліп отырған жоқ. Ақша жоқ, ақша үшін барып отырмыз дейді үкімет. Сол мыс ақша емес пе?

Сен, Шерхан, хатыңда тағы бір мәселені қозғайсың. «Караванның» тиражына қазақ басылымдары бәрі жиналып жете ме екен деп сұрайсың. Бәрін қосқанда – қайдам? Бірақ, мен бір нақты дерек келтірейін. «Караван» 112 бет болып шығады. Демек бір нөмірінен «Қазақ әдебиеті» газетінің (16 беттен ғой) 8-ін жасауға болады. Ал тиражын алсақ, «Қазақ әдебиеті» 18 мың, «Караван» 250 мың, сонда таралымына көбейтсек, «Краванның» бір нөмірінен 80-90 «Қазақ әдебиетін» шығарып тұруға болады екен! Амал жоқ, күйінесің де! Сондай қазақ газеті неге жоқ деп күйінесің. Ол қағаз, сол қаржы басқа жақтан емес, осы Қазақстан жерінен табылып жатқан жоқ па?

Сен жазған анау телеарналардағы қазақша хабарлардың көлемін шығару үшін бір есеп жасағанмын. Аптасына Алматының 11 телеарнасымен бір тәулікте 115 сағаттық хабар көрсетіледі. Соның 14-18 сағаты ғана қазақ тілінде екен! Солай! Қазір өзің айтқандай, газет-журналдардың таралым саны да азайып, баспадан шығатын, оқушыға жететін уақыты кешеуілдеген сайын жұрт теледидар мен радиоға көбірек көз салып, құлақ тосады. Сол теледидарда кезінде екеуміз де басқарушы болып істедік. Ол аса бір күрделі, қиын кино мен журналистиканы қосқан, сан алуан дүниеден тұратын сала. Мен істеген 80 жылдар мен үшін қандай ыстық болса («Тамаша», «Айтыс», «Терме», «Алатау» бағдарламалары 40 сериялы видеофильмдер т.б.), сен істеген 90 жылдар да саған ыстық. Ол кезің туралы оғаш-ожар әрқилы пікірлер, қаңқу сөздер болды. Дегенмен шындық ашылды. Сол сен әкелген «Таңшолпан» жақында қайта шыға бастады, «Балбөбек» көрінді, «Тайбурыл» дайындалды…

Қазір ең аты шулы деген қазақ журналистері, кино режиссерлер теледидарға келіп, осында жұмыс істеуге тиіс қой. Кино тоқырап тұр, сондағы талантты режиссер-операторларды ТВ- ға тарту керек. Біз де білім тәжірибемізді жұмсап, ақыл-кеңес беруден бас тартпас едік. Бірақ қазір, Шерхан, осы жұрт ақыл-кеңес сұраудан ат-тонын ала қашады. Қоғамның саяси-экономикалық құрылым жүйелерінің тиімді-тиімсіздігін адамның хал-ахуалына қарап өлшеуге де, айқындауға да болады. «Қазақстан. Адамның хал-жағдайы жөніндегі 1996 жылғы есеп» деп аталатын халықаралық құжатта (БҰҰ қатысқан) сондай талдау- бағалау болған. Көрсеткіштің бірі – адамның орташа өмір жасы соңғы жылдары қысарып бара жатыр. 1991 жылғы 68,6 жастан 66,1 жасқа дейін кеміді.

Ал деректерді айтып қана қоймай, олардың туу себептерін де ашып талдап айтар болсақ, экономикаға барып тірелеміз. Жалпы ұлттық өнімнің мөлшер көлемі жан басына шаққанда Қазақстанда 1992 жылы Дүниежүзілік банктың дерегі бойынша 4270 доллардан келген болса (соның өзінде 174 елдің ішінде 64-орын алған), 1995 жылы бұл көлем екі есеге азайып, жан басына 2760 доллардың өнімі шығарылған. Бұл – ең төменгі көрсеткіш. Дамып келе жатқан емес, дами бастаған елдердің халін көрсететін жай.

Сонымен адамның орташа өмір сүру жасы, денсулық жағдайы, тұрмыс халін айқындайтын көрсеткіш-деңгей жағынан Қазақстан соңғы бес жылда 47-орынға жылысып, 53-орыннан 100- ші орынға бір-ақ түсті. Жарайды, еңсені басар, көңілді бұзар деректерді осымен доғарайын. Кеше ғана біртұтас өмір сүріп, бірге болған елдердің қай-қайсысы болса да бүгін осындай қиын халге түсіп отыр. Әр елдің жағдай-мүмкіндігі әрқалай, сондықтан да әрқайсысы өзінің қалаған жолымен жүретін болар. Президент Н.Назарбаев биылғы жыл Қазақстан үшін бетбұрыс жылы болады, алға жылжу басталады деген. Мен де жыл басында, есіңде болар, «Егемен Қазақстанда» құлдыраудың шегіне жеттік, жерге аяғымызды тіредік, енді көтерілер ме екенбіз деген үмітпен мақала жазған едім. Жарты жылдың алғашқы деректері көңілге үміт ұялатады. Төл былтырдан көбірек алынды. Егіннің халі жұбатады. Биыл бидайдың тоннасы 130-135 доллар болады, демек мұнайдан да қымбат. Ауылға осы көп демеу болар. Соны аман жинап алсақ десей. Бір жағынан алдымыздағы қысқа дайындық жайы алаңдатады. Былтыр көмірдің үстінде тұрған Қарағандының үйлері азынап- мұздап шықты. Шахтинск қаласында жағар отын болмай, мектептер жабылып қалды.

Шерхан, сен хатыңның соңында Малахов қайда жүр деп сұрайсың. Білетін біреулер: ұлдарын алып, Австралияға кетіпті дейді. Соны бір газеттер қорғап жазады. Жалпы өз маңайымызда көңілге қаяу салатын жайлар бар. Кейбір басылымдардағы өзара айтыс, бірін-бірі кемсіту, бетін тырнау, мәселе айналасында ашу көтеру, тартыс туғызу байқалады. Газет бетін дастарқан басындағы ұсақ әңгімелерге пайдалануға сен не дейсің, қалай қарайсың? Жалпы көңілде жүрген ойлар, толғандырар мәселелер көп.

Сәлеммен, Камал досың,

2006 жыл.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support