- Advertisement -

Игіліктің елшісі

35

- Advertisement -

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес жоғары мектебінде Садыханова Гүлнара Амангелдіқызы атындағы оқу аудиториясы ашылып, халықаралық дөңгелек үстел өткізілді. Өткен жылы мезгілсіз дүниеден озған Г.Садыханова осы оқу орнының белді қызметкері, кафедра меңгерушісі болатын. Оның есімін есте қалдыру шаралары аясында аудиторияның ашылуы Гүлнараның диссертациялық жұмысының жетекшісі болған экономика ғылымының докторы, профессор С.Нысанбаев, университеттің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Х.Тасыбеков және Гүлнараның әкесі, Қордай ауданының Құрметті азаматы А.Садыхановтың лента қию рәсімімен басталды. Дөңгелек үстелге шетелдік ғалымдар да қатысты. Гүлнараның студенті, магистранты болған, Түркиядағы Стамбул университетінде PhD дәрежесін қорғап, қазір сонда қызмет ететін Акинер Аида, Ұлыбританияның Брюнель Университетінен Abraham Althonayan, Италияның Падуа университетінен Челетти Дэвид сынды PhD дәрежелі профессорлар баяндамалар жасады. Сондай-ақ еліміздің әр шалғайында еңбек етіп жүрген Гүлнараның көптеген шәкірттері келіп қатысты. Олардың қолдауымен жылына екі мәрте төрт студентке берілетін «Гүлнара Садыханова атындағы шәкіртақы» тағайындалып, арнайы қор құрылды. Ұстаз-ғалымның бір жылдық асына орай оның өмірі, қызмет жолы, игі істері туралы естеліктерден тұратын «Игіліктің елшісі» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Бұл тағдыр әркімге әрқалай өмір сынағын алға тартады. Бүгінде жасы сексенге бір қадам қалған Амангелді Садыхановты да жанды жерінен сынады. Алдымен осыдан 13 жыл бұрын қырық бес жыл отасқан жұбайы Шекер бақилық болды. Енді міне, көзінің ағы мен қарасындай бар үмітін жалғаған сүйікті қызы Гүлнарадан айырылып қалып отыр. Әттең, егер елімізде білікті дәрігерлер уақтылы дұрыс кеңестерін берсе, шет елдік тәжірибені, дәрілерді дер кезінде қолданса, қызын құтқарып қалуға болатын ба еді. Гүлнара өзінің қатерлі ісік ауруына шалдыққанын туыстарынан жасырып келіпті. Әкесінің жанын жаралағысы келмей, барынша сездірмеуге тырысып баққан.

Оның кеселі күннен күнге асқынып, жүруі қиындап, өкпесіне су тола бастап, біздің дәрігерлер ештеңе жасай алмаған соң, Түркиядағы атақты «ACIBADEM» ауруханасында 2 ай шамасында ем алып, екі мәрте қымбат ота жасатып, радиотерапия қабылдады. Дәрігерлер әр үш ай сайын келіп тексерілу қажеттілігін айтып, еліне қайтарды. Отасы сәтті болып, ақырындап өзі еркін жүре бастаған болатын.

Өмірге құштарлығы, жұмысқа деген құлшынысы сол, өзінің науқас жағдайына қарамастан, онлайн түрде кафедра жұмысын жүргізе берді. Әріптестері оны қолдап, жұмыс істеуі Гүлнараның тез сауығып кетуіне себепкер болар десіп, қайсарлығына тәнті болды. Алматыдағы тексерулер ісіктің әжептәуір кішірейгенін көрсетті. Түрік дәрігерлерінің кеңесі бойынша ол, әр үш ай сайын сол елге барып тексеріліп отыруы қажет еді. Былтырғы наурыз айында Стамбулға әуе билеті де алынып қойған еді, бірақ сол кезде коронавирус Гүлнараны да айналып кетпеді. Өкпесіне су толып, дем ала алмай, жөтел қысып, апта сайын дәрігерлер үйге келіп бірнеше литрлеп өкпесінен су алып отырды. Сонда да, Гүлнара әр сейсенбі сайын кафедра мәжілісін онлайн өткізіп, жұмысын жалғастырып отырыпты. Бүгінгі таңда оның жүрегінің, қолының, жанының ашықтығы мен кеңдігін, мейірімін, көмегін көрген студенттері Қазақстанның әр түкпірінен табылады және бірқатар студенттері шет ел асып, өз ниеттерін алыс шет елден білдіруде. Ол жанына кездескен әрбір жанға шапағатын шашып, нұрымен бөліскен адам. Соның бір кішкене мысалы ретінде, өмірінің соңғы айларында болған жайт: Стамбулда емделіп жүргенінде қатерлі ісік ауруымен ауыратын көптеген қазақ балаларына өзі ауырып жүрсе де, өзінің емделуіне қомақты қаражат қажет болса да (ай сайын ісік ауруына қарсы өте қымбат дәрілерді Стамбулдан алдыртатын), әлеуметтік желілеріне сол балалар туралы жазып, өзінің кафедрасының мүшелеріне «мына балапанға көмек қажет еді, кім қанша бере алады, жүз теңге болса да, қайырымдылық көрсетіп жіберсеңіздер екен» деген өтініштері болған. Қайсар қыз өмірінің соңғы сағатына дейін жұмысын жалғастырып, соңғы күні өзінің кафедрасында оқитын 2 студентке тиесілі стипендиясын өз атынан табыстапты.

ҚР БҒМ Ғылым комитеті экономика институтының Бас директоры, экономика ғылымдарының докторы, академик А.Сатыбалдин Гүлнараға тамаша педагог, зерттеуші және ұйымдастырушы деп баға берді. «Ол білгір жетекші және тәлімгер, өз шәкірттерінің де, әріптестерінің де шығармашылық бастамаларын қолдаушы, дем беруші бола білді. Біздің экономика институты мен Гүлнара басқарған ҚазҰУ-дің экономика кафедрасының бірлесуімен 4 ғылым докторы, 26 магистрант дайындалды. Г.Амангелдіқызы еліміздің жоғары интеллектілі, мәдениетті және шынайы адамгершілік құндылықты интеллектуалдық қорының лайықты өкілі болатын», – дейді академик.

2019 жылы 30 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға келген іссапары барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің экономика және бизнес факультетінде болғанда Г.Садыханова 2 курспен «Инновациялық экономика» дәрісін жүргізіп жатқан аудиторияға аялдап, оқытушымен және студенттермен тілдесуі бекерден бекер болмаса керек.

Міне, осындай ғылым көгіне кеңінен құлаш сермеген кемел шағында болашағынан үлкен үміт күттірген жас ғалым, абыройлы ұстаз өткен жазда мезгілсіз дүние салды. Оның қазасы көптеген әріптестері мен шәкірттерінің жанына аяздай батты. «Білім кілті – Ключ знаний» республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық журналында (№7, 2021 ж.) «Гуля, Гулечка, Гульнара» деген тақырыппен сағынышты естеліктер топтамасы жарияланды. Қай-қайсысы да жүректі тербейді. Ал бәрінен де ақынжанды әкенің күйзелісін айтсайшы. Жылда сәуір айы туа қызын туған күнімен өлеңдетіп құттықтайтын Амангелді ағамыз енді:

«Бұл өмірден ерте кеттің гүл қызым,

Ерте сөнді сенің жарық жұлдызың.

Екі құлаш жер бұйырып жан ботам

Жер-Ананың ерте сездің дым-сызын.

Жайғастың ботам, туған анаң жанына,

Кірдің барып құшағына сағына.

Торқа болсын топырағың жан ботам

Жайнасын жүзің жәннаттың нұрлы бағында…»– деп күңіренеді. Қайтеміз, бұл тағдыр. Жасын ғұмыр жарқ етіп, ерте сөнді. Гүлнара биыл елуге толар еді…

Құдай тірілерге қуат берсін. Шүкір, оның екі ағасы, інісі мен сіңлісі бар. Оншақты немере сүйіп отырған әкесі – Қордай ауданының «Құрметті азаматы», «Еңбек ардагері» медалі, республикалық ардагерлер кеңесінің «Құрмет белгісі», «Облыстың Құрметті ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тәрізді көптеген марапаттарды иеленген Амангелді Әбдіқайымұлының омырауынан үзіліп түскен бір түйме баяны бұл.

 

Құрманбек ӘЛІМЖАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қордай ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support