- Advertisement -

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

63

- Advertisement -

«АҚ ЖОЛ»

 (2020 жыл)

7 қаңтар. №1 (18798). Талас ауданы Үшарал ауылының тумасы, Ақкөл орта мектебінің түлегі ақын Өкім Жайлауов журналист мамандығын алғаннан кейін 1954-1962 және 1963-1967 жылдары облыстық «Еңбек туы» газетінде еңбек етті. Редакцияда әдебиет бірлестігін ұйымдастырып, жас талапкерлердің шығармаларынан әдебиет беттері беріліп тұруына көп еңбек сіңірді. «Өкімнің мектебінен» өткен журналистер мен қаламгерлер аз емес. Атақты ақын Күләш Ахметованың алғашқы балауса жырлары газетте жарық көруіне де көмегі көп болған.

Арада көп жыл өткен соң ақынның жары Роза Жандарқызы және ұл-қыздары Таразға келіп, Құран бағыштады. «Aq jol» газеті онымен өткізілген мазмұнды сұхбатты «Өкім өлеңге биік өлшеммен қарайтын» деген тақырыппен берді. Сұхбат авторы – Ерман Әбдиев.

23 қаңтар. №8 (18805). Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова мен белгілі ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асановтың отау тігіп, шаңырақ көтергендеріне 50 жыл. Осыған орай «Aq jol» айқарма бет ұйымдастырып, оны «Екеуіңе бір- бірін шын қалаған, Адалдықпен қызықпай кім қараған?!» деген тақырыппен берді.

2 наурыз. №25 (18822). «Aq jol» газеті осы нөмірінен бастап шығу кестесін өзгертіп, дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері жарық көре бастады. Ал облыстық «Знамя труда» газеті болса бұрынғысынша сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері шығып, өңірдегі ақпарат кеңістігінде бос орын (вакуум) пайда болмауына қал-қадерінше үлес қосты.

Бұл бастама облыс әкімі Б.Сапарбаевтың жаңашылдығымен жүзеге асты.

8 маусым. №65 (18862). Бұл нөмірінде «Ақжолтай хабар» айдарымен осы күннен бастап өңірдегі БАҚ саласында біршама құрылымдық өзгерістер орын алатынын оқырмандарына жеткізді. Облыстық «Aq jol» , «Знамя труда» және «Арай» жастар газеті «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бірікті. Жаңа серіктестіктің бас директоры – тәжірибесі қалыптасқан, белгілі журналист Нұрбек Бекен. Облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторлығына республиканың бас газеті «Егемен Қазақстанның» бөлім меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Оралхан Дәуіт тағайындалды. Ал «Знамя труда» және «Арай» газеттеріне бұрынғысынша Татьяна Борисенко мен Дәулет Төленді басшылық ете беретін болды.

12 маусым. №67 (18864). «Жарқын жүздесу» айдарымен «Оқырман қауым өзгеріс күтеді» деген шағын хабар жарияланды. Онда жазылғандай, сәрсенбінің сәтті күнінде облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Баспасөз үйіне арнайы келіп, облыстық «Aq jol» , «Знамя труда» және «Арай» жастар газетінің ұжымымен кездесіп, жаңа құрылымның мақсат-міндеттері хақында әңгіме өрбітті.

Заман талабына сай басылымдарды бір медиа құрылымына топтастырудағы басты мақсат – орталық қаржыландыруға оңтайлы жағдай жасау, осы арқылы журналистердің табысты жұмыс жүргізуіне, газеттердің жаңаша форматпен, үйлесімді безендіріліп шығуына мүмкіндік туғызу екені айтылды.

26 маусым. №73 (18878). Нөмір 28 маусым – Баспасөз қызметкерлері күні қарсаңында шыққандықтан, мазмұнды мақалалар беруімен ерекшеленеді. Айқарма беттегі «Ақ жолдың» көшін алға сүйреген қаламгерлер туралы жарияланымдар, өткен күндерден сыр шертетін фотосуреттер оқырмандар көңілінен шыққаны анық. «Редактор бағаны» айдарымен берілген Оралхан Дәуіттің «Жақсылыққа жорыдық» деген тақырыптағы шағын мақаласы өзі басқаратын басылым ғана емес, Әулиеатаның ақпарат айдынындағы өзгеріс, жаңалық, жаңашылдық туралы баяндайды. Маусым айында дүниеге келген жаңа құрылым «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-нің тұсауы кесілгелі бергі аз уақыт ішінде атқарылған істер едәуір. Уақыт серіктестіктің тиімділігін дәлелдеді. Облыстық «Aq jol » және «Знамя труда» газеттері жаңа дизайнмен шыға бастады. Журналистер қауымының ізденістері, тың тақырыптарға баруы да құптарлық. Бұл әрине, бірнеше облыстарды басқарған, Үкіметте ірі қызметтер атқарған Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың журналистер қауымына жақындығының, ашықтығының, қалам ұстаған ағайындарға деген құрметі мен қамқорлығының ерекше екендігінің арқасы. Әкімнің орынбасары Е.Жылқыбаев медиа серіктестікке енген газет редакцияларына бірнеше рет келіп, жағдайларымен танысып, емен-жарқын кездесулер өткізіп кетті. Жаңа құрылымға жан-жақты қолдау көрсету жалғасып келеді.

16 қараша. №134 (18931). Бұл нөмірінде газет сүйінші хабарды бірінші бетіне көрнекі етіп жариялап, өз ұжымдарының ғана емес, жалпы Жамбыл жұртының абыройын асырып, мерейін тасытқан қуанышпен бөлісті. 13 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында баспа, радио және интернет- журналистика саласындағы «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткен болатын. Салтанатты жиында 11 номинация бойынша мәртебелі журналистика сыйлығының жеңімпаздары анықталды. «Aq jol » газеті «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Сүйінші хабар авторы, газеттің бас редакторы Оралхан Дәуіт дөп басып жазғанындай, бұл – «98 жылдан астам уақыт тарихы бар облыстық басылым ақпарат саласындағы кіл мықтыларды мойындатып, талай жылдардан бергі тынымсыз ізденістің арқасында адал еңбегінің жемісін көрді, әділ бағасын алды деп айтуға болатын» оқиға еді.

Республика бойынша ең үздік газет атанған «Aq jol»-ға барлық жүлдегерлер сияқты ұлттық сыйлықтың Жеңімпазы сертификаты, «Үркер» естелік мүсіншесі және бір миллион теңге ақшалай сыйлық табысталды.

18 қараша. №135 (18 932). Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев «Баспасөз үйіне» келіп, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС құрамындағы облыстық «Aq jol » газетінің ұжымымен кездесті. Ол облыс әкімі Б.Сапарбаевтың атынан тілшілер қауымын өңірдің бас басылымының «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз атануымен құттықтады. Газетте сараптамалық, проблемалық, сыни мақалалар жиі жариялана бастағанын атап көрсетті. Медиа серіктестіктің бас директоры Нұрбек Бекенге облыс әкімі Б.Сапарбаевтың Құттықтау хатын тапсырды. Хатта «Ғасырға жуық тарихы бар, тереңнен тамыр алатын ата басылым қазіргі таңда уақыт талабына сай жаңғырып, бұқара мен билік арасындағы алтын көпірге, жаңалық жаршысына айналып отыр» деген жолдар бар. Бұл журналистер еңбегіне берілген әділ баға еді.

7 желтоқсан. №143 ( 18940). Қазақ әдебиетінде өзіндік өшпес із қалдырған қаламгер Рахымжан Отарбаевтың шығармалары аудитория таңдамайтыны мойындалған шындық, оның прозасын жастар жақсы көретіні жазылып та келеді. Жазушы мұрасын насихаттайтын «Рахымжан Отарбаевтың Руханият Қоры» жеке қоры драматургия, проза салалары бойынша сыншылар мен әдебиетшілер арасында «Рахымжан Отарбаев шығармашылығы. Әдеби сын» тақырыбында байқау ұйымдастырған болатын.

Оған маңдайалды әдебиетшілер қатысып, бақтарын сынады. «Aq jol » газетінің әлеумет бөлімінің редакторы Ардақ Үсейінова да әдеби додаға қатысып, оның Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы туралы жазған талдамалық жазбасы ынталандыру сыйлығына лайық деп табылды.

Газет А.Үсейінованың жүлде алған жазбасын оқырмандарының назарына ұсынды.

Шежіре-деректі дайындаған

«Аq jol» газетінің ардагері Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support