- Advertisement -

Шерхан Мұртазаның ескерткіші Жамбыл даңғылында бой көтереді

194

- Advertisement -

Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы облыста кең көлемде аталып өтуде. Артында өшпес мұрасы қалған қаламгердің есімін ұлықтау арзанқол той-жиынның төңірегінде емес, оның атын асқақтатудың анағұрлым құнды шараларымен жалғасып жатқанын атап өтпеске болмас.

Соның бірі – еңселі ескерткіш орнату болатын. Облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасы бұл жұмысты көпшілікпен кеңесіп шешуді жөн санап, өңірдің зиялы қауым өкілдерімен бірнеше рет арнайы кездесу өткізген болатын. Ондағы мақсат – Шерағаның бейнесі бедерленген мүсінін Тараз қаласының қай жеріне қойса дұрыс болатыны, архитекторлар ұсынған жобалардың қайсысы қаламгер болмысын ашатынын анықтау еді.

Сондай-ақ жалпы жұртшылықтың ұсыныс-пікірін білу мақсатында басқарманың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында сауал тасталған еді. Онда: «…Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, журналист, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт руханиятының абызы Шерхан Мұртазаның ескерткіші бойынша зиялы қауым өкілдерінен комиссия құрамы жасақталып, мүсіншілер ұсынған 17 эскиздік жоба аталмыш комиссияның 03.06.2022 жылғы отырысында қаралып, үш нұсқасы мақұлданған.

Ескерткіштің орналасу орнын анықтау мақсатында ағымдағы жылдың 14 маусымында комиссия құрамы және сәулетшілердің бірлескен отырысы өтті. Ш.Мұртазаның ескерткішін Тараз қаласында орнату орны бойынша 14 ұсыныс түсті. Комиссия отырысының қорытындысымен ұсыныстар негізінде ескерткіш қойылатын қолайлы 3 жер анықталды.

Олар:

1. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы ғимаратының алды;

2. Сүлейменов көшесінің бойындағы «Баспасөз үйі» мен «Jambyl» телеарнасы ғимаратының ортасындағы аллея;

3. Халықаралық Тараз инновациялық институтының Жамбыл даңғылы бойындағы жаңа ғимаратының алды.

Осы ретте Ш. Мұртазаның ескерткішін орналастыру бойынша жоғарыда аталған орындарға қосымша ұсыныстарыңыз болса, осы жазбаның (негізгі автордың парақшасындағы жазба) астына пікір қалдыруларыңызға болады» делінген.

Әлеуметтік желі қолданушылары түгелдей дерлік Шерхан Мұртазаның аты берілген «Баспасөз үйі» мен «Jambyl» арнасының ортасындағы аллеяға орнату ұсынысын білдірген болатын. Дейтұрғанмен, комиссия қолайлы деп тапқан орынға архитекторлар ескерткіш орната алмайды екен. Сөйтіп, Шерхан Мұртазаның ескерткіші халықаралық Тараз инновациялық институтының Жамбыл даңғылы бойындағы жатақханасының алдына қойылатын болды.

Бұл туралы Халықаралық Тараз инновациялық институтының аккредиттеу, рейтинг және сапа басқармасының басшысы Ботагөз Қалдыбекқызы: «Егер, шынымен Шерхан Мұртаза ескерткіші Жамбыл даңғылындағы институт ғимаратының алдына қойылатын болып шешілсе, өте жақсы және дұрыс таңдау. Шерхан Мұртазаның көзі тірі кезінде (2009 ж.) «Шерхантану» орталығының ашылу күнінен бүгінге дейін қыруар жұмыстар атқарылып жатқанын баса айтқым келеді. Орталықта өз қолымен сеніп тапсырған қаншама қолжазбалары сақтаулы және олардан том-том кітап етіп шығару да үлкен жұмыс.

Аталған институт жыл сайын мыңдаған студенттердің біліммен сусындап, ғылыммен айналысып, тәрбие алатын ордасы және осыған сай қызмет ететін профессор-оқытушылар құрамының жұмыс орны. Сонымен қатар қаланың қақ ортасының бір бөлшегі. Айта берсек, ең көп көлік қозғалысы өтетін жолдың жиегі. Яғни, ұмыт қалмайтын, көрген әрбір жанға рух берері сөзсіз», деген пікір білдіреді.

Ал «Jambyl» арнасының журналисі Жалғас Саңғыл: «Ескерткіш деген заттың өз функциясын атқаратын заман өтіп кеткен. Яғни, мысалы, ешкім Абайдың ескерткішіне қарап оның рухани әлеміне бойлап, кемел адам боп кетпейді… жай қарайды, әрі кетсе суретке түседі», дейді.

Ескерткіш қою бастамасы көтерілгелі осы мәселеде өзінің азаматтық ұстанымын танытып жүрген қоғам белсендісі, өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің бірі Асқарбек Сейілхан да өз пікірін білдірген еді: «Бұл ескерткіштің төңірегіндегі пікір қоғамды бірнеше топқа бөліп жіберді. Қанша адам болса, сонша пікір айтылып жатыр. Менің ұсынысымның да ешқайсысы іске аспай қалды. Қазір Халықаралық Тараз инновациялық институтының алдына орнату туралы шешім шығыпты. Мүмкін ол да дұрыс шығар».

Ескерткішті орнату жұмыстарының басы-қасында жүрген «Көне Тараз» қоғамдық қорының Президенті Мұратбек Азимов: «20 адамнан тұратын арнайы комиссияның шешімімен ескерткіш Жамбыл даңғылы бойындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты ғимаратының алдына қойылатын болып шешілді. Әрине, комиссия мүшелері жүз пайыз қолдаған жоқ. Дейтұрғанмен, басым дауыспен шешім шығарылды», дейді.

Маржан РАҚАЙ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support