- Advertisement -

Түймекентте тындырымды тірлік көп

170

- Advertisement -

Кешегі Кеңестер Одағы кезінде Байзақ ауданындағы ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, іскер азамат, Социалистік Еңбек Ері Александр Львович Нахманович басқарған «Трудовой пахарь» колхозының атағы алысқа кеткенін алдыңғы толқын ағалар ұмыта қойған жоқ. Қызылша өсіруден табыстың тайқазанын тасытқан сол колхозшылардың ерен еңбегін бүгінде олардың балалары, немерелері орынды жалғастырып келеді.

 

Біз бүгін сол колхоздың негізінде құрылған Түймекент ауылдық округіндегі атқарылып жатқан игілікті істердің барлығын тізбектемей, тек 2019 жылдан бастап қолға алынған округтегі «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында қол жеткізген жетістіктерге ғана тоқтала кеткенді жөн көрдік. Аталған жобаға алғашқы жылы ауданның Қостөбе, Түймекент, ал өткен жылдан бастап Үлгілі ауылдық округі енгендігін де айта кеткен орынды болар.

Аталған округтердің бұл жобаға таңдалуы да бекерден-бекер болмағанын бүгінгі олардың тындырымды тіршіліктері дәлелдеп отырғандай. Түймекент ауылдық округі Түймекент және Ақжар ауылдарынан тұрады. Округте бүгінде 1405 отбасында 9474 тұрғын бар. Бұл деген аудан орталығынан кейінгі халқы көп, үлкен округтердің бірі екенін көрсетеді. Сондықтан болса керек аталған округ 2019 жылы пилоттық жобаға еніп, аталған жобаның 5 бағыты бойынша 262 ауыл  тұрғыны 615,2 миллион  теңгені 2,5 пайызбен алған болатын. Жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бағыты бойынша 2020-2021 жылдары ауқымды жұмыстар атқарылған.

Жыл сайын жерді пайдаланушылар көбейіп, одан алынған өнім көлемі еселеп артты. Мәселен, 2020 жылы 1140 ауланың барлығы өздерінің 132,7 гектар жерлерін толық игеріп, оған егілген қияр, қызанақ, картоптан барлығы 868,6 тонна өнім алған. Жиналған өнімнің 510 тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалса, 358,6 тоннасы саудаға шығарылған. Ал 2021 жылы алынған өнімнің 720 тоннасы ішкі тұтынуға, 378,6 тоннасы сатылған.

Биыл болса су тапшылығына байланысты аулалардағы егістік жерлер біршама қысқарған. Дегенмен 37 гектарға қияр, 25,8 гектарға қызанақ, 17,3 гектарға картоп, 4,2 гектарға баклажан, 4 гектарға алма бағы, 6,2 гектарға бұрыш, 5,5 гектарға асқабақ егілген. Ал үй іргесіндегі жерлерді аталған жоба аясында құрылған «Түймекент-2019» ауыл шаруашылығы кооперативі техникаларымен жерді жыртып, өңдеп беріп отырған.

– Үй іргесіндегі жерлерге суды толық жеткізу үшін биыл Байзақ каналымен келген суды үшке бөліп, ауылға кіргізу мақсатында көп жұмыстар атқарылды. 25 метр жерге цемент астаулар қойылып, 6 метрлік 5 бетон трубалар орнатылды. 20 метр арық терең болып қазылды. Нәтижесінде егін суы арықтың толғанын күтпей латокпен елді мекенге тиісті мөлшерде жіберіле бастады. Былтыр Түймекент ауылындағы 512 аула ағын суды пайдаланған болса, биыл 4 шақырым арықтар тазаланып, жоғарыдағы аталған цемент астаулар мен бетон трубаларды орналастырудың арқасында 980 аулаға су жеткізілді. Бұған ауыл халқы өз ризашылықтарын білдіріп отыр.

Міне, ауыл тұрғындарының көмегімен осындай жұмыстар істелді. Нәтижесінде ауылға су жақсы берілуде. Ал мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретін болады, – дейді ауылдық округ әкімінің орынбасары Талғат Мысықбаев. Біз Түймекент ауылындағы «Нұрасыл» жеке кәсіпкерлігінің иесі Умида Сапарбаеваның үйінде болдық. Үй іргесіндегі жерлердің тиімді пайдаланылып отырғанын көрдік. Сылдырап аққан су бақшаға келіп, еркін жайылуда.

– Мен мемлекеттен төменгі  пайызбен несиеге 2 миллион 100 мың теңге алдым. Бұған алдымен 7 бұқа, 5 жылқы сатып алып, оны бордақылауға қойдым. Малдарым семірген соң оны сатып, орнына жас мал алып қоямын. Малға қажетті шөпті Аманбай атам мен жолдасым Әнуар дайындайды. Олардың өз жерлері бар. Бізге осындай жағдай жасап, төменгі пайызбен несие берген мемлекетке, облыс, аудан басшыларына алғыс айтамын.

Алған несиемді кестеге сәйкес төлеп жатырмын. Бақшамызға биыл егін суы жақсы келіп жатыр. Демек, үй іргесіндегі бақшадан да мол өнім аламыз ба деген үмітіміз бар, – дейді жеке кәсіпкер Умида Сапарбаева. Кәсіпкердің үй іргесіндегі 15 сотық жерінде алма, алмұрт, шие, өрік талдардан бөлек, қияр, қызанақ, сәбіз, чеснок, анар, редиска, жүзім, жүгері, арпа егілген екен. Сондай-ақ көршісінің пайдаланбай жатқан 10 сотық жеріне картошка, асқабақ отырғызған. Барлығының да шығымы жақсы. Тіпті кейбірі пісіп, жиналып та жатыр.

Кәсіпкер келіншек бұл жерден алынған өнімді өздері пайдаланатынын, ал артығын саудаға шығаратынын айтты. Еңбекқор ананың тындырымды тірлігіне  біз де риза болдық. Жобаның екінші бағыты – мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алуға округтегі 258 адам қатысып, 602,274 миллион теңгеге 577 бас жылқы, 2780 бас қой-ешкі, 558 бас мүйізді ірі қара, 1250 дана құс сатып алған. Кейінгі үш жылда мал басы өскен. Округте мал көбейгенімен оны жаятын жайылымдық тарлық етуде.

Міне, сондықтан да ауыл малдарының дені құмға шығарылып, сонда бағылуда екенін білдік. Жалпы округ тұрғындарына малдарды құмға шығарып бағу ғана жайылым мәселесін шешетіндігі аудан, облыс басшылары тарапынан да айтылып келеді. Сондай-ақ жайылымды жерлерді алып, оны пайдаланбай отырған шаруалармен келісімдер де жүргізіліп жатқанын округ әкімі Қанат Смағұлов айтып қалды.

Түймекент ауылындағы жеке кәсіпкер Арғынбай Еңлібеков аталған жобаның пайдасын көріп отырған жандардың бірі. Біз барғанда Арғынбай қолдағы малдарына шөп салып, суын беріп жатыр екен.

– Мен пилоттық жоба бойынша 2019 жылы төмен пайызбен 3 миллион  теңге несие алдым. Алған қаржыма 150 бас қазақы қой алған едім, бүгінде ол 350 басқа жетті. Жыл сайын еркек қозыларды сатып, орнына ұрғашы қозылар алып қоямын. Қойларды қолда, ауыл маңында ұстау қиын. Сондықтан да құмға жіберіп, ақыға бақтырып отырмын. Бірлі-жарым, арық-тұрақ, әлжуаздары қолда. Оларға ерекше қамқорлық керек, – дейді Арғынбай.

Арғынбай сөз арасында несиеге алған қаржысынан түгелдей құтылып қойғанын айтып қалды. Бұл жобаның еңбек етемін деген азаматтарға пайдасы көп екенін жеткізді. Өздеріне осындай жағдай жасаған аудан, облыс басшыларына алғыс айтуды да ұмытпады. Түймекенттік жеке кәсіпкер Әселхан Қасымқұлова да мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, істің көзін тауып отырған жастардың бірі. Ол несиені мал өсіру және жоңышқа тұқымын тазалау бағыты бойынша алған. Әсияға бұл істе жолдасы Асыл Мұханбетжанов көп көмегін көрсетуде. Кәсіпкердің 10 бұқасы сыртта болса, 6 сиыр, 2 жылқысы қолда бағылуда.

Мойынқұмның құмындағы «Көкшұрат» жайлауынан мал ертеңгі күні қоңды оралатын көрінеді. Қоңды мал бірден сатылымға шығады да, ақшасына қайтадан  сатып алынған жас төлдер орнын жауып отыратынын білдік. Әсел мен Асылдың үй іргесіндегі баубақшаға да үлкен мән беретіндері көрініп тұр. Жеміс ағаштарының бірнеше түрін еккен. Олар енді аулаға жылына 3 метр өсетін, оттегіні көп бөлетін павлония ағашын өсіруді қолға алған.

Бұдан басқа да көптеп ексе ауа ластанбайтын жақсы қасиеттері бар әртүрлі ағаш көшеттерін дайындап жатқанын көрдік. – Пилоттық жобаның 3 бағыты – ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану бойынша «Түймекент-2019» кооперативіндегі 413 гектар егістік жердің 250 гектар жері жалға алынған. Кооперативте 182 мүше бар. Кооператив мүшелері өз техникаларымен ауыл азаматтарының жерлерін жыртып, дайындауға көмектесіп отырады. Жалпы округ бойынша биыл арпа – 1900, жүгері –  374, картоп – 55, қант қызылшасы –  80, көкөніс – 170, бақша – 280, жаңа жоңышқа  446 гектарға егілген. Бұлардан басқа 1125 гектарға күздік бидай егілсе, 1950 гектар ескі жоңышқа алқабы бар. Бүгінде арпа орылып жатса, жоңышқаның екінші орымына да орақ түсті. Түсім жаман емес. Шаруалар алдымен өздеріне қажетті жемшөпті дайындап алса, қалғандарын сатылымға шығармақ.

Биылғы жаздың аптап ыстық болуы, алдағы қыстың қатал болатынынан алдын ала хабар беріп тұрғандай. Міне, мұны жете түсінген шаруалар алдағы қысқа қазірден бастап дайындалуда. Жобаның төртінші бағыты – кооперативтерді жабдықтау бойынша кооперативке 85,8 миллион теңгеге 18 ауыл шаруашылығы техникалары сатып әперілді. Олардың арасында 3 трактор, комбайн, соқа, культиватор, дән сепкіш (сеялка), дәрі бүріккіш, шөп тайлағыш (пресс), тіркеме, жүктегіш және басқа да қосымша құрылғылар бар. Кооператив өз жерлерімен бірге шаруалардың үй іргесіндегі, ауыл сыртындағы жерлерінде төмен бағамен айдап, өңдеп беріп отырады.

Алдағы уақытта ауылдағы шағын аулаларға кіретін кіші трактор сатып алу жоспарланып отыр, – дейді Түймекент ауылдық округінің әкімі Қанат Смағұлов. Жобадағы бесінші бағыт  бизнес жобаларды қаржыландыру болып табылады. Бұл ретте де округте айтарлықтай жұмыстар жүзеге асуда. Соның бірі – шылаушын басын көбейте отырып, минералды тыңайтқыштар шығару. Бұдан басқа бал омартасын өндіру, жылыжай жұмыстары, наубайхана ашу тәрізді бизнесжобалар несиелендірілген. Олардың қайтарымы бар.

– Мемлекеттен алған несиемізге мал көңін өңдеп, органикалық тыңайтқыш өндіруді былтырдан бастап қолға алдық. Ерінбей істеген адамға мұның пайдасы өте көп. Біз алғашқы тыңайтқыштарды сата да бастадық, өз бақшамызға пайдаланып, нәтижесін көріп отырмыз. Бағасы қолжетімді. Литрі 70-100 теңге аралығында. Биогумс дегеніміз – шаршаған, тозығы жеткен жерлерді тыңайту мақсатында қолданылатын тыңайтқыш түрі. Бұл ғылыми дәрежеде дәлелденген. Жоңышқа тұқымын тазалау мақсатында «Педкус-590» аппаратын сатып алдық. Енді аз күнде оны іске қосамыз. Өзімізде жер жетіспей жатқаннан соң көршіміздің пайдаланбай жатқан жерін биогумсқа сұрап алдық, – дейді биогумс кәсібімен айналысып жүрген Асыл Мұханбетжанов өз тәжірибесімен бөлісіп.

Иә, малдың қиынан табиғи минералды тыңайтқыштарды шығару арқылы тозығы жеткен жерлерді тыңайтып, химиялық тыңайтқыштардан арылу жолында ізденіп жүрген түймекенттік жастың еңбегі мақтауға тұрарлық. Бұл жаңа әдіс Өзбекстан мемлекеті мен өзіміздің егістікпен көп айналысатын Түркістан облысында кеңінен қолданылатынын баспасөз беттерінен оқығанымыз бар.

Ендеше, мұндай пайдалы істі қашанда қолдай білгеніміз жөн. Ал бұл аталған жобаның бесінші бағытына келеді. Сондай-ақ округте осы бағыт бойынша жылыжайлар соғылып, наубайхана іске қосылған. Ал бал омартасымен айналысушылар 2020 жылы 400, 2021 жылы 500 килограмм өнім алса, биыл өнімді 600 килограмға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл бағыт бойынша округтегі 4 азамат 12,941 миллион  теңге несие алғанын да айта кеткен жөн. Аталған қанатқақты жобаның аясында түймекенттік ағайындардың қорадағы малдарының басы өсті. Мал баққанға бітеді. Малдың жай-күйін жасап, уақтылы жемшөбін берсе табыс табуға болатынын кейінгі 2-3 жыл көрсетіп отыр.

Біз сөйлескен шаруалар несиені төмендетілген пайызбен алып, оларға бір жыл демалыс берілгендігі тиімді болғанын айтады. Бұл деген мемлекеттің шаруаға аяқтан тұрғанша уақыт беріп, өзінің табысын арттыруға мүмкіндік туғызғанын мақұлдайды. Жоба аясында мал басы көбейіп, суармалы егістік көлемі артқаны, бизнес-жобалардың жүзеге асқанына орай округте көптеген азаматтар жұмысқа тартылды, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны қысқарды.

Ал пилоттық жоба бойынша жұмыс істеп жатқан отбасылардың табысы орта есеппен бірнеше есе артып отыр. Ауылдық округ бойынша биылғы жылға 5280 бас мүйізді қара, 32500 бас қой-ешкі, 2059 бас жылқы, 75 бас түйе, 96 бас шошқа бар. Міне, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда анағұрлым өскенін көрсетеді. Ал бұған округтегі пилоттық жобаға қатысқан кооператив, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлердің қосқан үлестері қомақты екені даусыз.

Пилоттық жобаның тиімділігін көрген, пайда тапқан түймекенттік 12 азамат өз кәсібін дөңгелете отырып, өздерінің 29,8 миллион теңге үстемақы пайызымен несиелерін мерзімінен бұрын өтеп те қойды. Жоба аясында қайтарылатын несие қаражаты есебінен басқа да округ тұрғындары несиелендірілетінін түймекенттік кәсіпкерлер жақсы біледі. Ауданда мұндай жақсы іске Үлгілі ауылдық округіне қарасты шаруалардың өткен жылы қолдары жеткенін жақсы білеміз.

Міне, осылайша «Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған» пилоттық жобаның пайдасы республика көлемінде қолдау тауып, мақұлданып отыр. Ал бұл тәжірибе өзге өңірлерге үлгі ретінде көрсетіле бастаса, мұнда біз сөз етіп отырған түймекенттік шаруалардың еңбегі де аз емес. Алда да олардың өз шаруаларын шалқытып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қоса беретіндігіне сенім мол.

Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ, журналист

Байзақ ауданы

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support