- Advertisement -

Жол апаты жиілеп тұр

61

- Advertisement -

Жол қозғалысын бақылау қанша тиянақтыланғанымен, қателік жасап, қатерге ұрынып жатқандардың қатары көп. Әттеген-айы, жол белгілерімен бейнебақылау камераларын енді есепсіз орнатса да, өлгендер қайтып келмейді. Биылғы жылы жол-көлік оқиғаларының салдарынан 128 адам ажал құшса, 1112 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алған.

Өкініштісі, ағымдағы жылдың статистикасы өткен жылмен салыстырғанда арта түскен. Мәселен, 2021 жылдың 6 айы ішінде жол бойында 504 оқиға тіркелсе, соның салдарынан 81 адам көз жұмып, 734 жан жарақат алған.

15 КҮНГЕ ҚАМАЛҒАНДАР ОҢАЛА МА?

Тәртіп сақшыларының көмегімен бүгінгі күнге дейін көлік құралын масаң күйде басқарған 396 жүргізуші анықталыпты. Аталған жүргізушілер 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түрінде жауапкершілікке тартылған. Ал жолдың қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 112 азамат 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан шектелген.

Бұдан бөлек, 16 жүргізуші көлікті мас күйінде қайта басқарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Алты ай ішінде облыстық полиция департаментіне қарасты қалалық басқарманың қабылдау-тарату орнына 255 адам түскен. Оның ішінде, 47 жүргізуші мас күйінде тұлпар тізгіндеген. Олар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексіне сәйкес, 15 тәулікке қамауға алынған.

Арнайы қабылдау орнының бастығы, полиция майоры Талғат Туленбековтың айтуынша, биылғы жылдың 6 айында мұнда түскендердің саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда төмендеген.

– 2021 жылдың І жартыжылдығында қабылдау-тарату орнына 279 адам түсті. Оның ішінде, 53 азамат Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 608- бабының 3 бөлігіне сәйкес, 15 тәулікке қамауға алынған. Мұнда түскендердің қоғаммен байланысы шектелгенімен, оларға күн сайын үш мезгіл тамақ беріледі. Бұдан бөлек, аптасына үш рет душ қабылдауға, сондай-ақ күніне бір рет таза ауада серуендеуге құқылы.

Масаң күйде тұлпар тізгіндегендер 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан әрі жұмысынан айырылып қана қоймай, белгілі бір мерзімге мемлекеттік қызметті атқара алмайды. Қорыта айтқанда, өз болашағына өздері балта шабады. Сондықтан ішімдік ішкен әрбір азамат көлік басқармас бұрын жақсылап ойлануы қажет-ақ. Бұл жағдайға жеңіл-желпі қарамау керек, – деді Т.Туленбеков.

ЗАҢҒА БАҒЫНБАҒАНДАР ЖАЗАЛАНАДЫ

Заңға сәйкес алкогольдің кесірінен авариялық ахуал туындатқандар арнайы қабылдау орнына қамалса, адам өліміне кінәлілер абақтыға жабылады. ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабына сәйкес, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өңірлік Қылмыстықатқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/5 (қоныс колониясы) мекемесінде бүгінде бас-аяғы 218 сотталған азамат жазасын өтеуде. Темір торға тоғытылғандардың ішінде 87 адам жол-көлік оқиғасына байланысты кінәлі
деп танылған.

Соның бірі – Жанғали Бекзатов. Қылмыстық Кодекстің 345-бабы, 4-бөлігімен 5 жылға бас бостандығынан айырылған ол екі жыл бұрын 3 адамның ажал құшуына себепкер оқиғаның «бас кейіпкері». Бүгінде жәбірленуші тараптың кешірімін алғанымен, оған жаза мерзімін толықтай өтеуіне тура келеді.

– Менің себепкер болуыммен, екі жыл бұрын орын алған оқиғада 3 адамның ақтық демі үзілді. Бүгінде сол оқиға үшін өкінемін. Сол себепті, көлік тізгіндеген жасқа да, жасамысқа да тәртіпке бағыныңыздар, өз өмірлеріңізді қор етпеңіздер, жақындарыңыздың жанына жара салмаңыздар дегім келеді, – дейді өзегін өкініш өртеген ол.

Ал жуалылық көпбалалы ана Айгүл (тегін жазбауды өтінді) жол-көлік оқиғалары салдарынан 25 жастағы ұлынан айырылған. Көршілес Түркістан облысына қарасты Т.Рысқұлов ауылына жолға шыққан перзентінің темір тұлпарына жол бойында жылдамдықты арттырған жеңіл көлік соқтығысады. Қайғылы оқиға салдарынан жас жігіт ауруханаға барар жолда көз жұмған.

Жол апатына қатысты алғашқы сот отырысы басталысымен-ақ айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындайды. Алайда баласынан айырылып зар илеген ана кешірім береді де, шымкенттік жас жігіт абақтыға түсуден аман қалады.

– Осыдан 4 жыл бұрын өзегімді жарып шыққан перзентімнен қапыда айырылып қалдым. Айыпты жігіт өз кінәсін толығымен мойындап, бізге материалдық шығын төлеуге дайын екенін жеткізді. Әуел баста оған деген ашуыза, өкпе-наздың себебінен жазалануын сұрағаныммен, уақыт өте басқа салғанға көндік. Оны соттап жібергенмен, менің ұлым тіріліп келмейді ғой. Ол да бұлай болғанын қалаған жоқ шығар. Басқа түскен баспақшыл, көнуден басқа амал бар ма? Өз сәбиімнен айырылсам да, өзгенің өміріне балта шаба алмаймын, – дейді абзал ана қамығып.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

Бүгінде ел аумағында «Жол картасы» бағдарламасы аясында ауқымды шаралар жүзеге асып жатқаны мәлім. Оның біршамасы қазірдің өзінде аяқталып, ел игілігіне берілген. Десе де, кейбір жобалар қолға алынғанда оған қосымша маңызы жоғары істер кейінге қалып жатады. Жол салу жұмыстары аяқталып, тротуар мен жол белгілерінің кешірек назарға алынуы да осыған саяды. Көлік тізгіндеген әрбір азамат мемлекеттің басты байлығы – адам өміріне селқос қарамаса болғаны. Себебі, жол-көлік апаты жеке адам үшін де, бүтіндей ұлт болашағы үшін де қауіп-қатер емес пе?!

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support