- Advertisement -

Тәуелсіздіктің төлқұжаты, өркениеттің өртұғыры

59

- Advertisement -

Ежелгі шығыс даналығында «адам өз өмірінде үш нәрсені істеуі керек: ағаш отырғызып, үй салып, ұл өсіріңіз» деген өмірлік ұстаным бар. Шегі мен шеті жоқ уақыт көкжиегінде қанша заманалар желкен жайып, неше дәуірлер тұңғиыққа батса да бұл тұжырым өмір алгоритмінен түскен емес. Өзіндік тектілігі терең, парасаты биік қазақ халқымыз үшін де осынау үш қағиданың мән-маңызы алабөтен. Жазира даласын жаудан қорғап, жарғақ құлағы жастыққа тимеген көшпелі бабаларымыз төрін де, тұғырын да ұрпағына ұсынып кетті. Кешегі Ақтабан шұбырындыны, Аңырақайды, Орбұлақ пен Атлахты, аштық пен қастықты, қуғын-сүргін мен жалған жаланы, ұлт-азаттық көтеріліс пен желтоқсанды бастан кешіп, нар көтермес нәубетті арқалап өткен ардақты бабалардың ұрпағы бұл күнде тәуелсіздігін тәж етіп, «Жаңа Қазақстанның» алтын қазығын қағуда.

Егемен қазақ елі үй түгіл, еңселі елордасының іргетасын ар-намыспен қалап, айналасын орманға айналдырып, өскелең ұрпаққа өшпес өнегелі тәрбие беруде. Күмбезі күллі әлемге жарқыраған Нұр-Сұлтан шаһары кешегі өткен бабалар рухы мен келешектің жарқын нұрына деген бүгінгі буынның шексіз құрметі, сәулелі сенімі, риясыз тартуы десек, асып айтқандық болмас. Мұқым елге аты мәшһүр Отырар мен Тараз секілді көне шаһарлар түркі бабаларымыздың тектілігін, өркениетін мәңгілікке айғақтап тұрғаны шындық.

Дамыған Еуропаның өзі батпақ кешіп жүрген уақытта Ақыртасқа жерасты құбырын тартып, таудың саф суынан нәр алған бабалардың даналығында мін жоқ. Ал бірер жыл бұрын Жуалы топырағынан анықталған, бір емес, үш қабатты үйлері бар, тарихшылар Тараздан да ежелгі деп пайымдап отырған Баркуаб қалашығының өзі түркі бабаларымыздың сәулеттік шеберлігін айғақтап тұрғандай. Осыған қарап- ақ қазақ ұлысы мәңгілік шаһарлардың авторы болған тектілердің ұрпағы екенін аңғару қиын емес. Бүгінгі ұрпақ өз тәуелсіздігінің бойтұмарына айналған елордасының да әр кірпішін үлкен перзенттік парасатпен қалағаны шындық. Мұның барлығы әу бастағы бекзада бабалардың даналық сертімен, өнегелі өсиетімен өрнектеле үндесіп жатыр. Қазақ ертегілерінің түп-төркіні һәм бастауы болған Ер Төстіктегі Самұрық құсының өзі түркілердің ең алғашқы тотемдерінің бірі болғаны жалпы тарихтан белгілі.

Сол Самұрық жұмыртқалаған алып Бәйтеректің өзі бүгінгі бас қаланың басты символына айналды. Тәуелсіз қазақ елінің ұрпағы көгінде қалықтап, байрағында желбіреген, күн тәжін киген қырандай самғап, алтын ұя – ұланғайыр Ұлы Даласының тыныштығын, берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын күзетіп жүргендей. Ел тарихындағы әйгілі ғұлама, ғалым Әбу Насыр әл-Фараби өзінің бір трактатын «Қайырымды қала тұрғындары туралы» деп атағаны белгілі. Онда әл Фараби: «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала – қайырымды қала, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам» деп терең тұжырым жасайды.

Бабамыздың айтуынша, кез келген қала қайырымды, мейірімді, көрікті, тартымды болуы үшін оның әсем архитектурасынан бұрын ақылды да парасатты басшысы һәм мәдениеті мен әдебі биік халқы болуы қажет. Сонда ғана ол шаһар кісінің өмір сүруіне жайлы, ұрпақ өрбітуге қолайлы мекенге айналмақ. Мұнан кейін ғұмыр кешкен, он екінші ғасырдың ойшыл-ғұламасы, абыз шайыр Ахмет Ясауи өзінің хикметтерінде қай елді мекен болмасын, онда тұрып жатқан халық та, билік те, ең алдымен иманға ұйып, имани қалпын сақтап, бір-біріне қиянат пен кесірлік, зұлымдық пен залал жасаудан аулақ жүруді өсиеттеп, имандылықпен қатар өзінің ежелгі әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтаған һәм асыл құндылықтарды өскелең ұрпаққа аманаттай білуін қалаған.

Кешегі дуалы ауыз дала философы Асан Қайғының Есіл өзенін көргенде: «Жары менен суы тең, жарлысы менен байы тең болатын жер екен», деп Жерұйықты іздей жүріп арқа төсінде айтқан ойы қабыл болып, бұл күнде Нұр-Сұлтан шаһары әлемдік арағайындықтың алаңына, қайырымдылықтың қамалына, саяси, рухани, экономикалық толқындарды тоғыстырған ұлттық жігердің арнасына, оғлан ұрпақтың ордасына айналды.

Қан құсып өткен Кенесарының,
Алыста қалған сағымдай бір күн,
Көңілін баурап лағылдай ырым.
Ақорда тұрған бүгінгі жерге,
Ақ шатыр тіккен Абылай бұрын.
Арқаның мынау төсін жайлаған,
Бабаң да талай шешім байлаған.
Қала салсам деп Қасым қалаған –
Есілдің бойын… Есім ойлаған…

– деп алаштың арқалы ақыны Маралтай Райымбекұлы жырлағандай, «Менің арманым елімнің басын теңдікке, қолын билікке, тақымын атқа, аузын аққа жеткізу», деген Абылай ханның да орындалмай кеткен арманы шаһар салу еді. Міне, осы тұрғыдан алғанда арқа төсіндегі ару қала қасиетті аманатқа айналған бабалардың арманы.

Саяси, рухани және пәлсафалық мәні астарлы әрі терең елорда тарихы, бүгіні, болашағы және жетістіктеріне ел куә. Жасыратыны жоқ кеңес өкіметі тұсында, өз қолымен қала салмақ түгілі, қазақ ұлысы ел болып еңсе көтере алмағаны тарихи шындық. Сондықтан асқақ тәуелсіздігіміздің арқасында ардақты астанамыздың іргетасын қалау мүмкіндігі туды. Адамзат тарихының атасы Геродоттың жазбаларында «сақ» деп таңбаланған, ежелден еңселі егемен ел болуды армандаған ұлтымыз бүгінде уақытпен жарысып жан-жақты жетілген, Еуразияның жауһарына айналған елордасымен мақтанатын күнге жетті. Өзінің балауса жастығына қарамай-ақ елордамыз саяси-экономикалық додалардың даңғылына, мүмкіндіктердің мінберіне, үміт пен сенімнің, арман мен мақсаттардың айдынына айналды. Ол – тектілігіміздің төлқұжаты, өркениетіміздің өртұғыры, болашағымызды бағдарлайтын бірегей белес, абырой асқары. Ширек ғасырлық ғұмырынан шексіздікке қанатын құлаштап сермеген Отан-Анамыздың аяулы жүрегі, ұрпақтың айбынды тірегі. Сұңғыла саясаткерлер мен ғалымдардың, ақын-жазушылар мен жастардың мүмкіндік мінбері ретінде миллиардтарға мойындалды, ізгі арманды іспен дәлелдей білді, әлі де дәлелдеп келеді.

Ғасырлық шаттыққа, ғасырлық мұңға да,

Ұлт үшін құрбандық етілген ұлға да,

О, мәңгі өлмейді Алаштың арманы,

Арманға қойылған ескерткіш бұл қала!

– деп талантты ақын Ерлан Жүніс жырлағандай, алаштың арманын, қазақтың қиялын ақиқатқа айналдырған бас шаһарымыздың ғұмыры ұзақ, тұғыры әрдайым биік болғай! Ендігі әр күнің мерекеге ұласып, мән-маңызың мәңгілікпен астасып, төріңнен жаңа тарихыңды ұлт ұрпағы жалғасын, төбеңнен күн ғана самғасын, мәртебелі Бас қала!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support