- Advertisement -

«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден»

303

- Advertisement -

Тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде Қазақстан өзін өзгелерге шекарасы бекіген дербес ел, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері, ділі мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті, салт-дәстүрі орныққан мемлекет ретінде таныта білді. Түбіміз тереңнен бастау алса да, еркіндікке қол жеткізген «жас мемлекет» ретінде сыртқы және ішкі қыруар жұмыстар тұрды. Экономиканы қарқынды дамыту, әлеуметтік, мәдени-рухани өмірімізді жаңғырту, ішкі-сыртқы саясатты орнықтыру сынды көптеген жұмыстар атқарылды.

«Тар жол, тайғақ кешулерден» аман өтіп, қайта түлеген қасиетті қазақ жері, бүгінде әлем таныған тәуелсіз Қазақстан халықаралық аренаға шығып, өз тәуелсіздігін әлемге мойындатуы – тарихи оқиға. Бірақ ішкі өмірімізге, жан әлемімізге байыппен үңілсек, ұлттық құндылықтарымыздың кейбір тұстарының кері кетіп бара жатқандығын байқаймыз. Еркіндікке қол жеткізіп, жетістіктер, табысты істерімен тілінің, дінінің ерекшеліктерін, рухани дүниесінің құндылықтарын қайта жаңғыртып, «халық жауы» аталған зиялыларымыз ақталып, тарих беттерін қайта қарап, ақ пен қараны айырған уақытта ұлттық құндылықтың құлдырауы, ұлттық мінездің жоғалуы қынжылтады.

Ұлттық мінез дегеніміз не? Ол – тарихи категория, мына жарық әлемді біз ұлттық түсінікпен қабылдаймыз. Халқымыздың ұлттық мінезі ғасырлар бойы тұрмыс-тіршілікке, табиғатқа, экономикаға, рухани әлеуметтік жағдайлардың тұтастығына, тарихи жағдайларға қарай бірге өмір сүріп, біте қайнасқан. Қазақтың ұлттық мінезі өте күрделі әлем. Бізді, қазақтың баласын өзге халықтан ерекшелейтін қасиеттеріміз, мінезіміз қандай? Қазақ халқының даласы қандай кең болса, көңілі мен пейілі де сондай дархан, кіршіксіз таза, тәкаппар һәм бекзат, көркем мінезді, қонақжай. Жомарттық, аңғалдық, көзсіз батырлық, шыдамдылық, ұйымшылдық, намысқойлық, жауынгерлік сынды тізе берсең барлық жақсы қасиеттер өн бойымыздан табылады.

Алаштың ардақты көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден…» деген сөзі бар. Қазіргі таңда кез келген адамның көзі ашық, көкірегі ояу. Қос-қостан дипломы барлар жетерлік. Бірақ сол білімді азаматтарымыздың барлығы халыққа аянбай қызмет етіп, пайдасын тигізіп жүр деп айта аламыз ба?! Ұлтқа қызмет ең әуелі сол халықтың тіліне, салт-дәстүріне, ұлттық құндылығына құрметтен басталуы тиіс. Бүгінгі таңда ел тізгінін ұстап отырған жандардан білімді көріп жүргенімізбен Шерхан Мұртаза атамыз аңсаған мінезді неге көре алмаймыз?! Санада сан сұрақ болғанымен, жауап жоқ. Себебі, жағымпаздық, даңғазалық, жалқаулық, күншілдік сынды келеңсіз қасиеттер қанымызға сіңіп барады.

«Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн», – дейді әйгілі Ататүрік. Әлемде алты мыңға жуық ұлт пен ұлыстар бар десек, соның ішінде тәуелсіз ел болу бақыты тек екі жүзге жуық мемлекетке ғана бұйырған. Жайлы мекен, пана іздеген барлық өзге ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алдық. Халықтың бір-бірімен ортақ түсінісуі үшін орыс тілінің салмағы зор болды. Аға-іні, әпке-қарындастарымыз өзге ұлтқа үйленіп, салт-дәстүр, тілімізге әсері байқала бастады.
Рас, қазіргі қоғамда ұлтынан, дінінен, тілінен, салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан безінгендерді көптеп кездестіруге болады. Ондайлар қазақи бітім-болмысты дарақылыққа балайды. Аздаған жылдар бұрын бұл ахуалды ауылдан қалаға келген жастардың еліктеуінен белең алған құбылыс деп таныдық. Қазір, сол жастардың қатарына кей ата-әжелеріміз, ағаларымыздың қосылғанын көріп қынжыласың. Оның себептерін әр адам әр қилы түсінеді. Бұл – қоғам дерті, онымен бүкіл халық болып күрескен жөн. Тіпті кейбірінің ұлты «қазақ» болғандығы үшін намыстанатынын көргенде Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» кітабындағы мына бір жазбасы еріксіз есіме түсті: «…Түрік ұлтының мінезі асқақ. Түрік халқы еңбекқор. Түрік халқы зерек. Өйткені түрік халқы ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді. «Мен – түрікпін!» деген адам қандай бақытты (Ататүрік).
Ал бізде, қазақтарда қалай? «Мен – қазақпын!» деп бәрі де қасқайып тұрып мақтанышпен масаттана айта ала ма? Ай, білмеймін».

Ұлттық құндылық, ұлттық тәлім-тәрбие, рухани қайнар көздер – халықтың бетпердесі. Әрбір ұлттың өміршеңдігі ұлттық құндылықтардың сақталуына тікелей байланысты.
Қазақ халқы салт-дәстүрге бай ел. Өз ұрпағын көнеден келе жатқан асыл құндылықтардың мұрагері ретінде өзге ешбір жұртқа ұқсамайтын бөлек бітім-болмысын қалыптастыруға негіз болған салт-дәстүрімізді дамытумен қатар, жаңа мұраларымызды қазіргі заман талабына сай бейімдеп жаңғырту біздің басты мақсатымыз болуы шарт. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, есеюі, тіршілік етуі, қартаюы, туыс, қоғам, қоршаған ортамен қарым-қатынас, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік, арлылық, инабаттылық, тағы басқа маңызды нәрселердің барлығы салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарымыздың өн бойынан табылады.

Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан бүгінгі таңда өзінің әлеуметтік, экономикалық реформаларын жүргізіп келе жатқан дамушы ел. Тәуелсіздік жылдары туған балалар бүгінде азамат атанды. Бұл тұрғыда мемлекетіміздің даму жолында ұлтқа аянбай еңбек етеді деген сенім мол. Ендігі жерде бізді алаңдатар мәселе де осында, ол осы жеткен жетістіктерімізді ұрпағымызға аманат етіп, өзінің жарасымды жалғасын табуы үшін не істеу керек? Ол үшін, алдымен тәуелсіздігімізді сақтап, өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік сезімді ұялатып, сіңіруіміз, оларға ұлттық тәлім-тәрбиені беруге барынша көңіл бөлуіміз қажет. Соңғы жылдары қалыптасқан тәрбие жүйесі көпшілік жағдайда ұран, сөз, мәліметтік сипатта болғаны жасырын емес. Ол осы жоғары оқу орындарындағы студенттер болсын, мектептегі оқушылар болсын, олардың міндетті түрде қоғамдық іске араласуын белгілі дәрежеде қарастырмай келіп, патриоттық тәрбиелеу бағытын қиындатты десек те болады. Қазіргі кезде осы олқылықтардың орнын толықтыруда елдің өткендегі ерлік істерін терең сезіммен ұғынуға баулитындай тәрбиенің ерекше тиімді әдістері мен формаларын қарастыруды талап етіп отыр. Әсіресе қазіргі таңда қайсарлық, табандылық, батылдық, білімнен басқа, өнегелі мінез қалыптастыратын тәлім-тәрбие отбасынан басталуы керек. Біз осы жолда ұлттық бітім-болмысымыз үшін бар ар-намысымызбен күресуіміз керек. Ол үшін ұлттық құндылықтарды құрайтын негізгі нақты бағыттарды айқындап, сол жолда жұмыс істеу қажет. Мәселен, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, оны ұлтымыздың айнасына айналдыруда біріншіден, туған ана тілі – қазақ тілін ұрпақ бойына дарыту; екіншіден, тәлім-тәрбиеден қазақи иіс аңқитындай болуы; үшіншіден, сапалы білім нәрімен сусындату; төртіншіден, жат ағымдардан сақтау, дін мәселесін біржақты ету; бесіншіден, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды атадан балаға мирас болып қалатындай ұстанып, жеткізу және т.б.

Халықтың рухани құндылығы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мәңгі өмір сүруі тиіс. Ұлттық сана-сезімді қалыптастыру қажет. Ең алдымен біз ана тілі – қазақ тілін үкіметтен еш шығын шығармай, өзгелер ізденіп жүріп үйренетін дәрежеге жеткізгеніміз жөн. Соңғы жылдары біраз жетістіктерге де жеттік. Десек те тіл білмейтіндердің қатары азаяр емес. Өзге тілді білгенің өте жақсы. Бұл – тіл білер азаматтың артықшылығы. Оны ешкім сенен тартып ала алмайды. Бірақ өзің суын ішіп, топырағын басып жүрген жеріңнің, еліңнің тілін білмеуге болмайды, әрі ол – Қазақстан азаматының міндеті. Бүгінде дүниежүзінде жүз алпысқа жуық мемлекет, екі мыңнан астам ұлт пен ұлыстар, этникалық топтар бар. Кейбір лингвист ғалымдардың айтуынша, әлемдегі халықтар бір-бірімен 7000-нан астам тілде сөйлесіп, түсініседі екен. Осы жердегі бізді алаңдатып отырған мәселе – ұлт тілінің тағдыры болмақ. Ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты балаға өз тілінде ұғындырғанда ғана ұғынықты болары анық.

Міне, сондықтан үлкен-кішіге тәрбие бере отырып, біздің көздегеніміз жастарға ана тілі құрыса – ұлттың құритынын түсіндіру. Ал егер ұлт құрыса онда ұлттық мәдениет те, ұлттық дәстүр де, ұлттық сана-сезім де түгелдей құрып, дүниеге тегі, дәстүрі белгісіз бір халық келетінін жеткізу. Сол арқылы қазақ ұлтының дәстүрін, мақсат-мүддесін, бүкіл болмысын қалыптастырып, нәр беріп, қоректендіретін, кемеліне келтіретін ұлттық тіл ғана екенін ұрпаққа жеткізу! Мемлекеттік тіл арқылы қазақстандық патриотизмді жүрегімізге ұялата аламыз. Сондықтан ұлттың сана-сезімімен ана тілін білу де, тарихқа зер салудан төл мәдениетті игеру туындайды. Тілін білмейтін адам өзінің де, ел-жұрт, халқының да қадір-қасиетін бағалай, байыптай алмайды. Ұлттық тәрбие бере отырып, біз осы сияқты отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға әсер ететін факторларды – ұлттық мақтанышты, сезімді, дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, дінді, ділді насихаттап, үйретеміз. Осы істі шешуде мынадай мәселелерді қолға алу керек. Қазақтілді балабақшалардың, мектептердің санын көбейтіп, техника дәуірінің дәуірлеп тұрған кезінде теледидар бағдарламаларының қазақ тілінде көптеп таралуына ықпал еткен жөн. Ғылым, білім тілінің қазақша қанат жаюына жағдай жасау керек. Көшелердің, елді мекендердің аттарын, хабарландыру, жол белгілерін, жарнамаларды қазақшалап өзгертудеміз, қателер де кездесіп жатады. Бірақ «Көш жүре түзеледі» демекші, оны түзеудеміз. Іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізілуде, нәтиже беріп жатқандары да бар. Көпшілік қызмет орындарында төл тілімізде қызмет жүргізілсе деген ой бар. Қазақстан көпұлтты мемлекет, сондықтан өз тіліңнің мүддесін қорғау – өзге тілдің мүддесін ұмыту емес екенін ескертіп, оларға да түсіндіріп, қазақ тілін білуді оларға да міндеттеу керек.

Ұлттық тәрбие халықтың өмірін, рухын және тілінен тұратын ішкі заңдарын, оның ұлттық мінезін, болмысын көрсетпек. Ұлттың мәңгілік болуы оның уақытқа бағынбайтындығында және ұлттың мәңгілік болуы халқын, жерін, елін сүйетін азаматтарды қалыптастырып, тәрбиелеуде болмақ. Осы бағыттардың жемісті болуына баршамыз өз үлесімізді қоссақ, біздің рухани қамалымыз берік әрі нық болары анық.
Тәуелсіз, тұғырлы мемлекет өз ұлттық тәрбиесін ұрпағына еркін дарыта отырып, танытар болса, ол елдің болашағы жарқын деген сөз. Ендеше, бүгінгі егемендігімізді алып отырған заманда мақтан тұтарлық өз ұлттық тәрбиемізді насихаттап, халыққа таныту жолында аянбай қызмет етейік. Жаңа ұрпақтың көкірегіне білім нәрін еге отырып, елдігімізді қайта жаңғыртып, адамгершіліктің дәнін ексек, ана тілін бойына дарытып, ұлттық рухта тәрбиелесек, нұр үстіне нұр жауып, еліміздің ары қарай дамитынына сенім молая түседі. Қыран болып аспанға қалықтап шығуымыз үшін бізге екі қанат қажет, ол қанаттың біріншісі – жақсы білім болса, екіншісі – ұлттық тәлім-тәрбие арқылы берілетін адами құнды қасиеттеріміз. Егер қанатымыздың біреуі майырылып, сынған болса, көкке самғай алмай, құлдилап, басқаларға жем болуымыз мүмкін. Тек білім алып қана қойып, ұлттық құндылықтарымызды бойымызға дарытпасақ, ғасырдан ғасырға жалғасып, мұра болып келе жатқан ата-бабаларымыздан қалған тілімізді, дінімізді, ділімізді, мәдениетімізді, тарихи шежірелерімізді ұмытсақ, түрлі құбылыстарға жұтылып кетеріміз анық. Сондықтан да алдыңғы қатарлы елдерден білім жағынан үлгі ала отырып, ұлттық ерекшеліктерімізді ұмытпаған жөн. Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелерін, маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың насихаттарын бойымызға сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейге жеткізіп, қалыптастыруға қолымыздан келгенше атсалысуымыз керек.

Жанат Сейітова,
№3 Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы

директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары.

Отар ауылы,
Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support