- Advertisement -

Ардагерлермен ой бөлісіп, пікір алмасты

92

- Advertisement -

Қазақ халқы үшін үлкендердің тілегі мен батасының жолы бөлек. «Батаменен ер көгерер» деп бекерге айтылмаған. Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев өңір ардагерлерімен кездесіп, ой бөлісті. Қазыналы қарттарды ашық әңгімеге шақырды.

Әуелі сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ақсақалдардың қоғамдағы белсенді рөліне, жастарға тәрбие беру барысында зор маңызға ие екеніне кеңінен тоқталды. «Сіздің келгеніңізді пайдаланып, бірқатар ақылдасатын мәселелеріміз де бар. Мәселен, Астанада 8 жоба әлеуметтеніп, оларға қажетті мөлшерде қаржы бөлініп жатқанынан хабардармыз. Осындай әлеуметтік жобалар Әулиеата өңірінде де қолға алынса дейміз. Түрлі сала бойынша өмірден алған тәжірибесі мол қарттарымыз жоқ емес. Солардың бай тәжірибесін пайдалана білсек, жастарға да тағылым болар еді. Облыстық «Жұмыспен қамту» орталығының жұмысы ширай түссе деп тілек айтамыз. Осы жиынға да шақырып едік, төбелерін көрсетпеді. Аталған саламен байланысымыз онша көңілден шықпай тұр. Біздің ғимаратта «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы бар. Ол да қарияларға серпін береді. Бір өзекті мәселе көңілден кетпейді. «Айша бибі» шипажайына жасы жетпістен асқан кісілерді қабылдамай жатыр. Ол жақта қазір емделіп жатқан қариялар аз. Ойланатын жағдай. Жаңа Қазақстанды дамыту үшін ақсақалдар жастарға үлгі болуы тиіс. Еліміздің идеологиясының дамуына біздер де үлес қоссақ артық емес. Ардагерлер белсенді. Жақында өткен референдумға да ақсақалдар ұйымшылдықпен қатысып, көпқабатты үйлерді де аралап, үлестерін қосты. Бізді үнемі қолдап отырған облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке де алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да облыс әкімдігімен, жастармен бірге белсене жұмыс істеуге дайынбыз. Сіздің жаңа басталып жатқан жұмысыңызға табыс тілейміз. Жұмысқа жаңа кірісіп жатқанда бізге алғашқы лекте келіп, ақсақалдардан бата алғаныңызды биік қасиетіңіз деп бағалаймыз. Жұмысыңызға табыс тілеп, ақ батамызды береміз», деді Еркінбек Солтыбаев.

Мұнан соң жазушы-драматург Елен Әлімжан сөз сөйлеп, кеңестік кезеңдегі идеология мен бүгінгі шақты салыстыра отырып ой сабақтады. Театрға, концертке көрермендердің аз баратынын айтып, бұл олқылықтың орнын басшы азаматтар толтырса, солар театрға бас сұқса, халық та бейімделетінін жеткізді. Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев та «Айша бибі» шипажайына қарттардың демалуына барынша мүмкіндік туындаса деген ойды өрбітті. Емделушілер әр аудан, ауылдан қамтылса деген тілегін жеткізді. Ақын Ғайни Әлімбекқызының да ойлары көпшілікті серпілтіп, желпінтіп тастады. Облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман өз сөзінде «қариялардың сөзі ақылдың дариясы» екенін айтып, ақсақалдар қандай мәселе көтерем десе, тарихты таратып айтам десе де ғасыр жасаған облыстың қарашаңырақ газеті қашанда жариялауға дайын екенін, қариялармен ақылдаса отырып, жұмыс жүргізетінін айтты. Облыстық «Ғұмыр дария» газетінің директор – бас редакторы Жаңабай Миллионов баспасөзге жазылымның баяу жүріп жатқанын, мұғалімдер мен медицина саласын бұрынғыдай қолқалай алмайтынын баяндап, газетке жазылғысы келмейтін маманнан қандай білімді мұғалім шығатынын түсінбейтінін айтты.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қорытындылап, барлық мәселелерді назарға алатынын айтты. Ол: «Қариялар – қашанда таусылмас қазынамыз. Ол – сіздер. Қашанда біз сіздердің бай тәжірибелеріңізге сүйенеміз. Бүгін ақ бата беріп, жұмысыма тілеулес болып жатқан ниеттеріңізге де рақмет. Сіздер қай уақытта келсеңіздер де менің кабинетімнің есігі ашық. Сіздерді тыңдауға қашанда дайынмын», деп жиналған көпшілікке, ақсақалдарға алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support