- Advertisement -

Құлашын кеңге сермеген «Айя-Сервис»

50

- Advertisement -

«Айя-Сервис» ЖШС – еліміздің аумағында жол салу және жөндеумен шұғылданатын әлеуетті де ірі кәсіпорынның бірі. Тараз қаласында 2005 жылы құрылған кәсіпорын оған қажетті құрылыс материалдары – қиыршық тас, құм және асфальтты өздері өндіреді. Серіктестіктің жеке карьерлері бар. Оларда тас уатылып, ұсақталып, құм мен қиыршық тас әзірленеді. Тараздағы және Меркідегі зауыттарында тәулігіне 2000-1200 тонна, Түркістандағы өндіріс орнында 700 тонна асфальт өндіріледі. Сондай-ақ бетон дайындайтын желісі, бетон науа мен бордюр шығаратын цехтары бар. Мұның өзі оларға жолға қажетті материалдың 80 пайызын өздерінде өндіруге мүмкіндік беруде. Мердігер битум мен асфальтқа араластырылатын минералды ұнтақты ғана сырттан сатып алады.

Мемлекеттік сатып алу конкурстарында ұтып алған жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы атқару нәтижесінде серіктестіктің материалдық-техникалық базасы жыл сайын нығайып келеді. Кәсіпорын соңғы кезде орта есеппен жылына 6 миллиард теңгенің құрылыс жұмысын игеруде. Қазір мұнда елу бірліктен астам жол салып, жөндейтін қуатты техника бар. Оның 70 пайызы – жаңа. «Айя-Сервис» ЖШС директоры Майра Молдабаева кәсіпорынды жаңғыртуға айрықша көңіл бөлінетінін, бұл мақсатқа жыл сайын 500 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалатынын айтады. Бүгінде мұнда 180 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 220 мың теңге.

Жолшылар жыл он екі ай жұмыспен қамтылған, ақысыз демалысқа жіберілмейді. Қыста олардың бір бөлігі техника жөндейді, қалғаны қажетті материал әзірлеумен айналысады. Олардың өнімді жұмыс істеуіне ерекше көңіл бөлінген. Маман тұрақтамаушылығы жоқ. Осында ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп жүрген механизаторлар өз кәсіптерінде мол тәжірибе жинақтаған. Жаңадан келген жастар білікті мамандарға бекітіліп беріледі. Кеңестік кезеңде салынатын жолдар 15-20 тонналық жүк көліктеріне есептелгені белгілі. 2000-шы жылдардан кейін онда 30-40 тонналық жүк көліктері жүйтки бастады. Олар орта жөндеумен қамтылған жолды, әсіресе жаз айларында терең іздер қалдырып, бүлдіріп тастайды. Ал оны салған мердігер ақау шыққан, бүлінген тұстарды үш жыл өз есебінен қалпына келтіруі тиіс. Мұның өзі жолшыларды алаңдатып, шығынға батырды және тығырыққа тіреді. Бұл мәселе «Айя-Сервис» ЖШС басшысы Майра Молдабаеваның да басты «бас ауруына» айналды. Майра тұйықтан шығудың жолын іздеп бармаған мекемесі, ашпаған есігі қалмады. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, мәскеулік және алматылық білікті мамандар оған асфальт сапасын арттыру үшін жаңа технологияны енгізуге кеңес берді.

Соның нәтижесінде жолды қиыршық тасты мастикалық асфальт бетонмен салу қолға алынды. Бұрын асфальт құрамында қиыршық тас 40 пайыз болса, жаңа әдіс бойынша оның үлесі 70 пайызға жеткізілді. Мұның өзі оның беріктігі мен төзімділігін екі есеге арттырады. 2012 жылы «Айя-Сервис» тәжірибе әрі сынақ ретінде жасаған жолды сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаев келіп, арнайы көрді. Кейін бұл технологияны облыстағы жол жөндейтін барлық мердігерлерге қолдану міндеттелді. Майра сапаны жақсартудың жолдарын үздіксіз іздестіріп жүреді. Біраз жыл бұрын Мәскеуден асфальт жабындысының жарылған тұстарын жылдам әрі берік қалпына келтіретін құрылғы алып келді. Жолшылар қазір оның пайдасын көріп жүр.

Серіктестік қазірге дейін мемлекеттік сатып алу конкурстарында 2 миллиард 200 миллион теңгенің жұмысын ұтып алыпты. Қазір олар Тараз қаласында 7 көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Майра Сұлтанқызы жұмысшы және мемлекеттік комиссия жөнделген алғашқы нысандарды маусым айының соңында қабылдап алатынын айтты. Мердігер, сондай-ақ таяуда Тараздағы Мәмбет батыр, Саңырық батыр және Шостакович сияқты ұзын әрі үлкен көшелерді қайта жарақтандыруды бастайтын болады. Демек, шұрық-тесік жолдан шаршаған жүргізушілер мен жолаушылар күзде тақтайдай тегіс жолдармен жүйткитін болады.

– Кез келген тапсырыс беруші келісімшартты дер кезінде әрі сапалы орындайтын мердігерді таңдайды. Біз әрдайым олардың талаптарының үдесінен шығуға күш саламыз. Мемлекеттік сатып алу конкурстарына жыл соңына дейін қатысамыз. Биыл да ұтып алатын тірлік ауқымы былтырғыдан кем болмайды деген нық сенімдеміз, – дейді Майра Молдабаева.

Ақылжан Мамыт

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support