- Advertisement -

Жұмысты құрғақ уәдемен емес, іспен көрсету қажет

48

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте қоғаммен кері байланыс, халықты жұмыспен қамту мәселесімен қатар «Мейірім» жобасының барысы қаралды.

Басқосуда облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков Тараз қаласындағы №15 шағын ауданда кәріз құдықтарын жымқыру фактісі жиілегенін хабарлады. Осы ретте Нұржан Молдиярұлы құзырлы органдардың басшыларына кәріз қақпақтарын қолды қылғандармен қоса, қабылдағандарды да тезге салу керектігін айтты. Сонымен қатар аталмыш шағын аудандағы инфрақұрылымдық желілердің әлі күнге дейін реттелмегенін сынаған өңір басшысы аумақтың жасыл желегі де қурап тұрғанын қатаң ескертті. Артынша жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне №15 шағын аудан тұрғындарының уәжіне құлақ түріп, олқылықтарды реттеуді тапсырды. Бұдан соң облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы қала, аудан әкімдерінің және салалық басқармалардың ресми сайттарына жүргізілген талдауларға тоқталды. Ал облыстық «Бірыңғай диспетчерлік қызметінің» басшысы Бақкелді Тұрсынбек «Jambyl-109» желісіне түскен өтініштер туралы баяндады.

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов жиында көтерілген әрбір мәселе бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырма жүктеді.
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – қоғам мен билік арасындағы диалогтың, өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың негізі. Сол үшін де біз апта сайын мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысын нығайту мәселесін күн тәртібіне қойып отырмыз. Бірақ әлі күнге дейін жұмысты жүйелей алмай отырған аудандар мен басқармалар бар. «Жұмыс жасаймыз, қолға аламыз» деген сылтаулар қабылданбайды. Жұмысты құрғақ уәдемен емес, іспен көрсету қажет. Әр аудан бюджетті нақтылаған кезде барлық көрсеткіштерді орындауға күш салуы керек, – деді облыс әкімі.
Бұдан соң күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндама жасады. Басқарма басшысының дерегінше биыл кәсіпкерлікті дамытудың 2025 жылға дейінгі Ұлттық жобасы аясында халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында 7,5 миллиард теңге бөлінген. Ақылы қоғамдық жұмыстарға Ұлттық қордан 2,6 миллиард теңге қаралуда. Сонымен қатар биыл 15 741 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Енді жыл соңына дейін 49 500 жамбылдық жұмыспен қамтылмақ. Осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 7438 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Алайда бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,2 пайызға азайған. Бұдан бөлек, өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Отбасының цифрлық картасын» құру жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жобаның мақсаты – табысы жоқ жанұялардың, көпбалалы отбасылардың, асыраушысынан айырылған жанұялардың және ерекше қабілеттілігі бар тұлғалардың әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алмау себептерін анықтау мақсатында деректерді жүйеге енгізуді көздейді.

Аппараттық кеңесте өңір басшысы тиісті салалық басқарма мен бірқатар аудан әкімдерінің осы саладағы жұмыстарын сынға алды. Өз кезегінде басшылар облыс әкіміне бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелейтінін айтып сендіргендей болды. Алайда әкімдер бюджеттің есебінен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған азаматтардың аздығына қатысты мардымды жауап бере алмады.
– Басқарманың нақты жоспары жоқ. Әрбір бағыт бойынша нақты іс-қимыл жоспары әзірленуі тиіс. Ал ол үшін ағымдағы жағдайға терең талдау жүргізу қажет. Аудан, ауыл әкімдіктерінің де бұған барынша атсалысуы маңызды. Ешкімде нақты ақпарат жоқ. Халықты нәтижелі жұмыспен қамту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Тұрақты жұмысқа орналасқандардың үлесі тіпті төмен,– деген Нұржан Молдиярұлы тиісті басқармаға Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Жиында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдау мақсатындағы «Мейірім» жобасының орындалу барысы тыңдалды. Бүгінде жоба аясында барлығы 1334 бала қамтылса, олардың есепшотына 36 миллион теңгеден астам қаржы аударылған. Аппараттық кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аталмыш жобаның тұрақты жалғасатынын айтты. Сонымен қатар сауапты істі жауапкершілігіне алған басшыларды уәдеге берік болуға шақырып, бұл мәселені 6 айдың қорытындысы бойынша тағы күн тәртібіне қоятынын айтты.

Сәндібек Піренов

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support