- Advertisement -

Ашылмаған ақиқат әлі де көп…

90

- Advertisement -

Өткен ғасырдың басындағы нәубат – Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық жылдары қырылған жазықсыз жандардың қорымдары Шу өңірінде де көптеп саналады. Қазақ хандығының қазығы қағылған өлке – сол кезеңдерден сыр шертіп, бастауын Қырғыз жерінен алатын Шу өзені де бір құпиясын ішінде бүгіп тұрғандай әсер береді. Тау, белес, жазық дала, өзен-көл – талай тарихтың куәсі. Иә, қазақ жерінде ашаршылық 1929 жылдың күзінен басталғанымен, Шу алқабында бұл нәубат 1932 жылдың жаз-күзінде тіпті күшейіп, талғажау іздегендер қынадай қырылды. Кеудесінде әлі бары Қырғызға жетіп, бақилық болды. Арқаны еркін жайлаған қазақтың батысындағысы Әулие-Атаға, шығысындағы Қырғыз жеріне Шу арқылы ауды.

Жамбыл облысы әкімінің жанындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі» облыстық комиссияның «Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс» тобы (топ жетекшісі «Облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәурембеков) Шу ауданында болып, осындағы көнекөздерден деректер жинап, ашаршылық жылдары қырылған азаматтар мен Қазақстанға күштеп көшірілген өзге ұлт өкілдерінің қорымдарын анықтау бойынша тұрғындармен кездесіп, деректер жинады.

Уақытында Шу бойында екі ғасырдың куәгері болған Жүндібай әулие өмір сүрген. Көнекөздер осы өңірдегі Белбасар ауылының тумасы Әлімхан Ахатаевтың мәліметіне сүйеніп, Жүндібай әулие 1834 жылы Тасөткел көлі маңында өмірге келіп, 1929 жылы 95 жасында қайтыс болған деседі. Сол Жүндібай әулие заманында: «Осы ғасырда екі рет қуғын-сүргін болады, екі рет халық аштықтан қырылады. Адам шығыны болады. Алапат аштық, қырғын соғыс болады. Тіл мен дін бұзылады. Шуға ата-бабамыз көрмеген халықтар көшіп келеді. Қара темір қақсап сөйлейді, жердің бетін сымтемір торлайды. Осы тұста Шу өзені байланып, үлкен көлге айналады. Үлкен қала болады», – деп айтқан екен. Расында, әулиенің айтқаны айнымай келген секілді.

27 адам сүйегі көмусіз жатыр

Жүндібай әулиемен замандас, сырлас болған, Шу бойынан қажылыққа бірінші барған, Ботпайдың Қожай руының атқамінері Саудабай қажы жөнінде де көптеген деректер бар. «Egemen Qazaqstan» газетіндегі ҚР Дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер Қайрат Ұзақұлы Сәкидің «Қызыл қырғын болады, Бай байғұсқа айналады» деген мақаласымен танысқан соң, бұл тақырып бізді де қызықтыра түсті. 1917 жылы 17 шілдеде Пішпекте (қазіргі Бішкек) өткен төтенше съезге Қожай руынан қатысқан да осы Саудабай қажы.

Төңірекке атақ-даңқы мәлім, шешендігі мен өткірлігі аңыз болған Байтүгелұлы Саудабай қажыға Жүндібай әулие «Қажеке, бірер жылдан соң бар жылқыңды Үкімет алады. Өз басың онда болмайды. Туысыңды сауда қылады» деген екен. Үйір-үйір жылқы ұстаған Саудабайдың малы 1928 жылы кәмпескеленеді. Ал Саудабай қажы мұның алдында, 1925 жылы қайтыс болады. Қажының сүйегі Шу ауданы Көкқайнар ауылынан 32 шақырым жердегі «Асыр сазында» жатыр.
Қажының мазарын үлкен ұлы, патша заманында 32 жыл болыс болған Асыр ашаршылық жылдары жаманшылық басталғанда адамдар көмусіз қалады деп салдырған екен. Тіпті сол заманда Тәшкеннен цемент алдырып, тау-тасын молынан қолдана отырып көтерген. Мазар халық арасында «Саудабай күмбезі» аталып кеткен. Және тағы бір таңғаларлығы, күмбездің отбасы мүшелері көмусіз қалмауы үшін салынғандығы. Күмбездің астында қазақ тәжірибесінде жоқ склеп жасап, бір бүйірінен өлі денелерді ішіне тастап жіберу үшін адам денесі сыятындай қуыс қалдырған.

Экспедиция барысында біз де осыны көру үшін жолға шықтық. Жолбасшымыз Саудабай қажының тікелей ұрпағы, «Асыр» шаруа қожалығының жетекшісі, аймаққа белгілі азамат Бақтыбай Саудабаев пен бауыры, кәсіпкер Бейсехан Бұланбаев. Бағытымыз Шу өзенінің оң жағында Жайсаң тауларының бір сілемін алып жатқан «Асыр сазындағы» жалғыз тұрған мазар. Діттеген жерімізге жеткенде, Бақтыбай Сабырұлы саз тарихын таныстырып, биікте тұрған кесенеге беттедік. Бүгінде кесене аумағы қоршалған. Оны Бақтыбай Саудабаев 2017 жылы қоршапты. Кесене аумағында кесек кірпішпен қоршалған қорым бар. Әрине, табиғи құбылыстан ол қоршау мүжілген. Дегенмен қорым Саудабай қажының қорымы екендігі анық. Ал шығыс беттегі кесененің астына түсетін есікке келгенімізде іштей дұға жасап аштық. Ішіне жарық түсіре отырып, ұрада адам сүйектері жатқанына куә болдық. Бірақ санамадық. Дегенмен бұған дейінгі мәліметтерге сүйенсек, мұнда 27 бас сүйек бар, склеп отбасылық емес, сондай-ақ жалпы аштық құрбандары жерленген деуге негіз бар. Топ жетекшісі, тарихшы-өлкетанушы Қуаныш Кәрібайұлы мұнда адамның жамбас сүйектері де бар екендігін алға тартты. Расында, жоғарыда Қайрат Ұзақұлы сөз еткендей, «бұл мазар ашаршылық тарихындағы сирек құбылыс, бірден-бір материалдық ескерткіш. Аштықтан қырылған халықтың көп жағдайда көмусіз қалып, ит-құсқа жем болғаны белгілі. Сондай жағдайда салынған мазар адами қалыпты сақтап қалуға бағытталған жанталастың Шу бойындағы, тіпті еліміздегі бірден-бір көрінісі, символы болып табылады».

Ендігі мақсат, мазар ашаршылықтың ақиқатын айғақтайтын еліміздегі бірден-бір нысан ретінде республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қарауына алынуы тиіс. Бұл бағытта Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәурембеков өз ұсыныстарын да айтты. Ол бұл мазар «Саудабай кесенесі» ретінде тіркеліп, есепке алынып, басына тақтайша ілінетіндігін жеткізді. Ал қажының шөбересі Бақтыбай Саудабаевтың мазардың бүгінгі күнге дейін жетіп отырғанына сіңірген еңбегі зор.

Бақтыбай САУДАБАЕВ,
қажының шөбересі:
– Әкем Сабыр Саудабай атамыздың қажылыққа үш жарым жыл барғанын айтып отыратын. Қажылықта Құнанбаймен сапарлас болып, мешіт салуға жер алуға көмектескен екен. Негізі аталарымыздың мырзалығы шексіз болған. Біздерді «Байтүгел-Бисахан» деп атайды. Ал ел ешінде «Бес жайлымыз». Бірде Жүндібай әулие Саудабай қажыдан: «Сенде қандай арман бар?» – деп сұрапты. Сонда Саудабай: «Палуан едім, қажылыққа барып күресті қойдым. Ақын едім, оны да қойдым. Енді елдің қамы да керегі» деген көрінеді. Сол заманда барымташылардың есе жібермей тұрған кезі болса керек. Сонда үлкен ұлы Асырды шақырып, түнде жылқының әр тұсынан от алып жүріңдер. Барымташылар көп екен деп ойласын деген екен. Бірде көрші Қырғыз елінен келген барымташылар жылқы біткенді қайырып алып, дүбір салады. Сонда Садубай атамыз ішіндегі ептісін аттан түсірген екен. Арада біраз жыл өткен соң Қырғыз елінде үлкен ас болады. Құрметті қонақтар қатарында Саудабай атамыз да шақырылады. Жиында Саудабайды таныған әлгі барымташы «Мені алғаш аттан түсірген осы Саудабай еді» деп, батасын алған екен. Иә, аталарымыз төңірекке сыйлы болған. Асыр атамыз 1932 жылы ашаршылықтың құрбаны болды. Көп ағайын Қырғыз ауды. Тек 1960 жылдары ғана елге келді.

Сағымбала ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
Саудабай қажының немере келіні:
– Әкем уақытында диірмен ұстаған екен. Төңірекке танылған кісі. Ал мен қажы әулетіне 1956 жылы келін болып түстім. Ол кезде аталарымыз жоқ. Бірақ, Асыр атамыздың әйелі Хадиша апамызды, оны көпшілік «Ақ әже» атайтын, ұлы Биғазы атамыздың жары Анар және Тұтқабай атамыздың жары Бүтай аналарымыздың көзін көрдік. Аталарымыз туралы көп аңыз әңгімелерді солардан естідік. Иә, аталарымыз елге сыйлы, қадірлі кісілер болған. Әулеттің ғана емес, елдің жағдайын ойлап, елдік мұраттарды көздеген. Ағайынның жоғын түгендеп, жетімін жылатпай, жесірін жібермеген. Тіпті жылына әр үйге бір жылқыдан беріп, отын-суымен де қамтамасыз етіп отырған. Мен Бақтыбайдың әкесі Сабырмен 63 жыл отандастым. Бүгінде ол да өмірден өтіп кетті. Қазір екі ұл, бес қыздан 17 немере, 8 шөбере сүйіп отырған жайым бар. Айналайын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Сол аталарының жолын кейінгі ұрпаққа берсін.

Алаш ардақтысы – Бұралқы болыс

Экспедиция сапарында жолымыз болып, науқастанып, елге, Шу ауданының орталығы Төле биге келіп жатқан Тұңғышбек Байқұловқа жолығудың бақыты бұйырды. Талай жыл білім саласында еңбек етіп, мектеп, аудандық білім бөлімін басқарған Тұңғышбек Сейсенұлы бүгінде біржола ғылымға ден қойған. Қазір Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері. Аталмыш институттың директоры, белгілі ғалым Зиябек Қабылдиновпен бірге «Әулиеата жеріндегі ашаршылық» танымдық кітабын құрастырған ғалым, өлкетанушы. Ол еңбектің бірінші томы жарық көрген. Енді, жалғасы екінші том жарыққа шығыпты. Кітаптың бір-бір данасын бізге сыйлады.
– Біздің бұл жұмысымыз тоқтамайды. Қазір үшінші том дайындалып жатыр. Сондықтан мына сіздердің атқарып отырған жұмыстарыңызға ризашылығымды білдіріп, үшінші томға мақалаларыңызды енгізсек деймін, – деп ұсыныс жасады. Біз бұл ұсынысқа қуана келістік.
Айтпақшы, Тұңғышбек аға тағы да бір қуанышты хабарымен бөлісті. Тамыз айында «Алаш ардақтылары» сериясымен «Бұралқы болыс» туралы кітап жарық көреді екен. Біз Жамбыл өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпараттармен бөлісетін болып ағамен қош айтыстық.

«Қос құдықтағы» қорым қоршалмай тұр

Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен топ өкілдері жергілікті өлкетанушы және осы өңірге депортацияланған, яғни күштеп көшірілген өзге ұлт өкілдерімен кездесті. Кездесуде топ жетекшісі Қуаныш Дәурембеков облыстық комиссияның атқарып отырған жұмысының маңыздылығымен таныстырып, жер-жерден тың деректер жинау – әлі де болса ертеңгі ұрпақ үшін керек екендігін айтып өтті. Басқосуда журналист, өлкетанушы Ахметжан Қосақов өзіндегі бар деректермен бөлісетіндігін алға тартып, ақпараттарымен бөлісті. «Ұмытпасам, 1970 жылы Қарағанды облысына «Босаға» шаруашылығына барған едім. Сонда тұратын тұрғындардың дені осы Шу өңірінен көшіп барғандар екен. Менің осы өлкеден екенімді естіп, жаныма келген өзге ұлт өкілі ұлы осындағы «Бірлік» станциясында дүниеге келіп, есімін Бірлік қойғанын айтып еді. Байқасаңыз, Бірліктің мағынасы терең ғой. Сонда қиын-қыстау заманда бұрын көрмеген, тіпті атын естімеген жерге келіп, жергілікті қазақтардың ыстық ықыласына бөленген өзге ұлт өкілдерінің алғысы еді бұл», – деді Ахметжан Қосақов.

Ал Саяси қуғын-сүргін құрбаны, ғалым Ермұхан Бекмаханов атындағы мектептің директоры Азиза Естаева өзінің аталарынан естіген естелігімен бөлісті. Ол мүмкін болса ашаршылық құрбандары жерленген жерлерге белгі қою керек болса, онда Шу қаласы мен аудан орталығы Төле би ауылының ортасындағы, күре жолдың бойында тұрған Асуан әулие тұсына қоюды ұсынды.
Сондай-ақ түрік, күрд, әзірбайжан, неміс этно-мәдени орталығының жетекшілері де өз ойларын ортаға салды. Негізінде, Шу өңірінде 18 ұлт өкілі тұрады. Олардың дені – өткен ғасырдағы қолдан жасалған, Қазақстанға күштеп көшірілген өзге ұлт өкілдерінің үшінші буыны. Олар ата-баба жолын, ұлттық дәстүрін, салтын ұмытпайды.

Біздің кейіпкеріміздің бірі – татар қызы, қазақтың келіні Нәкия (Давлетшина) Чекаева. 1943 жылы анасымен бірге Ресейден көшіп келген. Бұл Ұлы Отан соғысының нағыз қызған уақыты. Әкесі ұрыс даласында қайтыс болған. Белгілі журналист Жұмахан Чекаевтың анасы.

Нәкия ЧЕКАЕВА,
Шоқай болыстың келіні:
– Қазақстанда алғаш осы өңірдегі Далақайнар станциясына келдік. Ол кезде елдің жағдайы жақсы емес. Бірақ қазақтар асын осында келген өзге ұлт өкілдерімен бөлісті, төрінен орын берді. Кеңдігін көрсетті. Мен жасымнан еңбекке ерте араластым. Мұнда келген соң анам әкеме тұрмысқа шықты. Менен кейін алты перзент сүйді. Күндіз-түні еңбек еттік. Елуінші жылдардың басында бір уақытта 20 мектепте от жағушы болып жұмыс істедім. Адам жоқ емес, бар. Бірақ мен отбасымды асырау үшін осылай еңбек еттім. Кейін поштада жұмыс істедім. Бірақ күні бойы осылай қағаз қарап отырамын ба деп, қызылшаға анамның қасына кетіп қалған кездерім де болды.
Кейін Ысты – Шоқай болыстың ұлы Төлеуге тұрмысқа шықтым. Жаман болған жоқпыз. Қосағым өмірден ерте кетсе де, мына жамандардың қызығын көріп келемін. Төлеу – Шоқай болыстың жалғыз ұлы. Аллаға шүкір, бүгінде ұрпағы өсті, өнді. Кімнің ұрпақтары екендігін балалардың есіне жиі салып отырамын. Әулеттің Чекаев болып жазылып кетуі де орыстандыру саясатынан ғой. Әйтпесе, Шоқай болып жазылуы керек қой.

Гульхонум НАСРУЛЛАЕВА,
Әзірбайжан этно-мәдени орталығының жетекшісі:
– Біз қазақ халқына ырзамыз. Қиын-қыстау кезеңде бір әулеттің жоқ болып кеткенін де көрдік. Әрине, сол кезде қазақ жеріне келген ата-бабаларымыздың барлығы дерлік дүниеден өтіп кетті. Қазір ұрпақ жалғасып келеді. Менің білуімше, депортацияланған ұлт өкілдерінің қорымы – Шу қаласындағы «Қос құдық» христиан зираты және «Жәми» мешітінің артындағы мұсылман қорымы. Ал шағын қорымдар Төле би ауылының ішінде де көптеп кездеседі.

Қорымдарға белгі қойылып, есепке алынады

Топ мүшелері аталған қорымдарда болды. Орталық базар маңындағы «Жәми» мешітінің артындағы мұсылман қорымы қоршалыпты. Ал «Қос құдықтағы» христиан қорымы қоршалмаған. Қаланың ортасында тұр. Қорым ортасы жол болып кеткен. Және мұнда тұрғындар тұрмыстық қалдықтар мен мал өлекселерін тастаған. Зерделеу барысында байқағанымыз, бейіттегі жазулардан мұнда жерленгендер 1888, 1987, 1900… жылдары өмірге келгендер. Қайтыс болған жылдары 1951, 1954, 1956, 1961, т.б. Яғни, депортация өкілдері.
Алдағы күндері осы аталған аумаққа белгі қойылатын болды. Оның заңдылығы мен құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жауапты мекемеге жүктеледі. Ал мұндай экспедиция алдағы күндері басқа да аудандарда жалғасады.

Ерман ӘБДИЕВ,
журналист, топ мүшесі.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support