- Advertisement -

НӘУБАТ ЖЫЛДАРДЫҢ ЫЗҒАРЫ

50

- Advertisement -

…Сайын далада ерке самалмен жарысып келе жатқан жүрдек пойызбен ұшы-қиырына көз жетпейтін, сағым қуған, құйын ойнаған жазықтыққа қызыға көз тастаған шетелдік бір азамат «Қазақ жері қандай кең! Ана шетінен мына шетіне дейін көз жетпейді» – деп таңғалысын білдіріпті. Соны естіген жергілікті азамат: «Бұл кеңістік бізге ата-бабамыздың мұра етіп қалдырған баға жетпес байлығы, ұлы аманаты. Ол бекерден-бекер біздің маңдайымызға бақыт болып қона қалған жоқ. Ата-бабамыздың білегінің күшімен, найзасының ұшымен, төгілген маңдай терінің арқасында келді. Мына киелі топыраққа сол мыңдаған бабаларымыздың маңдай тері төгілген, қанша жанның қаны сіңген. Алдымыздағы меңіреу кеңістікте төмпешік болып қанша қираған қала мен қалашықтар үйіншіктері жатыр, отқа
«ұйытылған» қоңыр тау-дала жатыр.

«Қазақ мың өліп, мың тірілген» деп ақын Жұбан Молдағалиев тауып айтып, орынды жырға қосқан. Міне, мына біздің Ұлы даланың, туған жеріміздің қысқаша тарихы осы», – деп толғана жауап қатыпты. Шынында, қазақ халқы не көріп, нені басынан өткермеді?!

Қазақ халқының басынан өткен ең қиын-қыстау күндердiң бiрi – ашаршылық жылдары екенi белгiлi. Ашаршылықтың туу салдарының да түрлi себебi болады. Ол көбiне саяси-әлеуметтiк үрдiстерден, табиғаттың қолайсыздығынан туындайды екен. Аш жүрудiң де екi түрi бар. Бiрi – ас-сусыз қалу да, екiншiсi – үнемi шала құрсақ болып жүру. Халық үшiн ең қауiптiсi де осы – үнемсiз қалып, ауруға, iндетке, қырғынға ұшырау болатын.

Қазақ қалай қырғынға ұшырады? Қазақтың басынан қаншама нәубет өтті? 31 мамыр – ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын күн. Ал биыл алапат аштықтың болғанына 100-101 жыл толады екен. Біз сол бір зұлмат кезеңнің ащы шындығын қаншалықты аша алдық? Кеңестік режим өзіне қараған халықтарды атып-асып, қуғындап қана қойған жоқ, сонымен бірге қолдан жасалған аштықпен де ауыр зұлматтар жасады.

2010 жылы Украинада шығатын «Наше слово» газетінде қазақстандық саясаттанушы Д.Бектұрғанов «Ұлы жұт немесе қазақ даласындағы Ұлы аштық қырғыны жайлы» мақаласын жариялайды. Ол мақаласында автор қазақ даласында болған Ұлы жұттың, яғни аштық қырғынының себебі мен салдарын анықтауға тырысқан. Автор: «Қазақстандағы Ұлы аштық қырғыны жайлы әңгімені екі өте маңызды ескертуден бастаған жөн болар: кеңес заманында Қазақстанда екі рет аштық қырғыны болғанын айтуға тиіспіз. Әрине, ең үлкен аштық қырғыны өткен ғасырдың 30 жылдары орын алды. Ол тарихта «Ұлы жұт ашаршылық жылдары» деген атпен аталады. Бірақ сонымен бірге 1919-1922 жылдары орын алған ашаршылықты да ұмытпаған жөн болар.

1921 жылғы екінші ашаршылықта 1 миллион 700 мың қазақ ажал құшты дедік. Мұны ашаршылыққа қарсы комиссияның белсенді мүшесі болған Мұхтар Әуезовтің дерегі растайды. Ал Голощекин ұйымдастырған кәмпескеден кейінгі 1931-1933 жылдары болған ашаршылықтан 2 миллион 300 мың қазақ өлді. Бәрін қосқанда аштан 5 миллион қазақ жер бетінен жоқ болып кетті. Мал жоқ жерде, тамақ жоқ, тіршілік жоқ. Қазақтар тұратын ауылдар жаппай қырыла бастады. Тарихшы А.Н.Алексеенконың айтуынша, «…Әртүрлі есептеулер мен түзетулерге сүйенгенде 1930 жылғы қазақ халқының қырылуы 1 миллион 840 мың адам немесе жалпы қазақтың 47,3 пайызын құрайды. Бәрінен ең көп қырылған республиканың шығысының қазақтары болды. Бұл жақта 379,4 мың адам немесе 1930 жылғы халықтың 64,5 пайызын құрады. Бұл аймақтың халқы көрші елдерге Ресей мен Қытайға жаппай ауып көше бастады. Солтүстік Қазақстан аймағы қазақтардың жартысының көбінен – 410,1 мыңнан немесе 52,3 пайызынан айрылды. Батыс Қазақстан 394,7 мың немесе 45 пайыз, Оңтүстік – 632,7 немесе 42,9 пайыз қазақтан айрылды. Аздау өлім Орталық Қазақстанда — 22,5 мың немесе осы аймақтың 15,6 пайызы орын алды. Басқа халықтарда да шығын аз болған жоқ: украиндер – 200 мың (23 пайыз), өзбектер – 125 мың (54 пайыз), ұйғырлар – 27 мың (43 пайыз). Тек қана 1931 жылда 1 миллион 30 мың адап көшіп кетті, оның 616 мыңы қайтқан жоқ. Жүздеген мың қазақ Қытай жағына қашты. Олардың көп көшкендігі сонша Қытайда 1954 жылы Іле-Қазақ автономиялық округі құрылып, орталығы болып Құлжа қаласы белгіленді», — деп жазады.

1930 жылы 5 қаңтардағы БК(б)П ОК-нің «Ұжымдастырудың қарқыны және мемлекеттің ұжымшар құрылысына көмектесу шаралары туралы» қаулысында Қазақстанда жаппай ұжымдастыруды, негізінен, 1931 жылдың күзінде немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтау міндеті қойылды. Осылайша тағы да жергілікті ерекшеліктерді ескерместен, жоғарыдан қысым жасау басталды. Шаш ал десе бас алуға дайын тұрған Голощекин ұжымдастыру ісін барынша тездетуге тырысты. Жаппай ұжымдастыру айлықтарын өткізді.

Голощекин қазақ даласындағы жағдайды өзі жіберген уәкілдері арқылы жақсы біліп, толық хабар алып отырды. Арнайы тапсырмамен Арқадағы Сарысу ауданында болған Ораз Жандосов мынадай мәлімет береді: «Ауылдарды аралаған кезімде мен ондаған күндер бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім… Әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімділеу. Еркектердің бірден ұнжырғасы түсіп кетеді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқты жинайды, оларды жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген терілер де кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамдарды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан екі жасөспірімді көрдім, олар қайдағы бір ескі жұрттағы, атылған иттердің терісін алу үшін қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. Бес ауылда аштықтан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді».

1932 жылдың 1 каңтарында отырықшы аудандардың көпшілігіндегі ұжымдастыру 60-80 пайызға дейін жеткізілді. Ал көшпелі қазақ ауылдарын ұжымдастыру қарқыны бұдан да тез жүргізілді. Ол көп жағдайда күштеу, қорқыту, жазықсыз жазалау әрекеттері арқылы іске асырылып отырды. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 1218 мың шаруа қожалық болған. Ұжымдастыру аяқталған соң 1933 жылдың ортасында оның 628 мыңы ғана қалды.

Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті.

Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 миллион бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар болғаны 4,5 миллион бас еді. 1931-1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 миллион республика халқының 2,1 миллионы қырылды. Қазақстанның ауыл халқы 1930 жылдың 1 маусымынан 1933 жылдың 1 маусымына дейін 3 миллион 379,5 мың адамға кеміп кеткен.

1931-1932 жылдардағы аштық кезінде қазақтар Батыс Сібір мен Орта Еділ бойына босып кетті. Олар бұрыннан сол жақта тұрып жатқан қазақ ауылдарын паналады. Орта Еділ, Орынбор өңірінде, Самара төңірегіне Батыс Қазақстан жерінен келген 50 мыңдай адам қоныстанды. Ал Батыс Сібірдің 33 ауданында 1932 жылы 46,6 мыңдай қазақ босқындары тіркелген.

Ал академик Салық Зимановтың балалық шағы туралы жазылған деректерді оқысаңыз жаныңыз ауырады. «Азаттық» радиосына берген аштық жылдары туралы айтқан пікірінде ғалым: «Аштан қырылғандарды арбамен тасып, қазылған шұңқырларға апарып тастап жататын. Олардың арасында тірілер де бар еді. Әлі құрып, орнынан тұра алмай қалғандарды да өлілермен бірге шұңқырға тоғытатын. Үлкендер жұмыстан қайтып келісімен, әлгі шұңқырға барып, ашық-шашық шыбын үймелеп жатқан өліктердің бетін жауып қайтатын. Кемпір, шалдар әр жерде қалатын. Ол кезде негізінен 35-40 жастағылар қырылып жататын. Тіпті, Атырауға Арқадан бала әкеліп сатып жатыр екен деп те еститінбіз. Қаладағы біреулер астыққа айырбастап алатын болуы керек. Базарда тышқанның, иттің етін сатқандар да болды. Жергілікті қазақтар өздері әрең күн көріп отырса да, аштарды қолдан келгенше паналатуға тырысатын», – деген екен балалық шақтағы қиын күндер туралы.

«Жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық жылдары – біздің тарихымыздың қиын тұстары. Құрбандардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз, тек қана аштықтан Қазақстан аумағы халқының үштен бір бөлігі қаза болғаны белгілі. Қуғын-сүргін жылдарында Қазақстанда тек қазақтар ғана емес, депортацияланған халықтардың өкілдері де жазасын әділетсіз түзеу лагерьлерінде өтеп жүрді», – деп жазды мәдениеттанушы С.Әлімқұлова фейсбуктағы өз парақшасында.

Белгілі тарихшы Талас Омаровтың айтуынша, өзі зерттеген архивте бірінің етін бірі жеген каннибализм деректері кездескен. «Мысалы үшін, Шуда әкесінің басын кесіп алып, көшеде шашынан ұстап сүйретіп жүрген есі адасқан бала туралы дерек те бар. Моланы қазып, тамақтанғандар туралы мәліметті де көрдік. Адамның етін жеген адамның психологиясын ойлай беріңіз енді, бұл кезде халық ештеңе ойлаған жоқ. Бар ойы «қалай аман қаламын», «қайдан тамақ табамын» болды», – дейді профессор Талас Омарбеков. Тіпті кейбір ауылдар түгелдей қырылып қалғандары да болған. Қаншама адамдар айдалада көмусіз қалды.

«Біз әдетте «Қазақ деген егін салуды, аң-құс, балық аулауды білмеген, сол себепті аң-құстың ортасында отырып қырылып қалған» дейміз. «Ашаршылық» фильмінен жаңа дерек көрдім. Сөйтсе, Мәскеу қаулы шығарып, аң-құс атуға, балық аулауға қатаң тыйым салған екен ғой. Ораз Исаев В.Куйбышевке «Қазақтарға аң аулауға, құс атуға, балық аулауға рұқсат беріңіз» деп хат жазғанда, Куйбышев оған «Ешқандай рұқсат жоқ, бір құс немесе аң атқан адам сотталады» деп жауап берді», деп еске алады Рысбек Үркімбай деген азамат Сағат Жүсіп құрастырған «Ашаршылық ақиқаты» кітабында.

Ал шебер қаламгер Несіпбек Дәутайұлының «Кісі иесі» атты әңгімесін бейжай оқып шығу мүмкін емес. Ашаршылық кезеңін бар ауыртпалығын көз алдыңа әкеліп, азып-тозған ауылдың тіршілігін, тамақ таппай әбден діңкелеген, қалжыраған, титықтаған адамдардың аң аулағандай кіре жол бойына шығып, қарақшылық жасап, жас баласы бар жеке адамдарды баласын күшпен тартып алып, тамақ орнына оны ас етіп жеуден тайынбайтын адамдардың әрекетін әңгімелеп, жан түршігерлік оқиғаны суреттейді. «Аман қалғыларың келсе, баланы тастап, өздерің кете беріңдер… Таста баланы. Өздерің кете беріңдер», дейді қолдарында жас сәбиі бар әке мен ананың жолын кесіп, ойлары бұзық қаба сақалды әлгілер. Қолында мылтығы және оған бар болғаны үш оғы бар еркек-отағасы «Тоқтама, кете бер. Тоқтама» деп әзер-әзер деміге сөйлеп, әйелі мен баласын алға оздырып, артына түскен «қорқау» қарақшы адамдарға мылтығын кезеп, бас кейіпкер Кенжеғазы жыландай арбасады. «Арада бес-алты жыл өтіп, Арқарлы асуына адам ізі қайта түсе бастағанда баяғы кіре жолдың бойынан жүргіншілер шашылып жатқан адам сүйектерін көреді. Жалғыз адамның. Қазаққа сәбет сұмдықтың жасаған зұлматы ғой, деген сөз бәрінің көкейінде күңіреніп тұрды. Бірақ бір-біріне онысын дауыстап айта алмады. Қолдарынан келгені, шашылып жатқан сүйектерді жиып, жерлеп кетті. Оның кімнің сүйегі екенін олар да, кейінгілер де білген жоқ…», деп аяқталады әңгіме. Оның әсерлігінен арқаң мұздайды. Ашаршылық дендеген жылдары «адамды адам жеп жатыр», «қайнап жатқан қазан ернеуінен баланың білегін көрген», деген сұмдық мәліметтер сол жылдардың естеліктерінде кездесіп отырады. Ұлы аштық қырғыны туралы жазылған шығармалардың кез келгенiн қарасаңыз да, жан түршігерлік оқиғалардың тізбегі көз алдыңыздан шығатыны даусыз. Соның кесірінен тірі қалған ұрпақтарының жүрегінде сызат қалды. Сондай жанның бірі мен көптен білетін Талас Ахметов еді.

Мен Әулиеата аймағында туып-өссем де біздің негізгі атамекеніміз Сарыарқа төсіндегі киелі Ұлытауда. Сол өңірдің Алғабас деген аулында найманның Бағаналы, одан Жабай (азан қойып қойған аты Әбіл-Мұхамбет) атадан тараған Досай, Мәлік, Есназар, Қайдауыл ұрпақтарынан бастау алатын ағайын-жұртымыз сол жақта қазірге дейін тіршілік етіп отыр. Сол ауылдың сыртындағы бейітте менің жарықтық Нұрғали Жанайұлы әкем мен аяулы шешем Әбүйір мәңгілік тыныштық тапқан. Мәліктен тараған Байтемір атаның үш әйелі болған. Солардың екіншісінен Айқожа атам өмірге келген. Айқожадан Жанай, одан Нұрғали, Әбдіғани атты екі ұлы болған. Өңірде Кеңес одағы орнап, қазақ даласындағы ұжымдастырудың артынан ілесе келген құрғақшылық пен Голощекиннің «кіші октябрь» бағдарламасы бойынша қазақтардың бар мал-мүлігі аяусыз конфискелеуге түсті. Сөйтіп, қазақты күн көріп отырған малынан күшпен ажыратып, мүшкіл жайға ұшыратып, қалжыратты. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылық фермаларын, «отырықшы шаруашылыққа» айналдыру салдарынан малға жемшөп жетіспегендіктен, мал жаппай қырыла бастаған. «Бұл, өз кезегінде, жергілікті басқарушылардың ойластырылмай жүргізілген саясатының арқасында болған», – дейді көзкөргендер. Қысқы еріген жауын-шашынның салдарынан пайда болған қатты қар қыртыстарынан, ендігі қалған мал жаны тұяқтарын жаралап, кейде арам өліп те қалып жатқан. Кейде қатты бұрқасын аяздар мен қалың қар салдары, қар астындағы өсімдік тамырларымен қоректенуге кедергі болатын. Соның салдарынан 1931- 1932 жылдары қолдан жасалған нәубет, ашаршылық қазақ даласын қасіретке толтырып, көпшілікті бірер жылда қынадай қырып салды, көп ауылдар қаңырап бос қалды.

Малы мен астығын тартып алған соң, адамдарды күні бұрын белгіленген жерлерге жинап, олардан «ұжымдасқан киіз үйлер қалашығын» құрды. Айдалада боранды суықта, сусыз, тамақсыз, отын-көліксіз қалғандар ешқайда бара алмай, жете алмай сол жерде қырылды. Қолдан жасалған ашаршылық ешкімді аямады. Орталық Қазақстан тұрғындары, еліміздің басқа өңірлеріндегідей, атамекендерін, туған-өскен жерлерін тастап, басқа аймақтарға босып кетті. Ұлытау өңіріндегі ауылдардың адамдары жансауғалап, үдере көшіп Оңтүстікке қарай жылжыды. Көштің бір легі Сыр бойындағы Шиелі аймағына қарай көлікті-жаяу болып көшсе, екінші бір тобы Қарағанды-Шу теміржолына қарай бет алды.

Сарыкеңгір мен Қаракеңгір өзендерінің бойын мекендеген менің Жанай атам «тәуекел, Оңтүстік бізге пана болар, әйтеуір бірнәрсе етіп, мына қаһарлы жұттан аман қалармыз» деген пейілмен бала-шағасын және інісі Ахметті ілестіріп шойынжол бойына шығады. Әупірімдеп жүріп жүк таситын вагондардың біріне тобымен жабысып, оңтүстікке беттейді. Жолда поезд үстінде Жанай ата кенеттен қатты науқастанып, хал-жағдайы сағат сайын төмендеп, қажып, әлсірейді. Қатарға қайта қосылмайтынын сезген Жанай атамыз қасына Ахметті шақырып: «Менің жағдайымды көріп отырсың. Сірә, көпке бармаспын. Мына менің қарайып артыма ерген екі перзентім Нұрғалиым мен Әбдіғаниға бас-көз бол. Екеуі де әлі тым жас қой, бұлардың өмір соқпақтары немен аяқталары белгісіз. Сондықтан қанатыңның астына алып, қамқоршы бол. Бұл менің аманатым деп ұқ, бауырым…» деп торғайдың балапанындай шаштары үрпиген екі жас баласын тапсырады. Содан көп уақыт өтпей атамыз ауруынан әбден әлсіреп көз жұмады. Созылған кең даладағы бір станса ма, әлде басқа ма поезд тоқтағанда, босып келе жатқандар вагоннан марқұм атамыздың мәйітін түсіріп, сол маңға жерлейді. Асығып-үсігіп, естен танып жүріп, ол стансаның атын да, жерін де ешкімнен сұрап, атын есте ұстап қалмайды. Келесі кезіккен товар-поезға отырып, артынып-тартынып Шымкент шаһарына жетеді. Бұл қалада оларды күтіп тұрған жақыны, таныстары, ағайыннан еш жан жоқ еді. Әр аймақтан азып-тозып тоқтаусыз ығы-жығы ағылып келіп жатқан, аш-жалаңаштық қаптап, қиындық жандарына батып теңселген халық нөпірі аз емес еді.

Сол сапырылған нөпірдің ортасына бұл топ та жатсынбай еніп кетті. Өлместің күнін көріп, талғажауға әрең бір үзім нан тауып, тіршілік жалғаса берді. Ахмет қария жергілікті завод қақпасының жанынан орын тауып, етікші болып орналасып, өз балаларын ғана асырауға мүмкіншілігі болды. Марқұм Жанай атамыздың екі жетім ұлы Нұрғали мен Әбдіғаниды жетектеп, балалар үйіне (детдомға) тапсырыпты.

Олар сол жерде білім алып, ес кіріп, есейгеннен соң ағайын-туыстарын, жақындарын жан жақтан іздей бастайды. Бірең-сараңын тауыпты. Ахмет әкеміздің жақын інісі Балбек сол жылдары Түркістан қаласының маңында малшы болып еңбек етіп жүр екен. Біраз ұлытаулық ағайындарымыз Қаратау маңындағы Көктал, Ақсай ауылдары мен Бүгіл өзені бойындағы қыстақтарға орналасып, жергілікті ел-жұртпен араласып, ұрпақ өсіріп, тіршілік етіп жатыр екен. Сөйтіп ағайындармен қайта табысып, Қаратау маңына қоныс аударыппыз. Ол кезде ауыл-ауылдарда «сауатсыздықты жоямыз» деп жастарға білім беретін мектептер ашылып жатқан. Әкемізді 6 айлық курсты бітірген соң Талас ауданының Бостандық ауылындағы мектепке мұғалім етіп жібереді. Ал оның інісі Әбдіғани 1941 жылдың соңына қарай әскерге алынып, соғысқа қатысып, содан хабар-ошарсыз кетті.

Әкем 40 жылға жуық Бостандық, Кеңес, Ильич шаруашылықтарындағы мектептерде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директоры қызметтерін атқарды. Бірде республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне Талас ауданындағы мектептердегі оқу сапасы, сол кездегі оның проблемалары жайлы мақала жарияланады. Онда біздің әкеміз Нұрғали Жанаев туралы да шағын мәлімет беріліпті. Сол газеттегі мақаланы оқыған ұлытаулық ағайындар әкеміздің тірі екенін біліп, Талас аудандық білім бөліміне хат жазады. Соның арқасында әкеміз ағайын-жұртымен пәленбай жылдардан кейін хат арқылы табысыпты. Сәл кейін Ұлытаудан екі ағайынымыз бізге арнайы келіп, бірер күннен кейін Нұрғали әкемізді қонаққа шақырып, өздерімен бірге Арқадағы кіндік қаны тамған аулымызға алып барады.

Ағайын-туыстар қуана қарсы алып, кезек-кезек қонаққа шақырып, мәре-сәре болып, аман-есенімізде ел-жұртқа көшіп кел деп «құлағын бұрайды». Әкей бұл ұсынысқа қатты толқып, «зейнеткерлік жасқа бір-екі жылым қалды. Құдай қаласа елге сол кезде қайтып келемін» деп уәде береді. Солай етті де. Зейнеткерлікке шығысымен Ұлытау өңіріне бала-шағасымен қоныс аударды. Мен Нұрғали әкемнің ең үлкен ұлымын. Қазақ дәстүрі бойынша мен «шалдың баласы» болып есептеліп, Ахмет ақсақалдың отбасында өстім. Мектепке барғанда Ахметов болып жазылдым да сол фамилия менің төлқұжатымда өзгеріссіз қалды.

Олай болса, неге көпшілік сізді «Ахметов Талас Айсақалович» деп біледі?  Иә, құжаттар бойынша солай. Айсақал қария мені мәпелеп өсірген Ахмет атамның әкесі. Сол кісінің есімі ұмытылмасын деген оймен Ахмет атам солай етіпті. Ахмет атам көп жылдар Қаратаудың қасындағы Көктал ауылында тұрып, сол жерде еңбек етті. Мені, жарықтық, туған баласынан кем көрмеді. Сол Көктал жерінде атама топырақ бұйырды. Жаны жәннатта болсын. Білім жолына түсіп, алғашқыда Қаратау қаласындағы құрылыс техникумын бітірісімен Жамбылдағы (қазіргі Тараздағы) Металлоконструкция заводына жолдамамен келдім. Міне, содан бері осы кәсіпорында табжылмай 45 жылға жуық қызмет етіп келемін. Қатардағы жұмысшыдан завод директоры қызметіне дейін өстім. Балалы-шағалы болдым, жекжаттар мен достар таптым. Бәріне шүкіршілік етемін. Өмір-өзен өз дегеніне көндіріп, жылдар жылжып, айлар ағылып, уақыт сәйгүліктей зымырып өтіп жатыр. Бауыржан ұлымның баласын, яғни немеремнің есімін Байтемір атамыздың құрметіне Байтемір деп қойдым. Сөйтіп ұрпақтар сабақтастығы бізде жалғасып жатыр.

Әулиеата өңірінің халқына шексіз ризамын. Мына беймаза, мың құбылған заманда «ата-бабаң бөлек» деп мені шеттетпеді, қанатымды қайырмады, кеудемнен итеріп, бетімнен қақпады, керісінше, бауырына қысып, азамат болып жетілуіме айтулы үлес қосты. Рақметтен басқа айтарым жоқ. Өзімнен кейінгі бауырларым Арқадағы Ұлытау өңірінде өсіп-өніп жатыр. Әлі күнге дейін байланысымыз үзілген емес. Әркез хабарласып, араласып, қуаныштыры мен қайғыларын бөлісіп жүрміз. Біздің ата-бабамыздың, біздің отбасымыздың тарихы осындай, – деп аяқтады өз сөзін Талас Ахметов ата-бабасының қиындықтарға толы өмір белестеріне ой жүгіртіп.

Иә, қазақтың тарихында талай зобалаң мен қасіреттер өтті. Халық аштыққа ұрынып, зардап шегіп, жан сауғалап, тоз-тоз болып ауа көшіп, мына кең, жалпақ дүниеге босып кетті. Аштықтан бөлек, «жығылғанға жұдырық» дегендей адам өміріне қауіпті жұқпалы (инфекциялық) эпидемиялық аурулар бас көтеріп, көпшілікті қынадай қырғаны да белгілі. Аштықтан әбден әлсіреген, қалжыраған адамдардың денсаулықтары, кез келген ауруға төтеп бере алмайтыны белгілі. Тарихымыздағы жантүршігерлік, сұмдық қорқынышты да болса, барлық жайттарды зерттеп, тұтастай алып қарайтын болсақ қана, халықтар арасындағы қайғы-қасіреттің, араздықтың негізгі себептерін түсініп, одан белгілі бір сабақ алуымызға болады.

Біз бұл мақаламызда Кеңестік солақай саясаттың, асыра сілтеулер әрекеттердің халықты ашаршылыққа ұрындырып, демографиялық ахуалға кері әсерін тигізгенін баяндай отырып, сол жылдардағы халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қайғы-қасіретіне, адам тағдырына мысал бола алатын жайға оқырманның көңілін аудару еді.

Лайым, елімізде тыныштық ұялап, халқымыз аман болып, өміріміз берекелі болғай!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support