- Advertisement -

БИЫЛ ТАЗА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ 88 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ

60

- Advertisement -

Жамбыл ауданында 17 ауылдық округке қарасты 42 елді мекенде 85398 адам тұрады. Оның 39,7 мыңы немесе 46,5 пайызы экономикалық белсенді. Аудандық бюджет 16,5 миллиард теңгені құраса, оның ішінде өзіндік кіріс – 39, субвенция – 10, трансферт – 3,0 миллиард теңге. Ауданда 3,5 миллиард теңгеге 20 инвестициялық жоба іске асырылуда. Екі мектеп құрылысы жүргізілуде, үш елді мекенге азы су құбыры тартылуда, Аса ауылындағы кәріз жүйесін қалпына келтіру, 13 елді мекенге магистральды газ құбырын тарту, Аса және Айша бибі ауылдарында салынып жатқан жаңа тұрғын үйлерге электр жарығы мен тас жол салу, тағы басқа жобалар бар.

Мұндай мәліметті өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі баспасөз мәслихатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мәлімдеді. Одан әрі ол биыл және келер жылы жалпы сомасы 5,6 миллиард теңгеге 11 жобаның құжаты қаржыландыруға дайын екенін жеткізді. 2023-2025 жылдары іске асатын 15 жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын да еске салған аудан әкімі, тұрғын үй, жер кезегі, ауыз су, газдандыру жайын да сөз етті.

– Аудандағы 42 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған ауыз сумен немесе тұрғындардың 82,2 пайызы ауыз сумен қамтылған. Әлі де 12 мекен ауыз сумен қамтылмай отыр. Биыл Бесағаш, Түркісіб және Қаракемер ауылдарында ауыз су құбырының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ Құмсауыт, Сеңгірбай, Әулиекөл және Көлқайнар ауылдарында суды тазартудың жеке блок модульдік қондырғыларын орнату арқылы ауыз сумен қамтылады. Жыл аяғында ауыз сумен қамтылған елді мекен саны 37-ге, қамту деңгейі 88,0 пайызға жетеді. Алдағы жылы төрт елді мекенді ауыз сумен қамту көзделуде. Бүгінде Бектөбе, Қызылшарық, Кемел, Жаңа Өткел елді мекендерінде осы мақсатта нысандардың жобалық құжаттары әзірленуде. Жобалық құжаттары толығымен аяқталысымен қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынатын боламыз. Ал Жұма ауылының жерасты су қоры қорытындысы облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан ұйымдастырылатындықтан жобалық құжаттарын әзірлей алмай отырмыз. 2024-2025 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасымен 2024 жылы қайта жаңғыртудан өткен Өрнек және Ерназар ауылдарының ауыз су мұнараларын жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.

Аудан бойынша 42 елді мекеннің 29-ы табиғи газбен қамтылған, бұл 69 пайыз көрінеді. Магистральды газ құбырының құрылысы аяқталатын болса, 9 елді мекен көгілдір отынмен қамтылып, 90,5 пайызды құрайды екен. Бұл магистральды газ құбырын аяқтау үшін қосымша 306,0 миллион теңге қажет дейді хабарламашы. Тоғызтарау, Құмсауыт және Жаңа Өткел елді мекендерін газбен қамту үшін жобалық құжаттарын әзірлеуге 13,6 миллион теңге бөлініпті. Аудан әкімі жолдың жайын, электрмен қамтуда қолға алынып жатқан жұмыстарды, «Ауыл – ел бесігі» жобасының барысы жайлы да мәлімет берді. Өнеркәсіп саласы, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы саласына да жеке-жеке тоқталды. Жылыжай, қойма, жайылым жерді пайдалану жайында егжей-тегжей баяндады.

Кейінгі жылдардағы қуаңшылық салдарына байланысты жерасты суын игеру, су үнемдеу технологиясын енгізуде қолға алынып жатқан жұмыстарды да әңгімеледі. Әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына да жеке-жеке тоқталып, атқарылған және қолға алынып жатқан жұмыстарды тарқатып айтып берді.

Осы жолдардың авторы қант қызылшасы алқабын ұлғайтуда, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруда қолға алынып жатқан шаралар туралы қойған сұрағына нақты жауап алды. Басқа да әріптестердің сұрақтарына да жауап қайтарылды.

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support