- Advertisement -

ЖЕҢІМПАЗДАРҒА ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫС ЕТІЛДІ

50

- Advertisement -

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХІV жазғы сурдлимпиада ойындарында жүлдегер атанған спортшыларды арнайы қабылдап, лайықты құрмет көрсетті. Нұржан Молдиярұлы өз сөзінде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – спорт саласын дамытуға жергілікті билік тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатқандығын атап өтті.

– Бразилияда өткен төрт жылдықтың басты бәсекесінде 100 елден 4 мыңға жуық спортшы бақ сынады. Ел намысын 9 спорт түрінен 65 спортшы қорғаса, оның ішінде 13 біздің облыстан. Лайықты қолдаудың нәтижесінде Жамбыл жерінен тәуелсіздік алғалы бері 2 олимпиада, 1 паралимпиада, 1 сурдлимпиада және 40-тан астам Азия, Әлем чемпиондары шықты. Бүгінде өңірімізде 2000-нан аса спорт нысандары жұмыс істейді. Сіздер өз жеңістеріңіз арқылы алдыңғы аға буынның жолын жалғадыңыздар. Алдағы уақытта да биік шыңдардан көрініп, өңір мен ел намысын абыройлы қорғайсыздар деген сенім мол, – деді Н.Нұржігітов.

Бұдан кейін, сурдлимпиада ойындарында ел намысын абыройлы қорғаған саңлақтар марапатталды. Басқосу барысында күміс жүлдегерлерге 2, қолаға қол жеткізгендерге 1 бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Бұл бәсекеде өңір спортшылары 3 күміс, 8 қола жүлде (11 медаль) иеленген болатын. Атап айтқанда, еркін күрес шеберлері Ғабит Есжанов (57 кг) пен Тұрғынбай Ғасыр (74 кг) және дзюдошы Анна Краморова жекелей жарыста күміс медалға қол жеткізді. Ал Фериде Кара-Оглы, Эвелина Егембердиева, Айдос Түгелбаев, Олжас Рысжанов пен Асан Нұржанға қола медаль бұйырды. Айта кетейік, еркін күресте 57 келіде ел намысын қорғаған Ғабит Есжановтың Сурдлимпиада ойындарындағы бұл екінші жүлдесі, бұған дейін ол 2013 жылы төрт жылдықтың басты додасында жеңістің ең биік сатысынан көрінген болатын.

Жиын соңында Ғабит Есжанов аймақ басшысына қолдауы үшін алғысын айтып, мүмкіндігі шектеулі спортшылардың тыңғылықты жаттығуы үшін заманауи нысанның салынуына ықпал етуін сұрады. Өз кезегінде Нұржан Нұржігітов бұл мәселенің назарға алынатынын айтты.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support