- Advertisement -

Балалардың жазғы демалысына аудан әкімдері де жауапты

25

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте алдымен тұрғындармен кері байланыс мәселесі қаралды.

Басқосуда облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков, баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы, «Жамбыл облысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» КММ-нің басшысы Бақкелді Тұрсынбек есеп берді. Олар желіде түскен түрлі сауалдарға басшылардың жауап беру көрсеткішіне, әлеуметтік желідегі белсенділігіне, берілген жауаптардың сапасына қатысты жүргізілген талдаулар туралы кеңінен баяндады. Белгілі болғандай, сауалдардың дені білім, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту секілді әлеуметтік мәселелерге қатысты екен. Баяндамашылар соңғы айларда кері байланысқа атүсті қарап жүрген аудандар мен басқармаларды тізіп көрсетті. Талдау жұмыстарының қорытындысына сәйкес облыс әкімі басшыларға ескерту жасады.

– Біз Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалай да жүзеге асыруға тиіспіз. Бұл мәліметтер қазір сіздерге ескерту ретінде айтылып отыр. Кемшіліктерді реттеп, кері байланыс бойынша жұмыстарды реттеңіздер. Бүгінгі талап осы. Бұл міндетті мен емес, Мемлекет басшысы қойып отыр. Тұрғындардың өтінішін елеусіз қалдырмау керек. Сапалы әрі уақтылы жауаптар беріліп, мәселелер назарға алынуы қажет. Алты айдың қорытындысымен бұл тақырыпты кеңінен қараймыз. Сонда кері байланысқа жүрдім-бардым қарайтын басшыларға нақты шаралар қабылданады, – деді аймақ басшысы.

Басқосудағы екінші мәселе бойынша сөз алған білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов ҰБТ-ның өту барысы, жазғы мектеп, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары туралы тарқатып айтты.

– Биыл облыста 11 762 оқушы мектеп бітіретін болса, 9-сыныпты 21 213 оқушы аяқтамақ. 26 мамыр мен 17 маусым аралығында 1-8-сынып және 10-сыныптың оқушылары үшін «Жазғы мектеп» жұмыс істейді. Биыл 490 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болып отыр. Мемлекеттік білім беру грантын алу үшін конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырдан басталса, 5 шілдеде аяқталады. Оған қатысу үшін 11 762 мектеп бітірушінің 8 842-сі тіркелген. Ұлттық бірыңғай тестілеу «Ustudy» орталығының 2 пунктінде өтуде, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар Бейқұт Жамангозов оқушыларды жазғы сауықтыру және түрлі демалыс шараларына 100 пайыз тарту жоспарланғанын (1-10-сыныптағы 215 932 оқушы) да айтты. Нақтырақ айтсақ, қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне көпбалалы және аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін 7683 баланы, ал оқушылардың тамақтануы қарастырылған әрі мектеп жанында ұйымдастырылатын лагерьлерге 102 749 баланы тарту көзделіпті.

– Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға күш салуымыз қажет. Қала сыртындағы, мектеп жанындағы лагерьлерде қауіпсіздікпен қатар санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталуы керек. Лагерьге дайындық барысын барынша бақылауға алыңыздар. Ыстық тамақтың сапасы да басты назарда болуы қажет. Бұл жұмыстарды ойдағыдай ұйымдастыруға тек тиісті басқарма емес, аудан әкімдері де жауапты болады, – деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ жиында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалу барысы қаралды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, 2009-2021 жылдары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдарға барлығы 5 392 маман тартылып, аудандық бюджеттен 917,1 миллион теңге көтерме жәрдемақы берілген. Енді биыл осы мақсатта 153,8 миллион теңге қарастырылып, 502 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы беру жоспарланыпты. Айта кету керек, 2010 және 2021 жылдары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2 384 маманға бас-аяғы 7,6 миллиард теңге көлемінде несие берілген. Мүмкіндікті тиімді пайдаланып, дипломмен ауылға барғандардың 87 пайызы сол елді мекендерге тұрақтаған.

Осы орайда облыс әкімі бағдарламадағы кемшіліктер бойынша тиісті басшылардан жауап алып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support