- Advertisement -

Сіздің шуағыңызбен есейдік, азамат атандық

36

- Advertisement -

Құдай мені ағалардан кенде қылмаған. Адалынан бергендерінің ішіндегі дарасы да, данасы да бар. Алатаудай асқақ тұлғасымен жалпақ жұртының жүрегінен орын алған атпал ағаларым да бар. Көлдей көңілін білдіріп, дархан жүрегімен қамқорлық жасап, жан жылуын беріп жүрген бір адам болса, ыстық құшағына біз секілді інілерін сыйдыра білетін бір қадірлі азамат болса, нұрлы шуағын аямай төгіп, бізге рух беріп, биікке бастап жүрген қайратты бір тұлға болса, оның бәрін Сіз деп қабылдаймын, Баттал аға!
Сіз жай ғана аға болған жоқсыз. Ілім-білім бердіңіз, ұстаз болдыңыз. Мен секілді талай шәкіртіңізге ұстаз болудан еш жалыққан жоқсыз.

Сіз жан-жағыңызға шуақ сыйладыңыз. Сіздің шуағыңызбен есейдік, азамат атандық. Нарқасқа азамат боп, біздің тірегімізге, сүйенішімізге айналдыңыз, ақылман аға болдыңыз. Ағалықтың қадір-қасиетін ұқтырып, бізді жүрек отымен жылыттыңыз. Сол жылуыңызбен әлі күнге күш-қуат беріп келесіз. Ұстаз алдындағы қарызымызды бір сәт те естен шығармай санамызда сақтап келеміз. Сіздей қадірменді қарияның тоқсанның бел ортасына шыққалы тұрғаныңызға көңіл сенбейтіндей. Тоқсан деген не тәйірі. Жамбыл атамыз да жүз жасаған жоқ па?! Әлі де мен Сізден жақсы дүниелер күтемін. Шабытыңызды шақырып, қазынасы мол қарияның қуатын көрсетіп, көркем ойыңызбен сөз кестелеп көріңіз, аға.

Бұта шайнар бураның қуатындай болған елу мен алпысыңызды сағынатын шығарсыз. Иә, сағыныш әсте таусылмайды.

Қиялыммен өткен күнге шегінем,
Қия алмайды екенмін ғой, сені мен.
Қиындықты қанша жеңдім десем де,
Саған деген сағыныштан жеңілем, – деген ақын жырына бойұсынасың.

Сол айтпақшы,өткен күннен қалған жақсы іздеріңізді көріп, бір марқайып қалатын шығарсыз. Сізге шәкірт болған күндерімді еске алып, мен де марқайып қаламын. Сіздей ұстазымның барына мақтанамын.

Осыдан 44 жыл бұрын облыстық «Еңбек туы» газетінің табалдырығын имене аттағаным есімде. Университетті енді аяқтаған жас маманға сенім артып, жұмысқа алдыңыз. Ахмет Қазыбаев ағамның сөзін жерге қалдырмай үмітіңізді үкілеп, өмірдің бәйгесіне қосып жібердіңіз. Өңкей қаламы жүйрік ағалардың ішінде құнан шабыспен бар қабілетімді көрсетуге тырыстым. Солардың шаңында қалып қалмай шабытты шақтарымды бастан өткердім. Астамдығы жоқ, араша түсері көп ағаларымның ортасында өзімді еркін сезініп, қанатымды қатайттым. Жиырма жылға жуық өмірімнің жарқын күндері осы басылымда өтті. Ширығып шыңдалдым. Журналистік жолымның шұғылалы шақтары осында көрінді. Өмірімнің сәулелі сәттеріне кезіктім. Алтындай асыл ағаларымның аялы алақандарының арқасында арман еткен биіктерге көтерілдім.

Талай асулардан асып, талай белесті артқа тастап, мақсат-мұраттарға жетсем, соның бәрінде Баттал аға, Сіздің үлесіңіз бен ағалық ақыл-кеңестеріңіздің мол болғандығын несіне жасырамын. Өзіңіздей сүйегі асыл азаматтың, Алатаудай асқақтаған абыз ақсақалдың таңдаулы шәкірті бола білгенімді Жаратқанның үлкен нығметтерінің бірі деп есептеймін.

Жақсы адамдар қартаймайды, асыл адамдар асқақтайды, тұлпарлар алысқа самғайды.Баттал ағам сексенге толғанда менің ақын досым Нарша Қашағанұлы мынадай жыр шумақтарын арнады.

Біреу жетті жазмышына жалынып,
Біреу жетті ілініп те, салынып.
Баттал ағам сексеніне сеніммен,
Батыл келді әрі сұлу, әрі нық.

Мағыналы өмір сүрді молынан,
Жаңылмады жайсаңдықтың жолынан.
Солай келу қазыналы қарттыққа,
Келе бермес әркімдердің қолынан.

Сынбай жетті, сыннан өтті не түрлі,
Тағдырменен тайталасып жетілді.
Жаңабайдың жарқылдаған ұлынан,
Сексенің де сескенетін секілді.

Сөздеріңіз сабақты да салмақты,
Азаматсыз асыл тастай жан-жақты.
Селкілдемей кей жамандар секілді,
Сексенге келдің, аға болып ардақты.

Мыс та, сұс та, жаз да, қыс та түсінде,
Ізгілікті іздер қалды ісіңде.
Жайсаң ағам, жайраң қағып жүре бер,
Жамбылдағы жақсылардың ішінде.

Баттал аға! Сіз тоқсанның төртеуіне келсеңіз де, сол қалпыңыздан айныған жоқсыз. Сіз тоқтамаңыз, алға тарта беріңіз. Шыққан биігіңізден төменге қарап тұрған тәкаппар тұлғаңыздан қанағат табамын.

Облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдық мерейтойына жеткен Сізде арман бар ма, Баттал аға! Бұл басылымнан бес-алты жас кіші болсаңыз да, Алатаудай асқақ тұлғаңызбен, ешкімге ұқсамайтын марқасқа, маңғаз қалпыңызбен осы тойдың көркі мен ажары болып, жалпақ жұртыңыз бен барша қаламдастарға ақжарма тілегіңіз бен ақ батаңызды арнайтыныңыз ақиқат.

Нарша досым секілді ең ыстық лебізімді өлеңмен жеткізгенді жөн көрдім, Баттал аға. Қабыл алыңыз.

Баттал аға, батыл аға, нар аға,
Інілерге ұстаз болған ар аға.
Тоқтамастан тоқсан төртке келдіңіз,
Сәуле құйып, Сіз келесіз санаға.

Ғасыр жасау оңай емес адамға,
Сіз жетесіз сұлу болған қалпыңда.
Жайсаңдықтың ақ жолынан жаңылмай,
Жақсы іздер қалып жатыр артыңда.

Маңғаз қазақ, мағыналы айбынды,
Қазыналы қарт болдыңыз жағымды.
Сіздей болу қолдан келмес әркімге,
Жағып жүрсіз шындық деген шамыңды.

Қалам ұстап қайраттандың жан-жақты,
Сіздей адам жоқ та шығар салмақты.
Дірілдеген, қалтыраған шал болмай,
Абыз ата болып тұрсыз ардақты.

Үлкен ұстаз Сіз боласыз, сеніңіз,
Талай шәкірт тәрбиелеп бердіңіз.
От жүректің қуатымен жарқылдап,
Мықтыларды бет қаратпай жеңдіңіз.

Сұсты болып, Сіз келесіз алдымда,
Даналықпен алға басқан нар тұлға.
Текті болмыс ел-жұртына қадірлі,
Баттал ағам, атпал ағам бар мұнда!

Жүз жасаңыз, Құдай берген жасыңда,
Қуат берсін, алқынбаңыз, тартынба.
Сарқылмасын Сіз жазатын шығарма,
Шабыт келсін, қалам ұстап жарқылда!

Менің осындай қазыналы дана қартым бар. Алдыңда ағалардың асқар таудай болып жүргені қандай жақсы. Ағаның алды ақ жайлау болса, сол жайлауда емін-еркін еркелеп, аунап-қунап, олардың ақ батасын алып жүргенге не жетсін!

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support