- Advertisement -

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

68

- Advertisement -

13 қаңтар. №10 (4753).

Жаңа жылдық санынан бастап «Біздің облысымызда», «Советтік Қазақстанда», «Халықаралық шолу» айдарларымен оқырмандарына ақпаратты мол жеткізуге ұмтылған газет «Біздің Ара» сын-сықақ мүйісін ашты. Бұл санында Шона Смаханұлының «Күріш пен күрмек» мысал өлеңі, «Біздің Ара ел аралағанда» айдарымен ұсынылған «Шолақ шанышқы», «Қор болған қайран күндер-ай» фельетондары қызықты оқылады. Кейін жүйелі беріліп тұрған сын-сықақ бетіне Шона Смаханұлы, «Т.Мұмасхадов» деген бүркеншік атпен жазатын редактордың орынбасары Төленді Оңғарбаев, «Қоралас Темірбек» деп қол қоятын Темірбек Қожакеев, басқа да сатириктер, аудандардан жазып тұратын тілшілер белсене қатысты.

20 қаңтар. №15 (4758).

Облыс жас ақындарының өлеңдерінен топтама. Абай атындағы Жамбыл педучилищесінің студенті Арғынбай Бекбосыновтың «Туған ауылым» деген тақырып қойылған балауса жыры шынайылығымен тартымды оқылады. Бүгінде елімізге белгілі қайраткер, ақын, журналист ағамыз Жоғарғы Кеңеске, содан кейін тұңғыш Парламентке депутаттыққа сайланғанға дейін 1985-1995 жылдары өзінің алғашқы өлеңдерін жариялаған газетке бас редактор боламын деп сол кезде ойлады ма екен?

Газеттің жас ақындарға арналған осы топтамасында педучилищенің тағы бір студенті Жамалбай Оразымбетовтың «Семья қуанышы» өлеңі де жарияланған.

19 сәуір. №80 (4823).

Талас ауданы шопандарының тыныс-тіршілігіне арналған тақырыптық бет. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Өтеулі Досыбиевтың мақаласы «Қой шаруашылығы – игеретін екінші тыңымыз» деп аталады. «Талас» қаракөл совхозының директоры Ш.Ғұбашев, осы совхоздың бас зоотехнигі Қ.Жұмағалиев, ферма меңгерушісі М.Баймақатовтардың мақалалары да сол күндердің тынысын жақсы жеткізеді.

28 мамыр. №107 (4850).

«Халықтың жан басына ет, май және сүт өндіру жөнінен Америка Құрама Штаттарын таяудағы жылдарда қуып жетейік». Н.Хрущевтің Ленинград облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кеңесінде сөйлеген сөзін газет осындай тақырыппен берді. Келесі сандарынан бастап ол газеттің басты тақырыптарының біріне айналды. Топтамалар, арнаулы беттер жиі беріліп тұрды. Ал Н.Хрущевтің бұл бастамасы кейін сынға іліккені, тіпті анекдоттардың өзегіне айналғаны белгілі…

Газеттің осы санында қала жастарының «Динамо» стадионында өткізген фестивалінен «Жастар мерекесі» деген көлемді репортаж жарияланды. Авторлары – Өкім Жайлауов пен Арғынбай Бекбосынов.

26 шілде. №149 (4892).

Егін орағы да басты тақырыпқа айналды. Осы санындағы Бақытяр Әбілдаевтың «Көршілес екі колхозда» мақаласы Талас ауданындағы «Қызыл Октябрь» және Ворошилов атындағы шаруашылықтардағы науқан барысын баяндаған.

25 тамыз. №171 (4914).

Кезекті «Әдебиет беті». Бұрыннан жарияланып жүрген Мыңатай Қыстаубаев, Қоблан Көрегенов, Сәрсенбек Пернешев, Мырзаш Тұрғанов, Әдібай Табылдиевтерге қоса Орынбай Тасыбековтың «Абай әні», Бақытяр Әбілдаевтың «Колхозда ауылым» өлеңі шықты.

24 қыркүйек. №192 (4965).

«Сөз жарысушы колхоздардың ақындарына беріледі». Осындай жалпы тақырыппен Луговой ауданының ақындары Әдібай Табылдиев («Жаңатұрмыс» колхозы) пен Қоблан Көрегеновтің («Қызыл шаруа» колхозы) айтысын жариялады. Осы санындағы «Қазыналы Қаратау – қайнаған өмір» деген тақырыптағы арнаулы беттің де айтары көп. Авторлары Б.Жаңабаев пен С.Бертаев.

22 желтоқсан. №254 (5027).

Газет бұл жолы жарысушы аудандардың ақындарының айтысын берді. Талас ауданынан – Мыңатай Қыстаубаев, Сарысу ауданынан – Дулат Шалқарбаевтар сөз сайыстырды.

(1958 жыл)

1 қаңтар. № 1 (5033).

Жаңа жылдық бас мақала «1958» аталған газет еңбек тартуларына арналған топтамамен ашылған. Ішкі беттерде берілген «Жаңа жылдық Жамбыл» топтамасы қала тынысын жақсы жеткізеді. Бұл санында кейінірек республикалық бас газеттің редакторы болған жазушы-журналист Балғабек Қыдырбекұлының «Бойдақтар» фельетоны мен «Достық әзілдер» қызықты оқылады.

4 сәуір №69.( 5101).

«Шопан болсаң, Жазылбектей бол!». Бас мақала орнына газет бірінші бетке суретін қоса жариялап, осындай тақырыпта мақала берді. Мойынқұмдық даңқты шопан екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағын алған еді.

26 сәуір. №85 (5117).

Облыстық кеңес атқару комитетінің шешімімен облыстық радиохабарларын тарату комитеті қайта құрылып, ол мәдениет басқармасының қарамағынан алынып, облыстық радиохабар тарату комитеті болды.

8 маусым. №122 (5154).

Мал шаруашылығын, әсіресе қой шаруашылығын дамыту мәселелері газет бетінен күн сайын көрініс тауып отырды. Бұл санында «Көктерек» совхозы қой санын 165 мың басқа жеткізеді» деген жалпы тақырыппен берілген арнаулы бетте мыңғыртып қой өсіргендердің озат тәжірибесі насихатталды.

20 маусым. №123 (5153).

«Трудовой пахарь» колхозы қой санын 139 мыңға жеткізеді». Газетте Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданының сол кезгі ең іргелі шаруашылығы еңбеккерлерінің Үндеуі осындай тақырыппен жарық көрді.

«ЕҢБЕК ТУЫ»

(1958 жыл)

18 шілде. №143 (5175).

КСРО Министрлер Кеңесі Қазақстандағы теміржолдарды бір орталықтан басқарылатын етіп Қазақ теміржолын ұйымдастыру туралы қаулы қабылдады. Газет осы жаңалықты елге жеткізіп, жаңадан құрылған Жамбыл жол бөлімшесінің кестесін және түсіндірме мақала берді. Оның авторы Жамбыл жол бөлімшесінің бастығы Байұзақ Пірманов. Республикада 14 жол бөлімшесі құрылған болатын.

25 шілде. №148 (5180).

Сол кезгі жастардың беделді ұйымы – комсомолдың құрылғанына 40 жыл толуы қарсаңында газет «Жалынды жігер, тасқын қайрат, қажырлы еңбекпен» деген жалпы тақырыппен бет ұйымдастырды. Жарияланымдардың ішінде Жамбыл аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы Тұрсынхан Мүсірәлиевтің «Біздің тартуымыз» атты мақаласының айтары көп, сол кезгі ауыл жастарының ой-мақсаттарын, ұмтылыстарын жақсы жеткізеді. Мақала авторы кейін осы ауданның бірінші басшысы болып жемісті қызмет атқарды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support