- Advertisement -

Орта мектепте Абай шығармаларын оқыту ісін оңалту керек

55

- Advertisement -

Абай – әлем таныған қазақ халқының данышпан ақыны. Абайды оқу, Абайды тану, оның айтқан даналық ойларын рухани өмірлік азық ету –әрбір азаматтың борышы. «Поэзияда, музыкада, қоғамдық – азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Ол өз халқының ғасырлар бойғы мәдениетінің таңдаулы нәрін алды және бұл қазынаны орыстың және Батыс Европа мәдениетінің игі әсерімен толықтырды», – деген ұлы Мұхтар Әуезовтің сөзі Абайдың данышпандығы мен ұлылығын айғақтайды.

Абай – қазақ халқының маңдайына біткен дара тұлға туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Абайдың әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға, қазақ халқының ел болуына ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер екендігін айта келіп, бүгінгі күн үшін Абай шығармаларының маңызын: «Абайды мұқият оқыған адам оның көзқарастары күні бүгінгі нарық экономикасымен де тікелей үндес екенін айқын аңғарар еді. Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс бұрысын сараптай аламыз. Өйткені жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен», – деуі бүгінгі күні халқымыз үшін Абай ұлылығының арта түскендігінің, Абайды танудың, оның шығармаларының құдіретін танудың, сезінудің айғағы.

Биылғы оқу жылында 2012 жылы 27 сәуірде бекітілген «Қазақстанның ішкі саясатындағы идеологиялық менеджментті қайта жаңғырту жөніндегі 2012-2013 жылдарға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» 41 және 42-тармақтарына сәйкес әзірленген «Негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейлерінің 9-11-сыныптары үшін «Абайтану» курсының типтік оқу бағдарламасы» қолымызға тиді. Бұл – бәріміз де күткен үлкен жаңалық болатын. Осы бағдарлама бойынша республика мектептері «Абайтану курсын оқуға кірісіп те кетті. Мектеп мұғалімдері үшін Бұл бағдарлама өз қиындықтарын да ала келді. Оның басты себебі – бағдарламаға сәйкес жазылған оқулықтың жоқтығы. Сонда бұл – бағдарлама жасалды, енді Абайды өзің қалай оқыта алсаң, солай оқыт деген әрекет пе?

Абай әлемі өте күрделі. Ақын шығармаларын мектепте үздіксіз оқытып келе жатқан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, әрине, оқытуға күш салып отыр, бірақ бұл – мектеп оқулықтарында жылдар бойы қалыптасып, қайталанып беріліп келе жатқан тақырыптар емес қой. Курстың алдына қойған төмендегідей міндеттерін:

«1) Қазақ сөз өнеріндегі Абайдың орны мен ақындық болмысын тану. Абай шығармаларын оқып, білудің өзектілігін, абайтану ғылымының мол мұрасы – қазақ өмірінің тарихи факторы іспеттес екендігін ұғындыру;

2) А қынның мұрат-мақсаттарын, көркем-әдеби туындыларын, ғылым, білім, өнер, тәрбие мәселелері туралы өсиеттерінің маңыздылығын түсіндіру арқылы оқушылардың ұлттық танымын қалыптастыру, шығармашылық қиялын дамыту, автордың ұстанымын түсінуге баулу, көркем туындының тілдік ерекшеліктерін, идеялық мәнін талдауға, пікір алмасуға үйрету, жастардың өмірден өз орнын табуға бағыттау;

3) Абайдың ақындық мектебі, поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық ұғымының мәні мен маңызын рухани кемелдік танымы тұрғысынан таныту, ақынның көркем-әдеби туындыларындағы ұлттық таным мен рухани-мәдени құндылықтарды оқушылардың бойына дарыту, ақын идеяларын күнделікті тұрмыста басшылыққа алуға тәрбиелеу, шығармаларының адамгершілікті, имандылықты, махаббатты, достықты, әділеттілікті, татулықты, бірлікті жырлайтындығын келер ұрпаққа үлгі-өнеге ету;

4) Абайтанудың кезеңдерін саралап, шығармашылығындағы тұлға, толық адам концепциясына қатысты өзекті мәселелерді айқындау. Ұлы ақынның өмірбаяндық тың деректеріне сүйене отырып, қазақ әдебиетіндегі көшбасшылық орнын көрсету;

5) Ғ ұлама ойшылдың философиялық ақыл-нақыл сөздерінің мән-мағынасын ашып, тәлімгерлік тағылымын сөз ету, қоғамдық құрылыс, азаматтық көңіл — күй, тарихи таным үрдісі туралы жазған ғылыми-философиялық трактаттарындағы көзқарастарымен таныстыру;

6) Ақынның шетел ақындарының шығармаларын аударудағы шеберлігі, қарасөздері, өлеңдері мен поэмаларындағы ақындық биік мұрат, адамгершілік идеяларын таныту;» арнайы жазылған оқулық бойынша ғана орындай алады. Қолында бағдарлама мақсаты мен міндеттерін толық жүзеге асыру үшін оқулық ауадай қажет. Әркім өз білгенімен, өз таным-түсінігімен, өз деңгейімен ғана оқыта беретін болса, бұл бағдарламаның құны түспей ме?

Оқулық пен бағдарлама әрқашан бірге, қатар жүруге тиіс. Оқулықсыз берілген білім деңгейі қандай болмақ? Абайды тануға деген жалаңаш бағдарлама оқушы үшін де, мұғалім үшін де, жалпы білім жүйесі үшін де ешқандай нәтиже бермейтіндігін естен шығармауымыз керек.

Гаухар ЖОЛДЫБАЕВА,

№46 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support