- Advertisement -

Ұлт батырлары – таусылмас ұлағат

78

- Advertisement -

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбин мен танымал журналист, Қазақстан Журналистер одағы Б.Бұлқышев және С.Бердіқұлов сыйлықтарының иегері Мұсағали Тасқалиев бірігіп шығарған «Ұлт батырлары» кітабының тұсаукесері өтіп, оған өңіріміздегі бірқатар белгілі қаламгерлер, әдебиет пен өнер жанашырлары қатысты. 

Іс-шара барысында Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев арнайы келіп жазушы Пернебай Дүйсенбинді құттықтап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетсе, кітаптың тұсауын жазушы-драматург Елен Әлімжан, ақын Шырын Мамасерікова, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков және Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман қиып, ақ тілектерін ақтарды.

Жиында республикалық және халықаралық жабық әдеби бәйгелердің 8 дүркін жеңімпазы, жазушы Пернебай Дүйсенбин сөз алып: «Жеңіс күнінің маңызы өте бөлек. Сол сұрапыл соғыста 130 мың қазақстандық жауынгер қаза тапты. Соғысқа 72 мемлекет араласып, 40 мемлекет тікелей қатысты. Сол соғысқа Сарысу ауданынан 4 мың адам аттанған. Өкінішке қарай, көпшілігі майдан даласынан оралмады. Қазір біздің ауданда екі ғана Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Сондықтан Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақ спорт және туризм академиясының Құрметті профессоры Мұсағали Тасқалиевпен бірігіп жазған бұл кітаптың маңызы зор. Осы жинаққа біз зерттеп тапқан қазақтан шыққан 105 Кеңес одағының батыры енгізіліп отыр. Кітапқа демеушілік танытқан атыраулық азамат, белгілі кәсіпкер Айтқали Ізмаққа да алғысымды айтамын. Соғыс тақырыбын жазу оңай емес. Майдан тақырыбынан қалам тербеген жазушы Әзілхан Нұршайықов кіршіксіз таза адам еді. Сондай адалдықты бәріңізге тілеймін» деді.

Мұнан соң ақын Үміт Битенова, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Амангелді Әбіл, жазушының әпкесі Мереке Дүйсенбина сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Эльмира Абдинова басқаратын аталған кітапхана ұжымының ерекше үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн. Жиын соңында жазушы Пернебай Дүйсенбин өзінің «Ұлт батырлары» және басқа да кітаптарын аталған кітапхананың, Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының, Абай атындағы Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директорларына табыс етті.

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support