- Advertisement -

Қайыңдының қайсар қызы

66

- Advertisement -

Жүйрік көңілі оны алыс қалған балалық шағына қайта оралтқандай ма, қалай?! Жүзі бір сәтке солғын тартып, лезде жадырады. Шамасы, сүйекпен біткен, сүтпен сіңген қайсар мінезі – боркеміктей босаңсытпаған. Өткеннен сыр шерткен естеліктері кей тұста мұңға бөлесе де, еңсесін түсірмеді. Жо-жоқ майдангер Жорабек Төлбаевтың қызына мұндай жараспас та еді.

Иә, Қайыңдының қайсар қызы – Зәуреш Жорабекқызы соғысты көрген жоқ. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін екі жылдан кейін дүниеге келді. Бірақ оның бейбіт елге тартқызған зардабы, көңілдегі ауыр сызы майданнан аман оралған жауынгер Жорабектің шаңырағында да сезілмей тұрмайтын. Жаяу әскер сапында Курск доғасындағы қан майданда жүріп өткен жауынгер үш рет ауыр жарақат алып, елге мүгедек болып оралғанымен, еңбектен қол үзбеген еді.

Майдангер Жорабектің өр рухты жауынгерлер туралы айтқан аңызға бергісіз әңгімесін тыңдап өскен балауса қыз мектепте озат оқушының бірі болды. Соғыстан кейін туған ұрпақтың бәрі өрлік пен ерлікті жыр қып айтып өсті ғой. Зәуреш те сөйтетін. Шығыстың жұлдыздары атанған Мәншүк пен Әлияға ұқсауға тырысатын. Ерлік ісі мен өр рухы жайлы даңқты естеліктері шартарапқа жайылған жамбылдықтар – Ақәділ Суханбаевтың, Бауыржан Момышұлының өмір жолын өнеге тұтатын. Өмір жолында түрлі кедергілер кездессе де, еш мойымады. Тіпті асқақ арманына қол жеткізу үшін Алматыға үш рет барып, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түскенше, алған бетінен қайтпағанын әкесінің өзі қайсарлық деп баға берген екен.

– Әкем мені атқа мінгізіп, бетімнен қақпай, еркелетіп еркін өсірді. Ұлдан кем көрген жоқ. Алматыға бірінші рет барып, конкурста бір ғана сабақтан сүрініп, ауылға келмей, Жасөркенде пионер жетекшісі болып жұмыс істеп жүргенімде: «Балам-ау, оқимын десең, мына тұрған Жамбылда да бір емес, үш институт бар ғой. Соның біріне оқуға еш қиындықсыз түсетініңе сенемін», – деді. Бірақ өмір жолымдағы кедергіге мойымаған қайсарлығыма қарап, сүйсінгенін сездім, – деп өткен күннен сыр шертті Зәуреш апай.

Екі жыл еңбекте ысылған Қайыңдыдан шыққан қайсар қыз ақыры арманындағы Алматыға барып, сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Бұл – 1967 жылдың күзі еді. Сол шақтың өзінде педагогтің тәжірибесін жинап үлгерген Зәуреш Жорабекқызы алдағы еңбек жолының негізін қалап үлгерген еді.

Сол жылы ғой, Мемлекеттік университеттің студенттері Қостанай облысына картоп жинауға барғаны. Сонда ғой жігіттің серісі Шамардан Жарылқаповпен танысқаны. Бірақ, ол кезде Зәуреш тағдыры осы жігітпен түйісіп, Солтүстік Қазақстанға келін болып баратынын, табиғаты жайма-шуақ Жамбылдан ұзап шығып, ғұмырының біраз кезеңі Сарыарқаның төсінде өтетінін, әрине, сезген жоқ.

С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген Шамардан Жарылқапов Арқада алғаш политехникалық институтта еңбек етті. Кейін Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебінде жұмыс істеді. Ал Зәуреш Жорабекқызы Е.Букетов атындағы мемлекеттік университетте оқытушы болып қызмет атқарды.

Соғыстан кейін туған ұрпақтың қай-қайсысы да қайсар рухты болғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Зәуреш Жорабекқызы да, жұбайы Шамардан да қиындыққа еш мойымады. Күйеуін қызмет бабымен қайда жіберсе, Зәуреш апай сонда жүрді. Жамбылға келіп біраз жыл еңбек етті. Кейін Арқаға қайта оралды.

– Әкем майданға аттанғанша колхоз басқарды. Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы училищесін бітірген, көзі ашық, көкірегі ояу жан болатын. Үш ұл, үш қызын бетінен қақпай еркін өсіргенімен, тәрбиеге қаталдау еді. Айтарын өзінің өнегелі ісімен көрсетті. Қабағымен-ақ жасқап тұратын. Бірақ ауыр сөйлеп, ешкімнің көңілін қалдырған емес. Әкемнің өмірдің небір соқтықпалы-соқпақты жолында қабақ шытпай, тек алға ұмтылған төзім-жігері маған күш беретін. Арманымнан айнымай, қазіргі ҚазҰУ-ға оқуға түскенім де – әкеме сөз келтіргім келмегенімнен. Ол шақта колхоз төрағасының қызы оқуға түсе алмады деген сөздің өзі үлкен сын еді. Сондықтан қалай да Алматыда оқып, әкемнің сенімінің үдесінен шығуды ойладым. Қазір қарап отырсам, сол табандылығым – менің тағдырымның бастауы екен ғой. Жұбайым – полковник құқық қорғау саласында еңбек етті. Екеуміз үш полковникті тәрбиеледік. Қызым да, екі ұлым да атақ-шенге малданып, ешкімге шекесінен қараған емес, осының бәрі-бәрі әке арманын жалғағым келген балаң қиялымның лайықты жалғасы іспетті, – дейді Зәуреш апай.

Білім беру ісінің үздігі атанған Зәуреш Жорабекқызы – бірнеше ғылыми мақалалардың авторы. Жүз шақты зерттеу еңбектері бар. Ресейде, Украинада, басқа да елдерде өткен көптеген ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, баяндама жасаған. Бүгінде екі ұл, бір қызынан немере, шөбере сүйген ардақты ана атанып отыр.

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support