- Advertisement -

Қайран елді сағынып…

102

- Advertisement -

Әкем Әбдеш Қожасбайұлы 1941 жылы Сарысу ауданынан майданға шақырылып, 1944 жылы үш жерінен ауыр жараланып, госпитальға түседі. Ауылдан хат–хабар алмағанына жыл-жарым уақыт болған. Ауылды қатты сағынған Әбдеш әкеміз елдегі жасы үлкен ағаларына, тең құрбыларына, іні-қарындастарына өлеңмен хат жолдаған екен. Әкемнің парағы сарғайып кеткен осы хатын анам кейін маған аманаттаған еді. 80 жылға жуық сақталған жауынгер хатын өзім сүйіп оқитын «Aq jol» газеті арқылы көпшілікке ұсынуды жөн көрдім.

Ал бұл жеңіс сарбазына жасалған құрмет деп білемін. Ақынжанды әкем Әбдеш Қожасбайұлы соғыстан жараланып, елге келгеннен кейін ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп,  ауданның өсіп-өркендеуіне көп үлесін қосты. Еңбек демалысына (зейнетке) шыққаннан кейін де байланыс саласында жұмыс істеді. Балалы-шағалы болып, өзі өмірден өткенше ауылдың сыйлы қариясы атанды. 

Өмірзақ ӘБДЕШҰЛЫ, майдангердің баласы.
Шайқорық ауылы, Жамбыл ауданы.

Биссмилла алдым қаламды,
Бір көруге зар болдым,
Бауырым мен баламды
Бұл сөзіме қосайын,
Кішіні, үлкен ағамды.

Жалғыз қылдың үстінде,
Қалтылдап басып мен жүрмін.
Аударма Алла табанды,
Тілегін беріп халықтың,
Көрсек бір жақсы заманды.

Таудай болды күн айым,
Талғамай жейміз арамды.
Кешіремісің Құдайым,
О дүниеде жаманды.

Таңымыз қашан атады
Күніміз боп тұр қараңғы.
Аруағына сиынып ұмытпайын
Ілгері өткен бабамды.

Ей, Жүсеке, Жарқынбай,
Соғысқа кірдім тартынбай
Тілектес болып тұрыңдар,
«Аман-есен жүрсін», – деп.

Жазымы көп жалғаннан,
Жазым болып мен кетсем
Көзіңнің қырын саларсың,
Бауырым бар артымда-ай.

Тілеймін тілек Алладан,
Адалдық кетті пәндеден.
Бұзылып пиғыл тұрған соң,
Болып тұр ма тар заман

Бір көрсем деп бауырды,
Біз бишара зарлаған.
Өкпе бауыр езіліп,
Көздің бір жасы парлаған.

Тереңде жүрмін тұңғиық
Не түсер қолға қармаған.
Жер шары үлкен кең екен,
Жерім көп әлі бармаған.

Жәрдем ет, жалғыз жаратқан.
Кездесті заңғар жар маған.
Қолтықтап, қолдап көтерсең,
Құтылып кетер әр адам.

Елім бір алыс ойласам,
Көзім де жетпес қараған,
Ақылдасып сөз жаздым
Қолымдағы қаламмен.

Шаншылған найза, атқан оқ,
Кездесіп тұрмын аранға.
Ажалы жеткен өледі
Атқан оқ тиіп табанда.

Айналайын, Құдай-ау,
Аманда есен қалам ба?
Аманда қалып осыдан
Елге бір есен барам ба?

Елге қарай бет алып,
Мінсем барып шаланға.
Істеген еңбек жиған мал,
Кете ме шығып арамға.

Таңымыз қашан атады,
Күніміз боп тұр қараңғы.
Айналайын, Аллам-ай
Алланың басқа салған-ай.

Қиын да заман қиналтып,
Қоясың ба пәндеңді-ай.
Артымдағы не болды
Қатын бір бала қалғаны-ай.

Тілекті беріп бір Алла,
Аман есен қосылсақ.
О, дариға жалған-ай
Арманы бар ма адамның

Үйіне аман барған-ай.
Түбі терең көз жетпес,
Шығам ба Алла жардан-ай.
Шығып тұрмын биікке,

Жығылмайын нардан-ай.
Қайғы менен қапаста
Талай жан жүр жалған-ай
Уайымға іш толды

Өлмес адам зардан-ай.
Аппақ қудай жүрегім
Көбейіп тұр тарлан-ай.
Қазамыз окоп жан үшін

Жүре алмаймыз қардан-ай.
Шыбыным, менің Тойшыбек
Қалқам, менің Тиышкүл
Аман ба екен қарғам-ай,

Соларды сақта Аллам-ай!
Еттен басқа жемейтін,
Қымыздан басқа ішпейтін
Шіркін, қазақ баласы

Тамақтан өтсе тамақ деп
Ішеміз бәрін талғамай.
Картошка мен капуста
Тәтті болды балдан-ай.

Сап-сары болған сәбізі,
Көрінді артық жалдан-ай.
Барар жерің балдырған,
Құрал-сайман алдырған.

Патронды белге орап
Мойынға мылтық салдырған.
Пулемет деген бір мылтық
Магазині қалбырдан

Атқан да оғы жиі-дүр
Аспаннан жауған жаңбырдан.
Жыл жарым болды Құдай-ай
Алмадым хабар ауылдан.

Құтқара гөр бір Алла
Түтеп бір соққан дауылдан.
Бауырларды бір көрсем,
Ашылар қабақ жабылған.
Аман-есен қосылсам
Ол бір тілек табылған.

Қарсыласқан қан майдан,
Батырды қанға қарымнан.
Тілегім болып қосылсам
Іштен де қайғы арылған.

Ойласаң қарап түсініп,
Заман болды-ау тарылған.
Қолға ұстайтын күн барма?
Айырылып мен жүрмін ,
Жез бұйдалы нарымнан.

Сағынып сәлем алмадым,
Құдай да қосқан жарымнан.
Аман ба ауыл ағасы-ай
Сау ма тонның жағасы-ай

Жылап, сықтап жүрме екен,
Алла болсын панасы-ай.
Қағазбен сәлем беремін,
Төрт атаның баласы-ай.

Тойшыбек жаным қайда екен?
Көзімнің еді қарасы-ай.
Тілегін беріп халықтың
Жазылса іштің жарасы-ай.

Салған соң Алла басына
Пенденің барма шарасы-ай.
Жете алмаймын талпынып,
Қашық тұр елдің арасы-ай.

Совет пен Герман соғысты
Байлық болып таласы-ай.
Қып-қызыл шоқ көк түтін
Аспан көктің арасы-ай.

Ғылымы күшті Советке
Гитлердің келмес шамасы-ай.
Қайран елді сағынып,
Қайнайды менің жүрегім.

Бола ма Алла тілегім
Айқайласам сөз жетпес
Шырқасам қарап көз жетпес
Хабарын қалай білемін?

Салған соң Алла басыма,
Амалым жоқ жүремін.
Аман-есен қосылсам,
Құрбыммен ойнап күлермін.

Әбдеш бауырларың.
1944 жыл.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support