- Advertisement -

Жергілікті билік пен әскер бірігіп әрекет етеді

22

- Advertisement -

Маржан РАҚАЙ

Ел айбыны – Қарулы Күштер! Биыл ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін ел әскері түрлі даму сатысынан өтіп, сан түрлі машықты меңгерді. Бүгінгі таңда сала толығымен қайта реформалануда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, қарулы күштерді реформалаудың басты мақсаты – армияның жауынгерлік әзірлігін арттыру. Осыған орай, әскери доктринаны қайта әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оған сәйкес, ел әскерінің кәсібилігін арттыру мен күнделікті тіршілігіне бірқатар жаңалықтар енгізілмек.

Мысалы, дағдарыс жағдайларында күш құрылымдары арасындағы тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар іс-қимылдарының бірыңғай алгоритмі әзірленген. Онда Қарулы Күштерді қолдану ерекшеліктері айқындалып отыр. Яғни, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аумақтық әскерлерді қалыптастыру тәсілдері қайта қаралуда. Олардың дағдарыстық жағдайлардағы негізгі міндеті – маңызды мемлекеттік объектілердің, сондай-ақ тіршілік әрекетін қамтамасыз ету объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл дегеніміз, алдағы уақытта дағдарыс жағдайларында жергілікті атқарушы билік пен қарулы күштер бірлесе әрекет ететін болады деген сөз.

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов: «Әскерлердің жауынгерлік даярлық жүйесіндегі кейбір тәсілдер қайта қаралуда. Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарды талдау, жедел өнер мен тактика саласындағы жаңа көзқарастар негізінде әскерлерді қолдану нысандары мен тәсілдеріне жаңа элементтер енгізілуде. Оларды сынау әртүрлі жаттығуларда жүргізіледі», дейді.

Сондай-ақ бүгінгі таңда мерзімді әскери қызметтің абыройын арттырып, беделін күшейту мақсатында да бірқатар бастамалар пысықталып жатыр. Олардың қатарында, әскери қызметшілерге мерзімді қызмет өткеру кезеңінде «кредиттік демалыстар» беру, сарбаздардың отбасына коммуналдық қызметтерге ақы төлеуде жеңілдіктер беру бар.

Басты бағыттың бірі – әскерилерге білім беру секторында жеңілдіктер беруге қатысты болып отыр. Көпшілік біле бермес, бірақ әскерде жүріп те кәсіп меңгеруге болады. Ол «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы аясында жүзеге асырылады. Жоба шеңберінде Қорғаныс министрлігі негізгі сұранысқа ие тракторшы, дәнекерлеуші, краншы, электрик сынды 16 мамандық бойынша мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді даярлауды жүргізеді. Әскердегі қызмет өткеру уақытында жастар әскери оқу орталықтары мен әскери бөлімдер базасында қажетті білім, білік және мамандық дағдыларын тегін алады.

Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны белгілі. Бұл өзгерістер әскери қызметшілер мен Арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әлеуметтік топтамасын жақсартуға, әскери қызмет өткеру мәселелерін регламенттеуге бағытталып отыр.

Әлбетте, әскер туралы сөз қозғалғанда азаматтардың отансүйгіштігі, патриоттығы туралы айтпай кетуге болмайды. Қазіргі уақытта «Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде. Құжат азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу және мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту саласына оң септігін тигізбек. Жаңа бастамаға сәйкес, азаматтар негізгі жұмыспен қоса, ерікті негізде әскери қызмет өткеруге мүмкіндік алады. Резервтегі әскери мамандарды даярлау азаматтардың тұрғылықты жері бойынша жылына екі айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support