- Advertisement -

Олар әскери дәрігер екенін мақтанышпен айтады

24

- Advertisement -

Биыл Тараз гарнизоны әскери госпиталінің құрылғанына 45 жыл толып отыр. Аурухана 1977 жылдың 23 мамырында КСРО Қарулы Күштері Бас штабының бөлімшесі ретінде ашылған.

Кеңес Одағы дәуірінде құрылған әскери госпиталь жаңа тарихтың барлық оқиғаларын: одақтың күйреуін, Қазақстанның тәуелсіздік алуын, ел Қарулы Күштерінің құрылуын, сондай-ақ Оңтүстік әскери округінің – қазіргі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрылуының куәсі болды. Қазіргі уақытта әскери госпиталь Қазақстан Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының тікелей бағынысының бөлімшесі болып табылады.

Кеңес әскерлерін Ауғанстанға кіргізу басталысымен әскери госпиталь Ауғанстанның әскери-далалық госпитальдарынан келген жараланған және сырқат әскери қызметшілерді оңалту және сауықтыру жұмыстарын өз міндетіне алды.

Госпитальдің алғашқы басшысы медицина қызметінің майоры Бабақұлы Мәмедқұлиев болды. Ол жаңа қызметке Түркменстаннан келген болатын. Аурухана жаңадан құрылғандықтан, материалдық-техникалық базаны құру, медициналық персоналды қалыптастыру және тәжірибе жинау үшін көп жұмыс қажет еді.

1991 жылы госпиталь қарамағында 1143 әскери лазареті құрылды. Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығуымен және әскери-құрылыс жасақтарының қысқаруымен госпитальда емделуге мұқтаж науқастар саны едәуір қысқарды.

Әр жылдары әскери госпитальді Б.Мамедкулиев, К.Амодахунов, Б.Боровиков, В.Золотухин, А.Астровский, А.Шовиков, Х.Кадыров, Р.Казаков, Ж.Панов, У.Байжарасов, Б.Нұрбековтер басқарды.

– Тараз әскери госпиталінің ұжымы әскери-медициналық мекеменің тарихын айрықша қастерлейді, – дейді госпиталь басшысы, медициналық қызмет подполковнигі Қамбар Назаров.
Бүгін Тараз қаласындағы әскери госпиталь ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен Оңтүстік өңірінің әскери қызметшілерінің отбасы мүшелеріне кезек күттірмей медициналық көмек көрсетеді.
Госпитальдің ерекшелігі – оның құрамында Қазақстан Қарулы Күштеріндегі бірегей және жалғыз модульді далалық госпиталь бар. Ол қарулы қақтығыстар, табиғи және техногендік апаттар болған жерлерде орналастыруға арналған.

Модульдік мобильді аурухана – бұл жиналмалы құрылым. Ол сұрыптау алаңы мен қабылдау, талдау бөлімшесі, ота-алды және екі ота жасау блогы, рентген жабдығы мен зертханасы бар диагностикалық бөлімшеден, анестезиология және реанимация, ординатор бөлімшелерінен, дәріханадан тұратын әскери-медициналық кешен.

– Дала жағдайында модульдік госпиталь 300-ге жуық жаралы азаматты қабылдап, тәулігіне 60-қа дейін ота жасауға мүмкіндік береді, – дейді Қамбар Назаров.

Ал жоғары санатты медициналық қызметкерлер ол кешенде тиісті медициналық көмек көрсете алады. Әскери-далалық госпиталь дәрігерлері әртүрлі жаттығулар барысында Отан қорғаушылардың өмірі мен денсаулығын сақтай отырып, қажетті медициналық көмек көрсете алатындығын дәлелдеді.

Бүгінгі таңда бұл мекемеде госпиталь басшысының орынбасары, медицина қызметінің майоры Ғабит Жұманов, терапиялық бөлімше басшысы, медицина қызметінің подполковнигі Ақылбек Қылышев, медицина қызметінің майоры, қабылдау бөлімшесінің басшысы Әлия Талқамбаева, медицина қызметінің капитаны, зертхана басшысы Елена Зубенко, материалдық-техникалық қамтамасыз ету қызметінің басшысы, капитан Қайрат Бекбаев, медицина қызметінің капитаны, емханалық бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің майоры Тойдық Қуанышбаев, госпитальдің бас медбикесі, қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен марапатталған сержант Полина Маношкина және басқа да кәсіби мамандар еңбек етеді.

Тараз әскери госпиталінің басшысы, подполковник Қамбар Назаров: «Дәрігерлер де, медбикелер де, жүргізушілер де өздерінің әскери және дәрігер атағын мақтанышпен алып жүреді, олар екі жақты жауапкершілікті терең сезінеді», – дейді.

Дина МУХАРИНОВА,
ҚР ҚМ медиа-орталығы,
Тараз гарнизонының
баспасөз хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support