Екінші мектебім санаймын

14

Жүрсінгүл ЖАҚЫП,
«Aq jol» газетінің Талас, Сарысу
аудандарындағы меншікті тілшісі.

Еңбек жолын аудандық газеттен бастаған мен секілді журналистер үшін «Ақ жол» сияқты басылымда жұмыс істеу шынында да арман еді. «Мойынқұм таңындағы» жиырма жылдық тәжірибемді арқалап Таразға келгенімде, облыс баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Ақ жолдың» табалдырығынан аттап жұмыс сұраудың өзіне жүрексінгенім есімде. Тек бірнеше уақыт өткізіп барып, онда да жерлес ағайым, белгілі журналист Рахан Мөмейдің «қайрауымен» бас редактордың алдынан бірақ шыққаным бар.

Алып денесімен орнынан тұрып қарсы алған Мақұлбек Рысдәулетов ағаның сол кездегі жылы жүзді бейнесі әлі жадымда. Бірден: «Есіңде ме, Мойынқұмда сен мені аудан әкімшілігіне ертіп барғаның?»
деп, неше жыл бұрынғы оқиғаны есіме салды. Ол кезде Мақұлбек аға «Егемен Қазақстанның» облыстағы меншікті тілшісі болатын. Бас редактор болмай қалып, жауапты хатшы болып жүрген
кезімде ағаны аудан басшыларына ертіп барғаным, әрине, есімде. Қысқа әңгімеден соң «Сені жұмысқа аламын, жыл соңында жаңадан екі штат сұрап отырмыз, күт», деді. Алайда ұзақ күтудің қажеті болмады, екі күннен кейін армандаған «Ақ жолымның» қызметкері болып шыға келдім. Жарнама бөлімінде жұмыс істей жүріп, он жылдан аса уақыт жазудан қол үзіп қалғаным да рас. Дегенмен ауданда жүргенде атын сырттай естіген, әрбір мақаласын қызыға оқитын небір мықты журналистермен
бірге жұмыс істей жүріп, газеттің қызу тіршілігіне мен де араласып кеткен едім. Одан бері де аттай 16 жыл өте шығыпты.

Бірде бас редактор жұмыс бөлмесіне шақырд ы. Алдында Мойынқұм ауданының сол кездегі әкімі Оңдасын Жиенқұлов отыр екен. Мақұлбек аға әдеттегідей ақжарқын қалпымен: «Мына әкімің сені сұрап келіпті, аудандық газетке бас редакторлыққа. Мен бермеймін дедім, өзің не айтасың?» деп төтеден қойып қалды. «Бермеймін» деген сөзі ерсілеу естілгенімен, астарында өзінің қызметкеріне деген ағалық қамқорлығы сезіліп тұрды. Дегенмен Мақұлбек аға «бермей» қойғаннан емес (өзіме де айтқан), бастапқыда қалаға келген мақсатыма орай ол ұсыныстан бас тартуыма тура келді. Бұл қарамағындағы әр қызметкерін бағалап, қолдай білген үлкен жүректі азаматтың адамгершілік қасиетінің бір көрінісі ғана еді.

«Ақ жолды» ұзақ жылдар басқарған, республикаға белгілі журналист, жазушы Әлдихан аға Қалдыбаевтың «сырттай» ақ батасын алғаным да ұмытылмайтын сәттердің бірі болды. Ол кісімен бетпе-бет кездесіп көрмеген кезім. Бір күні жұмыс  телефоным шыр ете қалды. Ар жақтан түсініксіздеу дауыс естіледі, әйтеуір мені сұрап жатқаны анық. Сөйтсем, Әлдихан аға! Сырқаттанып жүргенін естігенбіз, тілінің күрмеліңкіреп шыққаны содан екен. Ол кездер басшылық ауысып, басымнан біраз қиындық өтіп, соңында әділдік салтанат құрған сәт. Соны естіп, ауырып жатқанына қарамастан қоңырау шалған ғой. «Жүрсін, қарағым, саған риза болдым. Өзің сияқты қиындыққа мойымайтын күрескер қыздарымыз көп болсын. Қолдауымды білдіріп хабарласып тұрмын», деп ағалық ақ батасын бергенін қалай ұмытайын!

Бұған дейін де, кейін де «қайсар қыз», «мінезді қыз» сияқты «мақтау» сөздердің талайын естідім. Осындай кейбір басшыға жақпайтын «қырсық» мінездің пайдасынан гөрі зардабын көп көрдім
десем, оған да талай әріптесім куә. Дегенмен мен үшін Әлдихан ағаның сол қолдауы мен ыстық ықыласынан асқан, одан жоғары марапат болған емес. Кейін ағаны мерейтойымен құттықтап үйіне бардық, аз да болса әңгімелесіп, суретке түстік.

«Ақ жолдың» мен құрметтеген бас редакторының бірі Арғынбай аға Бекбосынов болды. Ол кісімен бірге
жұмыс істеу бақыты бұйырмаса да, есімі республикаға белгілі қоғам қайраткері, «Ақ жолдың» абыройын талай асқақтатқан арда азамат редакцияға әр бас сұққанында амандасып, әңгімесін тыңдау да бір ғанибет еді. Аты аталған ағаларымыз бүгінде бұл дүниеде жоқ. Дегенмен кезінде ол кісілердің зор қамқорлығы мен қолдауын көргендердің көп болғанына өзіміз куә. Ғасырлық тарихы бар басылымда жұмыс істей жүріп, талай мықты-мықты журналистермен әріптес болғанымды мен де мәртебе санаймын. Солардың арасында Елен Әлімжан, Тұрсынхан Толқынбаев, Қуаныш Иембердиев, Махамбет Дүйсебаев, Әділбек Баққараев, Баймаханбет Ахметов, Еділ Әлиев, Сапарғали Әлібаев сияқты ағаларым да болды.

Мен «Ақ жолдың» қасиетті табалдырығын аттаған кезде қоян-қолтық еңбек еткен әріптестердің қатары бүгінде едәуір сиреп қалған. Дегенмен Ақылжан Мамыт, Амангелді Әбіл, Фариза Әбдікерімова, Шарбану Даниярова, Оразкүл Әбдікерімовалармен әлі бірге еңбек етіп келеміз. Менен кейін іле-шала келіп, бүгінде бір теріні бірге «илеп жүрген» Саят Әлімжанова, Маржан Рақаева, Эльвира Жарылқасынова, Әсем Өтепбергенова, Алмаз Орманов сияқты әріптестерімнің де мен үшін орны ерекше. Уақыт ағымына қарай бүгінде қатарымыз жаңа толқынмен толығып, көптеген жастар бас басылымда бақтарын сынап жатыр. Аманкелді әріптесім жиі айтатындай, «Ақ жолдың» 100 жылдығын көру бақыты бізге бұйырған екен. Бұл да бір тарих! Ендеше, ғұмырың ұзақ болсын, ғасыр жасаған «Ақ жолым»

Comments are closed.