- Advertisement -

Басылымға қалай келдім?

67

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ,
аға тілші.

Аға шопанның баласы болдым. Сахарада ой қуып, даланың сұлу, тұнық табиғатын көріп өстік. Бір
жақсы жері әкем газет-журналдарға үзбей жазылып, өте көп оқитын. Ол уақытта алыста жүр ғой дей ме,
кеңшар басшылары малшыны бар керегімен қамтушы еді. Оның ішінде мерзімді басылымдармен де. Сол басылымдардың ішінде облыстық «Еңбек туы» газетінің (қазіргі «Aq jol») орны бір бөлек болатын. Қазір байқап отырсам, Арғынбай Бекбосынның бас редакторлыққа жаңадан келген кезі екен. Төменгі
сыныптағы оқушы болсам да әкемнің бір жағына отырып алып, қызыға оқитынмын. «Aq jol»-мен осылай таныстым.

Арада 20 жыл өткенде облыстық жастар газетіне тілші болып қабылдандық. Жастар газетінің басшысы Болат Бекжанов арқылы аңызға айналған Әлдихан Қалдыбаевпен таныстық, ақылын тыңдадық. Айтпақшы, оның алдында «Aq jol»-дың сол кездегі бас редакторы Мақұлбек Рысдәулетке кіріп, жұмысқа алуын өтіндім. Сонда өткізіп қойған ештеңем жоқ, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының сырттай 2-курс студентімін. Ол кісі көкірегімнен итерген жоқ. «Жұмысқа алатын едім, бүтін штат босамай тұр. Жарты штаттың жалақысымен Таразда тіршілік жасау қиын ғой. Бірақ үміт үзбе, жаза бер, экономикалық тақырыптарға бар», деді. Жұмысқа алмаса да, жылы сөзін аямаған бас редакторға риза болып қалған едім сонда.

«АR-AI» газетінде істегеніме 4 жыл толғанда Мақұлбек Рысдәулет аттай қалап «Aq jol»-ға шақырды. «Барамын» деп уәдемді беріп тұрып, жеме-жемге келгенде бара алмай қалдым.

Сөйтіп, жүріп-жүріп «Aq jol» газетіне 2015 жылы 11 маусымда сол кездегі бас редактор Көсемәлі Сәттібайұлының шақыруымен және бұйрығымен қабылдандым. «АR-AI» газетінің сол кездегі бас
редакторы Гүлнұр Ембердиева бастаған ұжымның қимай-қимай шығарып салғаны шындық. «Aq jol»
газетіне қабылданғанымда басшыдан бөлек бас редактордың бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт, бас
редактордың орынбасары Фариза Әбдікермова, жауапты хатшы Әділбек Баққараев, компьютер
бөлімінің басшысы, құрдасым Жанна Бейсенқұлова, өзімнің бөлім басшым Табиғат Абаилдаевтың құрметін, жанашырлығын көрдім.

Бір қызық оқиға бар. Сол жылдың ораза кезі. «Aq jol»-ға жаңадан ауысқандықтан, аузым берік болса да, ақпараттарға, алыс аудандарға жүгіре беремін. Бас редакторы К.Сәттібайұлы мұнымды байқап орынбасарларына: «Аузы берік екен, Есетті алыс аудандарға жұмсай бермеңіздер. Қинай бермеңіздер», депті. Осыны Ақылжан Мамыт мені шақырып алып айтты. Сонда мен: «Жоқ, аға, бас редакторға айтыңызшы түсіндіріп. Мені қинай беріңіздерші», дедім. Осы сөз редакцияға желдей тарап әлі күнге айтылады. Бұйырса, талай қызық алда.

Жүз жасаған газетіме ұзақ ғұмыр тілеймін! Той құтты болсын, ағайын!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support