Ұлт асылдарының кейбір шығармалары алғаш бізде жарияланды

13

Жайық БЕКТҰРОВ,
«Ақ жолдың» (ол жылдары
«Коммунист» деген атпен шығатын)
1939-1942 жылдардағы бас редакторы

Нелер бір бастықпаған, көндікпеген бас асау әлде надан басшы сымақтарды сын тезіне алып отырдық. Иә, талай-талай қызық та, күлкілі де, ренішті көріністер кездесуші еді. Облысымыздың іргелестігін де,
әдебиетшілермен, журналистермен жақын пікірлестігімізді де ретті пайдаланып, газетімізге Алматының белгілі ақын-жазушыларын, оқымыстыларын, көрнекті журналистерін жиі қатыстырдық.

Газет беттерінде С.Мұқановтың, М.Әуезовтің, Ж.Сыздықовтың, Қ.Аманжоловтың, Ғ.Ормановтың, С.Төлешевтің, С.Аманжоловтың, Е.Смаиловтың, И.Байзақовтың, Х.Әділгереевтің және өзгелердің өлеңдері, әңгімелері, фельетондары, ғылыми мақалалары, кесек шығармаларының үзінділері көп басылды. Мұның ішінде Сәрсен Аманжоловтың облысқа өзі келіп, жаңа әліппеге көшу жайлы баяндама жасап, жазған ғылыми мақаласын, Есмағамбет Смаиловтың Тәжікстанға, Садриддин Айниға барып келе
жатып бастырған Шоқан Уәлихановтың өткен ғасырда Әулиеатаға жорықпен келуі жайлы мақаласын, Сәбит Мұқановтың естеліктерін, Қасым Аманжоловтың тұңғыш рет біздің газет арқылы жарық көрген өлеңдерін, Мұхтар Әуезовтің Абай өмірінен жаңадан ғана жаза бастаған романының үзінділерін, облыс
өмірінен жазылған Сәйділда Төлешевтің фельетондарын ерекше айтуға тура келеді.

Газет жұмысының осы тұстағы елеулі бір қиындығы – бұрынғы латын әрпінен орыс әліппесі негізіндегі жаңа емлеге көшу еді. Әлі қалыптаспаған, әрі өзгерісі, толықтырылуы көп, әрі не машинисткалар, не корректорлар біраз қызметкерлердің өздері де дағдыланбаған әріп емлемен бірден күнделікті төрт бет газет шығара қою оңай болмады. Алғашқы кезде жаңа әліппеге газеттің бірер мақаласын, біртебірте бірер өңірін ғана бөлдік. Баспахана мақалаларды қолжазба қалпында тереді. Бірден жаңаша машинка да қолға түсе қоймады.

1969 жыл

Comments are closed.