- Advertisement -

Майданда рухы сынбаған Махмұт ата

227

- Advertisement -

Адамзат тарихында Кеңес әскерінің көзсіз ерлігімен есте қалған Ұлы Отан соғысын ұмыту мүмкін емес. Аспан асты, жер үстін жайпап өткен бұл алапат соғыс ашаршылық жылдарында титықтап, еңсесін енді тіктей бастаған ұлттардың тағдырын таласқа салғаны аян. Ажал исі аңқыған майдан даласында небір жүрек жұтқан батырлар оққа ұшты.

Тағдырдың қалауымен елге дін аман оралған ардагерлеріміз қатары жылдан жылға азайып барады. Ендігі кезде оқ пен оттың ортасында жанын шүберекке түйіп жаумен алысқан батырларды көзі тірісінде
ұлықтай алдық па, деген орынды сұрақ туады. Мысалы, былтыр сұрапыл соғыстың кермек дәмін татып, Берлин маңында жараланған Махмұт Бесімбаев атамыз өмірден озды. Сонда майдангердің туыстарынан «атаның шытырман оқиғасы туралы кино түсіреміз», деп келгендердің қайта есік қақпағанын естігенбіз. Қайта сол уақытта соғыс ардагерінің үйіне барып, көзі тірісінде жіпке тізіп айтып берген оқиғаларын қағазға түсіріп алған едік.

Біз дәл қазір атақ, даңқ, дәреже, билік, мансап деген дүниелер адамзат баласының өмірде еншілеген басты олжасы деп ойласақ керек. Бірақ 1941 жылы басталған соғыста қару асынған әрбір жауынгердің ойында тек «Жеңіс үшін» деген ұран тұрғаны белгілі. Біздің кейіпкеріміз де өз тағдырынан елдің келешегін биік қойды. Ол өзінің азаматтық парызын адал орындады. Майданда жарақат алды, бірақ ол жарақаты жанның жарасынан ауыр емес те еді. Махмұт Бесімбаев көзі тірісінде өткен күндерді еске алғысы келмейтінін жиі ескертіп отыратын. Сонда ардагердің үйіне барғанымызда біз де ескі жараның орнын тырнамауға тырысып баққан едік. Ол 1924 жылы 1 қаңтарда Талас ауданы, Бостандық ауылында туған. Балалық шағы ашаршылықпен тұспа-тұс келіп, кейіпкеріміздің «қос қанатын» өзімен бірге алып кетті. Барар жер, басар тауы қалмаған өрімдей бала қаладағы нағашыларының үйін паналауға мәжбүр болған.

Дала тас қараңғы, ауылдағы әр киіз үйден жылап-сықтаған адамдардың зарлы дауысы дәл осы мезгілде тіпті аянышты естілетін. Қатқан нанның өзін сағынып жеуге мәжбүр болған күндер. Тек ертелі-кеш ойын қуған балалар ғана алаңсыз. Олардың өзі ас іздеуге шығады. Бала Махмұт қазіргі Тараз қаласының көшелерінен өзімен қатарлас жиеніне еріп, тамақ іздеуді әдетке айналдырған.

«Төрткөлде жүргенде, жиенім екеуміз аштықтың зардабын қатты тартқаннан болар, көшеден тамақ іздеуге шығатынбыз. Сөйтіп жүргенде, кім екенін білмеймін, біреу (милиционер болса керек) ұстап алып, қазіргі орталықта бір үй болған, бізді сонда желкелеп апарып, қамап қойды. Біз баламыз ғой, қайда баратынымызды, не істейтінімізді де білмедік. Жиенім маған қарағанда еті тірілеу болды ма, әйтеуір қамаудан қашып кетті. Мен қалдым. Арада неше күн өткенін білмеймін, әйтеуір бір күні әлгілер ас-ауқат әкеліп берді. Сөйтіп, мені басқа балалардың қатарына қосып, пойызбен алып кетті. Қанша күн жүргеніміз есімде жоқ, әйтеуір Ақбұлақ деген жерге алып келді. Оны кейін білдім, сөйтсем, Ресеймен шекаралас орналасқан аймақ екен. Балалар үйіне келіппін. Ақырында сол жердің тәрбиесін алып, сол жерде оқыдым»,– деп еске алып еді, қайран, ардагер.

Осы оқиғадан бұрын Махмұт атаның ауыл молдасынан әуелі арабша, кейін латынша хат танығаны бар. Онда да жазуға арналған кәнігі қағаз жоқтың қасы. Сол дүрбелең шақта қағаз-қаламға балалар үйінің тәрбиеленушілерінен бөлек, жай-күйі бар балалардың да қолы жетпепті. Қалам болған күннің өзінде бүтіні екінің біріне бұйырмайды. Әйтеуір сол мүжілген қаламдарды қолынан тастамайтын Махмұт сурет салуға қызығушылық танытып, тіпті жазуға арналған парақтардан бос орын қалдырмаған. Сөйтіп жүргенде, бір күні жас өреннің өнерін байқаған тәрбиешілер оң қабақ таныта бастайды. Ақыры тәрбиешілердің көмегімен Махмұт 1940 жылы Украинаның Киев қаласына училищеге оқуға барады. Уақыт өте сурет салудың түрлі тәсілдерін тез меңгеріп, машықталады. Ашаршылықтан кейін жағдай оңала бастаған кез, араға жыл салып алаңсыз халықтың басына үлкен нәубет келетінін ешкім күтпеді. Ол 1941 жылы басталған соғыс еді.

Жастық шақ, түрлі бояулармен көмкерілген тұмса табиғат бозбала суретшінің қаламымен тіпті көркем көрінетін. Кешқұрым серілік құрып, қыздармен серуенге шығатын күндер. Сұлудың сол қолынан ұстап кинодан қайтып келе жатқан жастардың ішінде Махмұт та жүр. Кенет жаймашуақ сәт бірден ғайып болып, дүрбелең басталды да кетті. Кинодан қайтқан екі жас алып ұшып училищеге де жетті. Жүрегі шайлығып қалған адамдардың зәресін алған бәлекет соғыстың басталғаны туралы хабар екен. Мұның бәрі тегін емес екенін Махмұт та іштей түсініп болғанша, училищенің жертөлесіне жиылған бозбалаларға әскери адам келіп: «Ал жігіттер, Отан алдындағы міндетті орындайтын кез таяды. Қанеки, араларыңда батыл жігіттер бар ма?», – деп бастыра сұрапты. Өмір-ай десеңші, бала кезде сол офицерлердің формасын киюге құмартқан жастардың басым көпшілігі өз тағдырының желісі осылай өзгеретінін сезбеген де.

«Содан жедел жеткен әскери адамның айтуымен қыз балалар мейірбикелікке барса, ал біз өз еркімізбен борышымызды өтейміз дестік. Содан бірер күннен кейін қаладан шамамен 30 шақырымдай жердегі әскери дайындық жүргізетін аймаққа жеттік. Қару-жарақ ұстауды үйрене бастадық. Мен бала кезімнен ширақ әрі епті болып өскенмін. Қысқасы, сол жерде бір аптадай оқу-жаттығудан өттік. Содан не керек, бізге бұйрық келіп, отқа оранған майданның артқы шебінде жүретін болдық. Окоп, блиндаж қаздық. Сонда бір жыл, екі айда Киевтен Сталинградқа дейін жаяу өттім. Шегініп жүрген сарбаздарға жағдай жасалмады. Тіпті жарытып ас ішу де арманға айналған. Жемеген нәрсеміз қалмады, әйтеуір жан бақтық», – деген Махмұт атамыз басын төмен салып, біраз кідіріп еді-ау, жарықтық..

Махмұт ата Сталинградқа жеткенде, әскердің саны кеміп, қасында 17 адам ғана қалыпты. Қалғандары тірі ме, әлде жарық дүниемен қоштасып кетті ме, белгісіз. Сталинградқа жеткен сарбаздардың саны аз болғандықтан, Махмұт Бесімбаевтардан күдіктеніп, сұрақтың астына алып, қамауда ұстаған. Бұл тосыннан қосылған топты тек төрт күннен кейін майданда шегіне жүріп ұрысқа түскендер екеніне нақты сеніпті.

Махмұт ат а майдан да ласында мотоатқыштардың құрамында болған. Сонда жүріп полк командирі Николай Ковалевпен танысады. Екі жылдай сонымен емен-жарқын араласып, серігіне айналып үлгереді. 1942 жылдың күзінде Махмұт ата екінің бірі тап бола бермейтін оқиғаны бастан кешіреді. Ас-ауқат ішіп алған соң, сарбаздарға «Сталинград маңындағы трактор шығаратын зауытты қорғаймыз» деген бұйрық келеді. Командирдің тапсырмасы бойынша жауынгерлер сан тарапқа шашырап, тығылуы керек болған. Махмұт сол маңдағы бір үйге кіріп, жау келсе, жаншып қаламын деген оймен отырған. Міне қызық, шамамен жарты сағаттан кейін, енді қозғала берген Махмұтты үйдің жоғары қабатынан сәбидің жылаған даусы кілт тоқтатады. Ол шыр-пыр болып екінші қабатқа көтерілсе, қанға шомылған боп-боз баланы көреді. Жарақат алған болар деп денесін тексерсе, бала дін-аман екен. Сәлден соң бөлмеде мерт болған баланың анасын байқайды. Сөйтіп, көк көз баланы жуындырып, командирге барып, болған жайды баяндайды. Командир Махмұтты іркімей шақалақты 2-3 шақырым жердегі санбатқа апаруды тапсырады. Кім ойлаған? Сөйтіп, есімі белгісіз баланың тегін Бесімбаев, есімін Бақыт деп Махмұт атаның өзі қояды.

Оқ қарша борап жатқан майданда қашан ажал құшады екенмін деген оймен емес, елімді азат етемін деп соғысқа кіру – нағыз батырға тән қасиет. Бірақ қараңғы түскенде снарядтар мен жалт еткен оқтың жарығы жүректі шайлықтырып жіберетіні сөзсіз. Махмұт ата сондай бір соғыста жарақат алып, госпитальге түседі. Жау іргеде тұрғанда, омалып отыру да жігітке сын. Махмұт ата Қазан  қаласында 7 ай жатып, қайта жауынгерлердің қосына қосылады. Сол өзі шегініп жүріп ұрысқан Ленинградқа қайта барады.

1943 жыл. Махмұт атаның айтуынша, жоғары жақтан шенділер келіп, жастардың барлығын жинап, 20-30 жауынгерді іріктеп, ұшақпен алып кетеді. Кейін сұрастырып білсе, іріктелген сарбаздар Мәскеу түбіндегі Скоп деген қалаға барыпты. Онда парашютпен секіретін сарбаздарды (десант) дайындайтын көрінеді. Жауынгерлер 2 айда 25-30 рет парашюттен секіріп машықталған.

«Дайындық бітті-ау дегенде, бізді қайта ұшаққа отырғызып алып кетті. Қайда баратынымызды бір Құдай біледі. Сол кез 1943 жылдың қысы еді. Тағы да ұшақтан секірдік. Ішімнен 10-ға дейін санап, тартқышты тартып қалдым, парашют ашылмады. Екінші мәрте тарттым, көзімді тарс жұмдым, бәрі бітті дедім. Бір кездері тасырлаған дауыс шықты. Есімді жоғалтып алдым. Кейін сұрастырсам, бір апта ес-түссіз жатқан екем. Құлаған сәтте ағашқа ілініп қалып, 7-8 жерімнен жарақат алыппын», дегені күні кешегідей есте қалыпты.

Махмұт Бесімбаев сол оқиғадан кейін тіпті госпитальге бармаған. Олардың мақсаты Ленинградқа азық-түлік жеткізу болған. Арада екі ай өткен соң, 1943 жылы Сталинградқа дивизия келіп, қаланы азат ету басталады. 1944 жылы шабуылды күшейтіп, 100-ден аса шағын ауылды жаудан босату, соның ішінде Харьков, Минск, Киев қалаларын азат ету кезінде Махмұт ата да сарбаздардың шебінде болған. Олар шекара асып, Румынияда болып, кейін Германияға кірген. Бірақ Берлинге 72 шақырым қалғанда, Одер өзенінің бойында жарақат алып, Польшаның Варшава қаласында госпитальге жатады. Сол жерде әзер сөйлеп, тілге келіп жатқанда, Кеңес әскері Берлинге кіріп, «соғыс бітті» деген хабар келеді.

«Соғыс біткеннен соң Польшадан Новосибирскіге бардым. Сол кезде бізді Жапонияға жібермекші болған екен. Бірақ мен бармадым. Сөйтіп, Томскіге жіберді. Онда тұтқынға түскендерді қарауылдауға қатыстым. 1953 жылға дейін сонда жүрдім. Сосын елге оралғанда, 21 жыл орыстың ішінде болған соң, қазақшаны ұмытып қалғанмын. Елге келіп, сол баяғы Төрткөл көшесіндегі әжемнің қыздарын іздеп таптым. Бәрі қазақша сөйлейді, түсінемін, бірақ жауап қайтара алмаймын. Содан не керек, сол кездегі Ленин атындағы парктің маңында суретшілер шеберханасына барсам, басшысы Николай Ковалев екен. Дәл өзі. Ол мені қарамағына алып, сурет салуды үйретіп, шебер суретші болдым. Менің ұстазым, туған әкемдей болды», – деп толғанған Махмұт Бесімбаевтың естелігін қалай ұмытасың?!

Майдангердің шытырманға толы өмірі шағын бір әңгіме тәрізді. Әңгіменің ең қызық тұсы да 1943 жылы бөлініп кеткен полк командирі Николай Ковалевпен 1953 жылы Жамбылда жолыққан шағы екен-ау. Махмұт ата соғыстан келген жылы өмірлік жары Тойған Сәтбаевамен шаңырақ көтерген. Екеуі 5 бала, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Бір қызы мен бір ұлы жазмыштан өмірден озған. Уақыт өтіп, өмірік жарын да ақтық сапарға шығарып салатынын қария күткен жоқ.

Махмұт Бесімбаев ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдарында атамыз шаруашылықтың небір түрімен айналысқан. Қайда жүрсе де асқақ арманынан қол үзбеген қария 27 жылдан астам уақыт суретші болған. Батырдың өмірі тек отбасына ғана емес, барша қазақ халқына үлгі боларлық. «Батыр туса – ел ырысы» деген осы екен.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support