- Advertisement -

Ұлылар мұраты – ұлт қамы

67

- Advertisement -

Тәуелсіздік – таусылмас байлық, баға жетпес бақытымыз. Осы қастерлі құндылық жолында күрескен, ұлт мүддесі жолында білімін, қайратын, қажет болса жанын берген қайраткерлер есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Солардың көш басында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тұр.

Биыл 150 жылдығы аталып жатқан Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін ерекше насихаттап, ерлігін қалай құрметтесек те артық емес. Облыс әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «А.Байтұрсынұлы: Тәуелсіздік және қазақ тілі» атты республикалық конференцияның мақсаты мен мәні осында болса керек.

Конференция жұмысын облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова ашып, жүргізіп отырды.

«Бүгінгі тәуелсіздіктің 30 жылдығын еңсерген шақта Алаш идеясы Ахмет Байтұрсынұлының тағылымын ғибратты рухани құрал ретінде пайдаланып, мол мұраларын ұрпақ санасына сіңіру – Алаш идеясын жүзеге асырудың бір парасы ғана. Қазақ халқы қай кезеңде де мақтан тұтар тұлғалардан кенде болған емес, дегенмен ұлттық білім-ғылымның көшбасшысы бола білген, тіліміздің өзіне тән, дыбыстық жүйесіне сай әліппесін қалыптастыра алған Ахмет Байтұрсынұлының орны ерекше дер едім. Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары да алдымызға үлкен міндеттер жүктеп отыр», дейді Рахия Сейітбекқызы.

Басқосуға онлайн қатысып, ойларын білдірген танымал тіл жанашырлары аз болмады. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан қазақтың тілін, әдебиетін ғылыми тұрғыдан дамытудағы еңбегіне тоқталса, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Тілешов қазақ тілін ғылыми түрде терең талдаған Ахмет Байтұрсынұлына бүгінгі ұрпақ аса құрметпен қарауы қажеттігіне тоқталып өтті. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, доцент, ф.ғ.к. Күлзинат Қарынбаева және ф.ғ.д. Меруерт Көпбаева, «Өрлеу» Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы Гүлхан Аманова баяндама жасап, астаналық қонақтар тарапынан айтылған ойды толықтырып өтті. Осылайша, конференцияда А.Байтұрсынұлының ғылыми пікірлерінің өміршеңдігі, қанатты сөздері мен тілдік мұраты туралы кеңінен қамтылды.

Іс-шараны Рахия Тұрмаханбетова қорытындылап, қонақтарға алғысын білдіріп, Ұлт ұстазына деген құрмет жалғаса беретінін айтты.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support