- Advertisement -

АВТОТҰРАҚТЫҢ ҚАБЫРҒАСЫ АБЫЛАЙ ХАННЫҢ СУРЕТІН САЛАТЫН ЖЕР МЕ ЕДІ?

110

- Advertisement -

Тараз – мың жылдықтарға даңқы кеткен тарихи қала. Бұл қаланың сәулеті, архитектуралық құрылысы, көркемдігі мен сұлулығы кім — кімге де ой салуы тиіс. Бірақ, біз біраз уақыттан бері байқап жүрген бір мәселе бар. Қанша ай өтсе де өзгерер емес. Сол мәселені бүгін қозғауды жөн көрдік.
Қаланың орталығы десе де болады ғой, Тәуке хан мен Саңырық батыр көшелерінің қиылысында орналасқан автотұрақ нысаны бар. Бұл жерді біреулер «Камаз» орталығы» деп те атайды. Дәл осы нысанның сыртқы жағындағы қабырғасына (Тәуке хан көшесі) Төле, Әйтеке, Қазыбек билердің суреттері салыныпты. Нысанның артқы қабырғасы да аласа екен. Билердің суреті жауын-шашынмен ағып тамып, аянышты жағдайда тұр. Көрген көзге қораш, сұрықсыз көрінеді. Бұл дегеніңіз барша қазақ ардақтаған үш биге деген құрмет пе, әлде қорлау ма? Дәл сол қабырғада, үш бидің картинасынан сәл әріректе Абылай хан бастаған батырлардың суреті салыныпты. Ол да тым қораш, кішкентай, сұрықсыз. Әйтеуір, біреудің зорлығымен амал жоқ салына салған дүниелер іспетті.
Біздің ұғымымызда бұл құрметтеу емес, қазақтың ханын мазақтау немесе масқаралау секілді. Автотұрақ ғимараттарының төбесінен су ағып, әлгі картиналарға ылғал тиіп жатыр. Соның салдарынан суреттің әр жері сарыала — сарыала болып айғыздалған. Қазақтың маңдайына біткен, заманында елдің айбыны болған, бағын асырған хандар мен билердің көретін құрметі осы ма? Басқа көрнекті жер табылмағаны ма?
Тәуке хан көшесі қаланың әуежайына және Шымкент қаласы бағытына шығады. Тараздың орталық көшелерімен жалғасып жатыр. Яғни, бұл көшенің бойымен сырттан келген қонақтар, ел астанасынан, Алматы, өзге де қалалардан, шет мемлекеттерден келген сыйлы қонақтар өтеді деген сөз. Облысымызға келген Мемлекет басшысы да, басқа да лауазымды тұлғалар қалаға осы даңғылдың бойымен кіреді. Ендеше әлгі көріністерді байқаған қала қонақтары қандай күй кешеді?
Бізге осы мәселені айтып, ой салған кісінің бірі – Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдәзімов болатын.
– Мынау өте ыңғайсыз көрініс. Оның талай уақыттан тұрғанына ешкімнің селт етпеуі тіптен қорқынышты. Сол Абылай хан бабамыз, Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріміз қиын кезде Алты алаштың туы болды, қалың қазақтың қорғаны болды. Біздің баршамыздың мақтанышымыз, айбарымызға айналды. Сондай биік тұлғаларды осылай қорлауға бола ма? Ол тұлғалардың картиналары неге сондай қолайсыз, ыңғайсыз жерде тұр? Осындай қастерлі бабаларымызға дәл сол автотұрақтың қабырғасынан басқа жерде орын жоқ па еді? Мұны қалай, немен түсіндіріп беруге болады? Жастарымыз бұл көріністен не тәрбие, қандай әсер алады? Абылай ханды құрметтей ме, суретін үлкен баннер салып, қаланың ең көрікті жеріне ілсін. Қазақтың маңдайына біткен үш биіне де сондай құрмет көретсін. Ондай даналарға қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Сондықтан, бұл келеңсіздік тез қалпына келсе деп тілеймін. Азаттық жолында жанын салған, ұлттық болмыстың сақталу жолында өлшеусіз тер төккен дара тұлғаларды бұлай қорлауға болмайды, — дейді бұл жөнінде Сембек Сейдәзімов.
Біздің де бұл айтылған сынға, өзекті мәселеге алып қосарымыз жоқ. Бәлкім, осы сыннан кейін қала басшылары, сәулет жағына жауапты азаматтары бұл жайлы ойланар, олқылықты түзетер деген сенімдеміз.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support