- Advertisement -

6728 ГЕКТАР СУАРМАЛЫ ЖЕРДІҢ 2 МЫҢНАН АСТАМЫНА ҒАНА СУ БАРАДЫ

218

- Advertisement -

Ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өңірлердің бірі – Т.Рысқұлов ауданы. Мал және егін шаруашылығы қатар дамыған ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Шаруалар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен көмекті сезініп отыр ма? Осы сұрақтар төңірегінде және басқа да іргелі салада атқарылып жатқан жұмыстар жайлы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевпен әңгімелесудің сәті түсті.

– Темірғали Нәдірұлы , әңгімемізді қай заманнан ауыл шаруашылығы дамыған облыстағы іргелі ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы қолға алынып жатқан тірліктерін қысқаша баяндаудан бастасақ.

– Өткен жылы ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға егіншілік саласы бойынша 134 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 344 миллион 448,1 теңге, мал шаруашылығы саласы бойынша берілетін әртүрлі жеңілдіктер мен қолдауларға – 135-і 306,465 231 теңге субсидия алды. Сонымен қатар құдық , жаңбырлатып суару қондырғылары , ауыл шаруашылығы техникаларын алу үшін инвестициялық субсидияларға 347 тауар өндіруші 737 миллион 889,30 теңге қолдаулар мен жеңілдіктерге ие болды. Несие және лизинг бойынша 462 тауар өндіруші – 267 миллион 405,0 теңге
несиелік қаржы алып, жалпы аудан бойынша 1078 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 1 миллиард 656 207,60 теңгеге субсидия алынды. Ауданда 2021-2025 жылдарға, жалпы сомасы – 47,8 миллиард теңгеге 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуы жоспарлануда. Біздің тауар өндірушілері мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты осылай сезінуде. Оның үстіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та ауыл шаруашылығы саласын дамытуда нақты міндеттер қойып, қолдау-көмегін көрсетуде. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та ауданның сан-салалы тіршілігінен уақыт тауып, шаруалармен жиі кездеседі. Қандайда бір мәселе туындай қалған жағдайда оны дер кезінде шешуге қол ұшын созады.

– Былтыр азық — түлік бағасының шектен шығып қымбаттауы ел — жұртты біршама алаңдатқаны белгілі. Сіздерде қалай болды?
– Иә, былтыр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттады. Оған негізгі себеп– ауа райының өте құрғақ болуы. Дегенмен аудан шаруашылықтары агротехникалық шараларды қатаң
орындай отырып, қажетті азық-түлік тауарларынан бидай, келер жылға қажетті тұқыммен, малға
қажетті құнарлы жеммен, шөппен толық қамтылды. Өндірілген ұн, макарон, көкөніс, ет, сүт, шұжық және жеміс-жидек өнімдері ауданда, Тараз, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында өткен жәрмеңкелерге тұрақты түрде шығарылды. Мысалы, 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында бір рет, ауданда екі мәрте, Тараз қаласында 13 рет жәрмеңке өтті. Елордада өткен ауыл шаруашылығы тауарларының
жәрмеңкесін 16,0 тонна азық-түлік тауары арзандатылған бағада сатылды. Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында ұйымдастыру және іске асыру жұмыстары атқарылуда. Құлан ауылы, Жібек жолы көшесі, 201 үйде орналасқан «Сұлу-Төр» нысаны әлеуметтік дүкен ретінде танылып , «Тараз» ӘКК-нан «Мұсаев Ж.Ж.» жеке кәсіпкерлігі 5,0 миллион теңгеге несие алып, Тараз қаласынан көтерме сауда орындарынан әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларын алып, базар бағасынан төмен, қолжетімді бағада сатуда. 200 тонналық тоңазытылатын қоймасы бар «Бидайшы» шаруа қожалығы айналым қаражаты үшін «Тараз» ӘКК-нан 15,0 миллион несиелік қаржы алып, аудан тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен және көкөніспен қамтамасыз етуде. Ауданда аумағы 0,2828 шаршы метрді құрайтын 6 фермерлік жылыжай жұмыс істейді. Осы жылыжайларда 2021  жылы 24,0 тонна қызанақ, қияр өнімі өндіріліп, аудан тұрғындарына ұсынылды. Алма бағының 301,0 гектары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің иелігінде болса, 30 гектары аудан тұрғындарының
үй іргесінде. Былтыр 331 гектар алма бақтарынан әр гектарынан 85,0 центнерден, барлығы 28200,0
тонна өнім жиналып, аудан және Тараз қаласының тұрғындарына жәрмеңкелерде және дүкендерде
сатылған.
2018 жылдан Құлан ауылындағы «SV Agro», «Arho agro» ЖШС 1000 гектар қарқынды алма бағын отырғызу жобасын іске асыруда, инвестиция көлемі 2 миллиард 183 миллион теңге. Бүгінгі күнге 150 гектар алма, 100 гектар шие егілді. 2020 жылы серіктестік 60,0 тонна алма, 6,0 тонна шие өнімін жинаса, 2021 жылы 130,0 тоннадан аса өнім жиналды. «КазАлма»-де 2019 жылы 50,0 гектарға шие отырғызып, 2021 жылы алғашқы өнімі жиналды. Аталған үдемелі бақтар инвестициялық жобалар ретінде тіркеліп, іске асырылуда. Сонымен қатар 2021 жылы облыс әкімдігінің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Түркия мемлекетінің «Goknur gida» ЖШС-ның қарқынды алма және жеміс-жидек бағын өсіріп, жеміс өнімін өңдеу жобасы іске асырылуы күтілуде. Жоба құны 42 000,0 миллион теңге. Сұралып отырған инвестициялық субсидия көлемі 500,0 миллион теңге. Жобаның басталуы – 2022 жылдың наурыз айы, толық іске асырылуы 2024 жылдың желтоқсан айы. Жоба толық іске асқанда маусымдық кезеңге 200 адам жұмысқа тартылып, тұрақты 200 адамға жұмыс орны ашылуы
жоспарлануда.

– Мал бордақылау, өнім өндіруде қолға алынып жатқан тірліктер туралы да тоқталып өтсеңіз?– Біздің ауданда 2600 бас мүйізді ірі қараға арналған – 12, 780 бас жылқыға арналған – 5, 3600 бас қойға арналған – 4 және 30000 бас шошқаға арналған 1 мал бордақылау алаңы тұрақты жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен 27 шағын кәсіпорын мен шағын цех айналысады. 7 ұн диірмені, 7 наубайхана, бір- бірден шұжық цехы, май цехы, сүт өңдеу цехы жұмыс істеуде. «Ақтоған» шаруа қожалығының макарон цехында 20-дан аса макаронның түрі шығарылып, сатылуда. «Ұлы Сұлтан» шаруа қожалығы шұжық цехында сұраныс арқылы шұжықтың 10-нан астам түрі шығарылып, сатылуда.
«Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ның «Малдыбай» астық қабылдау пунктіндегі ұнтақталған мал азығын (комбикорм) шығаратын кешен, қуаттылығы тәулігіне 15 тонна өнім шығаратын кешені сұраныс арқылы өнім шығаруда. «Шәушен» шаруа қожалығы Жарлысу ауылының үстіндегі «Қарабұлақ» тау бөктерінде 250 бие сауып, қымыз өндіреді. Сұраныс болғанда айына 17-18 тонна қымыз өндіре алады. «Шәушен»
шаруа қожалығы 3000 қой мен 500 жылқы малын түпкілікті бордақылау кешенінде сойып, тоңазытқышта салқындатып, Нұр-Сұлтан және Тараз қалаларында сатады. Осы бағытта, ауданда ауыл
шаруашылығы өндірістік кешенін одан әрі дамыту үшін инвестиция көлемі 1 миллиард 263 миллион
теңге болатын 3 жоба іске асуда.теңге болатын 3 жоба іске асуда.


Құлан ауылдық округіне қарасты Шалқар Төкеев басшылық жасайтын «Шалқар » шаруа қожалығы инвестиция көлемі 680,0 миллион теңгеге 1500 мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізуде. Жоба жүзеге асқанда жылына 7500 тонна сиыр етін дайындауға мүмкіндік туып, 20 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.Абай ауылдық округіне қарасты  Шалқар  Асанов жетекшілік ететін «Керең» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы негізінде Германиядан 94,6 миллион теңгеге 136 сүтті бағыттағы «Семментал» тұқымды асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алды.
Ақбұлақ ауылдық округіндегі Серікжан Шоқатаевтың «ҚайнарАгро» ЖШС жоғары репродукциялы тұқым тазалау жүйесі бойынша зауыт салу және пайдалануды қолға алды. Жобаның қуаттылығы – сағатына 10 тонна, жылына 3000 тонна, жоба құны– 220,0 миллион теңге. Тұқым шаруашылығын дамытуда жоғары репродукциялы тұқымдарды қолдануын арттырып, кондициялы тұқымды себу, мол өнімге қол жеткізу мақсатында заманауи технологиялармен жабдықталған, материалдық-техникалық базасы жетілген тұқым шаруашылығын құру, жоба бойынша 2021 жылдың қазан айында зауыт іске қосылды, 6 адамға тұрақты жұмыс орны ашылды.

– Т.Рысқұлов ауданының аты бұрыннан астық өсірумен шыққанын білеміз. Жер баптап, егін салған диқан қауымының жағдайы қалай?
– Ауданда 2022 жылдың өніміне 55200 гектар күздік бидай себілді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу барысында жаздық арпа – 57020, жаздық бидай – 1950, мақсары– 9220, қант қызылшасы – 380, дәндік жүгері – 250, картоп, – 560, көкөніс – 520, бақша өнімдері – 160, таңқурай, құлпынай – 28, күнбағыс– 20, 8823 гектарға жоңышқа, оның 1200 гектары жаңадан егілді. 200 гекарға сүрлемдік жүгері себіліп, 16238 гектар пар айдалады. 5 наурызға дейін 7482 гектар көктемгі жер толық жыртылды. Жаздық масақты дақылдарды себуге жоспарланған 58750 гектардың 6756 гектары себілді. Сонымен қатар 225 гектар пияз, 456 гектар көпжылдық шөп тұқымы себілді. Көктемгі тұқым себу науқаны жалғасуда.
Биылғы көктемгі егіс -дала жұмыстарына 2795 тонна кепілдендірілген жанармай бөлінді . Операторы болып , «WeDo Energy» ЖШС белгіленді. Бөлінген дизель отындары осы оператор арқылы 1 литрі 202 теңгеден ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сұраныстары бойынша таратылуда. «Луговой жылқы зауыты» , «Қайнар Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Шалқар» шаруа қожалығы сынды үш репродукциялы астық тұқымды шаруашылығы жұмыс істейді.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 57020 гектар жаздық арпаға 9625 тонна тұқым қажет болса, қолда бары 10085,5 тонна. 1950 гектар жаздық бидайға 351 тонна тұқым қажет болса, қолда бары 630 тонна. Жалпы алғанда 179 пайыз тұқым дайын.

– Егістік алқабы биыл да ауқымды көрінеді . Ертең шаруалар судан қиналмай ма? Жерасты суын игеру мен су үнемдеу технологиясын енгізу қалай жүзеге асуда?
– Сұрағыңыз орынды. Облыс аумағындағы ағын сумен өте аз қамтылған аудандардың біріміз. Суармалы егістік аумағы 6728 гектар болып белгіленгенмен, нақты 2380 гектарға ғана су жетеді. Биыл тауға қардың аз түсуінен, тау суының аз болуы ықтимал.
Аудан бойынша 192 ұңғыма бар. Оның 104-і егістік басында орналасқан. Осы егістікке пайдалану мүмкіндігі бар ұңғымалардың жағдайы, орналасқан жері толықтай зерделенді. Зерделенген 104 ұңғыманың су ағып тұрғаны – 26, бітелмеген суы бары – 54, бітелгені – 24. Жалпы осы ұңғымаларды қалпына келтіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
2022 жылы ауданда жерасты суын тиімді пайдалану мақсатында «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығы  иелігіндегі 9 ұңғыманың 7  ұңғымасын өзінің  58,2 миллион теңге қаржысына «ТОО БМ» фирмасымен тазалап, электр желісін тартып алды. Үш дана трансформатор орнатып, іске қосып, бүгінгі күнге 23 гектар жоңышқа, 120 гектар пияз екті. Сондай-ақ «Береке» бір ұңғыманы іске қосып, 15 гектарға пияз, «Жасұлан» – 15 гектарға пияз, 10 гектарға арпа, «Құлмахан» – 25 және «Руслан и К» шаруа қожалықтары 50 гектар пияз екті. Барлығы тамшылатып суарылатын болады. Осы бағытта «Ернар», «Дидар», «Ақ жол» шаруа қожалықтары ұңғыма қазып, электр желісін орнату,тамшылатып суару қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізуде. Ұңғыма қазу бойынша өтінімдер шаруашылықтардан жинақталып, жаңадан 58 дана ұңғыма қазуға 7 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен өтінім түсті.
Аудан аумағындағы таудан келетін 18 каналдың жалпы суармалы жер көлемі 6,7 мың гектар алқапты құрайды, бүгінгі күнге каналдардың тозығы жетуіне байланысты тек 2,4 мың гектар алқап қана суарылады. Ауданда осы каналдар арқылы су беру кезеңінің басталмағанына қарамаста  «Казсушар » республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалының аудандағы «Құлан» өндірістік бірлестігі мекемесі тал- дарақтар мен көпжылдық жеміс  ағаштарына және жоңышқалық алқаптарға ағын су беруде. Бүгінгі күнге 5 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің иелігіндегі 65 гектар жоңышқалық алқабына және осындай 7 шаруаның иелігіндегі 11 гектар көпжылдық жеміс ағаштарына, әкімдіктердегі «жасыл белес» талдарына келісімшарт жасалып, ағын су берілуде. Әзірге таудан келіп жатқан ағын судың келу деңгейі таудағы сақталған қыстық қардың аздығынан жылдағыдан төмендеу болуда.

Сұхбаттасқан
Амангелді ӘБІЛ.
Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support