- Advertisement -

АТА-АНАНЫҢ АЖЫРАСУЫ ЕКІ ЖАСАР БАЛАНЫҢ ДА ПСИХИКАСЫНА ӘСЕР ЕТЕДІ

370

- Advertisement -

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп барыс жылын Балалар жылы деп жариялады. Сондықтан биыл Үкіметтен балалардың болашағына серпін боларлық баянды бағдарлама, жемісті бастама күтетініміз анық.

Баланың бақытты шағы отбасының жарасымды тірлігіне де байланысты. Соңғы жылдары пандемия салдарынан еліміздің әр өңірінде араздасып, «ат құйрығын кесіскен» ерлі-зайыптылардың қатары көбейіпті. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, үйінен қашқан ана мен бала уақытша дағдарыс орталықтарын паналауда. Мәселен, өткен жылы облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына 55 ана мен 142 бала қабылданған. Ал жыл басынан бері орталыққа 13 әйел және 30 бала келген.

МЕКЕМЕНІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫ ТАБЫСТЫРУ

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандар араша іздеп баратын 31 орталық бар екен. Неге көп? Бірақ өңірдегі орталыққа бір жылда 55 ана қайырылғанын ескерсек, керісінше, орын тапшылығына алаңдаймыз. Осындай өзекті мәселеден құлағдар болған соң, біз де дағдарыс орталығына барып, аналардың жағдайын біліп қайтқан едік. Мекеменің қызметіне «біздің қоғамға жат» деген мұрын шүйіре қарайтындар бар шығар, алайда ондағы мамандардың әрқайсысы ерлі-зайыптылардың қайтадан табысуына қолдан келгенше жәрдемдесуде. Озбырлықтан құтқаратын орталық қаланың шетінде орналасқан. Себебі екі түнде жарының қайда кеткенін қысым көрсеткен күйеуі және туыстары білмеуі тиіс. Мекеменің қабырғасы биік, сыртынан қарағанда зәулім үйден еш айырмашылығы жоқ. Нысанда бірнеше бейнебақылау камерасы орнатылған. Оны кіреберіс дәліздің сол жақ қапталына орныққан күзетші мен әлеуметтік қызметкер көз ілмей бақылап отырады. Қоңырауға жауап беріп, келгендерді қабылдайтын да сол бөлмедегі маман. Бейнебақылау камерасына мекеме басшысы да қосылған. Мұнда қызмет алатын аналардың еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалған. Сол арада бізді Әйгерім Алтынбекова есімді әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші қарсы алып, мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Дағдарыс орталығы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен бекітілген стандарттарға сәйкес жұмыс істейді. Талап бойынша зорлық-зомбылық көрген нәзікжандыларға алты ай бойы әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық көмек көрсетеді. Мамандар күйеуінен зәбір көрген әйелді қабылдау үшін тек төлқұжатын сұрайды. Бұдан соң әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші ана мен балаларын үш күн оқшау бөлмеге орналастырады. Сол аралықта коронавирус инфекциясына байланысты ПТР тестін алып, денсаулығын бақылайды. Ауыр жарақаты болса, жедел-жәрдем шақырады. Мамандар алғашқы күннен-ақ зәбір көрген тұлғамен жеке дара сырласады. Жәбірленушінің балалары және туыстарымен әңгімелесіп, жағдайды бірден бақылауға тырысады. Мұнда әр ана мен балаға жеке бөлме қарастырылған. Сондай-ақ балаларға арналған ойын бөлмесі, мәдени іс-шаралар өткізетін зал мен асхана бар. Қызмет алушыларға ас мәзірі бойынша пайдалы, дәруменге бай тағамдар ұсынылады. Психологтар ана мен баланың денсаулығы жақсарып, бойын тіктеген соң ғана әңгімеге тартады. Бұл кезде тиісті мамандар жәбірленушінің құжаттарын дайындап, комиссия шақырады. Оның құрамында полиция департаментінің және жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері, сондай-ақ орталықтың психолог, заңгер маманы болады. Комиссия бағалау парағы бойынша жүргізілген жан-жақты зерттеуді пайдалана отырып, соққының астында қалған ананы орталыққа қабылдау туралы шешім шығарады. Осы тұста мекемеге қабылдау үшін министрлік бекіткен стандарттарға сәйкес, көмек сұраған тұлғаның зәбір көргенін дәлелдейтін бірнеше факті болуы тиіс. Әрине, мұнда қатып қалған қағида жоқ, мекеме қызметкерлері үйінен қашып келген аналардың бетін қайтармайды. Себебі пана іздеп келетіндердің дені күйеуінің езгісіне шыдамай, барар жер, басар тауы қалмаған нәзікжандылар. Ал сол комиссияның шешімінен кейін тауы шағылып, кері қайтқан ананың бүгін, болмаса ертең зорлық-зомбылықтың құрбанына айналмасына кім кепіл?! Міне, сондықтан қала орталығында мекеменің кеңес беру кабинеті бар. Онда төрт психолог пен заңгер тәулік бойы жұмыс істейді. Мамандар шұғыл түскен қоңырауды қабылдап, ер азаматтан қысым көрген нәзікжандыларға байланыс арқылы да қолдан келгенше көмек көрсетеді. Әйелдерді қабылдауына шақырып, психологиялық тұрғыда шынықтырады. Әрине, отбасылық жағдайды ушықтырып алмауды ойлап, арадағы мәселені сол кабинеттен-ақ ақылға салып шешетін отбасылар болса құба-құп. Алайда қазақ қоғамында психологқа баруға арланатындар әлі күнге дейін көп. Қала берді кеңес беру кабинеті жайында екінің бірі білмейді.
2014 жылы облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жанынан құрылған орталық сегіз жылда 892 нәзікжандыны қабылдаса, соның ішінде 289 ана, 603 бала бар. Ал ер азаматтың озбырлығына төземін деп, майып болғанша үйінен аттап шықпайтын аналар қаншама? Біздіңше, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Орталыққа көмек алуға келгендердің тізіміне үңіліп, осы күнге дейін 128 ана мен 272 баланың отбасымен қайта табысқанын білдік. Сол секілді мекеме ашылған тұстан күні бүгінге дейін 1576 әйел сенім телефоны арқылы көмек алыпты. Қарап отырсақ, зорлық-зомбылықтың құрбандары болған аналарға қөмек көрсетіп отырған мекеменің қызметін бас бармақпен бағалауға тұрарлық. Егер отбасылық жанжал кезінде қос тарап дүрлікпей, тиісті мамандардың ықпалымен татуласып жатса, ажырасқан отбасылардың саны азаяр ма еді, кім білсін? Өкінішке қарай, әзірге мұны ескеріп жатқан ешкім жоқ.

2014 жылы облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жанынан құрылған орталық сегіз жылда 892 нәзікжандыны қабылдаса, соның ішінде 289 ана,
603 бала бар.  

ОРТАЛЫҚТА ОРЫН ТАПШЫ

Әдетте орталықта алты айға дейін қалатын аналар заңгердің көмегімен ажырасып жатады. Жарты жылда жігерленіп, еңсесін көтерген келіншектер қолдан келгенше еңбек етіп, қор жинауға күш салады. Орталықтың ықпалымен сегіз жылда тек бір ана үйлі болған. Ол жат ағымның жетегінде кеткен күйеуінен қашып, қайда барарын білмей, психологиялық жағынан әлсіреген әйел еді. Бүгінде сол ана азапты күндердің қамытын шешіп, тұрмысын тіктеген. Кәсіп ашып, балаларын өзі жетілдіруде. Сол секілді қолайлы сәтті пайдаланып, мекемеге киім-кешегін көтермей келетіндер көп. Оларға қажетті тұрмыстық заттар беріледі. Ауыр соққыдан қабырғасы сынып, басы жарылған әйелдерді мұндағы мамандар жиі көреді. Сондықтан сегіз түрлі қызметтің әрқайсысы аса маңызды екенін біледі. Мәселен, кейбір әйелдер жәрдемақы, алимент мәселесінен бейхабар. Орталық директоры Жамал Қалыбекованың айтуынша, 2017 жылы Шу ауданынан кеңес беру кабинеті ашылған. Себебі статистика бойынша Шуда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі жиілеген. Кейін бұл жаңашылдықтың тиімділігі байқалған соң, 2020 жылы Меркі, Сарысу, Жуалы аудандарында қосымша кеңес беретін кабинет қарастырылған. Аудандағы мамандар тек психологиялық көмек көрсетеді. Егер ананың жағдайы тым күрделі болса, жәбірленушіні Тараз қаласындағы орталыққа жолдайды. Көп жағдайда мамандар істі аудандық полиция қызметкерлерімен бірге тындыруға күш салады. Соған қарамастан бірер күнде Меркі ауданынан былтыр келген ана орталыққа аудан әкімінің көмегімен қайта қайырылыпты. Бес балалы ананың тұңғышы 11-сыныпта оқыса, кенжесі үш жаста. Бірақ орталықтың тәртібі бойынша ПТР тестінің нәтижесі дайын болмаған анамен жүздесу мүмкін болмады.
– Бүгінде ақпарат ғасыры дейміз, өкініштісі, орталыққа келген әйелдердің құқықтық-сауаттылығы төмен. Сондықтан заңгерлер зәбір көрген әйелге бірінші арызынан бастап, сотқа дейін тегін құқықтық көмек көрсетеді. Сегіз жылда бізге он саусағынан өнер тамған небір шебер әйелдер мен балалар келді. Бес аспапта ойнайтын таланттыларды көрдік. Тағдырдың жазуымен балалардың барлығына бірдей отбасымен қайта қауышу бақыты бұйырмайды. Ол аз десеңіз, кейбір әйелдер бізден кеткен соң, жалдамалы пәтерге ауысуға мәжбүр болады. Сол мұқтаждарға қаладан жатақхана берілсе, қайырлы іс болар еді. Онсыз да құдайындай сенген ер азаматынан қысым көрген әйелдің пәтер мәселесін ойлауға мұршасы бола қоймайды. Бізге келетіндердің басым көпшілігі көпбалалы. Бес балалы ана жұмыс істеген күннің өзінде жиғаны балабақша мен пәтерінен артылмас. Орташа жалақыны қанағат тұтқан күннің өзінде бес баланы жарылқауы екіталай. Осылайша тұрмыстың қамымен жүрген ананың балалары сапалы білім алады деп айту қиын. Орталықта сегіз бөлме бар. Әзірге тек екі орын бос. Үш балалы ана келсе, тағы қипақтап қаламыз. Осы себептен үйіне қайтуды жоспарлаған келіншектердің отбасымен сөйлесіп, амалсыз ертерек шығарудың қамына кірісеміз. Әсіресе пандемия кезінде орын тапшылығы қатты байқалды. Біздің орталық 27 адамға шақталған. Ал Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы секілді ірі қалалардағы орталықтар 50 адамға дейін қабылдайды. Бос орын табылмаса, жуырда ашылған Қордай ауданындағы 15 орындық мекемеге немесе Шымкент қаласындағы орталыққа жолдаймыз,–дейді Жамал Дүйсенбайқызы.

ҚЫЗМЕТ АЛУҒА КЕЛГЕНДЕРДІҢ ДЕНІ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР

Орталықтағы мамандардың айтуынша, отбасындағы жанжалды зерделегенде екі жақтың пікірін мұқият тыңдау қажет. Себебі келеңсіздік қос тараптың ымыраға келмеуіне байланысты өрбиді. Заманына қарай адамы дейміз. Бірақ баланың психологиясына ең әуелі ата-ана әсер етеді. Бүгінде отандасқанына он жылдан асқан ерлі-зайыптылардың арасында ажырасу жиілеген. Орталық қызметкерлерінің балғындардың болашағына алаңдап, қынжылатыны содан.
«Мың күнде сынбаған шөлмек, бір күні сынады» деген. Бұл сөзімізге орталыққа бес, тіпті жеті баласымен келген әйелдер мысал. Қайта баласының болашағына алаңдаған аналардың көмек сұрап келуі дұрыс шешім секілді. Ал қысымға шыдамай, күйеуін мерт қылған кыз-келіншектер туралы жан түршігетін оқиғаларды ақпарат көздерінен оқып жүрміз. Демек, тұрмыстық зорлық-зомбылық жылы жауып қоятын шаруа емес. Оның себеп-салдары да сан қилы. Біз бұған орталыққа төрт баласымен келген жас анамен пікірлескенде шындап сендік.
– Шымкенттегі колледжді тәмамдаған соң, Нұр-Сұлтан қаласына жоғары оқу орнына түстім. Әнші болсам деген арманымды орындауға оқталдым. Кейін «әншілік қазақ қызына жат» деген теріс пікірлерден шаршап, оқуды да ұмыттық. Қарап отырсам, сол кезден-ақ өзімді баса беріппін. Микрофон ұстамағаныма он үш жыл болды. Мен күйеуіммен елордада таныстым. Өзі Тараздың жігіті. Менен бес жас үлкен. Жұмысы, көлігі бар. Бірақ адамға сенуі қиын, қызба әрі дөрекілеу мінезі бар еді. Жастығымызға қарамай үйленіп, 2016 жылға дейін, яғни жеті жыл елордада жалдамалы пәтерде тұрдық. Дау-жанжал ата-енеміздің шаңырағына барғанда жиілей бастады. Өзім келіндік міндетімді адал атқардым деп ойлаймын. Үй тірлігіне барынша тиянақты болдым. Бірақ сонда да өзімді жат сезіндім. Ал оған дейін сол шаңырақта қайным, қайын ағаларым да тұра алмаған. Күйеуімнің ағалары әйелдерімен соттасып, кейін қайта қосылды. Өзім әкесіз өскен соң, күйеуімнің қол көтергеніне шыдап келдім. Енді ажырасуға бел буып отырмын, – деп жас ана көзіне жас алды.

ЕР АЗАМАТТАР ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒЫНАН ӘЛСІЗ КЕЛЕДІ

– Пандемия кезінде жеке қабылдауыма келетін ерлі-зайыптылар күрт көбейді. Оқшаулау шараларынан кейін ағайын-туысымен емен-жарқын араласып, біріне бірі ерекше құрмет көрсете бастаса, кейбір отбасыларда керісінше, ұрыс-керіс көбейіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі жиіледі. Қазақ отбасыларында ер азамат тұрмыстың қамымен жиі түзде жүрсе, індет тараған тұста үйде отыруға мәжбүр болды. Осы ретте ескеретін жайт, ерлер физикалық тұрғыда мығым болғанымен, психологиялық жағынан әйелдерге қарағанда әлсіз болып келеді. Кейбір азаматтардың ішімдікке әуес болып, құмар ойындарының арбауынан шыға алмай қалатыны содан. Тіпті нашақорлыққа салынудың өзі әлсіздіктен. Қоғамда экономикалық мәселелер де ерлерді қатты алаңдатады. Зорлық-зомбылықтың негізгі себептері осыдан шығады. Кейде ерлі-зайыптылардың арасындағы опасыздықтан кикілжің туындап жатады. Осы қатарға жоспарланбаған жүктіліктің салдарынан некелескендерді қоссақ болады. Яғни, ажырасуға бірнеше фактор итермелейді. Ең қиыны, ата-анасының қасында еркелеп өскен бала мен толық емес отбасыдан шыққан баланың арасында айырмашылық болады. Өйткені «бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Ата-ананың ажырасуы бала үшін үлкен трагедия. Тіпті екі жасар баланың психикасына да үйдегі жағдай белгілі бір деңгейде әсер етеді. Сондықтан кез келген жас отбасын құрарда осындай мәселелерді бір сәт ескеруі қажет деп ойлаймын,–дейді Айгүл Тұрсынбайқызы.
Қазақ қоғамында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне көпшілік бас ауырта қоймайды. Алайда ертеңді ойласақ, отбасылық мәселенің де көлеңкелі тұстары барын қаперге алған дұрыс. Ешбір ана бауыр еті баласының әкесінен жырақта жүргенін қаламайды. Бірақ дағдарыс орталығына келетіндердің дені өзіміздің қаракөздер. Өкінішке қарай, орын тапшылығы да осыдан шығып тұр.

Сәндібек ПІРЕНОВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support