- Advertisement -

«Бұл шаруашылық әкемнің маған тапсырған аманаты…»

76

- Advertisement -

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал тектен текке айтылмаған сияқты. Өйткені бүгінде ата кәсіптің тізгінін әкесі ұлына тапсырып, қожалықтың шаруасын шалқытып отырған шаруашылықтар Мойынқұм өңірінде аз емес. Соның бірі – «Мыңжасар» шаруа қожалығының тізгінін өз қолына алған, отыздан жаңа асқан Нұржан Тәткеев. Ол: «Бұл шаруашылық әкем Мыңжасардың маған тапсырған аманаты. Ол аманатты алып жүру маған сын. Әкемнің сынағынан сүрінбей өтіп, қожалықты көтеру маған артылған үлкен парыз», – деп санайды.

«Мыңжасар» шаруа қожалығының негізін қалаған Мыңжасар Әбдіманапұлы қазір зейнетте. Еңбек жолын «Талдыбұлақ» совхозында қатардағы жұмысшы болып бастаған ол Красногор техникумын «техник-механик» мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдаған соң әр салада жұмыс істепті. Аудан орталығында құрылыс мекемесінде механик, механик-шебер, «Ұланбел» совхозында автодүкен меңгерушісі, соңғы жұмыс істеген орны – Жасұлан орта мектебі. Мұнда ер балаларға трактор жүргізуді, ауыл шаруашылығы техникасымен жұмыс істеуді үйретіпті. Еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылы алғашқылардың бірі болып, кеңшар құрамынан бөлініп шығып, өз алдына жеке шаруа қожалығын құрған.
– Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан шаруамызды шайқалтып алмай еңбектің арқасында ғана аман шықтық. Кәсіп бастау өте қиын болды. Ол тұста кеңшардан жер үлесімізді алып, жеке-дара бөлініп шыққан бізді көп адам түсінбеді. Тіпті совхоз директорлары да бізге алакөздене қарайтын. Кеңшардан бөлінгенде еншімізге бар болғаны 100 гектардай егістік және жайылым жеріміз болды, – дейді Мыңжасар Әбдіманапұлы.
Қожалықты көтерудің сан қырлы жоспарын құрған ол кәсіпті бау-бақша салудан бастайды. Сөйтіп он гектар алқапқа көкөніс, пияз егіп, баптап өсіріп, өнімін жинаған соң Қарағанды қаласына өткереді. Түскен қаржыға егін салу үшін бір шынжыр табанды трактор, жүк көлігі мен Жезқазғаннан 300 бас еділбай қойын алып келеді. Осылайша жаңа құрылған қожалық негізгі бағытын айқындап алып, содан бері бау-бақша, егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын қатар алып жүруде.
Бау-бақша салу үшін су қажет. Су мәселесін қожалық ә дегенде шешіп алыпты. Оған қажетті суды қожалық ескі трактор моторын Шу өзені қасына қойып, арнайы құбырмен бақшаға су айдаған. Қазіргі таңда егістіктерін жаңбырлатып суару қондырғыларымен ылғалдандыруда.
Бүгінгі таңда қожалық еншісінде екі отар қой, үш жүз ақ басты мүйізді ірі қара, бір үйір жылқы бар. Техникадан 6 трактор, жүк көліктерімен қатар барлық ауыл шаруашылығы техникалары жасақталған. Техниканы қожалық «Қазагрофинанс»АҚ арқылы лизингпен алған.
Шаруашылықты көтеруде оған марқұм жұбайы Раушан Жақыпбаеваның көп көмегі тиіпті. «Жұбайымның сауда-саттыққа икемі бар еді. Сиыр сауып, сүтін өткізу, көкөніс пен бақша өнімдерін саудалау, осы жұмыстың барлығы соның мойнында болатын. Соның арқасында сауын сиыр басын екі-үш есеге арттырдық. Аудандағы балабақшалар, интернаттар мен аурухананы, Ақбақайдағы кен орны жұмысшыларын сүтпен және мал етімен қамтып отырдық. Осының барлығында да жұбайымның үлесі бар. Ол қожалықтың есепшісі ғана емес, экономисі де еді», деп еске алады.
– Қазір өз жайылымың, егістігің болмаса мал бағу қиын. Өйткені жемшөптің бағасы күн санап қымбаттап барады. Бір бау жоңышқаның бағасы 1500-2000 теңге. Жемнің бір килограмы 150 теңге. Қарап тұрсақ, мал ұстау үшін техникаң, жайылым мен мал азығын дайындайтын егістігің, жоңышқалығың сай болуы тиіс. Сонда ғана жұмыс істей аласың. Бүгінгі таңда осының барлығын балаларыма жасап бердім. Енді еңбек демалысындамын. Балаларыма малдың басын көбейтсін, шаруашылықты үлкейтсін деп барлық жұмысты соларға тапсырып қойдым. Қазір шаруасына араласпаймын, тек сырттарынан ғана бақылап отырмын, – дейді Мыңжасар аға.
Бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған. Әке аманатын ұлдары Нұржан, Ержан мен Біржан жалғастыруда. Үлкен ұл экономист, ортаншысы заңгер, кішісі электрик, үшеуі де шаруашылыққа қажетті маман иелері. Қожалықтың қыстауы Мойынқұмда орналасқан. Шаруашылық бұрынғы кеңшардан қалған қыстаулар мен балалар лагерінің орнын сақтап қалған. Көктемде көктеуін, жазда жайлауын, күзде күзеуін Меркі ауданында сатып алған Сусамыр жайлауында өткерсе, бордақы мал да осында бордақыланып, Меркі ет комбинатына өткізіледі екен. Өзгесі қарашада қыстауға қайтарылады.
«47 жыл жұмыс істеппін. Өз еңбегіммен көтерілдім. Балаларым бүгінде ешкімге қолын жаймайды, өз шаруасына өздері би, өздері қожа. Әрқайсысы аяғынан тұрса, шаруашылықты көтерсе, маған сол мәртебе», деді Мыңжасар аға. Ал шаруашылықты қабылдап алған үлкен ұлы Нұржанның да алға қойған мақсаты айқын. Бұрын аудандық әкімдікте қызмет атқарған ол шаруаның жөн-жобасын біледі. Мақсаты, сауынды сиыр басын алда 50 басқа, араға жыл салып 100 басқа жеткізіп, сүт өнімдерін шығаратын зауыт салуды ойластырып жүр. Бүгінде қожалық он адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Олардың орташа жалақысы 150 мың теңгені құрайды.
– Әкеміз бен анамыз біз үшін еңбек етті. Біздің болашағымыз үшін жасаған бар жақсылығын жадымыздан шығармаймыз. Сол үшін де әкемізге, дүниеден қайтқан анамызға алғысымыз шексіз. Шаруашылықты бұдан ары көтеруді әкем бізге тапсырды. Әке сенімінен шығып, алда қожалықты елдің азық-түлік қорына, тамақ өндірісіне үлес қосатын шаруашылық ошағына айналдыру. Сол бағытта жұмысымды жүйелеп, жоспарымды құрып, жұмыс істеудеміз, – деді Нұржан.
Ұлдарының ойға алған ісін аяғына дейін апаратындығына Мыңжасар аға да сенімді. Сол үшін де ұлдарына мүмкіндік беріп, сыртынан ғана бақылап отырған жайы бар.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support