- Advertisement -

Біздің балалар экраннан не көріп жүр?

150

- Advertisement -

Әлем жұртшылығы 2001 жылы 11 қыркүйекте Американың Нью-Йорк қаласында болған алапат террорлық актіні әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Салдарынан бір күнде жазықсыз төрт мыңға жуық адам ажал құшты. Төбесі көкпен таласып, шаһардың айбыны болып тұрған алып ғимарат – Дүниежүзілік сауда үйі жермен-жексен болды. Оқиға өтісімен оған қатысқан бүлікшілердің тізімдері жарияланды. Олардың барлығы жастары 20 мен 30 аралығындағы жігіттер. Америкада оның алдында да мектептерге және қоғамдық ұйымдарға баса-көктеп кіріп, оқушылар мен жазықсыз жандарды отты қарумен жайратып салған талай қанды оқиғалар орын алған болатын. Алып мемлекеттің басшылары мен көзі ашық, көкірегі ояу, санасы сергек азаматтар жантүршігерлік бүліктен кейін басқосып, оның себеп-салдарын талқылады. Ұзақ айтыс-тартыстан кейін ақиқат айтылды. «Бұған елдегі мол табыс табудың соңына түсіп, жұртты желіктіріп, тек қана атыс-шабыс фильм түсіруге дағдыланған кинокомпаниялар кінәлі» десті олар бірауыздан.

 

Аузын айға білеген, тек қорғаныс саласына жылына 700 миллиард долларға жуық қаржы бөлетін елде соңғы 40 жылда адамгершілікке, ізгілікке және қайырымдылыққа шақыратын санаулы ғана фильмдер түсірілген екен. Есесіне, Голливуд пен басқа киностудиялар кілең атыс- шабыс, зорлық-зомбылықтан көз ашпайтын өнім шығаруды қызу бәсекеге айналдырған. Оларды көрсету, өзге елдерге өткеруден қыруар пайда тапқан. Өкінішке қарай, ақыры осындай қасіретке душар етті. Сарапшылар дүниежүзі бойынша ең өтімді де табысты бизнес, бірінші – наркотиктік заттар, екінші – қару-жарақ, одан кейінгі орында кино екенін айтып келеді. Опық жеген америкалықтар басқосудан кейін кино индустриясын адамгершілік, ізгілік бағытқа бұруға бәтуаласады.

Жердің беті онсыз да жаманшылық тұманына тұмшаланып тұр. Кез келген өнер туындысы жұртшылықты оны сейілтуге, жеңуге, адамгершілік асыл қасиеттерге тәрбиелеуі тиіс. Кеңестік саясаттың бір артықшылығы – кинотеатрларда және теледидарда ондай дүниелерді көрсетпейтін.1970 жылдары Кеңес Одағы аумағында француздың «Фантомас» атты шытырман оқиғалы атыс-шабысқа толы фильм көрсетілді. Мемлекет оны көп ұзамай көрсетуге тыйым салды. Фантомасқа еліктеген оқушылар мен жастар еліріп, желігіп біраз нәрсені бүлдірді.Одақта оның зардабын баяндаған «Анискин және Фантомас» деген фильм шығарылғаны аға ұрпақ өкілдерінің әлі есінде. Кино – өнердің ең озық туындыларының бірі. Оның өнерде ең маңызды екенін кезінде Ленин де айтып кеткен.Кеңестік кезеңде «Лениншіл жас» газетінен оқыған бір мақала әлі күнге есімнен кетпейді.Алматыда жоғары оқу орнында оқып жүрген студент жастықтың желігімен думандатып жүріп анасына ұзақ уақыт хат жазбайды. Бір күні ол кинотеатрдан Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер – Ана» повесінің желісі бойынша түсірілген дүниені көріп, ағыл- тегіл жылайды. Артынша анасынан кешірім сұрап хат жазады.

Өмірдің мәні неде? Бұл туралы әлемдік деңгейдегі данышпандар мен кемеңгерлер әлдеқашан айтып кеткен. Егер сізді осы сұрақ мазалап жүрсе, француз жазушысы Виктор Гюгоның «Аласталғандар» атты романының желісімен жасалған көркем фильмін көріңіз. Біріккен Араб Әмірлігінің шейхы осы туындыны көргеннен кейін өзінің 32 миллиард АҚШ долларын қайырымдылық қорына аударған. Режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмін сүйсініп көрмеген жан сирек. Осыдан 8 жыл бұрын бір танысым оны кинотеатрдан көруге 10 жасар немересін ертіп барыпты. Немересі сыртқа шыққан соң: «Ата, мен нағыз қазақ боламын» деп көкірегін қағып тұр дейді.Өнердің осы түрі тәрбие құралы ғана емес, нағыз қыруар табыстың көзі. Кеңестік кезеңде Леонид Гайдайдың «Кавказ тұтқыны» Одақ кинотеатрларынан 20 жыл түспеген.Оны көп адамдар 5-6 мәртеден көріпті. 1980 жылы Алматыда үндінің «Диско бишісі» кинотеатрларда бір жыл бойы «салтанат құрды».Оны тамашалау үшін тіпті кемпір- шалдар да билет кезегінде көптеп тұратын.

«Кино – мемлекеттің төлқұжаты» деп текке айтылмаса керек.Бұған Ресейдің Солтүстік Кавказдағы Краснодар қаласында әскери борышымызды өтеген кезде анық көз жеткіздік.Бөлімшеде аптаның әрбір жұмасында клубта әскери-патриоттық рухтағы түсірілімдер көрсетіледі. Олардың арасында қазақстандық дүниелер де бар. «Қазақфильм» киностудиясы шығарған «Ана туралы аңыз» сияқты іш пыстыратын, ұлтты сауатсыз, жабайы етіп көрсететін лентаны өзге ұлттың сарбаздары соңына дейін көрмей клубтан шығып кететін. «Қазақфильм» жазушы Шерхан Мұртазаның «Қара маржан» романының желісімен «Қаратау қазынасы» атты көркем фильм түсіргені белгілі. Бірде осы туынды туралы әңгіме қозғалғанда Шерағаңның : «Соны да тәуір дүние деп әспеттеп отырсыңдар ма?» деп бізге ежірейе қарағаны әлі күнге көз алдымызда. Жазушы Дулат Исабеков «Дермене» фильмін көргенде осы аттас повесіндегі идеяның мүлдем бұрмаланып жадағай болып шыққанын айтып, «бұл дүниені экранға шығармау керек еді» деп әбден қапаланған болатын.

Ұлтымыздың ұлы тұлғасы Дінмұхамед Қонаев кеңестік кезеңде «Өнерде – кинодан, спортта футболдан өзгелерден кенжелеп келеміз» деп қынжылған екен. Осы тұста ойымызға осы сала мамандарының қабілеттерін жарқырата көрсетуіне «кеңестік жымысқы саясат мүмкіндік бермеген шығар» деген күмән мен күдік орала береді. Бұл – негізсіз емес.1997 жылы республиканың түкпір-түкпірінен келген бір топ журналист Алматыда білім жетілдірудің қысқа мерзімдік курсында оқыдық. Аудиторияда белгілі қоғам қайраткері Камал Смайловпен кездесу өтті. Марқұм Камал ағамызға журналистер сан түрлі сауалдарды жаудырды. Камал аға ұлтымыздың ғажап та шоқтықты фильмі «Қыз Жібек» түсірілгенде Қазақстан Кинометаграфия комитетінің төрағасы болып қызмет істеп жүр екен. Көркем туындының соңғы тірлігі тәмамдалып, Мәскеудегі Көркемкеңестің талқысына ұсынылады.Оны көрген кеңес жетекшісі, сол кездегі КСРО Мәдениет министрі «Қазақта бұрын осындай байлық, мәдениет болды ма? Мұндай ертегіні ойлап тапқан кім? Туынды жұртқа көрсетуге жарамайды, қабылданбайды. Өртелсін» деп ешкімге құлақ аспай байбалам салды дейді. Бұл мәселеге Д.Қонаев араласып, оған осынау үлкен картинаның екі жыл жасалғанын, оған мемлекеттің 1 миллион сомнан артық қаражаты жұмсалғанын, халықтың оны тағатсыздана күтіп отырғанын жетесіне жеткізеді. Ұлтымыздың ұлы жауһары Димаш атамыздың асқақ абыройы, биік беделінің арқасында жойылмай қалған екен.

Десе де ауызды қу шөппен сүрте беруге тағы болмайды.Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері бұл сала өркендеп-өрлеудің жаңа арнасына түсті. Кеңестік кезеңде елімізде жылына 3-4 картина түсірілсе, қазір «Қазақфильм» және басқа да жеке киностудиялар жұртқа жүзге жуық 1-2 және көп сериялы фильмдер ұсынады. Әлбетте, олардың бәрі талапқа және талғамға сай деп ешкім айта алмайды. Араларында асылы да, жасығы да бар. Қуаныштысы, талғамы жоғары, танымы терең, өресі биік продюсерлер мен режиссерлердің үлкен шоғыры қалыптасты. Солардың арасында Ақан Сатаев, Талғат Теменов, Рүстем Әбдірашев және Ермек Тұрсынов сияқты режиссерлардың есімдерін ерекше атап өткен жөн.Актерларымыз да ойнаған әр туындыларында жаңа қырларынан көрініп, шеберліктерін шыңдап келеді. Соның нәтижесінде әлемдік аренаға ұялмай ұсынатын көркем картиналарымыз аз емес. Бұған дүниежүзілік додада бірқатар киноларымыздың жүлде алып жүргені дәлел.

Соңғы кезде ұлтымыздың ұлы тұлғалары туралы кесек дүниелер көптеп түсірілуде. Бұл – қуанышты да құптарлық жайт. Олар атақ пен даңқ тұғырына оп-оңай көтерілген жоқ. «Өсемін-өрлеймін» деген жасөспірімдер мен жастар үшін олардың өмір жолы үлкен өнеге. Осы саланы өрге сүйреп жүрген арда азаматтарымыздың іргелі ізденісі, табанды еңбектері нәтижесінде Әбу Насыр әл-Фараби, Т.Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Балуан шолақ, Шәмші Қалдаяқов, Күләш Байсейітова, Ахмет Байтұрсынұлы және Қаныш Сәтбаев сияқты көптеген тұлғаларымыздың тағылымды өмірі мен толағай тірлігі, ерліктері жалпақ жұртқа паш етілді. «Бес саусақ бірдей емес».Жоғарыдағы дүниелерге әлеуметтік желілерде жылы лебіз білдірген, орынды пікір айтқандармен қатар сынағандар да болды. Олардың арасында «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп ойына келгенді жазғандар да бар. «Біткен іске сыншы көп» деген осы. Қазақ : «Көрпеңе қарай көсіл» дейді. Бір киноны сынау үшін сенің ой-өрісің мен таным- талғамың оны шығарушылардан биік болуы керек қой. Таяуда Ахмет Байтұрсынұлы туралы түсірілген тамаша картинаға бірқатар азаматтардың тарапынан ұшқары пікір айтылды деп есептейміз.

Қазақ киногерлері біраз уақыт бұрын халқымызға құнды да қымбат дүние ұсынды. Ол – «Қазақ елі (Қазақ хандығы)» көпсериялы фильмі. Аға ұрпақ өкілдері ұлтымыздың тарихымен таныс болу үшін жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» және «Алтын орда» трилогияларын жата – жастана оқыды. Ал оны осы кітаптардың желісімен шығарған шығармашылық топ тарихи оқиғалар мен нақты деректерге құрылған күрделі дүниені бірнеше серияға сиғызып, көрерменге жұп-жұмыр етіп ұсынды. Халқымыз үшін аса қастерлі баға жеткізгісіз бұл еңбек Мемлекеттік сыйлыққа лайық-ақ. Соңғы жылдар бедерінде көрермендердің көңілін селт еткізген туындының бірі – «Гауһар» көпсериялы картинасы. Оның авторлары осы еңбек арқылы әлем жұртшылығын мойындататын кино түсіре алатын әлеуеттері бар екенін іс жүзінде дәлелдеді. Өткен жылы КТК телеарнасында тұсауы кесілген «Көкектің ұясы» көрермендердің көңілінен шыққан сәтті де шоқтығы зор туынды болғаны сөзсіз.

Бұрын дүниеден өткен аға ұрпақ өкілдері осындай игіліктерді көруді армандаумен ғана шектелгені белгілі. Клубтан немесе теледидардан ілуде бір қазақша кино көрсек, төбеміз көкке жеткендей қуанатынбыз. Бүгінгі ұрпақ қандай бақытты! Мемлекеттік бірнеше телеарналар көрермендерге күнделікті ондаған отандық дүниелерді ұсынады. Адамгершілік асыл қасиеттер мен ізгілікке негізделген ол өнімдердің маңызы шетелдіктерден ешбір кем емес. Еліміздің киноиндустриясы қазір де үлкен ізденіс үстінде. Кеңестік кезеңде орын алған олқылықтардың орны толып келе жатқан сияқты. Өкінішке қарай, қазір бос уақытында тек айфон шұқылап, кітап бетін ашпайтын, газет оқымайтын, теледидар көрмейтін, радио тыңдамайтын ұрпақтың қатары күн сайын көбейіп келе жатқанын көргенде жүйкең жұқарып, көңілің алағай да бұлағай болады. Барды бағалай білмеген, өздері үшін жасалған игілікті кәдесіне жарата білмеген буынның басында бақ тұра ма? Елімізді одан әрі өркендетіп, тәуелсіздігімізді баянды етуге әлеуеті жете ме? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Ақылжан МАМЫТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support