- Advertisement -

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі ел болуға үндеп келеді

105

- Advertisement -

2020 жыл Жамбыл облысының ақпарат құралдары үшін үлкен жаңалықпен есте қалғаны сөзсіз. Осы жылы облыста тұңғыш рет «AULIEATA-MEDIA» ЖШС құрылып, ақпарат айдынында өзіндік өрнегімен көш бастады. Үш облыстық газеттің басын қосқан бұл серіктестіктің алдында үлкен белестер тұрды.

«Көш жүре түзеледі» деген, содан бергі бір жарым жылда «AULIEATA-MEDIA» ЖШС қалыптасу кезеңінен өтіп, бүгінде аяғына нық тұрды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ақпарат саласына үлкен қолдау көрсетіп, қалам ұстаған ағайындардың еңбегін үнемі бағалап, құрметтеп отыратынын көпшілік жақсы біледі. Осы қолдаудың арқасында облыстық басылымдардың жағдайы жақсарып, қазіргі заманға сай келбетпен жарық көруде. Өткен жыл «AULIEATA-MEDIA» ЖШС қызметкерлері үшін берекелі жыл болды. Ұжым жалақысын да, сыйақысын да уақтылы алып отырды.

Енді міне, бұл шығармашылық ұжымды жаңа жыл тағы да жақсы жаңалығымен қуантуда. Яғни, жаңа жылдан бастап қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға дейін өспек. Мұның бір ерекшелігі, негізінен тілшілердің, қатардағы қызметкерлердің жалақысы өседі. Барыс жылы табыс жылы болудан үміт етіп, оқырманы үшін жанын салып қызмет етіп жүрген бұл берекелі ұжымның облыс басшысы Бердібек Машбекұлына айтар алғысы мол.

Міне, облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Aq jol» газеті өзінің ғасырлық мерейтойын осындай сүйінші жаңалықтармен қарсы алуда. Алла қаласа, мамыр айының бірінші жұлдызында «Aq jol» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне 100 жыл толмақ. О баста осы газеттің тұсауын кескендер газеттің алғашқы нөмірін 1 мамыр күніне әдейі туралап, ынтымақ пен бірліктің мерекесін жақсы ырымға балағаны анық. Міне, содан бері бұл басылым бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан ел болуға үндеп, осы жолда аянбай еңбек етіп келеді.

Жүз жасаған Жамбыл бабамыздың есімімен аталатын облыстың бүкіл тарихы осы басылымның беттерінде сайрап жатыр. Әулиеата өңірінің өткен өмірін, тыныс-тіршілігін осы газеттің сарғайған беттерінен табуға болады. 2020 жылы баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер – 2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды.

Осылайша «ақжолдықтар» үшін мерейтой, қуаныш басталды. Басылымның мерейтойына байланысты жыл бойына түрлі іс-шаралар жоспарланған. Лайым, қазыналы қарттың жасын жасаған бүгінгі «Aq jol»-дың бағындырған белесі биік, алда әлі талай асудан өтуіне Алла тағалам жар болсын. Қуаныш қуанышқа ұлассын.

Барыс жылы табысқа, берекеге, молшылыққа бастасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support