- Advertisement -

Көрген-баққан

392

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Халықты тонау мен мәңгүрт етудің барлық шарасы алынып жатыр. Және жоспарлы түрде.
Төңкерістен, репрессиядан, соғыстан, Кеңес дәуірінен аман шығып ек. Соңғы зұлматтың құтқаратын түрі жоқ.

***
Самаурынның суы тасып кетті мен Самарқандты су басып кеттінің арасы жер мен көктей. Мәселе айтушы мен тыңдаушыға байланысты ғой.

***
Муаммар Каддафи әулие екен. Көзі тірісінде: – Мен өлсем Европаның күні батады. Босқындар қаптап, аузындағы нандарын тартып жейді, – деген. Айтқаны айдай келді.
Ливияның дәулетін тасытқан ерекше мінез бен бітім-болмыстың иесі еді. Өлімін көруге адамның жүзі шыдамайды. Мұның түбіне жеткендердің өшін сол босқындар алып жатқан сынды. Қасиетті адамның қаны тегін кете ме?
Енді бір жарты ғасырда Европа жұрты түгелге дерлік мұсылманға айналып, азан шақырылып жатса таңғалмассыз.
***
Жабағы жүніміз түсіп, аздап ақша біткен соң табанымыз қызды. Жұбайым Сәуле екеуміз мұны қай кәдеге жаратамыз деп ақылдастық. Жұрттың бәрі әйелінің, енесінің атын қойып, дүкен ашып алған. Сауданы қыздырып жатыр. Сәулеге жорта айттым – Сауна ашайық. Атын «Лариса Ивановной хочу» деп қояйық, – деп.
– Айтпа пәлекетті! – деп шошып кетті.
– Ендеше дүкен де қажет емес. Арақ, темекі сатып тамақ асырамайық. Имансыз тірлік.
Сонымен балабақша аштық. Атырау облысында жекеменшік балабақшаның негізін қаладық. Зейнетінен бейнеті көп тірлік. Пайда барлы-жоқты. Бірақ ұрпақ тәрбиесі. Ең бастысы – көңіліміз тоқ.

***
Берік Әбдіғалиев Ұлытауды, Жезқазған мен Торғай қаласын басқарып, әкім болғанда елдің ерекше құрметіне бөлінген азамат. Ересен іскерлігімен, аса білімдарлығымен, парасат-пайымымен аты аңызға айнала бастаған. Жолын кім кесіп, талабын кім қайтарды, хабарым жоқ.
Десе де, болашақта елдің бір тұтқасын ұстауға жарайтын азаматтың бірі – осы жігіт деп білемін.

***
Адам өмірінде кешіруге болғанмен ұмытуға болмайтын өкініштер мен оқиғалар аз ба?

***
Арқасына алтын артқан кез келген есек патша Сарайына еркін кіреді. Бұл әпсана. Өз басым патша Сарайын да, кіріп-шығып жүрген есектерді де көп көрдім.
***
Төбесі – көкте, аяғы – боқта тұрып халыққа ақыл айтқаны несін алған?!

***
Абылай ханды өзбек датқалары Ташкентке шақырады. Жанында Бұхар жырау болған. Көл-көсір құрмет көреді. Қайтар жолда өзбек әскері тосып ап, жасақтың тас-талқанын шығарады. Абылайдың таралғысына у жағылған. Сонда Бұхар жырау: – Найзасының ұшы алтын, білегінің күші алтын Кіші жүзден неге жігіт ертпедің, – деп налыған деседі.

***
Сөйлеп тұрып қарнын сипалай береді. Шамасы басын іздеп тұр-ау…

***
Он на меня всегда смотрел как на безнадежного дурака, и не знал как мне помочь. Я на него всегда смотрел как на безнадежного умного, тоже не знал как ему помочь!
Кезінде бір үлкен тұлға жайлы осылай деп жазғанмын. Кездескен сәтімде не өкпелерін, не күлерін білмеді.

***
Басқа түссе байтал бие болады.

***
Молданың айтқанының бәрі шариғат емес. Бұрынғының айтқанының бәрі қағидат емес.

***
Күйеу бала – өткен шақ, жиен – осы шақ, алимент – келер шақ…
Қазірде қазақтың көп жанұясы Байтұрсыновтың әліппесін осылай жіктеп жүр.

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support