- Advertisement -

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік

154

- Advertisement -

Ертеде бір данышпан: «Ақыл-ой еңбегінің ең маңыздысы және пайдалысы – өткен оқиғаларды жазу», – деген екен. Сол айтпақшы өткенге үңілсек, уақыт – елеуіш. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – 1991 жылдың 1 желтоқсанында бірінші бүкілхалықтық сайлауда сайланған Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Осы сайлауға дайындықтың қорытынды сайлаушылармен кездесу жиналысы бұрынғы Жамбыл қаласында өтті. Сол басқосуда Сарысу ауданындағы Түгіскен асыл тұқымды мал зауытының аға шопаны Тұрарбек Сәдібеков сөз сөйлеп, «алдымен экономика одан кейін саясат» қағидасын басшылыққа алып, мал шаруашылығында жүріп жатқан реформалардың нәтижелі болғандығын тілге тиек етіп Президентке үміткер Назарбаевқа қолдау көрсетті.

Бүкіл еліміздегі сияқты Жамбыл облысында да бірсыдырғы өмір ырғағы мен тыныс-тіршілік сағаты жылжып өтіп жатты. 20 желтоқсан күні Жамбыл қаласындағы «Өнерпаз» фабрикасындағы тігін цехында жапондық желі іске қосылып, жылына 5 миллион сомның бұйымын шығаруға мүмкіндік берді. 21 желтоқсан күні Халық депутаттары облыстық Кеңесінде облыс халық шаруашылығы салалары басшыларының кеңесі өтіп, Кеңес төрағасы Ө.Байгелдиев жергілікті жердегі істің жай-күйіне сын тұрғысынан жан-жақты талдау жасады. Тәуелсіздік бәрінен де қымбат екенін айта келіп, қиындық болса, оған қайыспай қарсы тұратын ерлер керек екеніне тоқталды. Тәртіп пен ұйымшылдықты күшейту аса маңызды. Әрбір басшы жауапкершілікті арттырып, жаңа жағдайда еңбек ете білуге міндеттелді. Бартерлік айырбас әділ әрі шаруашылыққа залал келтірмеуі керектігін де ескертті. Кеңесте тұрақтылықты сақтау және нығайту, туындаған проблемалар бойынша ашық әңгіме өткізу арқылы мәселені шешу, нарықтық экономиканы түсіндіру мәселесіне айрықша көңіл бөлінді.

Кеңес төрағасы Ө.Байгелдиев сол кезеңде мал басын сақтап қалу жолында «Тауарлы несие беру» методикалық жүйесін енгізді. Онда жылдар бойы қойдың соңында жүргендерге қой беру мәселесі сөз болды. Яғни отардағы қойдың жартысы және оның төлі шопандікі, көбейген малы өз еркінде не істесе де, бірақ мемлекеттің қойы өлмеуі керек. Жыл сайын өсімі ретінде әр саулықтан қозы беруді міндеттеп, қойдың жартысын тегін бергендіктен мемлекеттің қойын тегін бағу жүктелді. Бұл маңызды реформа негізінен малды аудандар саналған Талас, Сарысу аудандарында өз деңгейінде жүзеге асырылды. Бұл жүйені Үкімет қолдап, тәжірибе ретінде республикаға таратты. Бүгінде осы реформаның жемісін көріп отырғандар жетерлік.

Сол жылдары қала көшелерінің дені және мөлтек аудандарының атауы қазақшалана бастады. Зейнетақы мөлшері өсті. 1992 жылдың 18 ақпаны күні Президент Жарлығымен  Ө.Байгелдиев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Облыстық халық депуттары Кеңесінің XI сессиясында облыс әкімі болып тағайындалуына байланысты Ө.Байгелдиевті босатып, орнына Кеңес төрағасы болып Әлмұхан Исақов сайланды.

Өз кезегінде Ө.Байгелдиев Жамбыл ауданының әкімі етіп Юрий Морозовты, Жуалы ауданының әкімі етіп осы жолдардың авторы, яғни Еркінбек Солтыбаевты, Меркі ауданының әкімі етіп Өмен Қырғызбаевты, Қордай ауданының әкімі етіп Құрманғали Уәлиевті, Мойынқұм ауданының әкімі етіп Бағлан Қарашолақовты, Таласқа Ералы Дадабаевты, Луговойға (қазіргі Т.Рысқұлов ауданы) Сәбит Садықовты, Шуға Амангелді Кәрентаевты, Свердлов (қазіргі Байзақ ауданы) ауданының әкімі етіп Смағұл Әбілековты, Сарысуға Әбдіманап Көпбергеновты, Тараз қаласының әкімі етіп Алдияр Түсіповты, Жаңатас қаласының әкімі етіп Итен Әлімтаевты, Қаратау қаласының әкімі етіп Әбдімаш Мәмешовты, Шу қаласының әкімі етіп Анатолий Сапожниковты тағайындады.

Сол жылдары қазіргі біздің белсенді ардагерлеріміз облыстың аудан, қалаларының шешуші учаскелерінде аянбай еңбек етті. Олардың ішінде Нарейм Сейдуалиев, Нілзия Алғазықызы Рахышева, Сағынхан Әміреқұлов қиын-қыстау заманда үш ауданды басқарды. Сондай-ақ Лидия Абылғазықызы Ахметова, Әбдінұр Әбілдәұлы Әсілбеков, Щорс Құбатайұлы Шарафутдинов, Халил Сағымбекұлы Бейсеев, Хаби Сұннатұлы Бибол, Владимир Борода, Қасымхан Естемесұлы Төлендиев, Сағымбек Ақшалов, Мақұлбек Байгелдиев, Ізбасар Балғымбаев, Күләш Әмедияқызы Әбдікешова, Нұргүл Оспанбекова, Гүлнұр Латыпқызы Губайдуллина, Тұрсынкүл Ильясқызы Әшірбаева, Жұматай Лайықов, Сламбек Алдабергенов, Опабек Досаев, Сағатбек Барлыбаев, Мырзахан Бұрханов, Шәріп Дәулетбаев, Сансызбай Жорабеков, Тоқтасын Закиров, Шынтас Каипов, Үсібәлі Қалиев, Қаржаубай Кемелов, Федор Клименко, Батырбек Құлекеев, Нұрмахан Тілегенов, Исмаил Хаджимуратов, Тұрдалы Шералин сияқты азаматтар бар. Әрине сол кезеңде  еңбек еткен барлық адамдар, бүгінгі ардагерлерді атап шығу мүмкін емес. Мәдениет, өнер, білім саласын өркендетуге зиялы қауым өкілдері Баттал Жаңабаев, Елен Әлімжан, Берік Масат, Әлібек Әмзеұлы, Мақұлбек Рысдәулет, Шырын Мамасерікова, Үміт Битенова, Қайырбек Асанов, Сайлаухан Ашанов, Махметғали Сарыбеков, Лесхан Байсерке, Бәтес Егембердиева, Рахия Тұрмаханбетова, Нүркен Қасымова, Оңласын Қаңлыбаев, Өскенбай Мәдиев, Жаңабай Миллионов, Гүлсім Орынбаева, Жапар Сатылғанов және басқа көптеген ардагерлер атсалысты.

Сол жылдары Президент Жарлығымен жекешелендіру процесі басталды. Облыстағы колхоздар мен совхоздар жекешеленді. Осы бағытта семинарлар өткізілді және жаңаша жұмыс істеу яғни, меншік түрінің өзгеруіне байланысты еңбек қатынастары да жаңа тұрпатта өрбуі керектігі, ең бастысы елдің ынтымағы мен берекесі, еңбекке деген құлшынысын төмендетпеу керектігі міндеті бірінші кезекке қойылды, басқару жүйесі өзгерді.

Сол жылдың 29 мамыры күні «Тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысы шықты. 4 маусым күні Қазақстан Республикасының Рәміздері туралы Заң қабылданды. 9 маусым күні Жамбыл қаласының орталығындағы жалғыз қазақ орта мектебінің қатарына тәуелсіздіктің жемісі ретінде тағы бір мектеп қосылды. №8 орыс мектебі қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін мектепке айналды. Сөйтіп, оқу орындары да біртіндеп қазақшалана бастады.

Сол кезеңдегі қиыншылықтарға қарамай, ауыл шаруашылық саласындағы жұмыстар тоқтамай халықты азық-түлікпен қамтамасыз етті. Жуалы, Жамбыл аудандары ет өндіруден алға шықты. Жуалы ауданындағы Күреңбел, Мыңбұлақ, Б.Момышұлы атындағы агробірлестіктер мақсары жинаудан жақсы көрсеткішке жетті. «Жаңа Теріс» шаруашылық бірлестігі 200 гектар мақсары алқабының әр гектарынан 10 центнерден өнім жинады. Шаруашылық механизаторы Аман Мәмбеталиев озат атанып, ең жоғары көрсеткішке ие болды. Талас ауданының шопандары облыс әкімі Ө.Байгелдиевтің нұсқауымен төл алу жөнінде республикада бірінші орынға шықты.

Өндіріс ошақтары, кәсіпорындар өндірістің бір бөлігін  тоқтата тұрып, жұмысшыларын демалысқа жібере бастады, жоспарлары орындалмай жатты. Өндірісте еңбекті ұйымдастырудың жаңа әдістері енді. «Химпром», «НОДФОС» өндірістік бірлестіктері өнімдерін шет мемлекеттерге шығарды.

Жамбыл облысы шет мемлекеттермен де байланысын нығайта түсті. Нәтижесінде сырттан құрылыс және металл бұйымдарын алдырды. Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы мен экономикалық байланыс та нәтижелі болды.

12 қыркүйекте Жуалыда Шерхан Мұртазаның 60 жылдығы аталып өтті. Тойға Қазақстанның бүкіл зиялы қауымы қатысты десе де болғандай. Ал, 3 қазан күні Жамбыл қалалық кеңесінің 13-сессиясында қаланың қазақ және орыс тілдеріндегі атауы тек «Жамбыл» транскрипциясында бекітіліп, орыс тіліндегі «Джамбул» атауы алынып тасталды.

Мемлекеттік меншікті жекешелендіру өріс алды. 4 қазан күні Жамбыл мемлекеттік мүлік жөніндегі территориялық комитеті Жамбыл қаласы әкімшілігімен бірлесіп, мемлекеттік мүлікті сату жөнінде тұңғыш рет аукцион өткізді.

Ізгілік пен достық дәстүріне сүйене отырып, рухани, азаматтық келісімді дамыту мақсатында облыстар арасында Келісімге қол қойылды. 18 желтоқсан күні көпұлтты республикамызда Қазақстан халықтарының форумы өтті. Онда ең алдымен ұлтаралық келісім, азаматтық тыныштық, рухани бірлігіміз және оны сақтау жөнінде айтылып, осынау баға жетпес игілігімізді жоғалтуға біздің құқымыз жоқ екені шегеленді.

1993 жылы 6 ақпан күні Алматыдағы республикалық оқушылар сарайында Д.А.Қонаев қорының ресми ашылу рәсімі өтті. Оған белгілі азамат, қайраткер Баттал Жаңабаев бастаған бір топ делегация қатысты.

Сол жылдың он сегізінші мамыры күні «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жарияланды.

3 қыркүйек күні Талас ауданының Үшарал ауылдық округінің әкімі Қаржаубай Кемеловтың бастауымен тәуелсіздік алғаннан кейін батырлар мен көсемдердің атын асқақтатқан алғашқы той Саңырақ Тоқтыбайұлының 300 жылдығы тойланды. Қаржаубай Кемелов 1990 жылы Ойық ауылындағы Бөлтірік шешеннің де туған күнін атап өтуге мұрындық болған азамат. Бүгінде облыстық ардагерлер кеңесінің белсенді ардагері.

Сол секілді облыс әкімінің орынбасары, бүгінде белсенді ардагер, «Аналар кеңесінің» төрайымы Нілзия Рақышева республикада қарттар мен мүгедектерге қамқорлықты күшейту мәселесін көтерді. Осыған орай коммерциялық құрылымдар мен «Қамқор» шағын кәсіпорны оларға сый-сияпаттар тапсырды.

Сол жылдары агробірлестіктер мен өнеркәсіп сапасындағылар өздерінің дүкендерін ашып, өнімдерін сата бастады, соның есебінен жұмысшыларына еңбекақы төлеп отырды. Халық депутаттары аудандық және облыстық кеңес депутаттарының өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ә.Исақов облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.

1994 жылғы 30 наурыз күні өткен облыстық мәслихат депутаттарының сессиясында Шарафутдинов Щорс Құбатайұлы облыстық мәслихаттың хатшысы, Тұрашев Ақарыс Тәліпбекұлы тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланды. Сессияны облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Мәдиев Өскенбай Қабылбекұлы ашты. Сессияға Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің жауапты қызметкері Санақ Әбеуов қатысты.

Сол жылдары ауылдарда шағын цехтар ашылып, халықтың мұқтажын өтеді. Алаш арыстарының еңбектері кітап болып шығып, осы бағытта іс-шаралар қатары көбейді.

1995 жылы Маймақ-Күркіреусу учаскесіндегі туннель пайдалануға берілді. 18 қаңтар күні Жамбыл облысы әкімінің қаулысымен «Облыстық әкімшілік жанындағы облыстық ономастика комиссиясының құрамы» бекітіліп, комиссия төрағалығына Ә.Исақов тағайындалды. Ауыл, көше, мектеп аттары ретке келтіріліп, тарихи атаулары қайтарылды.

30 тамыз күні Жамбыл облысы сайлаушыларының 90 пайыздан астамы «Иә» деп жауап берген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өткізілді.

1 қазан күні Жуалы ауданындағы Талапты ауылына «көгілдір отын» беріліп, салтанатты жиын өткізілді. Оған облыс әкімі Өмірбек Байгелдиев, Халық жазушысы, сол елді мекеннің тумасы Шерхан Мұртаза, «Жамбылалаугаз» акционерлік қоғамының президенті Қайрат Шотбақов қатысып, құттықтау сөздерін арнады.

6 қазан күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен облыс әкімі болып Тшанов Амалбек Қозыбақұлы тағайындалды.

А.Тшановтың  облыс әкімі қызметіне келуімен кадрда біраз ауыс-түйістер болды. Сол жылдың 5 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары болып Президент кеңесшісі Өмірбек Байгелдиев пен облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жандар Кәрібаев сайланды. Ж.Кәрібаев өмірінің соңына дейін облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі қоғамдық қызметінде болды.

15 желтоқсан күні Н.Ә.Назарбаев Свердлов ауданының атауын Байзақ есімімен атау туралы халық өтінішін мақұлдады. Екі-үш күннен кейін Жарлыққа қол қойды.

Құрамында жерлесіміз КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов бар «Синема-100» автокеруені 22 елдің астанасына аялдап, Парижге бара жатқан жолда Жамбыл облысына тоқтады. Бұрынғы одақтас елдердің арасында мәдениет күндері өте бастады.

1997 жылдың 8-9 қаңтар күндері Президент Жарлығымен Жамбыл қаласының аты Тараз қаласы болып өзгертілді. Сол жылы Шу, Жаңатас, Қаратау қалалары аудандық маңызы бар қалалардың санатына өтті.

Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде облысты басқарған басшылардың біліктілігінің арқасында облыс халқы Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетіп, іргетасын берік етті, көк Туын аспандата желбіретті.

Еркінбек Солтыбаев,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support