- Advertisement -

Жол жақсарған сайын көлік апаты көбеюде

158

- Advertisement -

Соңғы кездері өңірде жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Жыл басынан бері орын алған жолдағы апаттардан 133 адам қаза тапты. Мұны өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға көбейген. Ал әртүрлі дәрежедегі жарақат алғандардың саны мыңнан асып жығылады. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 37 пайызға көбейген. Әсіресе көп жарақат алғандар Тараз қаласында, Байзақ, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Мойынқұм аудандарында тіркелген. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойындағы аудандардағы ахуалға түсіністік танытуға болады, ал күре жолдың бойынан тыс орналасқан Байзақ, Мойынқұм, Талас аудандарында жол-көлік оқиғалары неге көп?

Бұл сауалды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құзырлы органдардың өкілдері қатысқан кеңесте қойды. Оның сөзінше, «Батыс Еуропа- Батыс Қыт ай» автожолының бойында тек біздің облысымыз ғана орналаспаған. Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары да бар. Бірақ оларда жол-көлік оқиғалары біздегідей жиілемеген.

«Біздегі осы бағыттағы көрсеткіштерді республикамен салыстыратын болсақ, жоғары екенін аңғару қиын емес. Ал салаға бөлінген қаражат пен жолдардың сапасы жөнінен алдыңғы қатарда тұрмыз. Мысалы, соңғы бір жарым жылдың ішінде 1700 шақырым жол жаңадан салынды және жөнделді. Бұл жұмыстарға мемлекеттен 40 млрд. теңге қаржы қаралды. Қанағатт анарлық деңгейдегі жолымыз 80 пайыздан асады. Кешегінің өзінде 6 азамат көз жұмды, жақында ғана қаланың қақ ортасында 2 жолаушы қаза тапты. Мұның бәрі көлік иелерінің жауапсыздығынан орын алып отыр», – деді өңір басшысы.

Бердібек Машбекұлы тәртіп бұзған жүргізушілерді жазалау шараларын қолға алу қажеттігін айтты. Бұл орайда, тамыр-таныстыққа жол беруге болмайды. Жалған есепке бой алдырмаған дұрыс. Саладағы проблеманы анық көрсетіп, шешу жолдарын бірге талқылау керек. Тек қаражат күтіп отыра бермей, үгіт-насихат жұмыстарын жетілдіріп, адами факторларға мән берген абзал.

Жиында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бақыт Ратаевтың баяндамасы тыңдалды. Ол төтенше жағдайлардың санын тежеу бағытында атқарылған жұмыстарды әңгімелеп, зерделеу шараларының негізінде анықталған ұсыныстарын да жеткізді. Айталық, Б.Момышұлы-Тәуке-хан көшелерінің қиылысына, Б.Момышұлы көшесіндегі «Диана», «Сафият» дүкенінің маңына, Сейфуллин көшесіндегі «Виктория» дүкені тұсына және өзге де аумақтарға жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу қажет. Себебі, онда жаяу жүргіншілердің жүріс бөлігін жаппай кесіп өтуі жағдайы жиі байқалады. Содан да жол-көлік оқиғаларының туындау ықтималдығы басым.

«Тағы да айта кетерлігі, көлік кептелістерін болдырмау үшін «Ауыл Береке» базарының алдындағы Мәмбет батыр көшесін кеңейткен дұрыс. Сондай-ақ «IT-лицей» арқылы өтетін және Жамбыл даңғылына жанасатын А.Қосанов көшесі бойынша айналма жол салған абзал. Сейфуллин, Саңырақ батыр, Шестокович секілді көшелердің көлік жүретін бөлігін кеңейтуге кеңес береміз. Пушкин, Бейбітшілік, Сейфуллин, Желтоқсан көшелеріне автокөлік тұрақтарын салу керек.Төле би-Жамбыл және Жамбыл-Мәмбет батыр көшелерінің қиылыстарына көлік айрықтарының құрылысы жүргізілсе дейміз», – деді Б.Ратаев.

Ал Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыс бойынша басқармасының бастығы Дәурен Райымқұлов балалардың жол-көлік оқиғалары кезінде жарақат алуы жіті назар аударуды және жүйелі жұмысты талап ететінін мәлімдеді. Өйткені жыл басынан бері 185 жол-көлік оқиғасы фактісінде 13 бала қаза тауып, 213 адам жарақат алған. «Құқықбұзушылық үшін міндетті түрде қатаң жаза қолдану керек. Мысалы, биылғы 8 айда 717 адам көлік жүргізу құқығынан айырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 адамға артық. Есепті кезеңде 1,4 млрд. теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде 980 млн. теңгеге жуығы мемлекеттік бюджетке өтелді», – деді ол.

Басқосу барысында аймақ басшысы жол-көлік оқиғаларының 95 пайызына жүргізушілер кінәлі болатынын айтып, жол учаскелерінде жылдамдық өлшегіш құрылғыларды жиі орнатуды тапсырды. Өйткені көлік көп жүретін магистральдар мен қиылыстарда камералар орнату жүргізушілерді тәртіпке келтіреді. Сондай-ақ төтенше оқиғалардың санын айтарлықтай төмендетеді.

«Аудандар мен Тараз қаласының әкімдеріне, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ өкілдеріне арнайы тұрақ орындарын, жолайрықтарды, бұрылыстарды құру, жылдамдық өлшегіш құрылғыларды, жаяу жүргіншілер көпірлерін, қажетті жол белгілерін орнату бойынша талдау жүргізу және жұмыстарды жеделдетуді міндеттеймін. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол апаттарын азайту үшін білім беру мекемелері жол қозғалысы мен жолдардағы жүріс-тұрыс ережелеріне, жас инспекторлар жасағының құрамына ерекше назар аударуы тиіс», – деді Б.Сапарбаев жиын соңында.

Асхат Райқұл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support