- Advertisement -

Қазақстанға атом электр стансасы қажет пе?

181

- Advertisement -

Әлемде электр қуаты қолданылмайтын сала өте сирек. Оған деген сұраныс күн санап өсіп келеді. Дүниежүзінде оның 80 пайызы көмір мен газ жағу арқылы, 11 пайызы атом электр стансаларынан және 9 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен өндіріледі. Табиғи ресурстар біртіндеп таусылып келеді. Көмір жағудан атмосфераға өте көп зиянды заттар шығарылады. Өркениетті елдер өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін экологиялық жағынан таза әрі арзан жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға ерекше көңіл бөлуде. Атом электр стансаларынан арзан қуат өндіріп отырған мемлекеттер де аз емес. Бүгінде дүниежүзінде осындай 500-ге жуық станса бар екен. Оның дені АҚШ пен Еуропада орналасқан.

Қазақстанда да АЭС салу туралы мәселе ұзақ уақыттан бері көтеріліп келеді. «Атом» десе, біздің халықтың төбе шашы тік тұрады. Осы сөз естілсе, көп адамның көзіне Жапониядағы Хиросима мен Нагасаки қалалары, Семей полигоны, Чернобыль мен Фукусимадағы апаттар елестейді. «Сау басқа сақина тілемейік», «Бізге ондай нәрсенің керегі жоқ» деп әңгімені қысқа қайырады. Демек, біз оның қауіпті жағын ғана біледі екенбіз. Ал энергия тұрғысынан қарағанда оның қауіпсіз әрі қуаттың қайнары екенін ойлағымыз келмейді. Бүгінде АҚШ-та осындай – 100, жер көлемі Қазақстанның бестен бір бөлігіндей ғана Францияда – 60, Қытайда – 50 және Ресейде 30 атом электр стансалары бар екен.Америка мен Үндістан мемлекеттері келешекте әлі де 15-10 реактор салуды көздеп отыр.

Ал әлемде жер көлемі жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстанда әлі күнге дейін арзан қуат өндіретін осындай нысанның салынбауы – біздің көп игіліктен кешеуілдеп жүретініміздің айқын айғағы. Елімізде Балқаш көлінің маңында, Курчатов қаласында АЭС салу жоспарланған болатын. Әзірге ол жоба күйінде қалып отыр. Оны біздің жерімізде салудың артықшылығы көп. Реактор үшін аса қажет шикізат – уран. Әлемдегі уран қорының 25 пайызы біздің еліміздің аумағында шоғырланған. Салынатын станса елді мекендерден қашық әрі оның жанында су айдыны болуы тиіс. Еліміз аумағының 22 пайызын бұрынғы полигондар алып жатыр. Жарылыс жасалған жерлерде пайда болған көлшіктер аз емес. Бізге осы мүмкіндіктерді неге ұтымды пайдаланбасқа…

Еліміздің энергетика саласы тарифті жыл сайын өсіреді. «Арық атқа қамшы ауыр», «Жығылғанға – жұдырық» демекші, соның салдарынан халықтың қалтасы қағылып, халық шаруашылығы тауарларының бағалары шарықтап барады. Энергия ресурстарының бағасы осылай аспандай берсе, елімізде ертең өндіріс орындарын ашуға кім тәуекел жасайды? Энергияның қымбаттауы – тауар өндірісінің қымбаттауы. Бұл – отандық өнімді бәсекелестік қуаттан айырады. Қазақстанда қазір 155 электр стансасы бар. Оның 45-і ірі. Алып стансалардың 37-сі соңғы кезде әбден тозып, апаттық жағдайға жақындаған. Жоғарыдағы ірі стансалар жаңарту жұмыстарын жүйелі жүргізсе, апаттық жағдайға душар болмас еді. Ертеңгі күнді ойламау, мүмкіндіктер мен резервтерді дер кезінде іске қоспау – оларды осылай тұйыққа тіреген. Мамандар салада шұғыл оңалту шаралары қолға алынбаса, таяудағы 4-5 жылда қуат тапшылығын бастан кешіретініміз туралы үлкен алаңдаушылық білдіруде. Қиындықтарды еңсерудің қандай жолдары бар?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Көмір дәуірі біртіндеп келмеске кетіп бара жатқан заманда жаңғыртылатын энергияға қоса, біз сенімді базалық қуат көздерін ойластыруға тиіспіз. Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұның ең оңтайлы шешімі – бейбіт атом. Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешуіміз керек» деп ерекше атап өтті.

Сарапшылардың болжауынша кейінгі кезде электр қуатына сұраныс күн сайын артып келеді. 2020 жылы елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі 107,3 миллиард киловатт-сағатты құрап, отандық стансалар 108 миллиард киловатт-сағат энергия өндірген. Оның 68 пайызы – көмір, 20 пайызы газ жағу арқылы, ал қалғаны жаңартылмалы энергия көздерінен алынған. Сұраныс 2030 жылға қарай 136 миллиард киловатт-сағатты құрайды деп күтілуде. Ал 2050 жылы 172 миллиард киловатт-сағатқа өседі екен. Жаңартылмалы энергия нысандарын салуға қыруар қаржы қажет. Олар табиғатқа тәуелді. Су азаяды, күнді бұлт шалады, жел соқпай қалады. «Сондықтан да бізді тапшылықтан атом электр стансалары ғана құтқара алады» дейді сарапшылар. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін бізге ұлан-ғайыр қиындықтарды еңсеру керек болып тұр. Бірінші кезекте – шетелдерде шұғыл білікті мамандар даярлануы тиіс. Елімізде ең үздік, заманауи үлгідегі атом электр стансасын салу қажет.

Атом электр стансасы кейбіреулер ойлағандай қару емес. Екеуінің алыну әдісі ұқсас болғанымен қызметі мүлдем бөлек. Еліміздің АЭС салуда басқа елдерге қарағанда мүмкіндігі мен әлеуеті әлдеқайда жоғары. Шикізат өзімізде болғандықтан өндірілетін қуаттың өзіндік құны да біршама төмен болады. Осы мақаланы әзірлеу барысында көптеген азаматтармен тілдесіп, пікірін сұрадық. Ақиқатын айту керек, олардың дені осындай нысан салу туралы сауалымызды естігенде жылан көргендей жиырылды. «Атомнан аулақ!» деп қолдарын сілтеді. Дегенмен «Бес саусақ бірдей емес». Бірқатар көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар келелі пікір, орынды ұсыныс айтты. Солардың бірі – облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы электр энергетика, энерготиімділік, электр үнемдеу бөлімінің басшысы Алмас Омаров:

– Халық бұл істің тиімділігінен бейхабар. Сондықтан да оның экономикалық пайдасы туралы елге кеңінен түсіндіру керек. Оны салған кезде жұрттың талап-тілегімен санасу қажет, – дейді.

Майдан Орынбаев, Тараз қаласының тұрғыны:

– «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дейді. Қазақтың жері кең. Оларды бұрын полигон болған жерлерге орналастыруға болады. Десе де, нысан құрылысы кезінде қауіпсіздік мәселесіне баса көңіл бөлу қажет.

Рахманқұл Байтелиев, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, «Құрмет» орденінің иегері, Тараз қаласының Құрметті азаматы.

– Атом – арзан қуаттың қайнар көзі. Әлемде Франция, Канада және Жапония сияқты мемлекеттер өзіне қажетті энергияның 90 пайыздан астамын атом реакторынан өндіреді. Қытайда жалпы пайдаланымдағы қуаттың 40 пайызы осындай әдіспен алынады. Ал Қазақстан бұл істе әлі күнге кенжелеп келеді. Демек, тапшылыққа душар болып, тығырыққа тірелмей тұрғанда бұл шаруаны кешіктірмей қолға алып, шетелдерде білікті мамандар даярлауға кірісу қажет.

Демек, «Көп айтса көнді, жұрт айтса болдының» заманы өтті. Атом – елімізде экономикалық қиындықтарды еңсеретін,энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бірден — бір және бірегей энергия көзі болып табылады. Ендеше, іске сәт, ағайын!

Ақылжан Мамыт

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support