- Advertisement -

Оқырман ойымен «ойнаған» жазушы

378

- Advertisement -

Шығармашылығында ұлт болмайтын жазушылар болады. Әлгіндей қаламгерлердің қатарына жапониялық Харуки Муракамиді жатқызғанның еш сөкеттігі жоқ шығар. Содан да болар, оның шығармалары әлем елдері бойынша кеңінен танымалдылыққа ие. «Норвегиялық орман», «Токио аңыздары» секілді көптеген туындылары оқырманның ойын ойран қылып тастайтыны да рас. Әлбетте, ол жеңіл жазады. Сонысымен де өтімді шығар. Кейбір моральдың етегіне жармасқандар Муракамиді шығыстық санадан алшақтаған, батыстық, дұрысы еуропалық келбеттегі қоғамды шығармаларына өзек етіп, батысша ойлағаны үшін жазғырып та жатады. Тіпті жапондардың өзі де осындай пікірді айтып қалады. Олар оны эротикалық суреттеулері үшін жазғыруы, жапон менталитетіне жат әлем деп кінә артуы мүмкін. Бірақ ол жапон мәдениетінің шеңберінен шығып кеткен қаламгер екенін ұмытпаған ләзім. Алайда дәл осы Муракамидің шығармалары үлкен таралыммен тарайды. Әлемдегі жас оқырмандар арасында аса танымалдылыққа да ие екені де талас тудырмайды. Медальдің екі жағы болатыны секілді «шығармашылығында ұлт болмайды» деген ойды біз бұл жерде жақсы жағынан қарастырып отырмыз.

Әдебиетке аңсары ауған қазақ оқырмандары да Муракамиді орыс тілінде оқығаны белгілі. Бізге солай қолжетімді болғаны рас. Оны да ешкім жоққа шығара алмақ емес. Ол 1979 жылдан бері тынымсыз жазып келеді. Қолынан қаламы түскен емес. Оның библиографиясындағы көптеген романдар сенсацияға айналғаны да сөзсіз. Әңгімелері де жүректерге жетті.

Біз бүгін қаламгердің 1987 жылы жазылған «Норвегиялық орман» романы және 2005 жылы жарық көрген «Токио аңыздары» әңгімелер жинағы жайлы сөз қозғамақшымыз. Мураками қай кезде де оңай, яғни, елге ұғынықты етіп жазды. Бұл әрине кемшілік те, абырой да емес деп ойлаймыз. Бірақ оқырман үшін түсінікті. Әлбетте, әдеби сын тұрғысынан алып қарасақ, жоғарыда айтқанымыздай, оның романдарына қатысты полярлық пікірлерді көп кездестіретініміз бар. Біреулер «Мураками романдарында жапондық дәнеңе қалған жоқ» деп санайды және оны тек еуропалық проза жазады деп біледі.

Ал біз қалай болған күнде де оны жапон жазушысы деп танимыз, ол оған еуропалық прозаны жазуға еш кедергі де келтірмек емес. Алдымен Мураками жапондардың классикалық дәстүріне жақын с анатт арды қамтиды. Сұлулық, өмір және өлім оның кредосы іспеттес. Әйткенмен Харуки бәрін басқаша формада жеткізеді. Оның шығармаларындағы әрекеттер көбінесе бірінші жақта жасалады, сол арқылы кейіпкерлердің сана-сезімінің ағымы да жиі-жиі өзгерістерге ұшырап отырады. Осылайша ол прозасын шынайы жапониялық эго-роман жанрына жақындата түседі. Сөйтіп оқырманына жақындағысы келеді. Постмодернизм жастардың жанына жақын екенін де бір кісідей сезінеді.

Харуки «Токио аңыздары» кітабында кейде дәстүрлі жапон мифологиясына, экайдың әсеріне, қарапайым адамдардың өміріне жүгінеді. «Норвегиялық орман»

– Муракамидің ең танымал романдарының бірі. Автордың өзі романның өмірбаяндық сипатта екенін айтқан. Қаншалықты авторы шынайы екенін әрине, тап басып айта алмаспыз. «Норвегиялық орманда» Мураками өмірбаянының жаңғырығы бар да шығар. Оқиға 1960 жылдары Токиода өтеді, басты кейіпкер және сырттай баяндаушы – студент Тоору Ватанабе. Автор әңгіме ішіндегі әңгіме техникасын шебер қолданады. Оқырман романда болып жатқан оқиғаларды естеліктер арқылы бастан кешіре отырып, кейіпкер Ватанабе жастық шағында дұрыс әрекет етті ме, қиыс кетті ме? Соны ұғынуға тырысатынын түсінеді.

Көлемді романдағы кейіпкерлердің қарасы айтарлықтай көп емес. Басты кейіпкер, сезім шоғын үрлеген екі қыз, Наоко мен Мидори, бас кейіпкердің жақын достары Нагасава мен Исидо Рэйко, маңызды екінші дәрежелі кейіпкер, Наоко емделетін клиниканың пациенті. Кейіпкерлердің мұндай шектеулі шеңбері олардың әрқайсысын толығырақ ашуға тамаша мүмкіндік береді. Сонымен қатар Ватанабенің оқшаулануы мен жалғыздығына назар аударады.

Негізі романның атауы «Битлз» тобының «Норвегиялық ағаш» әнімен байланысты болуында бір символикалық мән бар секілді көрінеді де тұрады. Сондықтан да музыканы романның тағы бір басты кейіпкері деп санауға болатын шығар. Кейіпкерлер онымен үнемі кездесе береді: олар гитарада ән айтады, джаз пластинкаларын тыңдайды. Біраз уақыт бедерінде Ватанабе музыка дүкенінде де жұмыс істейді. Ал бұрын талантты пианист болған басты кейіпкерге де, Наокоға да Рейконың әсері аса зор. Музыка кейіпкерлердің жүрегін, жанын жылыта түседі, оларға өз проблемаларын жеңуге көмектеседі. Ол тынышталған кезде, әдетте романда қайғылы оқиғалар орын алып жатады.

«Норвегиялық орманды » махаббат романы деп атауға болмайды, дегенмен кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас шығарманың негізгі сюжеттік құрылымын құрайды. Бұл – сезім, қатардағы қарым-қатынас, сүйіспеншілік және бауыр басу мен айрылысу оқиғаларының жиынтығы қамтылған роман. Ватанабе үнемі жақын адамынан айрылады: алдымен оның ең жақын досы қайтыс болады, содан кейін оның сүйіктісі… Егер Мидори мен жалғыз балықшы болмаса, ол осы әлемде жалғыз қалатын еді. Жапон әдебиетіндегі өлім көбінесе үйлесімділіктің бұзылуымен қатар жүретіні мәлім. Бұл роман да одан алшақ кете қоймаған.

Наоко, кейіпкердің сүйіктісі, ұзақ уақыт бойы тыныштық пен үйлесімділікті жоғалтты. Оның алғашқы сүйіктісі (Ватанабенің досы), содан кейін олар өте жақын болған әпкесі өзін-өзі өлімге қиды. Содан да болар, қыз қалай өмір сүрудің жолын таппады және оған ешкім стимул бере алған жоқ. Алайда дерексіз өлім оны әрдайым қызықтырды. «Өлім өмірдің қарама- қарсы жағында емес, тек оған жасырынған». «Иә, өлім – бұл тек болмашы», – дейді Наоко. «Өлім – бұл жай өлім. Сонымен қатар ол жақта өте оңай…»

Шындап келгенде Наоко үшін өмір ертерек аяқталды, жақын адамдарынан айырылғаннан кейін оған өмір аса қажет бола қойған да жоқ. Бірақ Ватанабе мұны тек Наокодан айрылған соң ғана түсіне түседі. Бүкіл роман бойы ол оны құтқаруға, шыңыраудан шығаруға тырысады. Бірақ оның барлық әрекеті нәтиже бермейді. Қысқасы, бас кейіпкер неге бұлай екенін түсінуге тырысады.

«Норвегиялық ағаш» – Наоконың сүйікті әні романның бүкіл мәтінінен лейтмотив арқылы өтеді. Ең басында бұл ән Ват анабенің көптеген жылдарға татитын естеліктерін оятады. «Ұшақ қонған кезде», «темекі шегуге болмайды» тақтасы сөніп қалып, аспаптық музыка динамиктерден тыныш қана төгіледі. Оркестр «Битлздің» «Norwegian wood» әнін орындады. Бұл әуен әдеттегідей мені таңғалдырды». Автор егер бұл әуен болмаса, Наоко мен оның жақындарының оқиғасы толық аяқталған әңгімеге айналмас еді дегенді тұспалдап жеткізеді.

«Норвегиялық орман» – бұл таңдау тауқіметі, тағдырлар, жан азабы және музыка туралы роман. Романдағы музыка кез келген өмірлік жағдайда кейіпкерлерге еріп, бағыт- бағдар беріп, көмектеседі. Жетелей түсетіндей әсері бар-ақ. Музыка тақырыбы, әсіресе джаз – Харуки Мураками шығармаларындағы басты тақырыптардың бірі. Ол автордың ертеректегі және кейінгі шығармаларында («Токио аңыздары» және өзгелер) жиі кездеседі.

Джаз жанрын сезіне алатын, оның ырғағына елтетін Мураками кейіпкерлері әдетте баяндаудың кілтіне айналады немесе соған айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, Ватанабе музыка дүкенінде жұмыс істегенде өзін шынымен бақытты сезінді. Ескі пластинкалардан өзінің сүйікті әртістерін тауып, тыңдаумен болады. Мураками кейінгі шығармаларында оқырманға оңай қолжетімді болудан аулақтайды. Ол көркем шығармада баяндауды барынша объективтендіруге ұмтыла бастайды. Музыка жазушының кітаптарынан толық алыстатылмағанымен, оқырманның назарын басқа арнаға бұру үшін екінші планда қалады.

2005 жылы жазылған, бірнеше әңгімеден тұратын «Токио аңыздары» жинағы бізге кештеу жетті. Оның өзінде орыс тілінде оқыдық. «Токио аңыздарында» айтылған әңгімелер тек іс-қимыл орнын біріктіреді. Былайынша олар бір-бірімен қиылыспайды. Бұл жинақ автордың шығармашылығы тұрғысынан айрықша мәнге ие екені даусыз. Әншейінде Харуки нақты өмірдің материалын қолдануға шебер. Оның шығармаларының сюжеттері белгілі бір уақыт аралығында дамиды, оқырманға өзін оңай байланыстыратын нақты кейіпкерлерімен құнды. Мұнда автор реализмге баса назар аудармайды. Бұл жинақта бәрі басқаша. Мураками «Токио аңыздарына» қысқаша кіріспе жазды, онда ол жинақта сипатталған әңгімелердің шынайы сипатын атап өтті. Көркем әдебиеттегі ең аз болсын, ойдан шығарылған оқиғаның жоқтығын айтты. «Мен неге осында келдім? Бұрын менімен болған бірнеше қызықты оқиғаларды айтудың уақыты келді деп ойладым… мен жазушы болғандықтан, барлық әңгімелерім аз мөлшерде қиялға айналды деп ойладым. Шынында да мен проза жазған кезде қиялға ерік беремін. Ол сонысымен де проза. Бірақ қалған уақытта мен абсурдты ертегілерді әдейі ойлап таппаймын», – дейді ол.

Қалай ой өрбітсек те, бірқатар әңгімелердің мистикалық мазмұны, олардың сюжеті, «Токио аңыздары» атауы оқырманды мифологиялық шығармаларға жетелейді, оларда реализмнің болмауы бастапқыда күмән тудырмайды. Тіпті автор иронияға бой ұрып, оқырманмен «сенсең сен, сенбесең қой» дейтін «ойын» ойнайтындай көрінетіні бар.

Кез келген «аңыздың» сюжетін екі-үш жолға сыйғызып және іс жүзінде ол маңызды рөл атқармайтындай етіп көрсетуге машық тұрады. Мұндағы әңгімелер таңдау тақырыбына арналған. Олар шамалы болып көрінгенімен, тұтас өмірді өзгертуге қауқарлы екені және рас.

Х.Муракамидің кейіпкерлері ешкімге ештеңе қарыз емес екенін бірнеше рет дәлелдейді. Әрқайсысының жүрегінде шешімін таппаған проблема бар, сол оларды азаптайды және жанға тыныштық бермейді.

«Ханалей шығанағы» әңгімесінің кейіпкері жалғыз ұлын жоғалтады. Ол жүрек талмасынан көз жұмды. Сатиге бұл туралы хабарлағаннан кейін шошып кетеді. Ол ештеңе көрмеді, естімеді және сезбеді. Ұлы қайтыс болған Ханалей шығанағына барды. Сати әуелде қатты қиналады, бірақ оның санасы біртүрлі жұмыс істейді. Біраз уақыттан кейін біз кейіпкердің ұлымен ешқашан жақын емес екенін, олардың қарым-қатынасы дұрыс болмағанын түсінеміз. Кейде Сати тіпті «ұлын қатты жақсы көрмеймін» деп ойлады. Бірақ жоғалтуды түсіну ондағы барлық сезімдерді ширатты. Жыл сайын шығанаққа келіп, теңізге қарап, ол ұлымен қарым-қатынасты қайта құратын сияқты сезімді бастан өткергені бар. Мұның өзі кейіпкердің де, оқырманның да психологиялық тепе-теңдігін бұзады.

Сати ұлының өлімін қабылдайды. Мазасыздық, алаңдаушылық, белгілі бір әрекеттерді дұрыс түсіну оның ойын бөледі. Оқиғаның басында, учаскедегі ұлының мәйітін тану кезінде полиция қызметкері бүкіл оқиғаның негізгі сөзін айтады: «Сіз үшін бұл өте ауыр әрі ащы тәжірибе, бірақ мүмкін болса, былай ойлауға тырысыңыз: «Ұлым қандай да бір байланыстардың, оқиғалардың себебінсіз, ашу-ыза мен жек көру себептері арқылы қайтып табиғаттың өзіне оралды». Әрине, ауыр. Бірақ ойға батырады…

Мураками тәмамдалған болып көрінетін оқиғаға құпия қосады: сол Шығанақтағы басқа серферлер бір аяқты жас жапондық серферді жиі көре бастайды, ол кенеттен жағажайда пайда болады, содан кейін жоғалады. Автор бұл елес пе, жоқ па оны айтпайды, тек құбылысты көрсетеді. Мұны әркім өзінше болжайды. Ол түсініктеме бермейді. Бұл «Ханалей шығанағының» финалын қоршап тұрған жұмбақ атмосфераны бұзады…

Автордың біраз әңгімелері бірдей принципке негізделген: драмалық оқиға, психикалық азаптарды шешуге тырысу және мистикалық құбылыс. «Аңыздарда» біз жеке детективтің шағын тергеуінің т арихымен танысамыз, ирониялар алдымыздан шығады, автор ең алдымен өзінен үйлесімділік таба алмай тәлкекке түседі.

Харуки Мураками оқырман ойымен ойнағанды ұнатады. Оқырманын түрлі сезім иірімдеріне түсіріп, кейде алыс әрі өтірік жолмен байланыстырғысы келеді. Ол шындыққа өткір троптар арқылы жетуді көксейтіні де бар. Оның кейіпкерлері әйтеуір бір келетін жарқын болашақ жолындағы шынайы сезім, сенімнен басқасының бәріне күмәнмен қарайды. Мураками – оқырман алдында шынайы жазушы. Ол барлық құпияларды ашпаса да, қорытындысында оқырманды терең ойға қалдырады. Әлбетте, қаламгер ұсынған сюжетке сену немесе сенбеу – оқырман еншісіндегі шаруа. Оның шығармаларындағы музыка драмаға құрылған мюзиклді еске түсіре береді…

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support