- Advertisement -

Азаттықтың елең-алаңындағы ақтық айқас

176

- Advertisement -

Бұл оқиға еліміздің азаттығына қол жеткізген 1991 жылдың 16 желтоқсанынан тура 69 күн өткенде Байқоңыр ғарыш айлағында орын алған еді. Осы оқиғаның басы-қасында жүрген жамбылдық жауынгер Сағаділдә Үсібәлиев 1970 жылы өмірге келді. Облысымызбен аттас ауданның «Қызыл Октябрь» ұжымшарының тумасы. Ол 1986 жылы мектеп бітіре салысымен Алматы ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне сынақ тапсырады. Алайда алгебра пәнінен сүрінді. Қалайда жоғары оқу орнына түсуді армандаған бозбала іле-шала құжаттарын Алматыдағы политехникалық институттың дайындық курсына тапсырады.

Ол курста оқып жүргенде Желтоқсан оқиғасының куәгері болды. Ауылдан қалаға келген жасы он алтыдан жаңа ғана асқан Сағаділдә бұл күндері бәлендей белсенділік танытқан жоқ. Өзі өмір сүріп жатқан Совет елінде, оның ішінде момақан қазақ арасында мұндай дүрбелең туатыны үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Оқудан шығып кетем бе деп қорыққаны рас. Дегенмен ширек ғасыр бойы үздіксіз ел тізгінін ұстап келген, кішкене кезінен пір тұтатын Дінмұхамед Қонаевты табан астынан қызметінен алып, орнына аты-жөні белгісіз біреуді әкеліп отырғызғаны жайлы тосын оқиға естіген елдің ашу-ызасын, наразылығын туғызды. Сағаділдә сол топты қолдаушылардың қат арында болды. Оң мен солын толық ажыратпаған жас жұлқынып топтың а лдына шыққан жоқ.

Сағаділдә соған қарамастан Желтоқсан оқиғасының зардабын шекті. Қалайша дейсіз?! Келер жазда дайындық курсын тәмамдап, сынақты өте жоғары бағамен тапсырған бозбалаға тау-кен факультетінің деканы, өзіміздің қаракөз қазақтың баласы бет-аузы шімірікпестен:

– Сен конкурстан өтпейсің. Оңтүстік облыстардың өкілдеріне шектеу қойылған. Тез құжаттарыңды ал да, Қаратаудағы «политехтың» филиалына тапсыр. Ауылдан шыққан «қазақбайларға» сол да жетеді, – деп жүзіндегі кекесінді жасырмай, кесімді сөзін айтты. Ұнжырғасы түскен Сағаділда амал жоқ Қаратаудағы филиалға оралып, тау-кен саласын электрлендіру мен автоматика факультетіне қабылданды.

Үш жыл сонда оқығаннан кейін жас жігіт 1990 жылдың 17  желтоқсанында армия қатарына шақырылды. Анкеталық мәліметтеріне көз салған бөлімше командирлері, бес минутсыз жоғары білімді, мамандығы электрмен тікелей сабақтас болашақ инженерді №20 алаңқайдағы аспалы кран машинисі мамандығын меңгеретін алты айлық курсқа жібереді. Сирек мамандық тізгіндеген Сағаділдә әскер қызметінде жүргенде аса қиналған жоқ. Жеке басы әскери шенділер тарапынан қысым да көрмеді.

Атақты ғарыш айлағына тап болған жауынгер жан-жағына тамсана, таңырқай қарайды. Ана тұрған №110 алаңқай «Энергия-Буран» ұшыратын орын. «№113 алаңқайда ұшырғыш ракеталармен қондырғыларды құрастыратын биіктігі 12 қабат үйдің деңгейіне жететін жабық ангар бар» – дейді білетіндер. Оның қасында инженер-конструкторлар мен техник-қызметкерлерге арналған қалашық орын тепкен. Ғарыш сапарына аттануға әзір кезекті қондырғы сегіз қатар рельсті жолмен ұшыру алаңына жеткізіледі. №9 алаңқай тағы солай жалғасып жатыр…

Алматыдағы әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін Байқоңырдағы әскери бөлімнің рота, взвод командирлерінен бастап, кішігірім сержанттарына дейін қазақтарға «ұлтшылсыңдар» деп қоқаңдай бастады.1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан алдында ғана іргесі шайқалып, біржолата құлаған КСРО-ның құрамынан шыққаны Байқоңырды әбден иемденіп алған әскери басшылықтың шамына тиді. Қазақ жігіттеріне қайта-қайта тиісіп, тырнақ астынан кір іздеуге көшті. Сәл-пәл кемшілік көрсе, жерден жеті қоян тапқандай қуанып, қамайды, ұрады. Қазақ халқының атына: «Сендер өз алдарыңа ел бола алмайсыңдар» деген сияқты қияс сөздерді айтып, намысқа тиеді. Нағыз «Отырса – опақ,тұрса – сопақтың» кері.

Дүрбелең қарсаңындағы әскери гарнизондағы ахуал туралы қатардағы жауынгер, сол кезде штабта хатшы-референт болып қызмет істеген, әскер қатарына 1991 жылы Шымкенттен шақырылған Қанат Серікбаев араға он-он бес жыл уақыт салып былай дейді:

– Байқоңыр әскери горнизонындағы офицерлердің дені Мәскеуде сұрыптаудан өтіп келгендер. Көпшілігі дөрекі, жұмыс уақтысында үнемі ішкілік ішіп, «қызара бөртіп» жүреді. Мұнда Қазақстаннан, оның ішінде ауылдық жерлерден келгендердің әскери өмірі өзгелерден гөрі тым ауыр. Болар-болмас ағаттық үшін таяқ жейді, кезектен тыс кезекшілікке қояды, бір ауыз қарсы сөз айтқан жауынгерді гаупвахтаға жауып тастайды.

Тасқамаққа түскендерді аяусыз жазалап, азаптайды. Онда тұрған кезекшінің бәрі ірі денелі, әскер қатарына алынғанға дейін спортпен шұғылданған, Ресейде туып-өскен жігіттер. Олардың көпшілігі балалар үйінде тәрбиеленіп, ата-ана мейірімін көрмей өскен адамды аяуды білмейтін қатыгездер. Қолдарында – автомат, белдерінде – резіңке шоқпар мен кісен.

Бірде гаупвахтаға түскен алматылық досымның айтқаны күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. «Айыптыларды» қар үстінде жалаңаяқ жүгіртеді екен. Үш-төрт күнде бір мәрте ғана ауыздарына ыстық тамақ тиеді. Ағаш төсек таңғы сағат 5-те жиналып алынады да бұдан кейін жауынгер мұздай бетон еденде шинелін төсеп отырады.Олардың аузынан: «Баран», «Тварь», «Глупое животное в двух ногах», «Үңгірде туып-өскендер» деген сияқты ар-намысты таптайтын балағат сөздер шығады.

Жоғары лауазымды офицерлердің есіргені соншалық солдаттарды жақын маңдағы «Ақай», «Төретам» сияқты стансаларда тұратын тамыр-таныстарына (бөтелкелес достарына) басыбайлы құл, тегін жұмыс қолы ретінде «сыйға» тартатын. Осы сияқты басынушылық келе-келе қазақтар арасындағы жаппай наразылыққа ұласты.

Бұл оқиға 1992 жылдың 23- 25 ақпан күндері орын алды. Кешкі тексерістен кейінгі сағат 20.00 мен 21.00-дің арасы. Кенет казарманың көрші отсектерінен айқай-шу шықты. Алғаш Сағаділдә: «Қазақтар басқа ұлт өкілдерімен төбелесіп жатыр ма?» – деп те қалды. Не болғанын білу үшін сол жаққа жүгірді. Қырғын төбелестің үстінен түсті. Қазақ солдаттары офицерлер мен сержанттарды қуып жүріп сабауда. Ашуланған жігіттерді тоқтатайын десе қаны қарайған тобырдың бой беретін түрі жоқ. Әбден ашынып, көздеріне қан толған. Бұлардың бәрі де бейтаныс жігіттер. Не істерін білмей сасқанынан капитан және аға лейтенант шеніндегі екі офицерді арашалау үшін өз ротасының жігіттерімен қалқалап тұра қалды. Ашулы тобыр әзер дегенде сөзге келді. Олардың айтуынша: «Офицерлер әбден теперіш көрсеткен, тырнақ астынан кір іздеп, ұрып- соғады. Сәл қарсылық танытса гаупвахтаға жатқызып қинайды. Бірер жігітті азаптап өлтірген. Бірнешеуін с абап мүгедек еткен…».

Сағаділдә оларды сабасына түсіру үшін:

– Жігіттер, офицерді ұрғандарың үшін жазаланасыңдар. Жағдайды бекер ушықтырмаңдар, – деп басу айтты.

– Жоқ, бұлардың әбден қорлығы өтті. Алдымызда бір-ақ жол тұр. Кеудемізде жан барда намысымызды таптатпаймыз. Әділеттік жолында қыршын жанымызды қисақ арман жоқ. Өлсек те жағасына жармасып өлейік. Тәуекел, жастығымызды ала кетеміз. Біз өзіміздің туған жерімізде, тәуелсіз Қазақстанда жүргенде неге қорлық көреміз? Олардың 1986 жылғы қазақ халқына, бейбіт шеруге шыққан жастарына жасаған жауыздығын ұмытпаймыз, – деп қасарысып тұрып алды. Еліміздің тәуелсіздік алғанына арқаланған жігіттер райынан қайтар емес.

Сағаділдә орын алған жағдайда қалайша әрекет жасау қажеттігін іштей ой елегінен өткізді. Жауынгерлер КСРО кезінде армия қатарына алынып ант бергендер. Қазір бұрынғы Одақ тараған, Қазақстан тәуелсіз ел. Сондықтан тәртіп бұзғандарды әскери трибуналмен соттай алмас. Дегенмен тәуелсіздік алған еліміздің Қарулы Күштері құрылмаған. Не Туымыз, не әнұранымыз жоқ. Басқасын былай қойғанда мемлекеттік шекара да бекемделмеген.Шынтуайтына келгенде, қазақ сарбаздары Ресей әскерінің құрамында. Әскери тәртіп бойынша кімнің қол астында жүрсең, соның шотын соғуға тиіссің. Біздің жігіттер үшін қолайсыздық туғызатын да, қолбайлау болатын да осы жағдай.

– Қазақстанның егемендікке қолы жеткені кеше ғана. Біздің Қарулы Күштеріміз әлі құрылған жоқ. Етек-жеңімізді жинап, қаз тұрып кеткенше біраз уақыт керек. Жаңа үкіметтің бізді қорғауға шамасы жете ме, жетпей ме? – ол жағы белгісіз. Олардың мемлекеттің іргесін қалау үшін атқарар басқа да шаруалары жетіп жатыр. Орыстармен текетіресетіндей қолда қару жоқ. Қарусыз адам – қауһарсыз. Ата-бабамыз жетпіс жылдан бері шыдап келді. Біз де шамалы шыдайық, содан кейін жағдай түзелер. Қазір мұздай қаруланған әскерге қарсы шықсақ әп-сәтте қырып салмай ма? Ауылда тілеулеріңді тілеп, екі көздері төрт болған ата-аналарың сарғая күтіп отыр. Болашақтарың алдарыңда. Ашу үстінде арандап, жас жандарыңды босқа қиясыңдар ма? – деген уәжға қызу қанды жігіттердің біразы жібігендей болды.

– Айтқаныңның жөні бар. Жан-жақтан хабарың бар, жоғары оқу орнында оқып келген көзі ашық, көңілі ояу жігіт екенсің. Жарайды сөзіңді тыңдайық. Өзің басшы бол. Бірақ алған бетімізден қайтпаймыз. Әуелі тасқамақта екі көзі төрт болып жатқан достарымызды шығарып алайық – деді.

Осындай берік байламға келген қалың дүрмек гаупвахтадағы жігіттерді құтқарып алу үшін космодромдағы барлық құрылыс жұмыстарына иелік ететін №118 алаңқайдағы құрылыс басқармасына бет алды. Гаупвахта соның ішінде. Оны күндіз-түні қарулы күзет қорғайды. Осы екі ортада мыңдаған қазақ жауынгері аяғынан тік тұрды. Қара жұмысқа жегілген солдаттарды ертелі-кеш құрылыс нысандарына апарып- әкелетін «ЗИЛ-131» маркалы үсті бре зентпен жабылған қорапты жүк машиналарына мінген дүрмек комендатураны бетке алды. Ең алдыңғы көлікте Сағаділдә отыр, қасындағы жүргізуші С емей өңірінен келген жігіт, таныстығы жоқ, тек жанама есімі – «Китаец» екені есте қалыпты. Бейбіт бітімге баратынын білдіру үшін күректің сабына аппақ жастық қапты іліп алды.

Комендатур аға кір етін қақпаның аузына жақындағанда машиналар тоқтады да, іштегілерге белгі берді. Сол-ақ екен, жоғарыдағы «қарауыл мұнарасынан» алдымен екі дүркін аспанға оқ атылды да артынша автомат кезегі асфальт жолды әрлі-берлі шалғылап өтті. Одан кейін мылтықтың оқпанынан шыққан оқ дарбаза алдында тізіліп тұрған автомашиналарға қарай қарша борады. Сағаділдә отырған автомашинаның кабинасына бұршақша сатыр-сұтыр тиіп жатыр. Рульдегі сарбаз жеңіл жарақат алды. Сағаділдә оны кабинадан шығарып, жақын маңдағы топырақ түсірілген үймектің тасасына жасырды. Артына қараса қаптаған қалың топтың қарасы көрінбейді, жерге жабысып жоқ болған. Қыбыр еткен жан жоқ.

Жата берсе оққа ұшатынын сезген Сағаділдә орнынан жайлап көтерілді де, екі қолын көтерген күйі гарнизон дарбазасына қарай қадам басты. Қолында таяққа байланған ақ жалау. Тура қарсы алдан түскен прожектордың шақырайған жарығынан түк көрер емес. Әйтеуір, көзсіз көбелектей алға жүріп келеді. Бір мезгілде маңдайына және екі шекесіне сұп-суық Калашников автоматының үш ұңғысы бірдей тірелгенін байқады. «Біткен жерім осы шығар» – деген жаман ой келді. Осы сәтте арттағы жатқан ондаған мың қарусыз жауынгер Отан соғысы жайлы киноларда көрсететін жау окобына ұмтылған сарбаздардай бір мезгілде атой салып алға ұмтылды. Мынадай жанкешті көріністің куәсі болған солдаттар қапелімде естерін жиғанша қалың топ оларды қаға-маға ашық тұрған дарбазаға лап қойды.

Сағаділдә артынан келген достарын тоқтатып, гарнизон офицерлеріне гаупвахтада жатқан оншақты жазықсыз жігітті шығарып беруін талап етті. «Көп қорқытады,терең батырады» демекші қарусыз қазақтардың мынадай көзсіз батырлығынан сескенген командирлер артық сөзге келмей талаптарын табан астында орындады.

Бұлар тұрған Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қаласы Ресейдің меншігі. Мұнда өзге мемлекеттің заңы жүреді. Ендігі мақсат қайтсе де өздерін қауіпсіз санайтын тәуелсіз Қазақстанға қарасты Төретамға жету. Мемлекеттік органдар Қазақстан иелігінде, әрі онда тұратындардың көбі қазақ.

Жігіттердің қарындары аш. Біреулер УМС-ты бұзып ішінен бірнеше бөлке нан, бұқтырылған ет сияқты консервілер алып шықты. Кейбір пысық сарбаздар үстіндегі көнетоз киімдерін жап- жаңа формаға ауыстырып алды, «ЗИЛ-131» автомашиналарына мінген ондаған мың адам №9 алаңқайға жиналды. Арасында тайсақтап, кейін шегінгендер де кезікті. Әлгінде өздерімен бірге шыққан екі автомашинадағы сарбаздар жеме-жемге келгенде бойтасалап, қашып кеткен. Соған қарамастан сарбаздар легі арта түсті.

Тізілген автокеруен таң ата Төретамға келіп жетті. Топтың басшысы Сағаділдә осындағы гарнизон ішіне кіріп, ондағы тұраққа автомашиналарды заңды түрде тапсырды.Осы жердегі жауынгерлер әскери плацта әдеттегідей ертеңгі сапқа тұрып жатыр екен. Байқоңырдан шаршап келген сарбаздар солардың жанымен қатар-қатар сапта тұрған күйі темір жол вокзалына қарай аяңдады. Вокзалға жете бергенде олардың алдынан полиция тосқауылы кезікті. Қарасы көп емес. Әр автомашина тасасында екі милиционерден тұр. Қолдарындағы табельдік қаруларын кезеніп алған. Жауынгерлердің қарусыз екенін көрген то сқауыл басшысы, көзілдірік киген ішкі істер полковнигі тасадан шығып, бой көрсетті.Қолындағы автоматы кезеулі.

– Ағай, бізді түнде орыстар атқылап еді, енді сіздер мылтық кезейсіздер ме? – деді сасқалақтаған Сағаділдә.

– Қазақсыңдар ма?

– Иә, қазақпыз, арамызда бөтен ешкім жоқ. Бұл қадамға әбден қорлық көріп, жапа шеккендіктен бардық.

– Бізге кавказдықтардан құралған бір топ бұзақы тәртіп бұзып қашты, – деп еді. Алдаған екен, – деп жөнге келді. Бұлардан әңгімеге толық қаныққан соң: – Саспаңдар, енді сендерді біз қорғаймыз, – деп жұбатты. Қасында подполковник серігі бар.

Олардың артынан жергілікті «Азат» партиясының өкілі шығып,болған жайға толық қанықты. Бұдан бөлек қарапайым киінген мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бір қызметкері жүрді. Қолында қысқартылған шолақ «АКА-71» автоматы бар. Ашылып сөйлемесе де сарбаздарға іш тартатын сыңайлы. Сол кезде «Азат» партиясын белсенділерінің ұйымдастыруымен жергілікті тұрғындар қарасы көбейді. Бәрі қандастарына қол ұшын беруге әзір. Жергілікті тұрғындар бейне бір жорықтан жеңіспен оралған қосынды қарсы алғандай ерекше құрмет-қошемет танытты. Вокзал алдына құрылған ашық сахнада көркемөнерпаздар өз өнерлерін үзбей көрсетіп жатты. Аспанға Шәмшінің «Менің Қазақстаным» сияқты патриоттық әндер әуеледі.

Орталық және жергілікті телевизия өкілдерімен кездесу тап сол жерде өтті.

Гарнизон бастығы, генерал-майор Чухарев қатардағы жауынгер С.Үсібәлиевпен жеке сөйлесті. Қасында жүрген офицерлер сарбазды кінәлі етіп шығарғысы келді. Сағаділдә генералдан қаймыққан жоқ:

– Жолдас генерал. Жанжалды ұйымдастыруға менің еш қатысым жоқ. Шатақ көршілес отсектерде орын алды. Бұл бұрын ойластырылмаған табан астында стихиялы түрде туған қарсылық. Жауынгерлер көрген зорлық-зомбылықтан әбден ашынған. Оларды шамамның келгенінше тоқтатуға тырыстым. Екі офицерді кеудемізбен тосып арашалап қалдық, сенбесеңіз өздерінен сұраңыз. Шиеленістің соңы қанды қырғынға ұласпас үшін ашулы жауынгерлерді тоқтатуға тырыстым. Сол үшін топтың тізгінін уақытша қолыма алғаным рас. Көпшілік менің сөзіме тоқтауға келісті.

Оның бұл сөзін батальон командирі де қуаттады.

Қауіпсіздік комитетінің бейтаныс жауапты офицері Сағаділдәнің қасынан бір елі қалмай бірге жүрді. Керек кезінде оның әрекетін қолдап, қорғады. Жүздері түтіккен жоғары әскери шенділер түтіп жейін десе бойларына сіңген ескі әдет бойынша «үш әріп» өкілінен кәдімгідей қаймығатын тәрізді. Топқа кездейсоқ басшылық жасаған қазақ жігітін түтіп жейін десе күш көрсете алмай діңкелері құрыды.

 

Қамбар-Бек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ,

журналист.

Тараз қаласы.

(Жалғасы келесі санда).

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support