- Advertisement -

Эпидемиялық ахуал ушығып барады оған кімдер кінәлі?

52

- Advertisement -

Қазақстанда пандемия құрсауынан әзірге шыға алар емес. «Қызыл аймаққа» енген өңірлер саны көбеймесе, азаяр түрі жоқ. Соңғы күндері тек біздің өңірде күн сайын 120- дан астам адам індет жұқтырып, оның әртүрлі асқынуларымен ауруханаларға түсіп жатыр. Көз жұмып жатқандары да бар. Кезінде «Коронавирустың екінші толқынына сақадай саймыз, қажетті дәрі-дәрмектер, оттегімен тыныстандыру аппараттары, қорғану құралдары (бетперделер, көзілдіріктер, арнайы қорғану костюмдері, антисептиктер және т.б.) жеткілікті» деп мәлімдеген билік иелерінің өзі мына «аузын арандай ашқан тажалға» дес бермей жатқанына аң-таң. Сондықтан күн сайын жаңа проблемалар туындауда. Телеарна мен баспасөз құралдары адам жаны түршігерлік, қорқыныш пен үрей туғызатын статистикалық мәліметтерді күні- түні тынымсыз құлағымызға құйып жатыр. Екпе (вакцинация) мәселесі де күн тәртібінен еш түспей тұр. Бірақ, коронавирус инфекциясы ел-жұртты жасына, қызметіне, байлығына, әйел-ер екеніне қарамай, қу қамысқа тиген өрттей, жалынға орап, аяусыз жайпап, өз билігін жүргізіп барады.

Кенеттен келген тажал тырнағынан құтылу дәл қазір әркімге жеңіл болып тұрған жоқ. «Мылтықсыз майданға» айналған COVID-19 біреулерді аяулы анасынан, асқар таудай әкесінен, жақын бауырынан, сүйікті баласынан аяусыз айырып, дегеніне көндіріп жатыр. Шаңырақтары шайқалып, бо с ағасы бо с ап, аңырап, қасірет уына тұншығып, қара жамылып жатқан отбасылар қаншама? Ойласаң, өкініш өзекті өртейді. Неге жаз айларында, жабулы бөтелкеден шыққан жын тәрізді, эпидемиялық ахуал бірден ушығып кетті? Оған не себеп? Кінәлі кім? Міне, осы сұрақтарға жауапты мүмкіндігінше жүйелеп, жауап беріп көрелік.

Пандемия біздің елге 2020 жылдың наурыз айында келіп жетті. Ірі қалалар мен облыс араларына блок-постар қойылып, артық қозғалыс шектетілді. Тіпті, бір айлық төтенше жағдай жарияланғаны есімізде. Бірақ, өкінішке қарай, о л шаралармен қауіпті коронавирус инфекциясынан халқымызды қорғай алмадық. Маусым, шілде, тамыз айларында індет өршіп кетті. Күн сайын қаралы хабар естіген көпшіліктің күңірене күйзелгені де осы кез. Билік иелері мен дәрігерлердің қауқарсыздығынан, тәжірибеміздің жоқтығынан бірнеше жүздеген адам індеттен көз жұмды. Биыл да ахуа л жеңіл болып тұрған жоқ. Облыс орталығындағы бұрынғы қалалық перзентхана ғимараттары өткен қыста күрделі жөндеуден өткізіліп, оттегі стансасы орнатылып, қажетті құрал-жабдықтармен, медициналық аппараттармен жарақтандырылып, 200 төсектік инфекциялық стационарға айналдырылды. Көктем айларында эпидемиялық ахуал бақылауда болып, сырқаттанған ауруларға ем- дом қажетті дәрежеде көрсетіліп жатты. Келе-келе ауырғандар саны көбейе түсіп, сырқаттанғандар орталыққа сыймай облыстық инфекциялық ауруханасы, қалаға қатар орналасқан Жамбыл және Байзақ аудандық орталық ауруханалары және облыстық балалар ауруханасының бір ғимараты коронавируспен ауырғандар емделетін орынға айналдырылды. Аудандардағы инфекциялық бөлімдерде тек COVID-19-бен ауырған науқастарды қабылдап, ем жүргізе бастады. Өкініштісі, адам өміріне өте қауіпті бұл індет тоқтаусыз өсіп, Тараз қаласының тұрғындары үшін облыстық туберкулез диспансері де осындай ауруханаға айналдырылды. Міне, ендігі кезек облыстық көпсалалы ауруханасына келді. Сөйтіп, 26 шілде күні ковид ауруына шалдыққандарды емдейтін аурухана болып халыққа қызмет ете бастады. Неге?

Ой таразысына салып көрелік. Індеттің ушығуы өзімізге, адамдарға тікелей байланысты. Қанша айтылса да ковидтен сақтану талаптарын орындамай жүргендер арамызда аз емес. Көшеде қоғамдық көліктерде, дүкендер мен көпшілік жиналған орындарда маска киіп, инфекциядан сақтанып жүргендерді сирек, өте сирек жолықтырасыз. Тіпті, бетперде кигендерді көрсе төңірегіндегі көпшілік ала қарғаны көргендей, ожырая қарайтынына күмән келтірмеңіз. Бетперде киіп жүргендердің де біразының мұрыны ашық, ауызға немесе иегіне іліп алғандар көп. Олар оны індеттен сақтану үшін емес, тексерушілер үшін киіп жүргендей әсер қалдырады. «Арақашықтықты сақтаңыз!» деп әркез тынымсыз зар қақсақ та, оған мән беріп, көңіл аударып жатқан бір тірі жан жоқ. Тіпті, байқасаңыз, сүйіп амандасатындар әлі де бар. Сонда, айтылып жатқан қазіргі карантиндік талап қайда қалды?

Тағы бір өзекті мәселе – той. Құда күту, сүндет тойы, бесік тойы мен ас беру және басқа басқосулар да көп. Олар әлі еш тыйылмай тұр. Рас, қазақ тойшыл ха лық, қуанышын бөліскісі келіп тұрады. Бірақ, пандемия кезінде оның қауіптілігін біле тұра осындай дарақылыққа жол беру орынды ма? Неге біз мына алмағайып кезеңде, пандемия ушығып тұрған сәтте көпшіліктің басын қатерге тігіп, тойға 250-300 адам жинап, қонақтардың біразын басқа өңірлерден шақырып, тойхананы ашық инфекция көзіне айналдырып жатқанымызды сезінбейміз? Пандемияны себеп қылып тойға бармайын десең, әлгі қазақтың «ұят болады» деген сөзі алдыңнан көлбеңдеп шығады. Қазақтың осы «ұят» деген бір сөзі біздің аяғымызға кісен салып, желкемізді үзіп тұрған жоқ па? Қатердің қайдан келіп жатқанын біле тұра біз тойды және де көпшілік жиылатын шараларды неге әзірше тоқтата тұрмаймыз? Сөз өтпейтін, ақылымыз жетпейтін соншама санасыз халықпыз ба? Қараңыздаршы, қазір өңірімізде короновируспен ауырып жатқандар кімдер? Тек қазақтар, басқа ұлттар жоқтың қасы. Қайран қазағым-ау, неге соншама сөз өтпейтін, қауіп-қатерді түсінбейтін тоңмойын болып кеттік?! Қайран қазағым-ай, неге бәрін біле тұра өзіміздің басымызды қатерге, тіпті өлімге тігіп, «Тәуекел», «Құдай сақтасын!» деп жанып жатқан жалын отқа барып өзіміз түсеміз? Бізге не көрінді?!

Қауіпті пандемия шырқауы жеткен кезде қаладағы кафе мен тойханалардың жұмыс уақытын қысқартамыз, той жасатпаймыз деп көпті сендірдік. Тағы қолында билігі бар топ: «орта және төменгі бизнесті қолдаймыз, қорғаймыз, оларды талапайға салдырмаймыз», – деп даурығып, қорғаушы болып шыға келді. Ел-жұрт түкті түсінбей дал болды. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Байқап көріңізші, қалада қанша тойхана бар болса, оның басым көпшілігінде той өткізу шаралары жалғасып жатыр. Кез- келген тойханаға кеш бата барып, оның артқы есігінен ішке енсеңіз той-домалаққа куә боласыз. Сампылдап той өткізіп жатқан асабаның ауызы бір тынбай; «бізге берілген уақыт 4 сағат, яғни түнгі 11-ге дейін, сондықтан, қысқа сөйлегендеріңіз жөн» деп тақылдап тұрады. Басқасының барлығы ән мен би, тамақ ішіп, тостаған босату сияқты сол баяғы үйреншікті қалыпта. Сөйтесің де «Ау, карантиндік талаптар кімге арналған? Неге мына жерде ол тәртіп жоқ? Тойханалардың қызметін қадағалайтын, тәртіпке шақыратын арнайы мониторингтік топ қайда жүр? Неге олардың істері қауқарсыз, нәтижелері қайда?» – деп таңғалыс білдіресің.

Расында да, мониторингтік топтардың негізгі қызметі – республикалық және облыстың бас с анит арлық дәрігерінің қаулысының орындалу талаптарын қадағалау емес пе? Өкінішке қарай, тойхана мен кафе иелері әлгі мониторингтік топпен ауыз жаласып, «көз қысты, бармақ басты» болып өз қызметін ескі тәртіппен жүргізіп жатқанын көріп жүрміз. Мысалы, таяуда «Роял-голд» тойханасына тойға шақырылдым. Көптен сыйласып жүрген азаматтың көңілін қимай, кеш бата тойханаға бардым. Негізгі қақпа бетінде «Жөндеуге жабылды» деген жазу тұр. Есік алды тым-тырыс, қоршалып, біраз құрылыс материалдары бей-берекет шашылып жатыр. Бұған таңғалып, телофонымды ала салып, той иесіне қоңырау шалдым. «Тойхананың артқы жағындағы есіктен кіресіздер» деген жауап алдым. Ішке енсек – тап пейішке кіргендей мәре- сәре болған, жайраңдаған көңілді 250-ден астам нөпір халық. Бұл жер, бұл орта барлық карантиндік талаптарды ұмытқан. Басқа әлемде өмір сүріп жатқандай. Емін-еркін бет сүйісіп амандасу, арқаларын қағу, қол қысу және тағысын тағы. Қысылып-қымтырылып жүрген бір жан жоқ. Тойлап, көп уақыт отыруды орынсыз санап, 25-30 минуттан кейін сыртқа шығып, кетіп қалдым. Қайтып келе жатып санамды көп сұрақтар торлап алды.

Біздің қалада құрылған арнайы мониторингтік топтар қайда? Олар немен айналысуда? Кеш бата бұрыш-бұрышта үш жаққа қарап қара киім жамылған ішкі тәртіп сақшылары, яғни «Ұлан» әскери қызметкерлері не тындырып жүр? Олардан мына қоғамға келер не пайда? Ең болмаса көшеде бетперде тақпағандарға ескерту жасамай ма?

Сұрақ көп қой мың құбылған, дүрбелеңге толы, қызылды- жасылды, сайқымазақ мына жұмбаққа толы дүниеде. Содан, реті келіп, қаланың бір белгілі қызметкерімен жолығып, ойымда жүрген сұрақтарға жауап іздеп көрдім. «Аға, оған басыңызды ауыртып қайтесіз. Мониторингтік топтың құрамында мына мен де бармын. Алғашқы ке зде оның қызметі әжептеуір әсерлі, тиімділігі оң болды. Бірақ, келе- келе істеріміз қожырады. Өйткені әр тойхананың жоғарыдағы «крышалары» бар. Түртіп қалсаң әкімшілік, прокуратура, сот, полиция департаменті немесе ұлттық қауіпсіздік қызметінің беделді қызметкерінің бірі телефон шалып, «айналайындар, сол тойханаға тиіспей-а қ қойыңдаршы, иесі менің інішегім еді» деп сұраныс жасайды. Содан, үнің өшіп, жым боласың. Тойхана иесі сені мазақ етіп, өзінше, қазақтың әлгі «мықтының арты диірмен тартады» дегеніндей жалы күжірейіп, мырс-мырс күліп, шығарып салады. Сөйтіп, тауың шағылады, той өтіп жатқан мейрамханаларға жолағың келмейді. Ел-жұрттың арасында мынадай сөз бар: «Той өткізгіңіз келсе учаскелік полиция қызметкерлеріне 50 мың теңге апарып бер, тойхана иесі оған қоса 50 мың теңге береді. Мониторингтік топтың ретін ол өзі шешеді. Содан кейін болды, жолың ашық, тойыңды еш қысылмай, еркін өткізе бер. Әлгі «Қой да сау, қасқыр да тоқтың» заманы жүріп тұр емес пе?».

Сол тойдан кейін қанша адам коронавируспен ауырып, қаншасы ауруханаға түскенін, аурудан көз жұмғанын әлгілер біле ме екен? Қанша отбасы тажалға ұрынып, қайғының қанын жұтып, қара жамылды?.. Айтуға қиын, әйтпесе түсінетін уақыт әлде қашан жетті емес пе? Бірде, сөзден сөз шығып, қалалық инфекциялық стационардың меңгерушісі:

– Ауруханамыз коронавируспен ауырғандарға лық толды – 200- дің орнына 220 науқас емделуде, өткен бір түнде 6 науқас көз жұмды. Емделіп жатқандардың 20-сының аяғы ауыр, яғни жүкті, 8-і жақында босанған әйелдер. Медицина қызметкерлеріне бұл кезең өте жауапты, өте ауыр болып тұр. Күн демей, түн демей өмір үшін барынша, қолдан келгенінше күресіп жатыр. Бірақ, тынысы, демі жетпей қиналып жатқан жандарды көргенде жаның қатты қысылады. Өмір үшін күре с жеңіл емес екенін ұққандарға рақмет. Бірақ сол аурудың санын көбейтіп, ахуалды ушықтырып тұрған адамдардың өзі ғой. Соны түсінбейтіндерді, ұқпайтындарды аяймын. Сондайларды санасыздар десем, сірә, өкпелемес, – деп қынжылды.

Қазақтар індеттен қайтыс болған кісіні 200-300 адам жиылып, жаназасын шығарып, соңғы сапарға шығарып салуды да тоқтатар емес. Сақтық шаралары сақталмағандықтан, коронавируспен ауырып жатқандар қаншама? Бұл жерде де «Құдай сақтасын!» деп белін бекем буып, қатерге басын тігіп жүргендерге не дерсің.

Коронавирустың ел арасында кең таралмауының басты жолы – вакцина салып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Әрине, көпшілік арасында желдей ескен дәйексіз желбуаз әңгімелер, сан саққа жүгірткен теріс пікірлер аз емес. Соған сеніп, өздері мен жақындарын, өкінішке қарай, қауіп- қатерге ұрындырып жүргендер де бар. Бүкіл әлем мойындап, вакцинациялауды қолдап отырған шақта, «бүйректен, сирақ шығару» артық емес пе? Саналы әрбір азамат осыны дұрыс түсінгені абзал.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор.

Тараз қаласы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support