- Advertisement -

Көкталдағы таңбалы тас Ертедегі Тәңірге табынған сақтардың ғибадатхана орны емес пе?

164

- Advertisement -

Қазақстан жерінен табылған ежелгі замандарда тасқа түскен әрбір таңба, әрбір сурет көне заманның көзі, тарихымыздың бір бөлшегі. Оны халықтың немесе бүкіләлемнің мәдени мұрасына айналдыру тарихшылар мен археологтардың талмай ізденуіне, аямай тер төгуіне тікелей байланысты.

1975 жылғы маусым. Жол түсіп Талас ауданына қарасты Ильич атындағы кеңшарға қарасты шопандар ауылына бардық. Кешке қарай сылдырап аққан өзен бойында сейілдедік. Жағалауда жатқан үй орнындай сандық тас кезікті. Жай тас емес үсті тақтайдай тегіс тас. Ол солтүстік-батыстан оңтүстік- шығысқа қарай сәл көлбей жатыр. Арғы жағы төбешік беткейіне ұласады. Шалқалай жатқан тас бетіндегі ойықтар бірден көзге шалынды. Жай сызық емес, жоғары жағында адамның дене мүшелері маңдай, мұрын мен иек орны бедерленген. Бағыт-солтүстік батыстағы қазақша құбыла аталатын тұс. Бастағы маңызды мүшелерден кейін иыққа жетер-жерпесте он саусақ бедері түгел түскен қос алақан, сәл етекте екі шынтақ орны аңғарылады. Одан төмен екі тізе мен он аяқ башпайларының іздері сайрап жатыр. Өзара симметриялы орналасқан адам мүшелерінің ешқайсысынан мін табу қиын. Осылайша кісінің көзге түсерлік бітім-бейнесі көне замандағы шебердің қолымен айнытпай ойылған. Көркемдігі көрген адамды қызықтырып, көз жауын алады.

Әлгі ойықтың бәрі саз топыраққа жаңа түскен іздей сайрап жатыр,бәз-баяғы қалпында сақталған. Бағзы шеберлердің аса қатты базальт тасты қандай құралмен, қалай қашағанына таңғалмасқа ләжің жоқ. Бәлкім, дала бәдізшісінің тасты қашап, бедер салғанына ең кемі үш- төрт мың жыл өткен шығар? Шұғыл континентальды климатты аймаққа орналасқан өңірде содан бері жазғы, қысқы жауын-шашында, бет қарыған аяз бен қатты ыстыққа шыдатқан қандай құдірет?! Әдетте, ерте көктемде әлді ойықтарға су жиналатыны белгілі. Түнге қарай ол мұзға айналады. Физиканың заңы бойынша қатқан кезде мұздың көлемі ұлғая түседі. Ол ұлғая келе орнын күшпен кернеп сындыруы мүмкін. Содан бері мыңдаған жылдар жылжып, не бір заман өтсе де тастың айшықты бедері титтей де кетілмеген. Сызбаға сәл-пәл де сызат түспеген. Табиғаттың құпия ғажабының бірі.

Жақпар тастың бір шетіне тоғызқұмалақ тақтасы бейнеленген. Ғалымдар бұл ойынды көшпенділер осыдан 4 мың жыл бұрын өмірге әкелген деп жүр. Бабаларымыз математикалық ойлауға, есепке жүйрік болған деседі. Мұнда да екі ойыншыға арналған шаршы мен құмалақ шұқырлары бір-біріне қарсы синхронды орналасқан. Осы екі дүниенің бір мезгілде, бір шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр.

Жалпақ тастың бір жерінде кеңдігі үлкен адамның бармағы сиярлық ойық орны бар, тереңдігі – үш-төрт елі. Ежелгі бабаларымыздың отты қадір тұтқаны белгілі. Біздің ойымша Тәңіріге ғибадат еткенде ойыққа ерітілген малдың майын құйып, ішіне пілте қойып шырағдан ретінде пайдаланған. Ойықтың төңірегі шытынамаған, ішінде ертеректе құйылған әлде бір сұйықтықтан қалған өңез ізі бар.

Ғайыптан көненің көзіне кезіккен менің әлі де бастықпаған асау да жүйрік журналистік көңіл-күйім тізгін бермей, атойлап шыға келді. Сол жердің жоғарғы жағындағы төбешік басын аралап жүріп сандық тастар мен кішігірім қойтастарға кезіктік. Бәрінде дерлік таңба іздері байқалады. Оларда жасағанға тағзым еткен адам денесінің базбір бедері, тоғызқұмалақ ұялары мен бала аяғының ізі түскен ойықтарға кезіктік. Бірақ көркемдік дәрежесі бастапқы бейнеге қарағанда әлдеқайда төмен, сол суретке қарап еліктеуден туындаған шикілеу дүние іспеттес.

Көктал өзені бойындағы таңбалы тасты алғаш көрген соң ол жайлы қалам тартуға журналистік шеберлігім мен тарихи білім дәрежем жетпегенін жасырудың қажеті жоқ. Ондай күрделі тақырыпты қозғау үшін ішкі дайындық керек. Алайда, содан бері әлгі таңбалы тас менің көңілімнің бір түкпірінен шыққан емес. Қызығушылығым жылдан-жылға арта түсті. Ол жайлы кездейсоқ кезігіп қалған сол жердің азаматтарынан ауық-ауық сұрастырып жүрдім. «Білдім, көрдім» – деген жан жоқ.

Шамада осыдан он жыл бұрын фотоаспабымды қамдап Көктал өңіріне арнайы жол тарттым. Ауылда көлік күтіп, жиналғанымызша күн кешкіріп кетті. Соған қарамастан жолға шықтық. Жиырма шақырымдай жүргенде мәрелі тұсқа жеттік. Арада отыз бес жыл уақыт өткен. Әрі қараймын, бері қараймын, баяғы үй орнындай жалпақ тас ізім-қайым жоқ. Көңілге жаңылыс басқа жерге тап болдым ба деген күдік ұялады. Жоғын таппаған жолаушыдай әрі-сәрі күй кештім. Көзбен түртінектеп, әрі іздеп, бері іздегенмен басты бағдарды таппаған соң аз-маз дағдарып қалдым. Аса қымбатымды жоғалтқандай жәутеңдеп, жан- жағыма жалтақ-жалтақ қараймын.

Менің аңтарылған көңіл-күйімді бағамдаған жолсерігім: «Бүгінгінің кәсіпкерлері бұрынырақ шашылып жатқан металл сынықтарын жинастырса, қазір құдайдың қарап жатқан қара тасына да қырғидай тиюде. Құрылыс материалы ретінде тоқтаусыз Таразға тасиды. Тасты дайындайтын екі қолға бір күрек таппай ауылда сенделіп жүрген осы өңірдің тумалары» – деп, бізден жарты шақырымдай жерде түртінектеп жүрген бір-екеуінің сұлбасын сырттан көрсетті.

«Көненің көзі болған киелі тас пысықайлардың жемтігіне айналған екен-ау» – деген ащы запыран көмейге келді.

Жақында ғана сол кездің іскер азаматтарының біріне жолығып қалғанда:

– Бір кездері құрылыс саласында Балқаш жақтағы Мыңаралдың тақтай тасына деген сұраныс күрт артты. Сол тұста біз қасымыздағы Көкталдың қызыл тасын Балқаштан тасылған материал ретінде сатқанымыз бар, – деп шынын айтқан еді. Иә, ақша үшін кейбір кәсіпкерлер осындай әрекетке де барды. Ол бабадан қалған рухани байлығымыздың көзін құртуға әкеліп соқты.

Әлгінде айтқандай межелі жерге жеткенше ымырт үйіріліп қалған. Сәлден кейін сенделіп жүріп баяғыда өзім менсінбеген тастағы таңбаларға тап болдым. Бірте-бірте жадыны жаңғыртып, ой елегінен өткізу барысында келген бағдарымның дұрыс екеніне көз жетті.

Қойтастағы таныс бейнелерді суретке түсіруді күн ұясына бата бастадық. Фотоаппараттың объективіне ілінген кадрлардың сапасы көңілден шықпады. Бұл бедерлердің көркемдігі менің отыз жыл бұрынғы көргенімнен көп төмен. Кей тұста маңдай, қабақ пен мұрын іздері толық емес. Қол, тізе мен аяқтың суреттері нашар оқушының қолынан шыққандай тым қораш. Кейбір тұста дөп-дөңгелек ойыс кеуде тұсқа орналасқан. Сірә, әйел адамның төсі бейнеленген сияқты. Ал тізеге тиесілі бедер мүлде түспей қалған. Адамның аяғы бұрынғыдай жалаңаяқ емес, етік киген. Кейде аяқ киімнің жұлығы мен өкшесі анық көрінеді. «Барға мәзір, жоққа жүйрік жетпейді». Амал жоқ қолға түскен суреттерге қанағаттануға тура келді.

Айналадағы тастарда аттылы адам мен түйе бейнелері көп. Мына бір қойтасқа нар түйенің нобайы бедерленген. Жануарды артынан атты адам айдап бара жатқан тәрізді. Оның оң жағында сүліктей жаратылған бәйге атының сұлбасы көрінеді. Сурет аса әдемі салынбаса да аттың түр-тұлғасы тәкаппар, сұлу. Нағыз көркіне көз тоймайтын арғымақ бейнеленген.

Одан төменде қос өркеш ортасына ер салған түйе көзге түседі. Әдеттегі ат ерінен бөлек екі адам отыруға ыңғайланған ұзынша керсен (ағаш ердің адам отыратын бөлігі) шетіндегі екі қасы анық аңғарылады. Жақында бір арнадағы телехабардан екі адамдық аттың ерін жасаған шебер-ұста жайлы сюжет көргенім бар. Алайда, ондай ердің ертеде болған-болмағанына назар салмаған екенмін. Біздің бала кезімізде түйе өркешіне орнатылған қомға екі кісі отыратыны есте. Ал, қос кісілік түйе ері ерекше, таңсық дүние сияқты.

Алғаш Көкталдағы мінәжат жасау бедерлерін байқағанда ол ислам діні келе бастаған дәуірде салынған шығар деген болжамға келген едік. Бірақ Тараздың тумасы, тарихшы- академик Болат Көмековтың «ІХ-ХІ ғасырлардағы Қимақ мемлекеті араб дереккөздерінде» аталатын еңбегімен танысқаннан кейін бұл ойымыздан қайттық. Кітапта 1975 жылы мен көрген тастағы бедерлерге ұқсас суреттерді араб жиһангездері осыдан он ғасырдай бұрын байқап, қағазға түсіргендері жайлы дерек келтірілген. Бір қызығы оны қазіргі облысымыздың аумағынан емес, Қазақстанның теріскей-шығысынан Ертіс өңірінен кезіктірген. Орайы келгенде, араб ғалымдарының түркілердің табыну рәсімін мұсылман дінімен сабақтастырмай, өзгеше ұстаным екеніне тоқталғанын айта кеткен абзал. Сол сияқты Құбылаға қарап сыйыну кірме салт емес арғы түріктерден қалған ұстаным. Қазақтар о бастан – Құбылаға қараған кезде маңдайларын солтүстік-батысқа қарай берген. Оны Меккедегі мұсылмандардың қасиетті орны – Қағбамен шатыстырудың, мұсылман дінімен байланыстырудың мүлде қажеті жоқ.

Арабтың атақты географ-ғалымы, саяхатшысы Ал-Идриси Әбу Абдаллах Мухаммед ибн Мухаммедтің (1100, Марокко, Меута, 1161 не 1165, сонда) «Нүзхат әл-муштақ фиқтирақ әл-афақ» («Жиһангерліктен торыққан адамның көңіл көтеруі») атты шығармасында орта ғасырдағы Қазақстан жерін жайлаған түрік тайпаларының, оғыз, қарлұқ, қимақтардың тағы басқалардың тарихынан құнды мағлұмат бар. Оның 1154 жылы жасаған атласы «Сурет «л-ард» («Жер бейнесі») деп аталды. Бұл картада әртүрлі халықтар мен тайпалардың, оның ішінде қазіргі Қазақстан жеріндегі тайпалардың орналасуы, жеке қалалардың, таулар мен жоталардың, өзендер мен көлдердің, теңіздердің аттары жазылған.

Мысалы, ал-Идрисидің еңбегінде: «Лелай тауының шыңдарында көлемі үлкен пұтқа табынушылардың храмы тұр. Оның жоғарғы тұсы адам бейнесіне ұқсайды. Сол маңның тұрғындары жан-жақтан жиналып оған табынады» – деген жолдар бар. (Бәлкім саяхатшылар Лелайды, Алтай тауымен шатыстырған шығар-Қ.Қ.).

Орта Азияның даңқты ғалымы, астроном, математик, географ, философ, филолог, тарихшы, этнограф, дәрігер және ақын Бируни Әбу Райхан Мұхамед ибн Ахмедтің (4.10.937-1050) жазбасында осыған ұқсас жайлар кезігеді. Ол: «Қимақтар елінде Манкур (Ғалымдар адам бейнесіне ұқсас тасты «Мәңгір» деп атайды-Қ.Қ.) аталатын тау бар. Бұл таудағы жартаста адамның аяғының, он саусағы мен екі алақанының, тізесінің белгісі бар. Ол адам бейне бір жаратушыға тағзым етіп жатқан сияқты. Сол сияқты бала аяғы мен есек тұяғының ізі тұр. (Баланың етік киген аяқ ізін біз Көкталдағы жақпар тастан жолықтырдық – Қ.Қ.) Түрік-оғыздар осы жартасты көрген бойда тізерлеп жата қалып, құдайына жалбарына бастайды», – дейді.

ХІ ғасырдағы испан-араб географы, «Китаб акам әл-маржан фи зикр әл-мадани әл-мәшһура фи кулл мәкән» («Кез келген жердегі белгілі қалалардың сипаттамасы») деген географиялық еңбектің авторы Исхақ ибн ал-Хусейн кітабының бізге тек қысқартылған нұсқасы ғана жеткен. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы үшін сол туындының хазарлар мен түріктер жөніндегі соңғы тарауының маңызы зор. Бұл еңбекте қимақтар туралы этнографиялық және тарихи- географиялық деректер келтірілген. Шығарма Якуби, Ибн Русте және тағы басқалардың еңбектеріндегі деректерге сүйеніп жазылған.

Ал, Исхак ибн ал-Хусейн: «…ағаш өскен жалпақ тау бар. Онда адамның тағзым еткенін білдіретін екі қол, екі аяқ пен қос тізенің белгісі тұр. Осында келген әрбір жан жартас пен өсіп тұрған ағаштың алдына табынып, басын иеді».

Үш тарихшының аузынан шығып, қағаз бетіне түскен деректер жекелеген штрихтерімен бірін- бірі толықтыра түседі. Менің 1975 жылы көрген Көктал өзенінің жағалауындағы тастағы бедер осы оқиғаның жанды куәсі іспеттес. Алайда, оның сәйкес келмейтін жерін айтпай кетуге болмайды. Ол табылған жәдігерлердің бір-бірінен тым шалғайдағы географиялық ендіктерде жатқандығында. Дүниені шарлаған араб-парсы ғалымдары осыған ұқсас көріністі Арқа төсіндегі Қимақ (қыпшақ) елінен көрсе, шамада араға мың жыл салып біз оны Қазақ даласының оңтүстігінен жолықтырдық. Әлгі екі тарихи нысанның географиялық орны екі бөлек болғанымен жасаған дәуірі, атқарған қызметі бірдей екенін айта кеткен жөн. Егер тарихқа терең бойласақ, орналасқан жерлері екі мемлекетке қарасты болғанымен онда тұратын халықтар бір-біріне қаны жақын туыс түріктерге жататыны айдан анық. Сондықтан да тілі мен ділінде, ұстанған діндерінде ұқсастық бар. Осы табылған нақты деректер ертедегі қазақ тарихын байыта түсері анық.

Бұл нысандардың арасында тікелей байланыс бар екенін жоққа шығару мүмкін емес. Осыдан бір мың жыл бұрын Ұлы даланы мекендеген ата-бабаларымыздың салт-санасы мен әдет-ғұрыптары ұқсас болғанын айғақтай түседі. Бұл – ата-бабамыздың Тәңірлік ұстанымын менсінбей, мансұқ ететін кейбір оқымыстысымақтардың «баяғы өткен ата-бабаларымыз жеке өскен ағашқа, оқшау тасқа табынған» деген жаңсақ пікірлеріне берілетін нақты соққы. Тәңірге табынушылар абыздары қарапайым көшпенділер өкілі емес. Түрлі ғылым саласынан хабары бар, жердегі құбылыстардың құпиясын ашып, аспандағы жұлдыздар әлемі заңдылықтарын меңгерген оқымысты жандар. Олар жаратқанға кез келген жерде емес арнайы белгіленген қасиетті орындарда мінәжат етіп,жалбарынған. Білімпаз абыздар арнайы тасқа, жартасқа табыну орындарын белгілеп, құлшылық ғұрыптарын өткізген. Ол үшін адамның тағзым ету сәтіндегі қасиетті тасқа тиетін дене мүшелерінің белгілерін арнайы қашап түсірген. Ол жерде тек абыздар ғана құлшылық рәсімін жасаған. Қарапайым халық оның айтқан сөздерін қайталаған.

Ежелгі гректер көп құдайға табынатын болса, түркілер жалғыз Тәңірге сыйынған. Табиғатпен үнемі үйлесе өмір сүрген бабаларымыз өзінмен қатар өмір сүрген жан-жануар, жер-су, өсімдіктер әлемінің әрқайсысына арнайы пірлер белгілеп, құрмет тұтқан. Аңды қажетінен тыс бей-берекет ауламаған, жылына бір мезгіл келетін матасу кезінде архардың құлжасын, тау ешкісінің текесін атпаған. Айналада өсіп тұрған ағашты оңды-солды кеспеген.

Сонымен бірге ата-баба аруағын қадірлеуді ешқашан ұмытқан емес. Олар киіз үйдің ортасында жанып тұрған отты қастерлеген. Оны шаңырақтың асыраушысы, қорғаушысы деп таныған. Түрлі бәле- жала мен ауру-сырқаулардан сақтайтын қорғаныш санаған.

Қазіргі Тараз жерінде Батыс Түрік қағанатының басшысы Естеми (Ысты би) қаған сарайына 568-569 жылдары келген Византия императорының елшісі Земархты екі оттың ортасынан өткізіп аластаған. «Аластау» дегеніміз қазіргі медицина тілімен айтқанда от арқылы «дезинфекциялау». От пен жалынның, түтіннің микробтарды жоятын қасиеті барын бабаларымыз ертеден білген. Сол сияқты өздері өскен жер мен суды, қоршаған ортаны да аса қадірлеген.

Көктал өзені Қазақстанның оңтүстігінен теріскейге апаратын орта ғасырлардағы сауда жолының бір күретамырына орналасқан. Араб жиһангездерінің жазбаларына қарағанда Арқаға қарай шығатын үш жол бар. Алғашқысы: Құлан арқылы Шу өзенін жағалай отырып, Мойынқұмды орай өтіп, Бетбақдала арқылы Сарыарқаға апарады. Екінші жол – Тараздан шыққан соң Талас өзенін жағалап ежелгі Оққұм, Шаруашылық (Талас ауданындағы С.Шәкіров ауылының аумағы) Тектұрмас пен Ақкесене (сол аудандағы Көшек батыр және Үшарал ауылдарының аумағы) арқылы Саудакентке (Сарысу ауданындағы көне қалаға жетеді. Бұдан әрі қарай үшінші жолмен тоғысады. Ал үшінші жол: Тараздан кейін көптеген қалашықтар арқылы батыс беттегі Майтөбеден өткен соң Билікөлдің теріскейіндегі Тамды қалашығы арқылы Көктал өзенінен асады да (мұның бәрі Талас ауданы аумағына жатады), Саудакент, Құмкент, Шолаққорған, Ақсүмбі арқылы Шу мен Сарысу өзендерінің тоғысқан жерімен Ұлытауға жетеді. Оның ар жағындағы Ертіс өзені – Қимақтардың мекені. Көктал өзені міне осынау қара жолдың бойында тұр.

Көріп отырғаныңыздай, қарт Қаратаудан бастау алып, кең далаға нәр берген Көктал өзені ежелгі Түркі мәдениетінің тіні болған мекен. Бұл өңір төменгі палеолит заманында өмір сүрген ежелгі адамдардың қонысы болған жер. Қысқасы, Қазақстанда бұдан ерте адамзат өмір сүрген орын жоқ. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңына қарай Х.Алпысбаев бастаған қазақ археологтары сол қоныстардан ежелгі адамдар пайдаланған атам-заманғы құралдарды тапқан. Мұнда әртүрлі замандардың куәсі болған басқа да көптеген тарихи, археологиялық көне, аса құнды ескерткіштер бар. Солардың бірі – сонау тас дәуірінен қалған жартастағы петроглифтер. Оның ұзындығы бір шақырымнан асады. Таңбалы тасқа түрлі жабайы жануарлар: арқар, таутеке, елік, адам мен ат және түйе бейнелері салынған. Бір-бірімен жалғасқан аң суреттері бағзы замандағы адамдардың наным- сенімінен хабар береді. Бертін келе бабаларымыз Көктал өзені бойынан арнайы құлшылық орнын ашқан. Белгілі бір ұстаным бойынша мінажат ғұрыптарын өткізіп тұрған.

Бұл өңір орта ғасырларда «Ұлы Жібек жолы» бойындағы қазіргі Қазақ жерінің түстігі мен теріскейін жалғастырып жатқан киелі орын ретіндегі маңызын сақтап қалған. Көктал өзенінің «Шұқырәуітке» құятын тұсында тасқа сызылған сурет бар. Бір қарағанда сызба түсініксіз көрінеді. Төменгі жағында пілдің суреті анық байқалады. Осыдан он-он бес жыл бұрын осы өңірге арнайы соққан Жапония ғалымдары түсініксіздеу шым-шытырық сызбаны «Ұлы Жібек жолының» картасы деп топшылаған.

Қаратау жоталары мен оның етектері қазыналы мекен. Өткен тарихы өте бай. Тау сілемдерінде «Тәңірқазған», «Бөріқазған» аталатын жерлер бар. Оның шығыс жағындағы кең жазық – Тәңірбергеннің даласы. Менің білуімше жалпы түрік жұрты мекендеген Еуразия даласынан Тәңіріге қатысты жалғыз есім бар. Ол – Хантеңгірі тауы. Яғни, Тәңірдің мекені деген сөз. Ондай атаумен аталатын жер бүткіл Түрік жұртының бесігі саналатын – қасиетті Алтай тауынан да кезіктірмейсіз. Бұл есім – тек Қарт Қаратауға тиесілі атау. Өйткені, Қаратау – қазақ халқының қара шаңырағы. Адамзаттың байырғы бесігінің бірі. Осы мекенде кезігетін «Тәңір», «Бөрі» атаулары Көк түріктердің қадір тұтатын тотемдері. Осының өзі Қаратаудың адамзаттың өніп-өскен қасиетті мекен екенін дәлелдей түседі. Бұл өңір осында мекен еткен ежелгі сақтың ұрпақтары: үйсіндердің, қаңлылардың, түркілердің мәдени орталығы, өнері мен діни ұстанымының қағылған Алтынқазығы болған жер.

Сексенінші жылдардың соңына қарай Жамбыл қосарлы фосфор зауыты өз өнімін Венгрияға жөнелтіп тұрған. Зауыттың экспедиторы Аман шекарадағы аралық стансаға жеткенде әрқашан әрі бармай сол елдің өкілдеріне тауарларын тапсырғаны жөнінде хаттама толтырған соң кері оралады. Венгрия тарапының өкілі кезінде Мәскеудегі жоғары оқу орнының бірін бітірген, сол тұста елуді еңсеріп қалған маман екен. Шыққан тегі венгриялық қыпшақ. Ата мекені қыпшақтар орналасқан Қарсақ өңірі. Экспорттық өнімнің Қазақстандағы Жамбыл қаласындағы зауытта өңделгенінен хабары бар әлгі кісі Аманға қарап: «Фосфорит шикізаты Қаратаудан қазылады. Сол маңда «Тәңірқазған» және «Бөріқазған» деген жерлер бар. Одан хабарың бар ма? – дейді.

Аманның туып-өскен жері осы ауданның шығыс бетіндегі Талас өзені ағып келетін арна басындағы Бостандық ауылы. Бұл жердің адамдарының Қаратау қаласы жағымен онша аралас-құраластығы жоқ. Ақкөлден әрі аспай, облыс орталығына төте жолмен тікелей қатынайды. Сондықтан да тау маңындағы жер атауларымен таныс емес.

– «Тәңірбергеннің даласы» деген жерді жақсы білемін. Совхозымыздың көктемгі және жазғы жайлауы сол жерге орналасқан. Алайда, әлгіндей жер атауларымен таныс емеспін», – деп шынын айтады.

– «Тәңірқазған» мен «Бөріқазған» Қазақстан мен Венгрия қыпшақтары тарихында ерекше орын алатын аса маңызды, әрі қастерлі мекен. Оны білу керек, – деп сөзін аяқтайды венгерлік маман.

Осы әңгімені естігелі бері ой үстінде жүрмін. Қыпшақтардың Орталық Азияның Қаратау сілеміндегі «Тәңірқазған» мен «Бөріқазған» жерімен қандай тарихи қатынасы, тамырластығы болуы мүмкін деген сауалға жауап тапқым келеді. Сонау ІХ-Х ғасырларда қимақтардан бөлініп өз алдына хандық құрған қыпшақтар Арал теңізі маңын мекендеген оғыздарды құтты мекенінен қуып шығып, Алдыңғы Азияға көшуіне мәжбүрлегені тарихтан белгілі. Одан кейін Каспий теңізін орағытып, Қара теңізге дейінгі аралықты мекен еткен печенек (бес ене), черный қоблук (қарақалпақ), гуз (оғыз), торк (түрік), ковуй (көп үй) сияқты қандас тайпаларды күшпен батысқа ығыстырып, өздері табиғаты өмір сүруге қолайлы алқапқа орныққан. Ол жерге тұмсық тигізе алмаған орыстар жалпақ даланы «Дикое поле» яғни «Жабайы жазық» деп атаған.

Осыдан оншақты жыл бұрын барғанымызда суретке түсіріп алған тастағы таңбалардан, бағасы құнды көне жәдігерлерден «бүгінде із де қалмаған шығар-ау», – деп қорқамын. Тастан пайда тауып жүргендер оның тарихи маңызы мен баға жетпес құндылығына мән бермейтіні белгілі. Ақшаға құныққан пендеден парасат күтуге болмайды. Ол үшін мәдени байлық күл болмаса бүл болсын.

Жергілікті көзі қарақты үлкендердің айтуына қарағанда ескерткішті бүлдіретіндердің тағы бір тобы бар. Олар, күнделікті жекеменшік қой кезегіне баратын ауылдың еріккен бала-шағасы. Ойсыз, ұрыншақ жеткіншектер таңбалы тас көрсе пайымына бармай бедерін шағып тастауға құмар екен. Есі жоқ балаға не дауа? Одан үлкендер де қалыспайтын көрінеді. Реті келсе таңбалы тас үстіне баттастырып майлы бояумен өз аттарын жазып тастауды мәртебе санайды. Тайыз ойлайтын тарихи санасы төмен адамдар осылайша өте оңай жолмен өз аттарын тарихта қалдырғысы келеді. Жүгенсіз әрекеті арқылы мыңдаған жылдар бұрынғы ата-бабадан қалған мәдениетімізді өз қолымен құртып жатқанын қайдан білсін білімсіз бейшаралар. Көкталдағы таңбалы тастың бірінен 1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы Олимпиада ойындарының төл белгісін көрдік. Төрт жылда бір рет қана өтетін жарыс пен төрт мың жылдық тарихымыздың арасындағы айырмашылықты аңдамайтын оспадарға не айтасың?!

Байырғы тарихтың сырын қойнауына жасырып, тұла бойына бүгіп жатқан, көне мәдениетіміздің ошағы болып табылатын Қаратау төңірегіндегі жәдігерлерді сақтап қалу үшін Қызыләуіт ауылының әкімі, сондағы орта мектеп директоры, туған жерінің әр тасын бағалайтын былайғы жанашыр жұрт көпшілік арасында түсінік жұмыстарын жүргізсе деген тілек бар.

Қазақстан жерінде өмір сүрген алғашқы қоғам адамдарының қолтаңбасы қалған қоныс, ертедегі жазу- сызуымыздың, діни бастауымыздың ізі саналатын петроглифтер сақталған орын, Тәңір дінінің алғашқы туын тіккен қасиетті мекендегі көнеден қалған көзді сақтау, өткеніміздің тасада көміліп жатқан жауһарларын іздеп-тауып, қорғау, кәдеге асыру абыройлы міндет. Ал, оны көздің қарашығындай сақтау үшін құнды жәдігерлерді тіркеуге алып, әрқайсысына жеке-жеке талдау жасап, ғылыми сипаттама жазу керек. Ол бірінші кезекте тарихи ескерткіш есепке алатын, қорғайтын арнайы мекемелердің еншісіндегі дүние. Одан кейінгі зерттеу, зерделеу, халық кәдесіне жарату тарихшыларға артылар ауыр да, абыройлы жүк.

Қамбар-Бек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ,

журналист.

Қызыләуіт ауылы,

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support